Мазасыз күндер

Сәлден соң қараңғылыққа көзім үйреніп, үй ішіндегі заттар бірте-бірте бозарып көріне бастады. Әуелі төр жақтағы сандық, одан бері қарай үш аяқты стол, тіпті, оның үстіндегі самаурынға шейін қараңдап тұр. Бөлме ішінен ашқылтым сыз иісі сезіледі. “Қалайша, сонда бұл үйдің едені тақтайланбаған ба?” Бір кезде сол жақ қабырғаға қабаттастырыла қойған аласа ағаш кереуеттің үстінде жансыз денедей шоқиып отырған тұлғаға көзім түсті. Электр шамын жаққалы қабырғаны алақаныммен біраз сипалап көріп едім, ешқандай сөндіргіш қолыма соқтығыспады. Менің күні бойғы барлық қимылымды бақылап отырған болу керек, осы тұста кемпірдің:

— Бұл үйде сөндіргіш жоқ, — деген сөзін естідім. Оның үні күндегіден қатқыл әрі оқыс шыққаны сондай, мен селк ете түстім.

— Сонда қалай жағасыз?

— Шамның өзін бұрау керек. — Мен сіріңке жағып, шамды бұрап жібердім.

Қараңғылыққа үйренген көз жарқ еткен электр нұрынан ұялғандай бір сәтке жұмыла қалды. Ал басымды көтеріп, көзімді қайта ашқанымда, өзіме күлімсірей қарап отырған кемпірді көрдім. Бірақ оның бұл жымиысы шаттықтан да, қуаныштан да емес, белгісіз бір күйіктен және сол күйігін маған сездірмеуден туып отырғанын біле қойдым. Сөйтіп тұрып, жан-жағыма көз тастағанымда тіптен жұпыны үй жиһаздарын көрдім. Салиха шешейдің бар үлесіне тиген мүлік — бір сандық, тозығы жеткен төрт көрпе, үстіне бір шелек су қойсаң-ақ болды қиқайып сына кеткелі тұрған  стол, ескі заманнан қалған жез самаурын, ең ақырысында өзі жатқан ағаш кереует қана екен.

— Сіз… сіз мұнда бір жұмыспен кірдіңіз бе? — деді кемпір бір кезде тыныштықты бұзып. — Әлгі асыққан жағыңыздан кешігетін болдыңыз ғой.

— Мен онсыз да кешіктім. Оның үстіне барғым да келіп тұрған жоқ.

Салиха шешей бұдан кейін сөйлемеді. Төмен қарап үнсіз отыра берді.

Мен одан қол созымдай қашықтықта тұрып, оның етсіз қолдарын, аппақ қудай шашын, кезерген ерні мен әжімді жүзін, оты әлдеқашан сөнген жанарын ұзақ бақылаған соң “япыр-ай, осы кісі өліп қалмаса жарар еді” деп түйдім. Осы ойымнан өзім шошыдым. Сонан соң оған ақырын жақындап, қасына отырдым. Ағаш кереуеттің сықыр етіп теңселуінен шошып оянғандай Салиха шешей селт ете түсіп, бетіме қарады. Маналы бері өзінің қайда отырғанын, қандай күтпеген әрекеттер жасағанын енді ғана ескерген кісіше орнынан кенет ширақ көтеріліп, дәл бұрынғысынша абдырап сөйлей бастады.

— Япыр-ау… Мен… Мен неге отырмын бұл жерде-а? Жынды шығармын осы мен? Сіз тамақ та ішпеген шығарсыз әлі, — деді ол үлкен қылмыс жасап қойғандай жүзі сұрланып.

— Шеше, маған әуре болмаңыз. Тамаққа тәбетім жоқ. Жаңа жолдан ішіп келіп едім, — дей салдым ойымдағы біраз сұрақтарыма жауап алудың осындай сәті түсіп тұрған шағында оны қайтадан аластатып алмайын деп.

— Жолдан іштім дейсіз бе?! Сонда менің дайындаған тамағымның сізге ұнамайтын болғаны ғой. Әлбетте, сүйегі салдыраған кемпір не жөнді тамақ жасай алады дейсің…

— Шеше, менің сізге айтар сөзім бар, — дедім біраз үнсіздіктен соң.

— Менде не сөз бар дейсіз, ұлым-ау! Ештеме де білмеймін ғой мен.

Ол ернін сылп еткізді де, айта ғой дегендей жүзіме жай ғана көз тастады.

Бірақ ол қанша ұстамды болып, ішкі сезімдерін мүмкіндігінше құпия ұстауға тырысқанмен, сол көзқарасының өзінен-ақ әлденеден қауіптеніп тұрғанын аңғаруға болатын еді.

— Шеше, — дедім жұмсақ та шуақты үнмен. — Сіз жәрдем ақша аласыз ба?

Салиха әжей менің бұл оқыс қойған сұрағыма таңданып, жүзімді барлай қарады да, “иә, алатын едім” — деді еріндерін баяу күбірлетіп. –Қанша аласыз?

— Аз да емес, көп те емес. Шүкір, бір басыма жетерліктей ғой, әйтеуір.

— Сонда да?

— Қырық сом…

— Солай деңіз! Сол жете ме?

— Ұлым-ау, қалай енді… жетпегенде… жетеді ғой, әйтеуір.

— Ал сіз менен неге ақша алмайсыз? Мені бір мүсәпір ғой дейсіз бе?

— Ойбай-ау, ол не дегеніңіз? Құдай-ау, олай деп кім ойлайды, беті құрысын оның! — деп кемпір шошып кетті.— Беті аулақ оның. Мен жай… кейін бір…

— А-а, кейін деп жүр ме едіңіз? Махамбеков сізге бұл жөнінде ештеңе де айтқан жоқ па?

Кемпір әлдене есіне түсіп, сол ойынан өзі шошынғадай бозарып, біраз тұрып қалды.

— Ие, ие… Ол кісі маған ақша берген екен-ау. Алжыған миым апасу боп тұрғанын қарашы, — деді ол әбіржи сөйлеп.

— Тағы бірде өзім берермін деген еді.

Сонан соң қалтамнан ақша алдым да, ашуланған адамның кейпімен оған жақындадым.

— Шеше, мына ақшаны алыңыз. Немесе мен ренжимін.

Салиха әжей дір-дір етіп, қолын тарта берді.

Мен қоярда-қоймай жүріп, оған ақшаны алғыздым. Сонан соң екеуміз қайтадан байсалды әңгімеге кірістік те, бұл тақырыпқа екінші рет оралмадық.

Қаптың аузы біраз шешілген соң ертеңнен бастап өзіммен бірге тұруға кемпірді жалықпай үгіттеудің арқасында көндіріп, әңгіме желісі онсыз да өткен өмір өрнегіне құрылып жатқан соң, бір кезде одан:

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25