КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ШӘМСИЯ. Жаға алмаған өзіңнен көр. Кеше мен жаққанда бықсымай-ақ лаулап кетіп еді ғой.

МӘНСИЯ. Лауласа үстіне керосин құйған шығарсың.

ШӘМСИЯ. Керосинді отқа құймақ түгілі шамға таба алмай отырған жоқпыз ба? От жаға алмасаң кісіге тиіспей отыр. Әйтпесе, бұл колхоздың сиырлары саған келгенде су тезек, маған келгенде қу тезек тастайды деп пе едің?

МӘНСИЯ. Әй, сен бар ғой, сен… Ауыз өзімдікі екен деп, не болса соны көки берме, білдің бе? Айтсам, мен сөз таппай қалғалы отырған жоқпын. Біраз күнәңды білемін, байқа.

ШӘМСИЯ. Ал, айт, айт, қане. Мен сонда қарап қалармын. О несі-ей; түге, өзі етегіне намаз оқып жүрген адамдай…

Пункте Ормантай, Ардақ және бір ер кісі — ауданнан келген. Өкіл кіреді. Ормантай Өкілге әлденені түсіндіріп, пешті нұсқап сөйлеп жатыр.

МӘНСИЯ. Әй, сен менің қылмысымды қашан көрдің, ә? Қай жерде ұстап алып едің мені?

ШӘМСИЯ. Өкініштісі сол — ұстай алмағаным боп тұр.

МӘНСИЯ. Ал, мен сені ұстап алғанмын.

ШӘМСИЯ (орнынан тұрып, оған жақындап). Қашан? Қашан деймін?

МӘНСИЯ. Өткен жұмада. “Демесін делқұлы болса да, үйге бір еркек кіріп келер ме еді?” — деп армандағаның қайда?

ШӘМСИЯ. Сол ма бар білгенің?

МӘНСИЯ. Сол. Е, немене, сол аз боп тұр ма? Мен кеткен соң не істегеніңді құдай білсін. Жұрттың бәрі Демесінді көріп қоғадай жапырылып қорқып жатқанда, сен неге үш күннен бері одан именбейтін боп алғансың?

ШӘМСИЯ. Өй, өсекші шайпауыз.

МӘНСИЯ. Өзің өсекшіл…

Бұдан соң екеуі бір-бірінің сөзін тыңдамай айтысып кетеді.

АРДАҚ. Әй, қатындар. Тоқтатындар шайтан базарды. Екі әйел оларды көріп, жым бола қалады.

ПЕРИЗАТ (Ормантайға жүгіріп кеп). Ормантай аға, менің мамамнан хабар бар ма?

ОРМАНТАЙ. Ім… ім… әлі жоқ… Алыс отардан бір хабар шыққан көрінеді. Жол ашылған соң алып келерміз.

ПЕРИЗАТ. Хадиша апай, менің мамам табылыпты. Алақай (Хадиша оны құшақтайды).

ОРМАНТАЙ. Жолдастар. Біздің арамызға бүгін ауданнан Өкіл келіп отыр.

ДАУЫС. Осыдан бір ай бұрын ғана келіп еді ғой.

ОРМАНТАЙ. Бүгін ол кісі осы отырған бәрімізді құттықтағалы келіпті.

ДАУЫСТАР. Құттықтағалы?

— Немен?

— Мүмкін жеңіс күнімен шығар?

ОРМАНТАЙ. Сабыр, сабыр, жолдастар. Қазір Өкіл жолдастың өзіне сөз берейік.

ӨКІЛ (тамағын кенеп). Жолдастар (Түтінге шашалып жөтеледі). Мемлекетке шитті мақта тапсыру жоспарын ауданымыз бүгін, яғни 1944 жылдың 31 декабрь күні орындап шықты. Биыл қыс ерте түскендіктен, әрі мақта беру науқаны кезінде адам қолы жетіспегендіктен, мақтаның төрттен бір бөлігі қар астында қалды. Аудан еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегінің арқасында ғана мемлекеттік жоспар бәрібір орындалды. Ол жеңісте сіздердің шағын колхоздарыңыздың да үлесі өте мол. Сіздердің колхоздарыңыз аудандағы ең шағын колхоз, мұнда не бары қырық бір-ақ түтін бар. Соған қарамастан сіздер мемлекеттік жоспарды артығымен орындап, жалпы табыс көлемімен есептегенде, аудандағы ең ірі колхоздармен теңесіп отырсыздар. Және, бұл қуанышты хабар басқа күні емес, дәл бүгін, 31 декабрьде жетіп отыр. Бұл — сіздердің жаңа, 1945 жылға деген аса үлкен тартуларыңыз боп табылмақ. Сіздердің жаңа жылдарыңыз құтты болсын, жолдастар (қол шапалақтау).

МӘНСИЯ. Не ғыл дейді? Жаңа жылы несі?

ШӘМСИЯ. Е-е, сен екеуіміз ұрсысып отырғанда бір жыл өтіп кетіпті ғой.

МӘНСИЯ. Япыр-ай, ә? Жаңа жылдың келгенін де байқамай қалыппыз-ау, ә?

ШӘМСИЯ. Енді бір ұрыссақ қырық алтыншы жылға жетіп барғанымызды да білмей қалармыз.

МӘНСИЯ. Иә, иә. Оған дейін күйеулеріміз де келіп, бәрін ұмытармыз…

(Екеуі бірін-бірі түсініп, беріле күледі).

ХАДИША. Әй, бастық әйел. Ұлы істің ұлы күні Перизат өлең айтсыншы ортаға шығып. Перизат, айтасың ба?

ПЕРИЗАТ. Айтайын.

АРДАҚ (зекіп). Болмайды. Перизат… Ренжіме, басқа кезде айтарсың.

ХАДИША. Жаңа жылмен құттықтағандарыңызға рақмет. Ал, майданнан не хабар бар, соны айтсаңыздаршы.

ӨКІЛ. Әрине, әрине, айтамын. Біздің әскерлер жауды өз жеріне қуып тықты. Жеңіс күні жақындап келеді, жолдастар! (Балалар “ура” деп, ересектер көзіне жас алып қуанады).

ОРМАНТАЙ. Ал, колхозшы жолдастар. Жаңа жылға аз  ғана уақыт қапты (Әтеш шақырады). Әне, әтештер де шақыра бастады. Жаңа жыл құрметіне бүгін үйлеріңізге ертерек қайтуларыңызға рұқсат ұрт қуана дабырласып тарай бастайды).

АРДАҚ (ошақ басындағы екі әйелге). Оттарыңды жөндеп өшіріңдер. От жаға алмасаңдар да мақта өртеуге шеберсіңдер.

МӘНСИЯ. Өзі де әлдеқашан өшіп қалды.

АРДАҚ. Әй, қу тезек пен су тезек! Ертең үйлеріңнен екеуің бір-бір қап қу тезек, немесе екі арқа ағаш отын әкелесіңдер. Орнына үш қап колхоздың су тезегін алуларыңа болады.

ШӘМСИЯ. Ойбай-ау, үйде бала-шағамызды немен жылытамыз?

АРДАҚ. Онда менің шаруам жоқ. Су тезекті кептіріп алыңдар.

МӘНСИЯ. Үйде от жанбаса, су тезек қалай кебеді?

АРДАҚ. Білмеймін. Маған десеңдер қойындарыңа алып жатыңдар.

ШӘМСИЯ. Астапыралла. Мынау әйел басымен қырып барады, еркек болса не істер еді?

МӘНСИЯ. Еркек болса… Әй, не істесе де осының еркек болғаны-ақ жақсы болар еді.

Екі әйел сылқылдай күледі. Бір сәт Ардақ та езу тартады да, ізінше түсін суыта қояды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15