КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ОРМАНТАЙ. Сен әйел адамсың ғой, әйелге қатыгездік жараспайды, тым қатты кетпе, Ардақ.

АРДАҚ. Осының бәрі сіздің жұмсақтығыңыздан. Елдің естісі де, есері де бізді әбден басынып алған. Былтыр көктемгі жаңбырда құлап қалған мал қораны жаз бойы салып үлгере алмағанымыз да сіздің осы “мейірбан” мінезіңіздің арқасы. Сол “мейірбандығыңыздың? “рақатын” көріп, колхоздың ірі қара малын топ-тобымен әр үйге қыстатып шығу үшін бөліп беріп отырмыз. Ертең сол малдарды қайта жинағанда жартысы жоқ боп шықса, қайтесіз? Жетім балалар мен жесір әйелдерді шырылдатып сотқа береміз бе?

КӘКІМБЕК. Кетті ме?

АРДАҚ. Жоқ.

(Қылтиған бас қайта жасырынады).

 ОРМАНТАЙ. Жоғалмас. Өздеріне қандай міндет жүктеліп отырғанын халық түсінеді ғой…

АРДАҚ. Әй, Ореке-ай. Сіз бейбітшіліктің адамысыз. Бейбітшілік кезінде де поликлиниканың лабораториясында қызмет істейтін адамсыз. Соның өзінде анализ алу бөлімінде ғана.

Ормантайдың қолы дірілдеп, өзін-өзі ұстай алмай кетеді. Ардақ тым қатты кеткенін ұғып, пеш үстінде тұрған шәугімнен су құйып әкеп береді. Ормантай кеседегі суды шашыратып әрең дегенде бір-екі ұрттайды.

ОРМАНТАЙ. Қиындықты көп көрген адам өзгенің жанын түсінгіш келеді (Суды тағы ұрттайды). Уф… Мен қиындықты көп көрдім. Дұрысын айтсам, қиындықтан басқа еш нәрсе көргенім де жоқ. Жер бетінде тек қаталдық қана бар екен деп өстім… Мен… жастайымнан жетім қалдым. Күн ұзақ нәр татпай, кешкілік аш жаттым, таңертең оянғанда ішер асымның жоқ екенін де біліп жаттым. Мені ешкім адам екен деп елеген жоқ. Және, мені адам екен деп ешкімнің елемеуі де заңды сияқты боп көрінетін. Шешем ерте қайтыс бопты… Әкем осы ауылға көшіп келген күні ертесіне сүзектен көз жұмған. Біз үйелмелі-сүйелмелі үш бала едік. Ең үлкені мен — сегізде болатынмын. Өліп бара жатып әкемнің кемсеңдеп үнсіз жылағаны әлі көз алдымда. Сол кездерді ойласам, мен әлі күнге дейін көзіме жас алам. Жас алғанда балалық шағымның қиындығын еске алып емес, жас балалардың қамын ойлап, о дүниеге жаны жылап аттанып бара жатқан әкемнің сол кездегі халіне жаным ашып жылаймын. Өзің ойлап көрші. бөтен ауыл, үйсіз-күйсіз шашылып қалған жас балалар, ертеңі не болары белгісіз бұлыңғыр болашақ, аласапыран заман. Майданға аттанып бара жатқан кезімде менің де артымда ауру әйелім мен төрт балам қалды. Өліп бара жатқан әкемнің жан-дүниесін мен сол сәтте жете түсіндім. Ал, сен болсаң мені қатал емессің деп кінәлайсың. Менің қатал болуға қақым жоқ. (Судан тағы ұрттайды).

АРДАҚ. Кешіріңіз, Ор-еке… Су керек пе? (Ормантай басын шайқайды). Ашу алқымнан алғанда сіздің денсаулығыңыз бен жасыңызды ұмытып кетеміз. Әйтсе де делқұлыға бола қырғиқабақ боп жүргеніміз өкінішті-ақ (Ормантай Ардаққа қарайды). Жарайды, қойдым… (Пешке көмір салады). Сонда да болса айтайын, сіздің демалғаныңыз жөн болар еді. Соғыс контузиясы бар, жастайыңыздан жоқшылық пен бейнетті көп көргенсіз…

ОРМАНТАЙ (жұлып алғандай). Жоқ. Олай деуге қалай дәтің барады? Майдан даласынан “Жеңіс” деген хабар келмейінше жан тыныштығын ойлауға қақым жоқ. Жалғыз мен ғана емес, ешкімнің де. Қырық бес. Алпыс төрт пен Қырық бес (Ардақ оған таңдана қарайды). Сол қырық бестен ешқайсымыздың жанымыз артық емес.

АРДАҚ. Ореке… айтыңызшы, алпыс төрт пен қырық бес деген не? Өткен жолы жынды Демесін де осылай деп шаба жөнелген.

ОРМАНТАЙ. Қалай? Демесін де солай деді ме? Әне, көрдің бе, Ардақ, ол тегін жынды емес… Алпыс төрт дегені — осы ауылдан майданға аттанған ер азаматтардың саны, ал қырық бес — еліне қара қағаз боп оралған боздақтар. Сол тізімнің ішінде сенің де күйеуің бар.

АРДАҚ (шошып кетіп). Қайсы тізімнің ішінде?

ОРМАНТАЙ. Неге шошисың? Жаман хабарын естігеніміз жоқ, әрине, тірілердің ішінде. Аман жүрсе бір хабары келер (Ардақ терезе алдына барып, сыртқа ұзақ қарап тұрады). Не болды саған, Ардақ? (Ол үндемейді). Сен не, жылап тұрсың ба?

АРДАҚ (бетін бұрмаған бойы). Жоқ. Мен неге жылауым керек?.. Жылайтындай не бопты маған? Мына терезе перделердің қап-қара боп кірлеп кеткеніне қарап тұрмын…

ОРМАНТАЙ. Ә, иә, иә. Соғыс басталар жылы ілінген перде еді, содан бері оған қарауға мұрша болды ма?

АРДАҚ (бермен қарап, бойын түзеп). Ал, мен кеттім. Мақта пункттегілердің отындары таусылып қалған шығар (Жасырынғандарға). Жандарың қалды, шыға беріңдер.

Актив мүшелері шығып, орындыққа отырады.

КӘКІМБЕК. Не істейтін болдық?

ОРМАНТАЙ. Нені?

КӘКІМБЕК. Жиналысты? Жалғастырамыз ба?

АРДАҚ (күліп). Жиналыс өз жұмысын аяқтады. Осыны хабарлау үшін сіздерді стол астынан әдейі шақырып отырмыз.

КӘКІМБЕК. Ал, Демесінді қайтеміз?

АРДАҚ. Оны Демесіннің өзінен барып сұраңдар. Ал қазір мақта пунктке отын апару үшін, колхоздың тезекханасына қарай менің соңымнан еріңдер, шагом-марш.

Бәрі кетеді. Жарық  сөнеді.

Баяғы мақта пункті. Әркім сол орнында көсек аршып отыр. Көсек тасу, мақта аршу, аршылған мақтаны қанарға сап, бір бұрышқа жинау, т.б. процестер өзімен-өзі жүріп жатады. Ошақ басында бір әйел пешті үргілеп, көзінің жасын сүртіп қояды.

МӘНСИЯ. Әдірә қалғыр, осы колхоздың тезегі қысы-жазы бір кеппейді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15