Мазасыз күндер

Біраздан соң біз қоштастық.

— Қош болыңыз, — деді ол аурухана есігінен кіріп бара жатып. Сізге батылым жетіп бәрін де айтып бергеніме таңданамын да, қуанамын. Маған енді жеңіл сияқты. Тек, мен туралы теріс пиғылда қалмасаңыз болғаны. Қош болыңыз!

Мен әлдене дегелі оқтала бергенімде ол жымия күліп, ішке кіріп кетті. Сол орнымда қаттым да қалдым. Дәл осы жерде тұрып оның кіре берісте әлдеқалай бір әйелмен сөйлескенін, сонан соң ішкі есікті сарт еткізіп жапқанын естідім. Сол есіктің сарт етуімен бірге, барлық дыбыс атаулы жойылды. Құлаққа ұрғандай өлі тыныштық басты. Біраздан соң орнымнан жай қозғалып, машинаға қарай жүрдім. Оны от алдырып, сыртқа шыға бергенде, қарсы алдымнан әлдеқалай бір таныс тұлғаның кесіп өткенін көзім шалып қалды.

Әлгі тұлға көзге түсіп қалудан қауіптеніп, қақпаның қара көлеңкесіне жасырына қалды. Жалма-жан машинадан түсіп солай қарай жүрдім. Тақтайға жабысып қалғандай, әлдекім состиып, қимылсыз тұр. Дем алғаны да сезілмейді. Мен барып сіріңке жағып үңілгенімде өз көзіме өзім сенбедім.

— Сіз, Махамбеков… Зәке! Сіз неғып тұрсыз мұнда!

Ол қара көлеңкеден бері шығып, не айтарын білмей сасқалақтап қалды. Көзімдегі бар сырды оқып қоймасын деген адамша, маған тура қарай алмай, абдырап тұр.

— Мен… Сізге… Иә, сіздің қашан қайтатыныңызды білгелі келіп едім.

— Сол үшін ғана ма?

— Сол үшін ғана.

— Мен өзім де баратын едім ғой.

— Жо… Мен поездан қалып қойып… енді… сізбен бірге қайтайын деп едім.

— Мен кеткенде сіз вагонда жатыр едіңіз ғой. Және де қалаға соғамын деп айтпаған болатынсыз.

Мен… мүлде басқа… тығыз шаруамен сіздің артыңызша поезбен келдім.

— Ал, солай болды-ақ делік. Сізге менен жасырынудың қажеті қанша еді?

— Сіздің шығып қалғаныңызды көріп, тоқтатқым келмеді. Әрі, қасыңызда анау… әйел бар екен деп қалдым.

–Сіз кімді айтып тұрсыз? — дедім шошып кетіп.

— Мәрия.

–Мәрия дейсіз бе?

— Иә.

– Сіз оны қайдан білесіз?  – Менің бұл қалада тұрғаныма қырық жыл болды. Ал сіз… Жиырма жеті-ақ күн.

Денем мұздап кетті.

“Сонда, бұл біздің не сөйлескеніміздің бәрін естіп тұрды ма екен?”

— Сіз біздің не сөйлескеніміздің бәрін тыңдап тұрдыңыз ба?

— Жоқ. Тек сырттарыңыздан байқап қаддым. Сіз қазір осы арадан тура қайтасыз ба?

— Сіз асығыс па едіңіз?

— Онша асығыс та емеспін. Маған үйге соға кету керек. Үйде қызым отыр.

— Қызым?! Сіздің қызыңыз ба?

— Иә.

— Сіздің қызыңыз бар ма еді?

— Болған.

Мен Махамбековтың жүзіне таңдана қарадым. Ол “сенсеңіз сеніңіз, сенбесеңіз қинамаймын” дегендей жайбарақат тұр.

— Зәке, сіздің әйеліңіз…

— Менің әйелім де болған, — деді ол не айтқалы келе жатқанымды күні бұрын біліп. — Бұдан бес жыл бұрын, менен гөрі мансабы жоғары біреуге тиіп кеткен. — Жүріңіз, жолда тұрмайық.

Біз машинаға отырып, Махамбековтың үйіне қарай беттедік.

— Сонымен? — дедім, әлгіден бері тынышым кетіп отырған мен.

— Әрі қарай не бодды дейсіз бе? Ары қарай не болсын. Ол кетті.

Ол мұның бәрін немқұрайды айтып отырғаны сондай, өзінің өткен өмірі туралы емес, ерігіп отырып ертеңгі ауа райы туралы сөз етіп келе жатқандай еді.

— Сол қызым, міне, кеше келіпті.

— Ал… шешесі ше?

— Шешесі… деді ол мырс етіп. — Қызынан хат беріп жіберіпті.

“Жалғыз қалдым. Кешір мені. Рұқсат етсең өзіңе барамын” дейді.

— Сіз рұқсат етер ме едіңіз?

— Рұқсат ету ме? Бір заманда арымды аяқтың астына таптап, бас қамын ойлап кеткен адамға енді аяушылық көрсетіп, құшағымды жая қарсы алу ма? Жо-оқ, — деді ол, басын шайқап. — Ол болмайды. Менің жаным ондай намысқа төзбейді. Жерде жатқан құр жылтырды алтын екен деп, қолыңдағы күмісіңді суға лақтырсаң, оны қайтып табуың неғайбіл. Сол сияқты, мен ол үшін суға лақтырылған жанмын. Кесені сындырмау керек, сындырдың екен, оны қайта жамау қиынға соғады. Қанша қиюын тауып құрастырғанмен, бәрібір ол бұйым болып жарытпайды. Енді мен оған қайта қосылып не табам? Жо, жоқ, керегі жоқ, — деді Махамбеков даусының қатты шығып кеткенін байқамай.

Ол қанша немқұрайды сөйлеп отырғанмен, ішкі дүниесінде адам төзбес дүлей дауылдың ұйтқып тұрғанын аңғаруға болатын еді.

Осы кезде мен өткендегі бір жаңбырлы күні “Сонда да, адамдар туралы бір мезгіл ойланған жөн” дегенім есіме түсіп, сол сөзім үшін қазір өзім өкіндім. Мен сонда: “Махамбеков жұмыстан өзгені ойламайды. Оған жоспар мен міндеттеме орындалса болды, оның жүрегі жоқ” деуші едім-ау. Өмірде адамды танып болу қандай қиын еді.

— Ал қызымды, — деді ол әлден уақыт өткен соң. — Қызымды құшақ жая қарсы аламын. Оның ешқандай жазығы жоқ…

Біз Махамбековтың үйіне келіп түстік.

Көп жыл айырылысудан кейін енді ғана табысқандықтан ба, Махамбековтың қызы мына үйді де, әкесін де тосырқап жүрген сияқты. Біз шай ішіп отырғанда да тіл қатқан жоқ.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25