КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

АРДАҚ. Тоқтатыңдар күлкіні. Таңғы әтеш шақырғанда екеуіңді осы жердегі есік алдында өзім күтіп алам. Отындарыңмен.

ЕКІ ӘЙЕЛ ҚОСАРЛАНЫП. Жарайды, жарайды. Табармыз…

ОРМАНТАЙ. Жолдастар. Ертең ертемен іске кірісеміз. Қанарланған мақталарды арбаға тиеп, станцияға жөнелту керек.

Бәрі кетеді. Сахна бос. Әйелдердің ән салған дауыстары бірте-бірте алыстай береді. 

*  * *

Түн. Ардақтың үйі. Үй ішінде сабырсызданып әрі-бері жүрген Өкіл көрінеді. Ол Ардақтың келуін күтіп жүрген секілді. Ардақ кіреді. Қолында кесе-шайнек бар.

АРДАҚ. Үйге дейін шығарып салғаныңызға, жаңа жылмен құттықтағаныңызға рақмет. Оу, сіз қонатын адамдай шешініп қойыпсыз ғой.

ӨКІЛ. Шаршап, жабығып жүрсіңдер. Көңілің көтерілер еді дегенім ғой…

АРДАҚ. Қазір көтеріңкі көңілдің керегі жоқ. Анда жұрт қан кешіп жатыр.

ӨКІЛ. Ім-м… Қайтеміз… Жалпыға бірдей қиындық қой.

АРДАҚ. Қырық бес… Менің қолымда тағы бір үйге қара қағаз бар. Есіңізде ме, әлгінде ортаға шығып өлең айтпақшы болған қыз. Аты Перизат. Жақында ғана әкесінен хат алып еді. Ой, бейшара қыз-ай. Маслпромға сүт алып бара жатқанда шешесін ұрылар тонап кетіпті. Өлі-тірі екені белгісіз. Әлі ешқандай дерек жоқ. Байғұс қыз, үш жасар інісі екеуі ғана қалды. Әкесінің қазасын қалай естіртсем екен?..

ӨКІЛ. Мұның бәрі, әрине, аса қайғылы оқиға. Ондай оқиға қазір ел ішінде аз емес қой, соның бәрін қазір айтып, қазір қайғырмасақ болмай ма?

АРДАҚ. Енді сіз келмеңіз. Бұл жақта өртеніп бара жатқан шаруа жоқ, өртеніп бара жатса, басқа өкілді жіберіңіздер. Бағана әйелдердің не айтқанын естідіңіз бе? “Жақында ғана келіп еді ғой, неменесіне қайта-қайта жылтыңдай береді?”, — деді. Жұрт көзіне түсіп қалсақ, сізден де, менен де бедел қалмас.

ӨКІЛ. Дегенмен, ділің қатты адамсың, Ардақ.

АРДАҚ. Айтыңызшы, сіз осы маған неге қайта-қайта келгіштей бересіз? Осы төңіректе менен басқа әйел құрып қалды ма? Әлде мен бетіне өмір бақи шаң тигізбеген ару ма едім?

ӨКІЛ. Енді оны өзің түсінесің ғой, Ардақжан… Саған деген ынтызарым бір бәсеңсімей-ақ қой…

АРДАҚ. Немене, сонда, ғашықтар жырындағыдай бір ауруға ұшырадым демексіз бе?

ӨКІЛ. Бәлкім, солай да шығар, Ардақжан (Өкіл оны кұшақтамақ болады. Ардақ сытылып шығып кетеді).

АРДАҚ. Еміренбей алысырақ тұрыңызшы. Мұндай тәтті сөздерден жүрегім айниды.

ӨКІЛ. Әй, Ардақ-ай. Саған сипасаң да, сыйласаң да жақпайсың, әйтеуір.

Ардақ сыртқа құлақ түреді.

АРДАҚ. Естідіңіз бе?

ӨКІЛ. Нені? Біреу келе жатыр ма?

АРДАҚ. Жоқ, келе жатқан ешкім жоқ.

ӨКІЛ. Енді не?

АРДАҚ. Тоқтаңыз. Әне (Пауза. “Айт, жануар, шу деді, құбылып бурыл гуледі” деген тыныштық күзетшісінің айғайы талып естіледі. Дауыс бірте-бірте жақындай түседі). Тыныштық күзетшісінің даусы. Қандай өрескел де тылсым құбылыс. Мұндай оқиғаны бізге дейін ешкім естіген де, көрген де емес шығар (Дауыс бірте-бірте жақындап келе жатыр).

ӨКІЛ (қорқып). Не, ол… осында келе ме?

АРДАҚ. Қандай сужүрек адам едіңіз (Күліп). Оның сізбен шаруасы жоқ. Ол фашистермен соғысып жүр.

ӨКІЛ. Фашистермен?

АРДАҚ. Иә.

ӨКІЛ. Қалай, соғысқаны қалай?

АРДАҚ. Кәдімгідей.

ӨКІЛ. Сонда ол… мылтық ата ма?

АРДАҚ. Атқанда қандай? Міне, былай атады. Тра-та-та-та… (Өкілдің көзі алақандай болып, қабырғага жақындай түседі. Осы кезде қос ауыз мылтықтың гүрс-гүрс етіп қосарланып атылғаны естіледі. Өкіл жата қалады. Тыныштық күзетшісінің даусы бірте-бірте алыстап, үй ішінде тыныштық орнайды). Оу, өкіл, жолдас, ұйықтап қалдыңыз ба? (Өкіл орнынан тұрып, үстін қағып-сілки бастайды).

ӨКІЛ. Мынау бір сұмдық екен.

АРДАҚ. Сізді көрген сайын. “Осы кісі неге соғысқа бармайды”, — деп ойлаушы ем. Менімше, сізді соғысқа алмай жүргені де дұрыс болған. Сіз сияқты қорқақ адамдар бейбіт өмірде ғана қожаңдағыш келеді.

ӨКІЛ. Білем, білем, сен тікентілді әйелсің. Сондықтан сенің сөзіңе ренжуге болмайды.

АРДАҚ. Ал, енді қайтыңыз.

ӨКІЛ. Таң да атып қалды ғой. Төсек салсақ қайтеді? Балаң да ұйықтап қалды.

АРДАҚ. Жоқ. Таң саз бере мақта пунктінде болуым керек. От жанбай, жұрттың түтінге булығып жатқанын бағана көрдіңіз ғой.

ӨКІЛ. Сен әйел емес… ағаштан жаралған шығарсың, сірә.

АРДАҚ. Иә, маған да талай ой келіп, талай ой кеткен. Мен де тірі жанмын… Үмітімнің үзілген… (селт етіп). Мен не деп кеттім өзі? Жоқ. Алғаш сіз келіп жүргенде кеудемді әртүрлі сұғанақ ойлардың аралағаны да рас еді… Енді ол ойымнан біржола қайттым. Иә, біржола. Маған ренжімей жүре беріңіз.

ӨКІЛ. Мен сенің барлық тілегіңді орындайтын едім ғой. Осыдан барған соң колхоз тізгінін өзіңе әпермекпін.

АРДАҚ (ашуланып). Керегі жоқ. Мен тізгін үшін таласпаймын. Таласа қалсам да өзім күресемін. Сау болыңыз.

ӨКІЛ (тонын киіп жатып). Япыр-ай, әлгі жындысүрей күзетшілеріңнен қалай өтер екенмін?

АРДАҚ. Өкіл екеніңізді түсіндіріп айтарсыз?

ӨКІЛ. Қолында мылтығы бар дедіңіз, ә?..

АРДАҚ. Иә, мылтығы бар, қос ауыз…

ӨКІЛ. Осында жата кетсем қайтеді? Күн шыққан соң кетермін.

АРДАҚ. Жоқ. Таң атқанда үйден шығып бара жатқаныңыз жарамас.

ӨКІЛ (шыға беріп). Енді қашан келейін?

АРДАҚ. Айттым ғой, келмей-ақ қойыңыз.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15