Сүйекші

Диуаналық өмірдің он шақты күні артта қалып, әуелгіде жаны шошыған кәсіпке еті үйреніп, тілі жаттыға бастады. Диуана әйел оны жанынан тастамай баули берді. Кейде “Ақ диуананы” өзі айтпай Тұңғышқа жүктеді.

—Үйрен. Мен қашанғы қасыңда боламын, — дейді ол оңаша шыққанда, — дауысың жердің астынан естілгендей көмескі, ұялмай сампылдап қоя беру керек. Сөзін ұмытып қала бересің. Жаңағы үйдің иесі қайырды сүлесоқ, көңілсіз берді. Міне, былай айт.

Ол сөз бен сөздің арасын бөлмей біркелкі әндетіп қоя берді.

— Ақ дүу-сс, ақ диуана, е, Алла, жақсылығыңды аяма, жеттім дегенде жығылма, толдым дегенде төгілме-е Алла, мұсылманға ақ ниетіңді аяма-а… Аяма-а деген кезде даусыңды созып тұру керек, ал сен “аяма” деп күңк ете түсесің, оныңды қасыңда тұрған мен де естімей қаламын. Қане “аяма-а-а” деп созып айтшы.

—Ая-ма.

—Әлі де соза түс.

—Ая-ма-а.

—Міне, сәл жөндем шықты. Енді дауысыңды көтере түс.

—Ая-ма-аа-а!

—Бәрекелді! Өстіп айту керек. Енді он шақты күнде жап-жақсы диуана боп шыға келесің. Құдай сүйген өнерді пенде сыйлау керек. Қазір тағы сен айтасың, жүр.

Арада он шақты күн өткенде Тұңғыш сампылдап қоя беретін болды. Бұрынғыдай қымсынуы тыйылып, дауысы ашыла түсті. Диуанадан мақтау естіген сайын көңілі бір өсіп, келесі үйге барғанда оны тоқтатып қойып дарбазадан кірген бетте-ақ өзі бастап жүре беретінді шығарды. Аманат кезіндегідей емес, енді оның өміріне күлкі араласты, диуанадан мақтау естіп көңілі көтерілді. Ол бұл кәсіпті бірте-бірте ұнатып, ертеңгі таңның атуын кей түндері асыға күтетін де болды. Бір күні диуана:

—       Екеуміз екі ажырайық, — деді ақырын ғана. — Қосарланып жүрген соң жұрт тыжырынып қалады. Арамызға сүт пісірімдей уақыт салып аралап отырайық. Ауыл сыртында кездесерміз. Елді азар қылсақ бізден кейінгілерге қиянат болады.

Арада бір жарым ай өтіп, жас диуана өз бетінше ел аралап, жаңа кәсіптің жөн-жосығын айыра білетін болды-ау дегенде, диуана кемпір екеуінің екі ажырасар кезінің жеткенін айтты. Оң-солын танығаннан бері жат кісі атаулыдан алғаш рет шын мейірбандық, шын жанашырлық тапқан Тұңғыш мойны қатса да қанаты қатпай, дүрмегінен көз жазып жалғыз қалған соң бір қырғидан жан сауғалаған бейшара торғай секілді көзі қарауытып кеп бірінші кездескен диуананы паналай кетіп еді. Ол диуана кемпірмен осылайша қосарланып жүре бермейтінін, ерте ме, кеш пе оның қанатының астынан шығып, өз бетінше бөлініп кете барарын білетін-ді. Бірақ, “ажырасармын-ау” деп ойлаған сайын бүкіл жарық дүниеде жалғыз өзі ғана қалатындай күні бұрын жаны құлазып, жетімдік жапасын нақ бір енді шегетіндей іштей үгітіліп, мүсәпір халге түсетін Тұңғыш, диуананың аузынан “енді айырлысайық” деген суық сөзді естігенде тырнағының астына әлдекім ине сұғып алғандай бір селт ете түсті де, басын тұғжитып, төмен қарап отырып қалды. Пәлен деп тіл де қатпады, көкпеңбек дерменені бырт еткізіп сындырып алып, жер шұқылай берді. Әлгінде өздері аралап шыққан ауыл сыртындағы төбе басында екеуі ғана, бірі отыр, бірі осы жерден еліне кетуге ниет етіп, жаңа танысының разылық үнін күтіп тұр.

Сәлден кейін диуана таспадай тартылған жалғыз аяқ жолға түсіп Тұңғыштың көзі көріп, құлағы естімеген түу алысқа сапар шегеді. Бір жусан мен бір жусанның арасында қыбыр-қыбыр етіп ешкі сауым уақыт жүрген мына бір байғұс құмырсқа секілді, ол да жер түбіндегі өтеніне өнімсіз жүріспен қимылдай береді. Мейлі, қанша өнімсіз болсын, ерте жетсін, кеш жетсін, мейлі, әйтеуір ол өз отбасына кетіп барады емес пе. Ал өзі отырған төбенің қай жағына құларын да, кең дүниенің қай түкпірін бетке ұстарын да білмей, жер ортасы осы боп шөгіп қалған бейбақтың ендігі мақсаты, ендігі әрекеті, ендігі күйі не болмақ? Басына қандай қара күн туса да ебіл-дебіл еңіреп жылаумен ғана тынған, қайғырғанмен қабырғасы қайысып, ой толғауға өресі жетпей өскен Тұңғыш дәл осы сәт өз өмірінің қор өмір екенін, тіпті, ес біліп, етек жапқалы диуанашылықпен ыстықаумет тауып келе жатқан мына диуана кемпірдің өзінен әлдеқайда бақытты екенін алғаш рет ой жіберіп, бордай үгітілді. Кепе болсын, шайла болсын, түтіні қисық шықсын, түзу шықсын, алыс болмақ түгілі ғұмыр бойы жете алмайтын жер шеті болсын, әйтеуір өтенім бар деп көңілге тоқ, жанға медеу санап жүрер жаман шаңырақ, қара қазанның тірі пендеге бой тұмардай қажет екенін, демеу екенін ұғынды.

—       Байғұс-ау, қашанғы тұрамын, басыңды көтеріп разылығыңды берсеңші, — деді диуана оң иығындағы қоржынын сол иығына ауыстырып.

Тұңғыш сонда барып басын көтеріп, қарсы алдындағы диуанаға қарады.

—       Жасаған жақсылығыңыз Алладан қайтсын. Иманды болыңыз, — деді ол күбірлеп. Сөйтті де қайтадан төмен қарады.

—Алла бұйыртса ұшырасармыз, бұйыртпаса ана жалғанда жолығармыз. Құдай жалғыз, диуана жалғыз. Ел кездеспей далада қалсаң молаға түне, әруақ жүрген жерден жын-жыбыр, бәле-жала аулақ жүреді. Жалғыздың жары –құдай. Жалғыз жатар кезің көп, ұйықтар алдында иманынды үйіріп жат. Иманы үйірілмеген пендені ана дүние қабыл етпейді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19