Сүйекші

—Құдайдың жерін жаралай беріп қайтеміз.

—Өлгенді құдай кешірер. Анау бір төбенің басынан қазсаңыз қайтеді. — Атты кісі жез сапты қамшысымен беткей жақты көрсетті. — Сол жердің топырағы құрғақ болар.

—Ал мынаны кім алады?

—       Бір бұйырған алар. Қазылған көр далада қалмас. Тұңғыш түнеріп төмен қарады. Бәрі өстеді. Жер таңдап, мүрде таңдап күпірлік жасайды. Төбе не, ойпаң не? Бұ жерге де су үймелейді. Ағып өткен судан көп болса зәктер, бірақ ақымға жетпейді ғой.

—       Күйген қышпен төрт қатар ғып өрсе марқұмға сыз тимейді. Бесікке жаңа бөлеген баладай құп-құрғақ жатады.

—       Өлім үстінде айтыспайық, пәруәрдігер. Тілегімді орындаңыз. Ақысына –бір ісек атадым.

Тұңғыш ойланып қалды. Әке-шешесінің  әруағына құран оқытсам дегені ойына сап ете түсті.

—Бір тілегіңді нәмақұл демеймін. Жарайды. Мынаны бітіріп болған соң кірісейін.

—Тәңір жарылқасын сізді.

Мұртты кісі атын кейін бұрып жүріп кетті.

Тұңғыш еңкейіп, моланың ішкі үйіне енді. Бүкшиіп жүріп табанын тереңдетуге кірісті. Әлгі күннің жылуына бойы үйреніп қалғандықтан ба, ақым мұп-мұздай боп денесін түршіктірді. Ол келте сүйменмен аумағы жарты кездей жерді тез-тез түйгілеп шықты. “Су үймелейді дейді. Нағылған су. Топырағы құп-құрғақ. Қандай жақсы жер!”

Бос топырақтың шаңын бұрқыратып келте күрекпен сыртқы үйге лақтырды. Ақымның тар тесігінен түсіп тұрған болмашы жарық бұрқыраған қою шаңнан әлсіреп, бұрыш-бұрышты қараңғылық басты. Ол шұқырдан шығып, жұмсақ топырақ үстіне отырып демалды. Күн жылып, қатқан жер шылқылдап ери бастапты. Айналаға қарады. Тірі жан жоқ. Мелшиген меңіреу қабірлер. Олар да әр басқа. Бірінің күмбезі күнге шағылысады, екіншісі аласа жай күмбез, үшінші біреудікі кесек қорған, төртінші біреудің қабірі жай төмпек қана. Енді бір бейшаралардың қабірі ортасына омырылып, сәңірейіп тұр. Кім біледі, бір заманда ол анау күмбезді зираттан да сәулетті болған шығар. Бірақ оған енді ешкім сенбейді, өткен істің бәрі өтірік, бәрі жалған.

Дөңес жерден екінші қабірді бастап кіндікке жеткізгенде ине сұғып алғандай жамбасы тағы шым ете түсті. Не болған бүгін, бұрын шаншу қадалғанмен жылы көрпеге оранып, дел-сал боп бір терлесе таңертең құлантаза сауығып кететін еді ғой, әлде, кәрілік деген құдай атқырдың жеткені ме? Көп отыра берсем денем құрысып қалар деп ол орнынан тұрды да, жамбасын қолымен басып бойын түзеді, сонан соң күндегі әдетінше шұқыр ішіне секіріп түсіп еді, сол жамбасын әлдекім суырып әкеткендей көзінің оты жарқ етіп, бүк түсіп жатып қалды. Жілік-жілігінің арасынан әлдекім сым өткізіп, бір ұшын миға тартқандай басы зырқырап, есеңгіреп кетті.

Сәлден соң есін жиды. Жамбасының шаншуы бағанағыдан қайтайын депті. Етпетінен түскенде сүйеулі күрекке жығылып шекесінен қан аққан екен, ол дымқыл, саз топырақпен араласып қанды балшық боп қатып қапты. Ол орнынан көтеріліп кіндік бойы қазылған шұқырдың екі ернеуіне сүйеніп біраз тұрды. Салмақ салса-ақ жамбасы зар қағады. “Қап, — деді ол іштей, — біткен екем. Үшеу түгіл, екеуін де қаза алмайтын болдым-ау! Сорлы басым-ай, секіріп нем бар еді!”

Ол тырмысып жүріп моладан әрең шықты. Күрегін алуды әлгінде ұмытып кеткен екен, қайтып түсуге қиынсынып ішінде қалдырып кетті. Көзіне жылы төсек елестеді. “Жоқ, — деді ол іштей, — бұл болмайды. Тым болмаса екеуін, кешке дейін тым болмаса екеуін”.

Үндемес күннің әлсіз жылуына бөксесін тосып, қырындай жатты. Жылылық денесіне жағып барады. Өстіп жатып ұйықтап кетіпті. Көзін ашқанда түс ауып қалған екен. Тісі тісіне тимей қалшылдап барады. Мана жатқан кезінде күн ашық еді, аспанды бұлт торлап, батыстан ызғырық соғып тұр екен. Сызға тиген оң жақ иығы мен жамбасы алдырмай қапты. “Біткен екем, — деді ол күбірлеп, — болған жерім осы екен дә. Қайтейін”.

Ол буыны сытырлап орнынан тұрды, шекпенін қымтана түсіп, анау төменде, шағын қаланың бір түкпіріндегі өзінің кішкене үйіне қарай ілбіп қозғала берді. Жайшылықта сүт пісірім  уақытта баратын үйіне бір сағатта әзер жетті. Мал түсірген бе, жел түсірген бе, терезе орнына тығылған жастық жерге домалап, аядай сызтамның іші азынап тұр екен. Терезені қайта бітеді. Үй ішін көрдегідей қараңғылық басты. “От жағу керек-ау!” Бірақ, оған отты қайдан тапсын. Көршілерден барып әкелейін деп еді, сүйегін сүйретіп қуыс үйіне құр сүлдері әзер жеткенде қайта шығуды қиынсынып, көз көрмесе де қол үйренген жердегі көрпелерін қалың етіп салды да, үстінен киіз жамылып тарс бүркеніп жата кетті. “Шіркін-ай, ыстық қоламта болар ма еді, — деді ішінен. — Суырып алғандай шаншу таппа тыйылар еді-ау”. Бұрын жамбасы ауыра қалса кір шүберекке қоламта орап, шаншу қадалған жерге басып жата қалатын, таңертең сен көр, мен көр құлан таза айығып шығатын-ды. Қазір оған шама қайда, әл қайда. Марқұм әкесі де солай ететін еді. Сәлден соң бойы жылынайын деді. Таң атқанша тырп етпей осылай жылы бүркеніп шықсам сауығьп кетермін деп көзін жұмды. “Емнің үлкені –жылы төсек, тыныш ұйқы”. Бұл қайдан есіме түсіп жатыр? Ә, ә, әкем марқұм айтушы еді-ау. Иә, ұйықтап алайын. Бірақ, ол қанша тырысса да неге екені белгісіз көз іле алмады, басы ию-қию шуға толып, ойына қай-қайдағы бір оқиғалар орала берді. Бірде жартысы бітпей қалған мола, бірде үй ортасында шоғы қып-қызыл боп шытырлай жанып жатқан сексеуіл, онан соң буы бұрқырап тұрған жас сорпа, енді бірде сонау-сонау кездердегі әке-шешесі елес берді. “О, бейшаралар, —деді ішінен. — О, бейшаралар”… Кеше әке-шешесі түсіне кіріпті. “Дәметіп жүр-ау. Пұлым жетсе бір мал алып, құран оқытып жіберейінші. Бүгін тым болмаса екеуін де бітірмегенімді көрдің бе”. Сол жақ қырына аунап түсті. Ұйқы атаулы аунап түскен сәтінде шашылып қалғандай мүлдем қашып кетті. Осы сәт жылымшы бір нәрсе самайдан өтіп, құлағына жетіп тоқтады. “О, тоба, мұным не бұл, жылағаным не тағы?” Ол жасын сүртейін деп еді, киіз ашылып, енді-енді беті қайта бастаған шаншуым қозып кетер деп қозғалмай жата берді. “Қой, жыламайын. Өлі әруаққа да, тірі әруаққа да жылаған жақсы емес”.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19