Сүйекші

—       Бәрің жаусыңдар, бәрің, шеттеріңнен! – деді Үкітай дәрменсіз айқайға басып. — Сенгенім сен едің, енді сен де жауымның маңдайынан сипадың.  Не боп барады бұ дүние! Жалғыз барамын, жалғыз! Шерәлінің отанына тым болмаса бір ойран саламын. Доскей ауылынан да бір еркек табылады екен ғой деу үшін барамын. Өлсем өлігім сонда қалсын! Өңкей жасық немелер! Жылайын десең еркек басыңа мін, жыламайын десең ішің қазандай қайнап барады, бас көтерер бір жан жоқ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бермек бәрі де. Ал, отырыңдар, от басында омалып!

Үкітай үзеңгіге аяқ сала бергенде:

—Жол болсын! — деген Доскейдің салмақты үні естілді. Баласы жалт бұрылып әкесіне қарады да:

—Бүгіннен қалдырмай жинап бер жігіттеріңді. Әйтпесе, өзім аттанамын, — деді.

—Қайда аттанбақсың?

—Кеше ғана бір үйір жылқыңды айдап кеткен Шерәлінің ауылына.

—Жылқыны айдап кеткен Шерәлі емес, боран. Өліктері табылды. Әй, балам-ай, — деді ол күрсініп. — Сенде бар ыза, сенде бар намыс өзгеде жоқ деп ойлайсың ба? Жалғыз шауып не тындырмақсың, көп боп барып не бітірмексің? Бүкіл ауылыңды жиғанда, Шерәлінің жарты ауылынан аса алмайды. Ақылмен істе, құр шабынғаннан түк өнбейді. Күштінің аты күшті. Ес жияйық, іргелі ел болайық.

Доскей жайлап басып келіп, ағаш бұтайтын дөңкенің үстіне отырды. Қабағы тым салыңқы. Ар жағында шығара алмай тұрған бұдан да маңызды бір түйткіл бар сияқты. Бәрі де үнсіз. Әке қолындағы қамшының сабымен шашылған ағаш жаңқаларын бір жерге жинап, қайта шашып жіберді.

—Әке, не болды? — деді Үкітай оның қасына келіп ақырын ғана.

—Өмекей, — деді Доскей ұлының сауалына жауап бермей.

—Құлағым сізде?

—Әкең үйде ме?

—Үйде.

—Малдарын шашыратпай жинап отырсын. Боран басылып, қар қатып, уақ мал жүретіндей болған кезде Қабантауға көшеміз.

—Не дейсіз? — Екі жігіт қосарлана сұрады.

—Сол. Шерәліге жайлау тарлық етіпті. Болысекем бүгін осылай шешті. Күштінің аты күшті.

—Қорлық қой, қорлық қой бұл, әке-ау! — Ұлы терісіне сыймай ат жалынан құшақтап тұрып, еңкілдеп жылап жіберді.

Тұңғыштың көз алдында сол бір сәт әлі тұр. «Доскей ауылы көшетін бопты» деген хабарды естіген соң, өзгеден күтер үміт жоқ байғұс ана ақ қар, көк мұзға қарамай кештетіп осында жетті. Көшер мезгіл көктемге салым болса да, ызалы Доскей қыстың қырауында-ақ кереге жығып Қабантауға өзгелерден бұрын аз ғана адаммен өзі кеткен. Мұндағы мал-жанның бәріне бас боп қалған Үкітай кір жуып, кіндік кескен жерден біржола кететін болғанына іші қан жылап, “ит ашуын тырнадан алады” дегендей ауыл адамдарының екі аяғын бір етікке тығып, бөріктіріп жүр.

— Айдаңдар! — деді ол ақырып. — Кештен қалып қоятын болдық қой, кеуделеріңде жандарың бар ма, пәдеріңе нәлеттер! Әй, боқмұрын, нағып тұрсың сүмірейіп, шығар тайларды!

—Ағатай… енді апам қайтіп табады мені?..

—Онда менің жұмысым жоқ, айда малды!

Жас бала көзінің жасын кілт тыйып, жыңғыл қораның есігін айқара ашты. Жылқылардың дүбірін естіп, тықыршып тұрған тай-жабағылар сыртқа лап қойды. Осы сәт жас баланың құлағына анасының таныс дауысы естілгендей болды. Жабырқау көңіл селт етіп, ол артына жалт қарады.

—Менің Тұңғышым осында ма екен, айтыңыздаршы?

—Сен оның кімі едің?

—       Анасымын. Жер түбінен жаяулатып жаңа жеттім. Баламның қайда екенін айтыңыздаршы, құдай үшін! Аман ба, менің жарығым?

Түңғыш қолындағы құрығын тастай беріп, “апа-а!” деп анасына қарай құстай ұшты.

—       Құлыным!.. Құлыным! Жарығым, жалғызым, бар екенсің ғой, сені де көреді екенмін ғой, шүкірім!..

Анасы еңіреп жылап, бір жылдан бері көрмеген перзентін ыстық құшағына қысып, екі бетінен алма-кезек сүйе берді.

—Иісіңнен айналдым-ау, шыбыным. Тумай жатып мұндай күйге түсердей не жазып едік, қу құдай! Екі көзің жәудіреп, осында қалғаның есіме түскенде шықпаған жаным ғана жүрмеді ме мен сорлының. Тірі жетім болған көкешім менің!

—Апа… апа, са… сағындым ғой сізді. Неге келмей кеттіңдер?

—Жыламашы, жыламашы, күнім. Келдім ғой, міне.

—Енді… енді үйге алып кетесің бе?

Анасының өзегі өртеніп, бұрынғыдан да қатты егілді.

—       Жоқ… жоқ, құлыным. Көктемге салым келемін, сонда алып кетемін.

—Қалмаймын, қалмаймын. Үйге алып кетші, апатай. Көкем… көкемнің өлгені рас па?

—Жоқ. Оның жұмыстан қолы тимей жүр, шыбыным. Көктемде ол да келеді. Сені атқа мінгізіп алып кетеді.

—Неге бүгін алып кете бермейсің? Бұлар мені боқтайды, ұрады. Қалдырмашы, апатай!..

Баласына қандай жауап, қандай алдау айтарын білмей ананың буын-буынынан дәрмен құрып, тәлтіректеп кетті. Тірі жетім боп, аманат қалған баласын қайтсем құтқарып аламын деп, байғұс ананың жылу сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Әке-шешесі ерте өліп, кісі есігінде қалған сорлының байқап қараса–бөліп бере қояр жанашыр жақындары жоқтың қасы екен. Бұрын көріспеген ағайындар басқа түскен қайғыны салған жерден бөліп кете алмай, “ойласайық, өзгелер не дейді екен. Көктемге шейін шыдай тұр, мал басы көбейсін, сонда келерсің. Сорың құрғыр, қарап жүрмей кісі өлтіріп несі бар? Жала дейді, неғылған жала? Шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайды. Сөйт, көктемде кел” деп құрғақ сөзбен шығарып салды. Ендігі бар үміті жамағайындарда ғана. “Көктемде келемін” деп баласын жұбатып тұрғаны да сол. “Мені бүгін неге алып кетпейсің?” деп тұрған баласына мұның бәрін қайтіп айтып жатсын, айтқанменен ол түсінер ме? Өзі кеткен соң бала көңілі бұрынғыдан да жетімсіреп, жасып қаларын ойлап тұрған ана екі өкпесін қолына алып, осында жетуін жеткенмен енді қайтып ажырасудың жолын таппай, бауыры езіліп, қабырғасы қайысты. Осылай боларын күні бұрын сезіп те еді, келмей жүргені де сондықтан, бірақ, Доскей ауылы көшетін болған соң ана жүрегі қойсын ба, шыбын жаны шырқырап жолға шыққанын өзі де білмей қалған жоқ па? Енді не істейді, қолдан келер шара қайсы? Ұлының шырқырап қалған үні құлағынан кетер ме, сол дауыс жатса-тұрса маза беріп, көмейінен ас өткізіп, кірпігін айқастырар ма?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19