Сүйекші

Ол құдықтан шыққанда кеш батып қалған еді. Жиналған жұрт қаумалап ортаға алып, құдықтың тез біткенін, құдай бұйыртса екі-үш жылға шейін суы сыр бере қоймайтынын, Қомша-сынды шеберге тағы біреуін қаздырып алса құба-құп боларын айтып, мақтасып жатыр. Бірер күн болып, демалып қайтарсыз деген жұрт сөзіне көнбей, қатын-баласына асығып, тырнағы ілініп жүрген Қомша тиесілі екі қойын жетектеп, жеті түнде ауыл иттерін абалатып үйіне тартты.

Үйде аунап-қунап бір жетідей әл жиған соң басқа бір бай ауылына барып, екінші құдық қазуға кірісті. Жиырма құлаштай тереңдікте әлі дымқыл тартатын түрі жоқ қасаң топырақты сүйменмен түйгіштеп жатып ол баласы жайлы тәтті ойға берілді. “Балам оқуды бітірсе, пәленшенің ұлы ғұлама молда екен, оқу атаулының түбіне жетіпті” деп жұрт гуілдеп жүрсе. Оған жақсы жерге құда боп, келіншек әперемін, жұмыртқадай ақ отау тігіп беремін. Келін айналайын азанмен тұрып, маған сәлем береді, “ата, құманда жылы су бар” деп иіліп тұрады. “Көсегең көгерсін, қарағым, өмірлі бол” деп ақ батамды айтамын. Еһ, дүние-ай!”

Арқан дір ете қалды. “Бұ несі? Көмекші жігіт сусын алып келу үшін жаңа ғана кетіп еді ғой, құс боп кеткені ме шіркіннің!” Ол жоғары қарады. Үш жігіт төне түсіп, қарқылдап күліп тұр. Оның денесі дір ете қалды.

—Ей, не керек сендерге?

—Көр тышқандай ін қазып көрген күнің құрсын!

—Ах-ха-ха!

—Еһ-еһ-еһ…

—Ей, шық бермен. Сусының бар ма?

—Әйтпесе құдығыңнан су алып бер.

—Бұл нағылған тәлкектерің, менде нелерің бар?

—Өй, шықсаңшы өзің, мә, ұста арқаннан!

Қомша арқаннан ұстауға сескеніп, тепкішекпен жоғары шықты. Бейтаныс жігіттер. Аттарының ер-тұрмандары мен киімдеріне қарағанда, еріккен бай балаларына ұқсайды. Үшеуі де бозаға мас боп апты, ауыздарынан уыт иісі аңқиды.

—Иә, құдық қашан бітеді?

—Амандық болса он шақты күнде бітіп қалар.

—Немене, оған шейін біз қаталап өлеміз бе?

—Құдай сақтасын, ескі құдық бар ғой.

—Ал, бозаң бар ма?

— Мырзалар-ау, менде боза қайдан болсын. Қазір серігім айран әкелер.

— Айран?  А-ха-ха-ха! Айран дейді!  Үшеуі де қарқылдай күлді.

— Сен көп сөзді қой, — деді маналы бері дес бермей тұрған сұлу мұрттысы, — біздің білмейтініміз жердің астында. Қатыныңның жас екені рас па?

—Не деп тұрсыз, мырзалар?

—Қатыныңның жас екені рас па деймін?

Қомша не деп жауап қайырарын білмей үнсіз тұрып қалды. Сәлден соң:

—Оны неге сұрадыңыздар?

— Ах-ах-ах!..

Үшеуі жер жаңғыртып тағы күлді. Қомшаның ашуы келейін деді.

—Мырзалар, мен сіздер секілді ерігіп жүрген жан емеспін, сіздер тойып секіріп жүрсіздер, мен тоңып секіріп жүрмін. Өздеріңіздей дәулет менде жоқ, қолымнан келері міне, мынау, құдық қазып жан бағамын. Тәлкек көтерер кісі мен емес.

—Мәссаған! Тәлкек көтермейді! Енді кім көтереді, мен бе? Көр… көр тышқанның айтып тұрған сөзін қарай гөр. Жарайды, қойдық. Бар, ініңді қаза бер. Түссеңші енді!

Өзім-ақ асықпай түсемін ғой, сіздер қайта беріңіздер.

—Қорқып тұр. Біз саған түкте істемейміз, түсе бер. —Қомша әлденеден секем алып, төмен түсті. “Әлгі баласы түспегірдің де кете қалғанын қарасаңшы”. Ол құдық түбіне жетіп, сүйменін қолына алды. “Олар неге кетпей тұр? Мені тәлкек еткеннен не қызық тапты екен?”

—Ей, бері қара, — деген дауыс жоғарыдан саңқ ете қалды. Қомша басын көтерді. Сол сәтте үстіне шүмектеп жылымшы су құйылды.

—О, әкеңнің!..

Қомша қолына сүйменін алып, тез-тез жоғары көтерілді. Ол шыққанда еріккен үшеудің ішек-сілесі қатып күліп тұр екен, шыққан бойы шалбар бауын байлап тұрған сұлу мұрттың жағасынан ала кетті.

—Байдың баласы болмақ түгіл патшаның ұлы болсаң да жер қаптырайын, мазағыңа төзетін мен емес!

—Өй-өй, мына көр тышқан атжалман боп кеткен бе, қайтеді-ей!

Қомша сұлу мұрттың кеудесіне бүркіттей қонжиып, алқымын езіп жібергенде, ол өлердегі сөзін айтып, “енді тимеймін, көкетай” деп безек қақты. Екі жігіт қарап тұрсын ба, ұмар-жұмар боп жатқан екеуге жетіп келіп, Қомшаны аударып түсірді. Опай-топай алыс басталып кетті. Үйілген сары топырақ құдық ішіне сауылдай төгіліп жер астынан шыққандай ақ тозаң аспанға көтеріліп жатыр. Шыртиып киінген сері жігіттер барқыт бешпенттерінің рәсуә болғанына да қарамай үшеуі үш жақтан жабылғанымен, жалғыз құдықшыны ала алмай “ой, әкеңнің” деп ызаланумен жүр.

— Сүйменді, сүйменді әкел! — деді құдықшының астында шаң қауып жатқан барқыт бешпенттің бірі.

Қомшаның жүрегі су ете қалды. “Шынымен бе? Шынымен мына үшеудің ойы бұзылғаны ма, бір мені тым құрыса матап байлап кетуге шамалары жетпеген соң сүйменмен соқпақ па? Астапыралла!”

Ол орнынан атып тұрып артына жалт қарады. Манағы құдық ішіне шүмектеткен жігіт сүйменді көтеріп, ұруға оңтайланып кеп қапты. Қомша жалт бергенде ауыр сүйменнің салмағынан өзін-өзі ұстай алмаған жігіт әлі шаңы бұрқырап жатқан жиырма құлаш құдыққа өкіріп құлап түсті. Төбелес пышақ кесті тыйыла қалды. Үшеуінен ес кетіп, құдыққа үңілді, будақтаған шаңнан ешнәрсе көрінбейді, тек ыңырсыған дауыс қана естіледі. Әлгі жігіттің бірі сол сәтте “ой, бауырымдап” сарнап қоя берді де, атына отырып ауылға қарай шаба жөнелді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19