Сүйекші

Ел ас-су ішіп болғанда жолға шыққан үшеу түн ортасы ауғанда ат тізгінін тежеп, күбір-күбір ұзақ сөйлесті.

—Атқа жүк қылмай лақтырып кетейік те мына сұмырайды.

—Тірі қалдырсақ кейін бәле боп жүрмей ме?

—Атасының басы! Біздің кім екенімізді қайдан біледі. Осы жерден құс боп ұшып барып қуғыншы әкелемін дегенше біздің де, төрт аттың да құрығын ұстай алмас. Тәшкеннің жыныш базарының қай бұрышынан табады. Бір жылқының еті екеуіңе ауыр боп келе жатқан шығар, үшеуміз бөліп артайық.

Ат артына көлденең тастаған Тұңғышты қыса тартқан қыл арқан кенет кілт босап, мұрнының ұшына тірелген жаны жай тауып қалғандай болды. Бір ұшы аяқтан, бір ұшы мойыннан салынып, ат бауырына үңілте таңылған байғұстың енді біраз жүрсе өті аузына құйылып, мойын омыртқасы үзілердей еді. Аузынан қара су ақтарылып өлімші халге жете бергенде Алланың рақымы түсіп, “өтірік пе, шын ба?” деп ойланып үлгірмей, бір қарулы қол аттан аударып тастады. Аяқ-қолы шешілмеген диуана кескен дөңбектей жерге гүрс етіп домалап түсіп, жапан далада есінен танып, жалғыздан-жалғыз қала берді…

Жуан жіңішкерсе, жіңішке үзіледі. Талай жуан жіңішкерді, талай жіңішке үзілді. Ілініп-салынып Тұңғыш әлі келе жатыр. Қанша жаным сірі болса да осы жолы біткен шығармын, тым болмаса қара жерден көр тышқанның ініндей бір қуыс бұйырмады-ау деп үмітсіз халде жатқанында бір өлтіріп, бір тірілтіп тәлкекке салған тағдыр “өлім оңай, ғұмыр азап, көресіңнің көбі әлі алда” дегендей, тағы бір құтқарушысын сап еткізді. Ертесіне сәскеде мола қазып жүрген бір ноғай сүйекші, оны мазар шетінен тауып алды.

Сүйекшінің үйі шаһардың ең бергі шетінде екен. Үй деген аты болмаса бұғат-бұғаты аңғал-санғал, есік-терезесі жоқ, бұрыш-бұрышты өрмекшілер қаптаған, әйтеуір, іші қуыс баспана. Есік жанындағы мор ошақтың былтырғы күлі әлі шығарылмапты. Үйдегі бар дүние — бір киіз, бір алаша, бір көрпе, бір жастық. Жер ошақтағы қазан қақпағының үстінде жұмыртқаның уызымен жамалған сынық кесе, кәрі құман, ағаш қасық, ағаш табақ тұр. Тұңғыш бұған да шүкірлік етті, өлмей тірі қалу былай тұрсын, ол алғаш рет өз еркінше жатып-тұратын тұрақты лыпаға бас сұқты ғой. Сүйекші ендігі жылы табысы мол, басқа жерге кетеді, сонан соң бұл там Тұңғыштың өз үйі, өз өтені болады, өз өтені! Марқұм әке-шешесі мұның өз бетінше түтін түтетіп, аман-есен жер басып жүргенін білсе көрінде бір-бір аунайтын шығар. Жылда құрбан айт сайын бір мал сойып, құран оқытып тұрса әруақтары риза болар еді-ау!

Сүйекшілікті де ол тез үйреніп кетті. Қашан мола қазып көрді дейсің, мұның да түрі мен сыры көп болады екен. Ноғай сүйекші бас-аяғы бір жарым айдың ішінде оны өзі секілді шебер молашы етіп шығарды.

— Бұл жерге келгенге дейін орыстардың көрін қазғам, — деді ол екеуі кіндікке дейін қазылған шұңқырдың ішінде түскі тамақ жеп отырып. — Олардікі оп-оңай. Кісі бойы тереңдетесің де көме бересің. Олар ақшасын да қолма-қол береді. Ақша қолға нақтылы тиіп отырды бар ғой, түнделетіп те қаза бергің келеді. Ал, қазақтар… түу, ақша беру былай тұрсын ақыңды жейді. «Әруақты саудаға салу күпірлік» дейді. Кейбір құдайға қарағандары ғана қолыңа не ақша, не шапан ұстатады. Ал орыстар… несін айтасың, олардың жөні бөлек қой. Қазақтар секілді мола таңдап та жатпайды, қазған молаңды ала береді. Әттең, бір араны ашылған неменің кесірі тимегенде… Екеуміз бірдей істейміз, бірдей отырамыз, сүйтіп жүріп ақша бөлуге келгенде бәрін қымқырып қалады, ұрлығын біліп қойсаң беті бүлк етпей “көбісін қазған мен болатынмын” дейді. Тіпті, табыт байлаған су жаңа матаға дейін өзі алады. Бір күні шыдамадым, екеуміз төбелестік те қалдық. Бір-бірімізді сылқылдатып соғып жатырмыз, соғып жатармыз. “Иттің баласы, еліңде кісі өлмейтіндей-ақ мұнда қаңғып неге келдің. Осы көрге қазір тірі көмсем сені ешкім жоқтамайды” деп мені шұқырға итереді. Өзі тарамыс бәле екен, көзі шүңірейіп ештеңеден тайынатын түрі жоқ, тықсырып келеді. Бір кезде қолынан лып беріп шықтым да, сүймен темірге жармастым. “Қазір мен сені…” Сөзімді айтып үлгертпей әлдекім қарымнан шап ете түсті. Қойшы, көп айтып не керек, мола басында ақшаға таласқанымызды сезіп, екеумізді екі жаққа қуып жіберді.

—Мола қазғаныңа көп болды ма?

—Он бір, он екі жыл. Жұмыстың ең тынышы осы. Ешкімнен зеку, ұрыс естімейсің. Көріңді қаз да тыныш жат. Ел әйтеуір сені аштан өлтірмейді. Көрінгенге көзтүрткі боп диуанашылық қылғанша баяғыдан мола қазсаң ғой, осы уаққа дейін киіміңді бүтіндеп, там салып алар ең. Көр қазуға жап-жақсы икемің бар екен, диуана боп не табам деп жүрсің? Өзіңнің жасың нешеде қазір?

—Білмеймін.

—Білмеймінің қалай?

—Жас санап жүрген кім бар?

—Әке-шешеңнен айырылғанда нешеде едің?

—Білмеймін. Сегіз-тоғызда шығармын.

—Сегіз-тоғызда… ім… Анда жігіт болғанша, диуана боп біраз жыл. Қырық бес, елулердің арасындасың ғой. Ештеңе етпейді, енді теңеліп кетесің. Сүйекші аштан өлмейді. Бірақ, қазақтар біреуге мола қаздыруды ерсі санап, көпшілігін өздері қазады. Енді-енді ғана үйреніп келе жатыр. Әттең, бәрі бірдей қаздырып, бәрі бірдей нақты ақы төлейтін болса ғой шіркін! Онда баяғы жерге кетемін деп нем бар. Ендігі жылы тәуекел деп сонда тартам. Қаланың тұрғындары да көбейіп қалған шығар…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19