КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ӨКІЛ. Сау бол, ендеше.

АРДАҚ. Сау бол.

Өкіл шығып кетеді.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 Пункттегі қарбалас жұмыс. Дәу қанарды екі адам қолдасып, кіші қанарды әйелдер мен балалардьщ өздері-ақ көтеріп, сыртқа алып шығып жатыр. Балалардың ішінде Мүтән да бар.

ХАДИША. Әй, Мүтән, тым ауыр қанарды көтермей-ақ қой, сынған қолың әлі жазылып кеткен жоқ.

МҮТӘН. Ештеңе етпейді, ауырып тұрған жоқ, апа.

ОРМАНТАЙ. Бүгін ертемен от жаққан соң сарай іші жылып қапты, ә?

АРДАҚ. Ореке, шөп тасуға да төрт-бес адам бөлмесек, үйді-үйді тұрған ірі қара малдардың көтерем болатын түрі бар.

ОРМАНТАЙ. Ей, балалар, балалар, төртеуің мұнда келіңдер.

Оның алдына төрт бала келеді. Баяғы “соғыс” ойынын ойнаған балалар.

— Сендер қолдарыңа айыр алып, шөп тасуға жөнеліңдер.

Ескі қораның жанында ат пен шана бар. Колхоз сиыры тұрған әр үйге екі құшақтан шөп түсіріңдер. Түсінікті ме?

БАЛАЛАР. Түсінікті.

ПЕРИЗАТ. Мен бар ғой, Ардақ апай. Түсімде көкемді тағы көрдім. Ол келгелі жатыр екен деймін. “Мамаң ауырып қапты ғой. Қамықпа. Жақында барамын. Ініңді жалғызсыратпа. Мен барғанша шыдай тұр. Жылама, өлең айт” дейді. Сізге не болды? Сіз неге сұрланып кеттіңіз?

АРДАҚ. Жай.. . ештеңе де. Мен екі күн бойы көз шырымын алған жоқпын. Басым айналып кетті (Өзін-өзі тез қолға алып). Ей, қу тезек пен су тезек. Қайда жүрсіңдер? (От жағып жүрген Мәнсия мен Шәмсия дауыстайды).

МӘНСИЯ. Не болды, бастық қатын-ау, біз мұндамыз.

АРДАҚ. Өлең айтыңдар.

МӘНСИЯ. Не дейсің?

АРДАҚ. Немене құлақтарың керең боп қалды ма? Өлең айтыңдар деймін. Бастаңдар.

МӘНСИЯ, ШӘМСИЯ (өлең бастайды).

«Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...»

АРДАҚ. Тоқтат. Қайдағы қайғылы өлеңді тауып алдыңдар. Көтеріңкі, көңілді өлең айтыңдар.

МӘНСИЯ. Біз көңілді өлең білмейміз.

АРДАҚ. Онда… (Шалға қарап). Ақсақал, сіз бірдеңе дерсіз?

КӘКІМБЕК (ортаға шығып).

«Автомобиль, трактор,

Бұрандасын бұрап тұр.

Қыз күйеуге кетем деп,

Үй артында жылап тұр.

Ей, ей, Медетбек,

Ой, ой, Медетбек.

Ерте бастан неге айтпадың,

Маған қатын керек деп.

Әуелеп ұшар дуадақ,

Ұстар ма едің қуалап?

Он сегізде қыз болса,

Жүрер ме едің құшақтап.

Ей, ей, Медетбек,

Ой, ой, Медетбек.

Ерте бастан неге айтпадың,

Маған қатын керек деп».

ДАУЫСТАР. Ой, жарайсың, шалым!

КЕМПІР. Он сегіздегі қызды қайтпекші-ей, мына қақбас, а?

Жұрт күлкіге батады.

Осы кезде кіре беріс есіктегі жұртты қаға-маға, үсті-басына қырау қатқан Демесін кіріп келеді. Жұрт сілтідей тына қалады. Әркім қолына түскен нәрсемен бетін көлегейлеп, бір-бірінің артына тығыла түскен.

ОРМАНТАЙ. Бұл не? Не боп қалды тағы?

АРДАҚ. Ойпырмай, жау жағадан алғанда, бөрі етектен дегендей, сіз де осы біреуді есіртіп қойдыңыз әйтеуір.

ДЕМЕСІН. Алып кіріңдер (Шөпке кеткен төрт бала бір-біріне тізбектеп байланған төрт адамды ішке алып кіреді. Ен соңғысы — зәресі кеткен өкіл). Бастық жолдас. Міне, пәшистер. Тұтқын пәшистер.

ДАУЫСТАР. Неғыл дейді, құдай-ау. Тұтқын пәшистері несі? Ойбай-ау, пәшис деп тұрғанының біреуі түнде ғана бізді құттықтаған өкіл емес пе?

— Масқара-ай, масқара-ай.

ОРМАНТАЙ. Енді бізге жетпей тұрғаны — өкілді тұтқындау еді (Демесінге). Босат мына кісіні.

ДЕМЕСІН. Жоқ, босатпаймын. Ол түнде неге жүреді?

Ормантай ештеңе өндіре алмасын біліп, сабырға көшеді. Әуелі алдында тізіліп тұрған үшеуді түгел қарап шығады.

ОРМАНТАЙ. Мына үшеуі кім, неғып жүрген адамдар?

ДЕМЕСІН. Олар да пәшист. Үшеуін сиыр ұрлап бара жатқан жерінен ұстап алдым. Сиырлары есік алдында тұр. Бұрын да ұрлапты. «Атам» деген соң бәрін айтып берді.

ОРМАНТАЙ. А-а, солай де.

ХАДИША. Менің сиырым, менің сиырым. Осыдан бір жеті бұрын ұрланған менің сиырым. Ах, оңбаған кәззаптар. Жұрт жанын қиып, қанын төгіп жүр, ал бұлар бала-шағаның күн көріп отырған жалғыз сиырын ұрлайды. Жібер, жіберіңдер, жұлып өлтірейін. Сендерді де еркек дейді-ау, өй, өлімтіктер. Тфу, қара беттер өңшең.

ОРМАНТАЙ. Халайық. Сабыр етіңдер, сабыр етідер. Хадиша, жетер енді. Бұл ұрылар тиісті жазасын алады (Демесінге). Ал, батыр, мына кісіні неге ұстадың?

ДЕМЕСІН. «Астыңдағы атты қайдан алдың?» десем, айтпайды. “Не әкеңнің құны бар?” — дейді. Мен жұмыстағы адаммын, ол неге жөнін айтпайды?

ОРМАНТАЙ. Ол бізге ауданнан келген өкіл. Ұят болады. Қолын шеш. Бәрінің аузына тығылатын мақтаны алыңдар.

Балалар бұйрықты орындамақ боп оларға жақындай бергенде, Демесін дүрсе қоя береді.

ДЕМЕСІН. Аулақ. Өзім босатамын.

Ол Өкілдің қолын шешіп, аузындағы мақтаны алады. Өкіл тәлтіректеп келіп пешке сүйеніп, ұялғанынан жеңімен бетін басады. Сонан соң басын көтеріп, әуелі Ормантайға, Ардаққа, жиылған жұртқа қарайды.

ӨКІЛ. Мені осылай масқараладыңдар ма? Тұра тұрыңдар, бәлем, бұл үшін сазайларыңды тартарсыңдар әлі. Мені мазақ қылдыңдар ғой, мені ойыншық санадыңдар ғой.

ОРМАНТАЙ. Әй, Демесін-ай. Не істегеніңді білесің бе, сен? Аудан алдында бізді ұятқа қалдырдың ғой.

ӨКІЛ. Жо-оқ, бұл тек ұяттың ісі емес, жазаның ісі, жазаның. Мені осылай қорлағаны үшін мына тұрған нақұрыстарыңды милициямен жындыханаға айдатамын. Ал, сендерді — колхоз бастығы мен ауылдық совет бастығы… Ендігі ісім сендермен болсын…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15