КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ОРМАНТАЙ. Тоқтатыңдар! Шал мен шал төбелесті деген не сұмдық? ұрт шуылы басылып, екі шал тынышталады). — Ай, ақсақалдар-ай. Ана жақта ер азаматтар қан төгіп жатыр. Біз мұнда бір-біріміздің жағамыздан алып жатырмыз. Қане, тараңдар. Жұмыстарыңа кетіңдер. Демесін әзір ешқайда да бармайды.

Жұрт тарайды. Ормантай мен Ардақ қалады.

АРДАҚ. Айтпады демеңіз, егер Демесіннің қолынан біреу-міреу мерт болып жүрсе, жауабын сіз бересіз.

Шығып кетеді.

ОРМАНТАЙ (өзіне-өзі). Берсек берерміз… (Осы кезде жақын маңдағы бір үйден “бауырымдап” жылаған дауыс естіледі). — Иә… тағы бір азаматтан айрылдық… Япыр-ау, мына дауыс қай үйден шығып жатыр? Жаңа ғана Демесін соққыға жыққан Мүтәннің үйі ғой.

Сахна айналады. Хадишаның үйі. Әйелдердің қоршауында ол жылап отыр. Мүтән әлі ыңырсып жатыр. Ардақ кіреді. Хадишамен көріседі.

ХАДИША. Арысымнан айрылдым, қанатымнан қайрылдым. Әкесіз қалдың, Мүтәнжан!

АРДАҚ. Қой болды, Хадиша. Зарлай берме. Зарлағанмен ештеңе қайтып орнына келмейді. Бұл қайғы жалғыз сенің ғана басыңа түсіп отырған жоқ. Бұл ауылда жоқтау үні шықпаған бір үй қалмаған шығар. Қой, енді Мүтәнға өзің әке, өзің шеше боласың. Берік бол.

ХАДИША. Қай жерде қалды екенсің, байғұсым. Қансырағанда қасыңда жанашырың болды ма екен? Әлде жалғыз жатып жан тапсырдың ба?

ЗЕЙНЕП. Болды, болды, Хадиша. Жұрттың сай-сүйегін сырқыратпашы.

Шарбақ  сыртына Демесін кеп тоқтайды. Иығында мылтығы. Оны көріп әйелдер жым болады. Мүтәннің ғана ыңырсығаны естіледі. Демесін ұзақ тұрады. Әлден соң оған Зейнеп жақындайды.

ЗЕЙНЕП (батылсыз). Үйге кірмей неге состиып тұрсыз? (Демесін жауап катпайды). Жұрт сізден қорқып отыр. Үйге кірсеңізші.

ДЕМЕСІН. Сендер менен неге қорқасыңдар?

ЗЕЙНЕП. Білмейм…

ДЕМЕСІН. Ал сен неге қорқасың?

ЗЕЙНЕП. Қайдам… Жұрттың бәрі қорқады, содан кейін мен қорқам…

ДЕМЕСІН. Неге жылап жатсыңдар?

ЗЕЙНЕП. Хадишаның күйеуінен қара қағаз келді.

ДЕМЕСІН. Мүтән ше? Мүтән де жылап жатыр ма?

ЗЕЙНЕП. Ім… ол кім еді?

ДЕМЕСІН. Сен оны неге білмейсің?

ЗЕЙНЕП. Иә, иә. Білем, білем… Хадишаның баласы ғой. Ол байғұстың жылауға да шамасы жоқ.

ДЕМЕСІН. Алпыс төрт. Қырық бес. Алпыс төрт. Қырық бес. Пәшистер. Пәшистер. (Ол мылтығын жұлып алып, аспанға бір атады. Әйел қорыққанынан басын көлегейлеп жата кетеді). — Алпыс төрт. Қырық бес. Оңбаған пәшистер. Көрсетемін, көрсетемін сендерге.

Демесін бұрылып алып жүгіре жөнеледі.

Әйел басын көтеріп. «Алпыс төрт, қырық бес», — деп күбірлейді.

Іштен Ардақ шығады.

АРДАҚ. Амансың ба, әйтеуір?

ЗЕЙНЕП. Жындымысың деген. “Алпыс төрт, қырық бес” дегені несі?

АРДАҚ. Өйтпесе ол жынды бола ма? Аузына не келді, соны айтты. Күйеуіңнен хат бар ма?

ЗЕЙНЕП. Жоқ… Үш айдан асты, әлі жоқ… (Бетін басып жылайды).

АРДАҚ. Қой, қамықпа. Бір себеппен хат жаза алмай жатқан шығар, көп ұзамай бір хабар алып қаларсың.

Ормантай кіреді. Ол бұларға қарамай, Хадишамен көріседі де, қайта келеді.

ОРМАНТАЙ. Маслпромға сүт жөнелтетін кез боп қалды.

Хадишаны бүгін қозғамай-ақ қояйық. Зейнеп, сен жинала ғой. Үйіңе барып, қалың киін де аттан. Жас балаңды біздің үйге апарып таста. Қайтеміз, жағдай солай. Азаматтар аман оралған соң жақсылап демаласыңдар.

Зейнеп үнсіз келісіп, жинала бастайды. Орамалын тартьт күпәйкесінің белін буады. Хадишаға жақындайды.

ЗЕЙНЕП. Жылама, Хадиша, қой енді. Сабыр ет (Өзі де көзінің жасын сүртіп шыға береді).

ХАДИША. Күн батып кетсе сонда қона сал. Түнгі аяз жаман. Тоқта. Мә, мынаны киіп ал.

Ол аяғындағы байпағын шешіп береді. Зейнеп әуелі оған, сонан соң Ормантайға таңдана қарайды. Ормантай “ал” дегендей ым қағады. Зейнеп байпақты киіп, етігін Хадишаға тастайды да, шығып кетеді.

Мақта пункті. Пункттің төргі түкпірінде үйілген мақта, бір жақ шетінде — көсек — әлі ашылып үлгермей, қар астында қалып койған қоза қауашағы. Пункт ішінде адамдар көп. Негізінен әйелдер, балалар, шалдар. Олар алдарына көсектерді үйіп-үйіп алып, көсек ішіндегі мақталарды бір бөлек алып, қауашағын бір жаққа тастап жүр. Балалар мен шалдар жағы көсек аршып отырған әйелдерге қаппен көсек тасып, аршылған мақталарды алып кетіп жатыр.

Жадау көрініс, жарымжан көңілдер. Оларды басқарып Ардақ жүр. Сырттан ұлыған боран үні естіледі.

ХАДИША (қымтанып). Мына боран аш қасқырдай ұлып тұрып алды ғой. Басылатын күні болар ма екен, сірә?

МӘНСИЯ. Япырмай десеңші, соғыс басталмай тұрған кезде қыс та қоңыржай болушы еді. Қардың қалай түсіп, көктемнің қалай шыққанын байқамай қалатын едік. Ел шыдамын сынағысы келгендей соғыспен қабаттасып қыс та ерте түсіп, кеш шығатын боп алды.

ХАДИША. Соны айтсаңызшы. Баяғыда қар астында мақта қалмайтын сияқты емес пе еді? Қыс ішінде көсек аршу да соғыспен қатар басталды ғой.

МӘНСИЯ. Е-е, бәлкім, азаматтар бар кезде қиындық деген

байқалмайтын да шығар. Қалай, балаң тәуір болайын деді ме?

ХАДИША. Әлі сол қалпы. “Демесін келе жатыр. Қашыңдар”, — деп түнімен сандырақтап шықты. Әкесінің өлгенін де естіген жоқ, еститіндей есін де жия алмай жатыр ғой.

МӘНСИЯ. Бүкіл ауылдың зәресін алмай, осы бір жындысүрей неменің көзін құрту керек еді. Ормантай басқарма да тырысып көнбей жүр дейді ғой. Туысы ма, немене өзі?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15