АРИСТОФАН. ҒАСЫРЛАР  ҮНДЕСТІГІ

Бұл секілді нақты анықтамаға Аристофанның талантты аудармашысы Дройзен мынадай ескертпе жасады. «Аристофан өз шығармаларының сахнаға қойылу үстінде әуелі хорға қатысып, онан соң кішігірім рольдерді ойнап, Каллистраттың көмекшісі болып жүріп, яғни, ескек есуден бастап желдің бағытын анықтай білетін, демек, көпшілік көрерменнің өзін деген шын ықыласын тани алатын «капитан» дәрежесіне көтеріледі». Яғни, ол көрермендердің өзіне деген шын ықыласын тани білді.

Осыдан аттай екі жарым мың жыл бұрын өмір сүріп, ең басты шығармаларын 27 жылға созылған марафондық Пелеопоннес соғысының (431-404) кезінде жазуына тура келген Аристофан драматургиясы біздер үшін несімен құнды? Халық соғыстан күйзеліп, елді кедейшілік пен жоқшылық жайлап алған кезде Аристофан өзге ақындар сияқты неге күңіреніске толы шығармалар жазбай тек сатира жанрын ғана таңдады? Өйткені, ол адамдардың бір сарында қатып қалған санасы мен Афина билеушілерінің соғысқұмарлық, тонаушылық, тойымсыздық қасиеттеріне қарсы тұра алатын бірден-бір қару – сатира  деп ұқты. Сондықтан да ол барлық шығармаларын сатираға құрды. Аристофан сатиралық комедияларының айтар ойы терең, тілі уытты, кейіпкерлерінің бейнесі айшықты әрекеттермен нанымды да әсерлі. Елдің әбден қалжырағанына қарамастан Афина билеушілері соғысты тоқтатуға мүдделі болмады. Олар үшін соғыс – әлемдік  үстемдік, байлық, олардың ойына бейбіт өмір сүру деген ұғым кіріп те шықпады. Аристофан бейбітшілікті жақтап, соғысқұмарлар мен соғыс идеясын жақтаушы демагогтарға өз шығармалары арқылы аянбай күрес ашты. Жастарды өршіл рухқа емес, кертартпа төзімділікке, соқыр сезімге тәрбиелейтін софистермен де өз сатирасымен шайқасып бақты. Ол қоғам өмірі мен жеке адамдар өмірінің барлық қатпарына араласып, адамдар санасына сіңіп қалған бойкүйездік пен жеңілітектікті, арзан сезімді, тіпті, сол кездегі жаңа ақындардың нәпсі бұзарлық жырларына дейін қатты сынға алды. Осының бәрін тереңінен түсінген ұлы философ Платон, Афина өмірін тереңірек зерттемек болған Сиракуздық Тиран Диониске: «Ол үшін ең алдымен Аристофан комедияларын оқып шығыңыз» деп, оған драматургтің сатираларын беріп жібереді. Ұлы ақын, ұлы патриот Аристофан мемлекет өмірінің ақылға сиымсыз келеңсіз де осал жақтарын, бүгінгі күнді, бүгінгі пайданы ойлап, ертеңге бас қатырмайтын биліктің кеселді қылықтарын жеріне жеткізе әшкерелей білді. Қоғамда кісілік, ар-намыс, адамгершілік  нормаларының бұзылып, ғылым, білім, мәдениет, көркемдігі биік талғам атаулының бірте-бірте құлдырап, қожырап бара жатқанын, ақындардың бұзақы сезімдерді жырлауға, билік басындағы дәулетті топтарға мадақ өлеңдер арнауға машықтанып алған үрдістерін өткір сынға алды. Бұл ащы шындықтардың бәрі образдар арқылы сахнада көрсетіліп жатты. Ол өзінің атақты замандастарын сынаудан да қаймықпады. Белгілі тұлға Клеон мен оның маңайындағы зәлім демагогтардың арандатушылық әрекеттерін, тіпті, драматург Еврипидтің өзін адам бойындағы ізгі сезімдерді көрсетудің орнына жүрек айнытар сентименталдықты күйттеп, трагедия жанрының негізгі талаптарын бұзып тынды деп кінәласа, қалыптасқан діни қағидаларға теріс бағыт сілтедің деп Сократ бейнесі арқылы софистік ағымды да әжуаға айналдырды.

Осыдан екі жарым мың жыл бұрын Аристофан көтерген мәселелер әлі өзектілігін жоя қоймапты. ол қандай мәселелер еді? Жемқорлық, қанағатсыздық, жалған даңғойсу, өткен тарихты ұмытуға тырысып, бәрін әр билеуші өзінен бастауға ұмтылу, халықтың көкірек көзін жалған уәде, жалған ақпаратпен тұмандандыру, жаман тұрмысты жақсы деп көрсетуге машықтанып алған сарнауық демагогтар (Клеон), мәнді музыканың құлдырауы, Филоксен, Кинеси, Фринис секілді ұлы композиторлардың дәстүрін ұмыту, лирикалық поэзияның арзанқол сезімдерді жырлауға жаппай бет бұруы, қысқасы, мемлекет пен қоғам өмірінің барлық көлеңкелі жақтарын сынау Аристофан сатирасының басты тақырыбына айналды. Өркениетке ұмтылған саналы халықты соғысқұмар спартандық билеушілерінің бейбіт өмірге деген ниеттерінің жоқтығы зор күйзеліске ұшыратып, елді ештеңе ойламауға,  көзге ұрып тұрған сот жүйесіндегі әділетсіздіктерге көз жұма қарауға баулыды. Билеушілеріне сенген халық бірте-бірте өзіндік ойлаудан қалып, ақылсыз тобырға айнала бастады, ал, жастар болса ата-дәстүрінен қол үзіп, ойсыз, жігерсіз, кердең өмір сүруге үйреніп алды. Еркін махаббатты үлкен әсермен жырлаған ақындардың бейәдеп поэзиясы әйелдерді моральдық жағынан азғындауына әкеп соқты. Еркектер әйелдерге сенуден қалды. Соның салдарынан отбасылық кикілжіңдер етек алып, ғасырлар бойы мызғымай келе жатқан грек шаңырағы шайқала бастады. Осы оқиғалардың бәрін Аристофан ұлттық кесапат ретінде әшкерелеп, ата-баба салып кеткен тіні бүтін, іргесі берік, ұл-қыздарын жөргегінде тәрбиелей білген қасиетті грек шаңырағын қалпына келтіруді армандады. Осындай арман мен қиялдың нәтижесінде оның шығармашылық фантазиясы жер мен көкті еркін аралап, жануарлар мен құстардың өмірін адам өмірімен шендестіре жазған көптеген туындыларды дүниеге әкелді. Құстар, құбақалар, аралар, түлкілер т.б. аң-құстардың өмірін жаза отырып Аристофан өз заманындағы адамдардың бет-бейнесін дәлме-дәл көрсете білді. Көзсіз батырлық пен өжет махаббатты негізгі тақырып етуге төселіп алған сол замандағы грек драматургтерінің арасынан (Евринид, Софоке, Эсхил т.б.) Аристофан бірінші боп адамдар мен аң-құстардың өмірін қабаттастыра суреттеді. Бұл әдіс – сол заманның драматургиясындағы қиял жетпестей тосын жаңалық еді.

(Жалғасы бар) “Егемен Қазақстан” газеті, №8, 14 қаңтар, 2020 жыл

Pages: 1 2 3