КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ОРМАНТАЙ. Ал, айта түс. Не деп кеңес бересіздер сонда?

АРДАҚ. Жолдастар, не істеу керек екенін қысқа ғана айтыңыздар. Сөз сауып отыратын уақыт жоқ. (Ешкім үндемейді). — Осы ауылда бір әйел баласын тастады, бір бала хал үстінде жатыр, бір шал мен бір кемпірді есекке қоржын ғып байлап өлтіре жаздады. Енді бұдан артық не керек? Оның қолында мылтық бар. Қазір кіріп келсе, сіз екеуімізді тұрған жерімізде…

Осы кезде есік айқара ашылып, мылтық  асынған, қолында дорбасы бар Демесін кіріп келеді. Әркім тұрған орнында қатып-қатып қалады.

АРДАҚ. С-саған… не керек, ж-жолдас Деме-сін-ов?

ДЕМЕСІН. Мен Демесінов емеспін, Демесінмін.

АРДАҚ. Иә… Кешіріңіз… жолдас Демесін…

ДЕМЕСІН. Мен саған жолдас емеспін…

АРДАҚ (Ормантайға). Ор-еке-ау, бірдеңе десеңізші, мынаның түрі жаман ғой.

ОРМАНТАЙ (орнынан тұрып, оның қасына келеді. Қолындағы дорбасын ұстайды). Мұның не?

ДЕМЕСІН. Оқ.

ОРМАНТАЙ. Көп қой өзі. Мұның бәрін қайтесің?

ДЕМЕСІН. Атам.

«Атам» дейді деп, жұрт дүрліге түседі.

ОРМАНТАЙ. Кімді?

ДЕМЕСІН. Соғысты.

ОРМАНТАЙ (бас шайқап). Соғысты?

ДЕМЕСІН. Иә, соғысты атам.

ДАУЬІС. Жындымысың деген, соғысты қалай атпақшы?

ДЕМЕСІН (дауыс шыққан жаққа жалт қарайды). Кім, оны айтқан кім? Кім жынды? Мен бе? Мен жынды емеспін. Жынды сендерсіңдер! Иә! Соғыс мені атады, ал мен оны неге ата алмаймын? Атамын! Міне, былай атамын.

Демесін иығынан мылтығын ала бастағанда, бір топ актив столдың астына кіріп кетеді.

ОРМАНТАЙ. Ей, батыр-екесі, болды, болды. Жұрттың зәресін алма. Мылтық ататын жер бұл емес (қолын сілтеп), ана жақта.

ДЕМЕСІН. Иә, ана жақта. Мені соғысқа жібер. Мен соғысқа барам. Мен пәшистердің бәрін қырып салам.

КӘКІМБЕК. Өзі сұранып тұрғанда жібере салайық та… соғысқа…

ДЕМЕСІН. Дұрыс айтады, өзім сұранып тұрмын.

ОРМАНТАЙ. Жоқ, саған баруға болмайды.

ДЕМЕСІН. Неге болмайды?

ОРМАНТАЙ. Сол, болмайды.

ДЕМЕСІН (оған төніп). Неге болмайды деймін?

Ормантай ойланып калады.

ОРМАНТАЙ. Бармайсың… Сен… мұнда керексің.

ДЕМЕСІН (түсінбей). Қ-қалай?

ОРМАНТАЙ. Солай. Сен біздің тыныштығымызды күзетесің.

ДЕМЕСІН (жүзіне шырай кіріп); Мен… мен керекпін бе?

ОРМАНТАЙ. Иә, керексің. Ауылға фашистер мен ұры-қарыларды жібермеуді саған тапсырамыз.

Демесін оны құшақтап сүйіп алады да, есіктен атыла шығады. Столдың астындағы жұрт жарық дүниеге шығып, демдерін терең алып тұрғанда, Демесін қайта кіреді. Жұрт қайта жасырынады.

ОРМАНТАЙ. Иә, тағы не дейсің?

ДЕМЕСІН. Маған ат бер. Ат керек!

ОРМАНТАЙ. Сенің атың бар еді ғой.

ДЕМЕСІН. Ол аз. Бір ат тез шаршайды.

ОРМАНТАЙ. Япыр-ай, ә… Ат жағы тапшы боп тұрғаны…

ДЕМЕСІН. Маған ат керек (Даусын көтеріп). Маған ат керек деймін. Мен тыныштық күзетшісімін.

ОРМАНТАЙ. Ақырма, батыр (Ойланып). Жарайды, бір ат табармыз.

АРДАҚ (шыдай алмай). Қайдан табамыз? Кеше ғана екі атты ұрылар алып кетті.

Демесін оған оқты көзбен ата қарайды.

ОРМАНТАЙ (Демесінге). Менің атымды ал (Демесін оған әрі разы больт, әрі таңданып тұрып қалады). Солай, есік алдында ерттеулі тұр. Мін де жүре бер.

АРДАҚ. Түсінсем бұйырмасын… Ал өзіңіз ше? Жаяу жүресіз бе?

ОРМАНТАЙ. Мен… жаяу жүре тұрармын.

ДЕМЕСІН. Рақмет, рақмет саған (Оны тағы сүйеді).

ОРМАНТАЙ (Демесіннің қатты қысқанына шыдай алмай). Болды, болды. Осы жақсы көргеніңе де ризамын. Атты ал да, ертерек жөніңе кетші.

Демесін оны босатып, есікке беттей береді де, қайта бұрылады.

ДЕМЕСІН. Сонан соң шана.

(Ормантай салы суға кетіп, тұрып қалады) Пәшистерді ату үшін оқ-дәрі салып жүретін шана керек, шана. Аттың шөбін де шанаға сап жүрмесе болмайды. Оның қарны ашады (Ардақ ашу-ызадан қалшылдап, кеңсе ішінде әрлі-берлі жүр. Ормантай “шана, шана” деп күбірлеп ойланып қалған). Немене, шана жоқ па?

ОРМАНТАЙ. Жоқ бір де бір шана жоқ.

Демесіннің салы суға кетіп, бұрылып жүре береді.

ОРМАНТАЙ. Бар… Бар шана. Біздің үйдің алдында тұрған менің бір кісілік шанамды ал. Саған ол лайық шығар (Демесін оны құшақтағалы бері қозғала бергенде, Ормантай шетке ытырылады). Болды, болды. Құшақтамадың деп саған ренжімеспін. Сен жақсы көргеннен кейін адам көк ала қойдай боп қалады екен. Бара ғой.

ДЕМЕСІН. Жарайсың, бастық, жарайсың. Мен пәшистердің бірін қалдырмай қырамын, бірін де. Бұл ауылға бір де бір пәшист келмейтін болады. Міне, былай жайратып саламын. Тра-та-та-та-та…

ОРМАНТАЙ. Иә, иә. Солай, жайрат бәрін де.

Демесін кетеді.

АРДАҚ. Ойбай-ау, тонап кетті ғой, тонап. Тапа-тал түсте. Өзіміз адамды – ат, шапанды – шана жасап отырсақ, сіз оған бір ат пен бір шана бердіңіз де жібердіңіз. Керек болса бұл шаруашылыққа жасаған қастандық. Диверсия. Ауданнан келе жатқан өкілге мен солай деп түсіндірем.

ОРМАНТАЙ. Ай, ай, Ардақ-ай. Қалай деп түсіндірсең солай деп түсіндір, ол да адам шығар, мен де өз аузымнан айтармын. Көп болса шаруашылыққа бір ат, бір шана жетпес. Одан ауыл тірлігі ойсырамайды, бір амалы табылар. Оның сен ойлағаннан мәні тереңірек.

АРДАҚ. Бұл жерден қандай терең мән көріп тұрғаныңызды түсінсем бұйырмасын. Жындыға ат бер, шана бер, қос ауыз мылтық, қолына бір дорба оқ бер. Ойбай, Ореке-ау, мұнда қандай терең мән жатыр? Енді оған барып. “Кешіріңіз, жолдас жынды, айып болмаса бізді жайратып атып тастаңыз”, — деп айтуымыз ғана қалды ғой.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15