АРИСТОФАН. ҒАСЫРЛАР  ҮНДЕСТІГІ

Аристофан үш рет өткен сот процесінің үшеуінде де жеңіп шығады.

Клеон Аристофанның бітіспес қас-жауына айналады.

Кейбір тарихшылардың айтуынша (Свирида) Аристофанның әкесі Филипп Эгин аралынан, демек, Аристофан да Афиналық емес, Эгиндік. Ол аралда олардың имениесі бар болған көрінеді.

431 жылдың жазында Пелеопоннес соғысының басталуына Эгиндіктер себеп болды деген сылтаумен Афиналықтар Эгиндіктерді бала-шағасымен аралдан көшіріп жібереді де, босаған жерді жеребе арқылы афиналықтарға бөліп береді. Свириданың, Клеонның және басқалардың Аристофанды түбегейлі афиналық емес деп жала жауып  жүруіне осы оқиға себеп болса керек.

Әр сот процесінде өзін ақтап алу үшін бүкіл күш-жігері мен шешендік өнерін сарқа пайдалануына тура келген Аристофан бұл жөнінде 425 жылы қойылған «Ахарняндықтар» атты комедиясының кіріспесінде жалпы халықтың назарын өзіне түгел құлата білген тамаша ақын екенін ашу-ызаға толы мақтаныш сезіммен айтып өтеді. «Бізбен одақтас қалалардың азаматтары алым-салықтарын төлеу үшін Афинаға келгенде, өздеріне белгілі, олардың бәрі сендерге, Афина халқына, шындықты тайсалмай тұрып көзге айтатын, ақындардың ішіндегі ең ақылдысын бір көріп қалуға ынтығатындарын жақсы білесіңдер. Ол ақынның атақ-даңқының алысқа кеткендігі сондай, парсының ұлы патшасының өзі ондай өжет те батыл ақын туралы жақынырақ білгісі келетінін айтып, спартандық елшілікпен хабарласыпты. Ол айтыпты: ақындарына шындықты бетке айтқызып қойған халықты соғыста жеңу мүмкін емес». Міне, спартандықтардың бізбен бейбіт келісімге келіп, Эгин аралын кепілдікке сұрауына әлгі сөздің әсері зор болды. Маған сеніңіздер, мәселе Эгин аралына тіреліп тұрған жоқ, олар сол Эгин аралымен қосып сендердің ақындарыңды сендерден тартып алмақшы. Сендер олардың айтқандарына көнбеңдер, өйткені ол ақын болашақта өздеріңді сынау үшін, кемшіліктеріңді көзге шұқып айту үшін керек болады!».

Батылдық деп осыны айт, батылдыққа төзіп баққан халықты айт! Шындық сөзді тыңдайтындай санасы шыңдалған қандай халықтың арасынан әрқайсысы бір-бір елге тұтқа болуға жарайтын ұлы ойшылдар мен ғұламалардың лек-легімен шығуы заңды құбылыс сияқты.

Даңқына даңқ қосқан «Ахарняндықтар» комедиясын Аристофан өз атымен емес, Каллистраттың атымен сахнаға шығарды. Бүкіл елге уытты ақын ретінде мейлінше әйгілі болған Аристофан өз атын көрсетпесе де шығарманың шын авторының кім екендігін ойынды тамашалап отырған 17 мың халық жақсы біліп отырды. Оның үстіне шығарманың преамбуласындағы «ақын» деген арнау сөзден келтірілген үзіндінің өзінен-ақ комедияның авторы Каллистрат емес, Аристофан екендігін зерттеушілер де анық байқады. «Оның барлық шығармалары өте тартымды, қызғылықты, биік талап тұрғысында жазылған өткір дүниелер еді,-деп жазды Аристофанның биографтарының бірі. Ол жас кезінен бастап-ақ уытты комедиялары арқылы жұртқа кең танылып, өз замандастарынан оқ бойы озық тұрды, тіпті, өзінен кейін шыққан ақындар да онымен теңесе алмады. Оның талантын жаулары да, күндеушілері де қызыға мойындайтын болды».

Өз шығармаларының уытты сатираға құрылғанын жақсы білетін Аристофан өзінше сақтық жасап, пьесаларын өзгелердің  атымен қойдырып жүрді. Алғашқы комедиясы «Ашытқы жасаушыларды» (427) Филонидтің атымен, екінші комедиясы «Вавилондықтарды», үшінші комедиясы «Ахарняндықтарды» (426) Каллистраттың атымен сахнаға шығарды. Осы шығармалары өзге драматургтердің авторларды артқа тастап (Кратин мен Эвполис) бірінші орын алған соң барып «Салт аттыларды» өз атымен қойғызды. Алғашқы шығармаларын Каллистрат пен Филонидке тапсырудың себебі – бұл екеуі де хор басшылары әрі актерлер болатын, тіпті, олар да Аристофан секілді ақындар боп саналатын.Бірақ, олардың шығармалары біздің заманымызға жеткен жоқ. Көне Грекияда хор бастығы мен орхестр меңгерушілері спектакльдерде басты кейіпкердің ролінде ойнайтын, ал, Аристофан болса тұрмыстық немесе жай өмірдегі әдеби кейіпкер ролін Филонидке, саяси комедиялардағы рольді Каллистратқа жүктейтін.

Шығармашылық өмірінің бас кезінде жазылған бірнеше комедиясын оп-оңай басқа біреулерге ойланбастан сыйлай салатын Аристофанның бұл  мінезін замандастары күлкіге айналдырып, Гераклға арнап шығарылған мысқыл мақалды бұған да теліп: «Геракл сияқты өзіне емес, өзгеге өлермендікпен қызмет ететін адам» деп ат қойған да еді.

Аристофанның өз шығармаларын басқа біреудің атымен қойғызып келуінің басты сыры кейбір зерттеушілердің түсіндіріп келгеніндей драматургтің билік қаһарына ілігіп қалудан сақтанғандығынан, тіпті, схолиастардың 30-40 жасқа толмаған адамдардың шығармаларын сахнаға шығаруға тиым салған заңына бағынудан да емес, сол кездегі қалыптасқан дәстүрге бағынудан, яғни, саяси, адами көзқарастары әлі қалыптасып үлгірмеген, өмірлік тәжірибесі аз тым жас адамның шығармаларын көпшілікке көрсету сенімсіздік туғызады деген қағиданың әсері еді.

Аристофанның өз шығармаларын басқа біреулерге «бере тұруы» сол «сенімсіздік» белдеуінен өтуді күткендіктен болса керек. Бұл жөнінде Аристофанның өз атымен қойылған алғашқы «Салт аттылар» комедиясында хор көрермендерге қарап былай дейді: «Сендердің көкейлеріңде: ол неге осы уақытқа дейін шығармаларын өз атымен емес, өзгенің атымен қойып, хорды неге өзі  басқарудан бас тартып келді?» деген сұрақ тұрғанын білеміз. Сол сұраққа жауап берейік. Ол мұндай әрекетке аңғалдығынан немесе ақымақтығынан емес, белгілі себептермен барды. Комедияны ойнап шығу оңай шаруа емес, оған бірнеше адамның аянбай еңбек етуі қажет. Оның үстіне ол адамдардың бәріне бірдей ақы төленбейді, санаулы адамдарға ғана сыйақы беріледі. Бұған қоса, баяғыдан бері оның өзі көріп келе жатқандай, сендердің қошеметтерің тұрлаусыз да баянсыз, егер ақын  қартая қалса бәрің оны ұмытып кетесіңдер. Магнес пен Кратесті еске алыңдаршы, әсіресе, Кратинді. Сендердің құлақ тұндырар ұзақ қол шапалақтарыңнан  ол байғұстың кеудесіндегі мақтаныш сезімі жол-жөнекей кездескен емендерді тамырымен қопарып, атақты қарсыластарының өзін түп-тамырымен ағызып әкеткен арынды өзендей өзін  құдіретті ақын екенмін деп масайрап жүрмеп пе еді? Сол ақындарың қазір қандай күйде? Тозығы жетіп, үн шығара алмайтын ескі лирадай ескерусіз қалды. Оның бұрынғы атақ-даңқының өзі ол байғұстың тым болмаса Пританееде қоғамдық есептен бір мезгіл тегін тамақ ішуіне қақысы бар еді ғой. Нағыз дарынды комедияның авторы осындай сүреңсіз болашағын ойлағандықтан өз атын жасырын ұстап келді. Енді жасырмайды, өйткені ол өзінің ішкі қуатына толық сене бастады. Ол мынадай тәпсілді де ұмытпайды: адам кеменің капитаны болу үшін әуелі ескек есе білуі керек, теңіздің мінезін түсіне білуі керек, сонан соң желдің бағытын ажырата білуі керек. Ол қазір желдің бағытын ажырата білетін халге жеттім деп сенеді. Сендердің қол шапалақтарың асау теңіздің тынымсыз күркүрі болса, ол желдің бағытын ажырата білетін капитан».

Pages: 1 2 3