Сүйекші

Осы кезде Үкітайдың: “Ей, айдаңдар! Әлгі Аманат баланы жер жұтып кетті ме?” — деген айбарлы дауысы естілді.

Ана жүрегіне біз сұғып алғандай денесі тітіркеніп кетті. Үкітай бұларға жақындап келіп, үңіле қарады.

—Сен кімсің, қайдан жүрген қатынсың?

—Мен Тұңғыштың анасы едім, мырза. Бір иіскеп кетуге келдім.

—Е-е, с-солай де? Мұның да жоқтаушысы бар екен ғой.

—Мал екеш малдың да иесі бар, адамның жоқтаушысы неге болмасын, мырза. Сіздерге аманат болғанымен менің ішімнен шыққан балам ғой.

—Аманат құнын қашан өтейсіңдер?

—Бар болса жалғыз баладан аяп отыр дейсіз бе, мырза. Бар дүние оның бір жылағанынан садаға кетсін!

—Олай болса дүние жинаған күні келерсің. Әй, боқ мұрын, мін атқа, тұра беретін уақыт жоқ.

—Апа, апатай, бермеші мені, алып кетші бірге! — Ол анасына тығыла түсті.

—Бар… бара ғой, күнім. Көктемде… көктемде кеп ап кетемін. Шүкірім, шыбын жаным әшейін. О, ж-жаратқан құдай, қу құдай!..

—       Ел көшіп жатқанда сұңқылдап жылағандарыңды доғарыңдар. Жібер баланы!

—Көкетай, жіберіңізші мені ауылға. Кейін қайтып келемін ғой…

—Не дейді мына күшік? Мін атқа тез. Бол!

—Жалынам, көкетай!..

—Өй, нәлеті, жабыса қалуын қарашы. Бері кел бермен! —Үкітай ат үстінен еңкейіп, баланы ана құшағынан суырып алды да, сүйреп апарып аттың үстіне қарулы қолымен отырғыза салды.

—Ұста тізгінді! Жүр тез!

—Апа-а-а!

—Құлы-ным!..

Көшкен елдің малын айдап, шырқырап бала кетті, көшкен елдің жұртында көкірегі қарс айырылып, жападан жалғыз ана қалды.

 

* * *

Қақаған қыс ортасында ірге көтеріп, ауа көшкен ызалы Доскейдің әбігерлі ауылы жаңа қонысқа у-шу, ырду-дырдумен жайғасып жатқанда Үкітай ұшты-күйді жоқ боп шықты. Уақытша лыпа қып салынған қораны қарады, ат та жоқ, ер-тұрман да жоқ. Жылқышылардан сұрағанда олар мандытып ештеңе айта алмады, тек, түнеу күнгі сақау ғана: “Аш-шу ішейдің алдында көйіп ем. Мыйза-екем жылап отыйған. Сүйауға батылым жетпеді”, — деп күмілжіді. Доскейдің жүрегі су ете қалды. “Сол жаққа кетпесе нағылсын! Жеті түнде адасып кетер ме екен сорың құрғыр. Адаспай жол тауып барған күннің өзінде де аман қайтуы екі талай-ау ? ”

Ол аз-кем үнсіз тұрып қалды. Қабағы қатулы. Қою қастарын бір-екі қосып-жазып алды да: “Жиналыңдар тез! Өмекей де жетсін”, — деді. Ақ үйдің ағаш есігін тез ашып, ішке кірді. Ортада сытыр-сытыр етіп сексеуіл жанып жатыр. Ол шөкелей отырды да түтінсіз жанып жатқан жуан-жуан сексеуілді бір-біріне қағыстырып жіберіп, балуан саусақтарын жылуға тосты. “Шынымен қартайғаным ба? Ақ қар, көк мұзда елді абыржытып, бала-шағаны суыққа тоңдырып… Көктемге шейін мені ешкім қуған жоқ еді ғой, азап айдады ма, ажал айдады ма? Қырсық мінезден не таптым? Шерәлінің несі кетті, күлген үстіне күліп жатыр-дағы. Аманат баланың шешесі келген дей ме? Салт емес,қолында баласы да бар көрінеді-ау! Бейшара-ай!.. Үкітай қайда кетті екен? Шынымен Шерәлі ауылына ма? Бұ бала аман қайтса жақсы, мертігіп қайтса қайтіп шыдарсың, тірі жанбыз ғой… Шерәлі екеуміздің арамызда дау жүр еді, енді кеп сойыл араласпақ па? Ол қашан бітпек, кімді кім жеңбек? О, Алла! Әлде баламның айтып жүргені жөн бе екен? «Не ел боламыз, не жер боламыз» деп отырып алсам, мынау шуылдап жүрген жұрт мені жалғыз тастамайтын еді ғой. Әке-шешемнің сүйегі жатқан ата мекеннен безіп, ол аз болғандай қыс ішінде үдере көшіп… Әсте, қартайған шығармын осы…”

— Не болды, байеке-ау? От басында отырғаның қалай? — деген бәйбішесінің үні оның ойын бөліп жіберді.

Ол жаймен басын көтеріп, жартысы жанып біткен сексеуілдерді жоғары ысырды да, орнынан тұрды. Үкітайдың жайын бәйбіше білмейді. Бір жақты болғанша оған естіртпеңдер деген өзі. Ортаншы ұлы құдыққа түсіп қайтыс болғаннан бері уайымшыл боп біткен. Балалары көз алдында жүрмесе көмейінен ас өтіп, кірпігі айқаспайды.

— Жай ғой, — деді Доскей баяу үнмен. — Мал жайын байқап келейінші.

Сүт пісірімдей уақыт ішінде Өмекей бастаған он шақты жігіт атқа қонып, Шерәлі ауылына суыт жүріп кетті. “Өмекей, — деген Доскей оның тізгінін ұстап тұрып; — Есің бар ғой, жігіттерді күшке жіберме. Онымен ештеңе өнбейді. Көшпей тұрғанда бір сәрі, енді керегі жоқ. Үкітайды қуып жетіңдер. Ашуынан қайтсын. Көнбесе, байлап алып келіңдер. Қалғанын өзім сөйлесем. Ал, жолдарың болсын!”

Топты Өмекей бастағанмен жол бастаушы Салық сақау. Құдай қырсығына алып қақтығыса кетер сын сәт туса оның қайрат көрсетіп, жағадан ұстасары шамалы, бірақ боранды далада одан асар жер танығыш ешкім жоқ, алдың күні Қабантауға жұрт үдере көтерілгенде де көштің алдын осы бастаған.

—Бастарыңды бұға бермей, тың тыңдай жүріңдер, — деп қояды Өмекей жол бастаушының соңынан үнсіз желіп келе жатқан жігіттермен қапталдасып. — Кім біледі, адасып кетті ме?..

—Мыйза-екем бұл жейден адаспайды, — деді Салық алаңдамай тез жүре берейік дегенді аңғартып.

—Ескі жұртқа соғайық. Жолымызда ғой. Бой жылытып алмасақ болмас, — деді Өмекей.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19