Сүйекші

Бәрін ол кейін, бір ай өткен соң білді. Құлындағы дауысы шығып шыңғырып жылағаны есінде. Жалаңаяқ, жалаңбас анасы мен туғалы көрмеген інісінің бірі үлкен, бірі кіші моласына қарай шырылдап жүгіргені есінде. Қуғыншыларға қарасын көрсетпей молаға жетіп жығылғаны есінде. Ана моласының тас боп қатқан топырағын тырналап, саусағынан қан аққаны есінде. Артынан келген адамдардың көтеріп әкеп атқа отырғызғаны есінде. Әрі қарай не болғаны жадында жоқ.

Арада бір жылдай өткен соң оның Тұңғыш аты да Аманат аты да жойылып, Кеңкелес атанды.

Кеңкелес бала…

Кеңкелес ағай…

Кеңкелес кісі…

Талай жайлау ауысты, талай қыстақ қаңырап қалды. Мың жасайтын Шерәлі де өлді, дұшпанынан кек ала алмай, іштей тынып Доскей де көз жұмды. Екі атадан қалған екі бала әкелері тындырмағанды өздері тындырардай, өзекті жанға келмей қоймайтын өлім нақ бір бұларды айналып өтердей бір-біріне бұрынғыдан бетер өшіге түсті. Бірақ, Кеңкелес үшін мына дүниеге құдық қазып, мал бағу, сәті түссе тоя тамақ ішіп, ұйқысы қанып оянудан басқа мақсат та, қызық та жоқ. Өзгелер сияқты ол күлмейді, күлдірмейді, қымыз ішіп, қызара бөртіп жүргісі де, бозбала боп қызға қырындағысы да келмейді. “Бұл мағынасыз тіршілік қашан бітеді, қашан ел қатарлы мен де қатын алып, түтін түтетем?” деген сұрақ жапан далада жалғыз айлап-жылдап жүрсе де санасына бірде-бір рет келген емес. Ол жағы ойына кіріп те шықпайды. Оған енді бәрібір. Дүние төңкерілсін, жер-әлемді топан су қаптаса қаптай берсін, тек алдындағы бір үйір жылқы көзден таса болмаса, мал жайлаудан түскенде күні-түні қазатын қырық құлаш құдығы орнында тұрса болғаны. Марқұм әкесі сияқты төгілген терінің ақысын да сұрамайды, қатын алып, нәресте сүйіп, молдаға бала оқытамын деп әуреленбейді де. Тек… иә, тек мырза-екем оның кей уақта Қабантауға барып, анасы мен інісінің моласын бір көріп қайтатынын білмесе, басқа не уайым бар?

…Кеңкелес отыз бір жасында Үкітай ауылынан кетті. Е-е, ол есінен шықпайды ғой, қалай шықсын!

Аласапыран көктемнің кезі еді. Кеңкелес жылқы бағып жүріп ат үстінде қалғып кетіпті. Кенет әлдекім: “Әй, Тұңғыш, Тұңғыш!” деп айқайлағандай болды. Ол басын көтеріп алып жан-жағына қарады. Тірі жан жоқ. Қайта көз жұмды. “Ойбай-ау, сен маған қарамайсың ғой. Танымай тұрмысың!” деген дауыс тағы естілді. Анасының үні ғой! Қайдан естіліп тұр?! Ол ұйқысын ашып, ерге жөнделіп отырды. Әдеттегідей құлағы шуға толып, басы айналды. “Барайын, барайын. Шақырып тұр ғой”. Ол ештеңеге алаңдаған жоқ, жылқы лағып кетер деп ойламады да, атқа қамшыны басып-басып жіберіп, көш жердегі Қабантауға қарай шаба жөнелді…

Қайтып келгенде жылқының бірін де таба алмады. Қас қарайып, көз байланғанда ауылға келді. Тура Үкітайдың есігінің алдына кеп аттан түсті. Ошақ басында жүрген қатын-қалаштар шу етіп үйге тығылды.

—Сұмдық-ай, көзі қызарып, беті түтігіп кетіпті!

—Құс келетін кезде жындылық қозады деуші еді…

Кеңкелес оларды өкшелеп кеп, босағаның сыртына тоқтады.

—Мырза-екемді шақырыңдар, — деді гүр етіп. Осы кезде іштен Үкітайдың өзі де шықты.

—Ей, сен қайдан жүрсің, жылқы қайда нәлеті!

—Қорада. Анау, шеткі қорада. Қамап қойдым. Бәрі түгел.

—Не деп тұр-ай, мына кеңкелес! Жылқыны қораға қамағаны несі?

—Сенбесеңіз көріңіз. Бәрі түгел. — Ол Үкітайға қарап ыржия күлді. Үкітайдың көзі аларып, бір-екі адым кейін шегінді де, шеткі қораға қарай жүгіре жөнелді. Артынша жер беттеніп қайтып келді.

—Жігіттер, ау, жігіттер! Ұстаңдар, байлаңдар мына жындыны?

—Мырза, мырза, сенбейсіз бе? Жылқының бәрі түгел еді ғой. Жаңа ғана айдап кіргізгенмін. Бәрі түгел!

—Ойбай, ойбай ғана кеңкелес-ай! Бір үйір… бір үйір жылқы жоқ! Қайда, қайда құрттың бәрін, айт жаныңның барында!

—Сойып жедім. Түгел, бәрін, бірін қалдырмай. — Кеңкелестің түсі бұзылып оған жақындай берді. Ашудан жарылып кетердей боп тартып жібергелі қамшысын көтере берген Үкітай оның кісі жерлік мына түрінен шошып, кейін ығыса берді. Осы кезде жігіттер де жетіп кеп, Кеңкелесті әп-сәттің ішінде байлап тастады.

…Жылқыны Шерәлі ауылының жігіттері барымталап кетіпті.

Ол үш күн бойы байлаулы жатты. Суға салынған қыл шылбыр әбден кеуіп, сүйек-сүйекті сындырып барады. Осы кезге шейін нәр татқан жоқ, есіктен бір адам бас сұғып қарамады. Есі жиылып қапты. Алдың күні не істеп, не қойғанын біле алмады. Бар білетіні — жылқылардың жоғалғаны ғана. “Байланғаны несі? Ұрмай ма? Сындырып бара жатқанын қарашы. Оһ-о-о! Ұрған жақсы ғой. Тамақ берсін, сонан соң ұрсын, қанша ұрса да ұра берсін. Байлағаны несі… Оһ-о-о! Ұрғаны жақсы еді-ау!”

Осы кезде іргенің киізі түріліп, ішке бозамық жарық  түсті.

–Әй, әй, Кеңкелес, — деді әлдекім сыбырлап. — Қайның ашты ма?

Ол дауыс шыққан жаққа мойнын бұрды. Сақау жылқышы екен.

–Иә, — деді Тұңғыш.

–Мен саған ет әкелдім. Сүйегі жоқ. Бі түииін қалдыймай же. Әйтпесе, миза мені өлтиеді. Мақұл ма?

—Мақұл.

Ол керегенің көзінен екі кесек піскен етгі тастай салды да, ізім-қайым жоқ болды. Тұңғыш аунап жүріп әзер жетті. Етті жеп бола бергенде сықырлап есік ашылды да әлде кім лып беріп ішке кірді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19