Мазасыз күндер

Сонымен, бас инженермен де, Махамбековпен де, тіпті алдағы бір ай бойы атқаратын жұмысыммен де толық танысып алған соң мейманханадағы орныма қайтуға ниет білдірдім. Бірақ менің бұл ойым біржолата жеңіліс табумен — Махамбековтың үйіне құрметті қонақ болатындығымды  қабылдауыммен тынды.

— Міне, біздің үй осы, — деді Махамбеков төбесі қызыл сырлы қаңылтырмен жабылған үлкен тамның алдына келгенімізде.

— Бірақ, үйде әйел жоқ. Бойдақпыз. Аш қалармын деп қорықпаңыз, — деді ол тағы да ахахалай күліп. — Үйде қарындасым бар.

Біз ішке кірдік. Ас үстінде аз сөйлеп, көбірек жеп отырған Махамбеков дастарқан жиылар кезге таянғанда, менің ертең күні бойы тынығатынымды, келе салып жұмыс саласымен егжей-тегжейлі таныстырып жатудың бүгін тым асығыстық та әрі ыңғайсыз екендігін, оның үстіне ертең күн демалыс болғандықтан, қала ішінен тұрақты да әрі қолайлы пәтерді өзі басшы болып іздейтіндігін асқан сыпайылықпен тәптіштеп тұрып айтып шықты да, менің талғамыма пәтердің қандай түрі ұнайтындығын сұрады.

Үйдің ысып кеткендігі туралы қайта-қайта шағым жасап отырғаны болмаса, көптен бері үнсіз отырған бас инженер сөзге араласып, қаланың Мұз завод жағындағы бөлігінде бау-бақшалы бір үйдің бар екендігін, тіпті, онда тұратын пенсиядағы жалғыз кемпірмен біршама таныс екендігін хабарлай келіп, сөз соңында “осыдан басқа қолайлысы жоқ, ол кемпір сізді қалай да қабылдауы керек” деп нүкте қойды да, “дұрыс емес пе?” дегендей Махамбековке қарады.

Махамбеков әлденені есіне түсіргендей біраз ойланып отырды да, бас инженердің айтқан ұсынысын сол бойы жауапсыз қалдырды.

— Айтпақшы, сіз ол үйді білемін деп жүруші едіңіз ғой, — деді инженер оған қарап. — Жақсы емес пе?

— Қолайсыз.

— Қолайсыз? Қалайша? Меніңше, сол пәтер өте тамаша болғалы тұр. Сіз қарсыласпай-ақ қойыңыз. Ертең мен Мәкеңді өз қолыммен жайғастырамын. Ұнамаса, басқасын іздеймін, біздің тонымызды ешкім шешіп алмайды ғой.

Махамбеков үндеген жоқ. Келісім де бермеді, қарсылық та білдірмеді. Тек стол үстіндегі румын шарабынан кішкене келі тәрізді шыныаяқтарға толтыра құйып көтерді де: “Сіздің денсаулығыңыз үшін!” — деді.

Пәтер шынымен-ақ жақсы екен. Қабырғалары мен келерден аз-ақ бұрын әктелсе керек, бөлме дымқыл иістен әлі арыла қоймапты.

Кіреберістегі оң жақта тозығы жеткен ескі диван тұр. Онан әріректе үлкен стол. Стол үстінде ешқашан қолданбаса да сән үшін қойылған шәйнектер мен кеселер және кім оқитыны белгісіз мұқабалары сарғая бастаған кітаптар тұр. Олардың да шаңы жаңа ғана сүртілген болар, бір ұшында қарақошқыл тозаң қалып қойыпты. Төргі жақта екі жүкаяқ, екі сандық, үстіне төбеге жеткенше көрпе-жастық жиналыпты да, шаң баспасын деп сарғыш бәтес жабылыпты. Ал бөлменің сол жағындағы терезе түбінде менің кереуетім тұр.

— Бөлмеңіз өте тамаша екен! — дедім әбден көріп шыққан соң “ұнады ма” дегеннен гөрі “ұнаған шығар” дегенді аңғартып күлімсірей қараған кемпірге.

— Айына қанша сұрайсыз?

— Қалай енді… Әйтеуір… жиырма сомнан алушы едім.

Мен қалтамнан ақша алып санай бергенімде кемпір маған таңдана қарап:

— Ойбай, қарағым, бір тиынның керегі жоқ. Бағанағы жолдастарыңыз төлеп кетті ғой, — деді абдырай сөйлеп. — Артығын қайтем оның. Артық алып не қыламын…

Сонан соң қолындағы шүберекпен шаңы жоқ болса да, радионы тез-тез сүрте бастады. Жүзінен әбіржу мен шаршағандықтың ізі байқалады.

Еті қашқан арық қолдарымен радио үстіндегі жамылғыны алып бір-екі сілкіді де қайта жапты. Әлдене айтқандай еріндері өзінен-өзі күбір-күбір етеді. Бетіндегі әр жылдар салған сансыз әжімдерінің еріксіз жыбырлауы тұрмыс тауқыметінің тарқатылған бір ұшын маған аздап та болса аңғартып өткендей еді. Осы кезде мен бар жылтырағаны мүмкіндігінше көзге ұрардай безендіріп қойған үй ішін, әрі оны осындай қалыпқа түсіру үшін күні бойы қиюы қашқан кәрі сүйектерін сықырлатып шала бүлінген мына байғұс кемпірді ойлап, оған жаным ашып кетті. Бірақ, қолымдағы ақшаны бергім келіп тұрса да, бұл қылығым тек аяушылық сезімнен ғана туып отырғанын байқап қала ма деп қимылсыз қалдым. Дәл осы тұйыққа тірелгенімді сезе қойып, мені одан құтқарып алғысы келгендей кемпір кенет сөз бастап кетті.

— Сіз әлгі кісіні бұрыннан танитын ба едіңіз?

— Кімді? Махамбековті ме?

— Иә, иә.

— Жоқ, кеше ғана таныстым. Сіз оны білесіз бе?

— Неғылған… Жай сұрап тұрғаным да… Кемпір сасқалақтап, үнсіз қалды.

Әлден уақыттан соң ғана есін жиғандай бастапқы сөзінің жалғасына кірісті.

— Маған артық дүние керек емес. Кімге жеткен сол шіркін?.. Ертең үлкен үстел әкелемін. Сіз жазу жазатын шығарсыз, оқитын шығарсыз, бәрі де керек қой сізге. Ал маған не керек?

— Сіз неге олай дейсіз, шеше? — дедім жұмсақ үнмен. Мен кім едім соншалықты.

Кемпір маған жанары қашқан көзімен бір қарады да, Қайта төмен түсіріп:

–Ол… шырағым-ау, қай сұрағаныңыз? Алжыған кемпірді сынағалы тұрмысыз, — деді ренжи сөйлеп. — Сіз… Міністірсіз. Ал біз… Е-е, бізді қойшы. Төрінен көрі жақын кемпірміз-дағы.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25