КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ХАДИША. Ормантай қайнаға-ау, неғып состиып тұрсыздар?! Тоқтатсаңдаршы ана дүлейді. Бірдеңе десеңдерші!

ОРМАНТАЙ. Демесін! Демесін, тоқта. Ақылың бар ғой сенің, тоқта! Баланың жүрегін жарасың.

Демесін тоқтамайды. Бала әлі қашып жүр. Бір кезде бала әлсіреп құлайды.

ДЕМЕСІН. Ең соңғы пәшист құлады. Жауынгерлер алға. Алға-а-а-а!..

ОРМАНТАЙ. Демесін, тоқта деймін. (Мылтығын кезенеді). Тоқта, әйтпесе, атып саламын.

Демесін жүгіріп кеп, оның мылтығын тартып алады. Әйелдер жағы шу етіп, жұрт сабыры қашқан кезде Ардақ Сталиннің портретін көтеріп, Демесіннің қарсы алдына тұра қалады.

АРДАҚ. Сталиннің атымен бұйырамын! Тоқта!

Демесін Сталиннің суретінен көз алмай тұрып қалады. Сәлден соң қолын маңдайына апарып, оған жақындай береді. Портрет алдына кеп тоқтап, рапорт береді.

ДЕМЕСІН. Ең соңғы пәшист жығылды, жолдас маршал.

АРДАҚ. Қайдағы фашист. Сен баланы соққыға жықтың. Сен бұл қылығың үшін жауап бересің.

ДЕМЕСІН. Жаудың өлгеніне жауап бермеймін. Ешкім де жауап бермейді. Ешкім де.

ХАДИША. Ойбай-ау, сен не деп тұрсың. Ол менің балам ғой, ол — Мүтән.

ДЕМЕСІН. Мүтән? Кәдімгі сенің балаң Мүтән бе?

ХАДИША. Иә-иә, менің балам.

ОРМАНТАЙ. Демесін. Болды енді, жи есіңді. Бұл жерде жау жоқ, бәрі өз бауырларың.

Демесін оларға ұзақ қарап тұрады. Өзін қоршаған адамдарды енді танығандай басын ұстап, жерге отыра кетеді. Ормантай жайлап жақындап, мылтықтың бауынан тартады. Ол селт ете түседі.

ОРМАНТАЙ. Батыр, мылтығымды өзіме бер.

ДЕМЕСІН (орнынан тұрып). Жоқ. Ол маған керек. Мен пәшистерді атамын.

Демесін тез-тез басып шығып кетеді. Бәрі терең бір күрсінеді.

ОРМАНТАЙ (Ардаққа күліп). Япырмай, сен оның тілін қалай таптың? Сен болмағанда ол біразымызды жайрататын да салатын еді.

АРДАҚ. Жан қысылғанда жасаған еске түседі дегендей… Балалардың жаны шырылдап бара жатқаннан кейін табылған айла-дағы. Ау, халайық, осынша қауым боп отырып, бір жындыға шамамыз келмей ме? Талай жылдан бері зәремізді алып бітті ғой әбден. Түн болса далаға шығудан қорқамыз, балаларымыз бауырын жазып ойнаудан қалды. Соғыс ауыртпалығы иығымыздан бір басса, мына Демесін деген дүлей екі басып, еңсемізді түсіріп жіберді ғой.

ОРМАНТАЙ. Сонымен не демексіз?

АРДАҚ. Осында барлық актив жиналып қалған екенбіз. Соны бәріміз ақылдассақ деген ойым бар.

ОРМАНТАЙ. Ал, айтыңыздар? Не істейміз?

ӘКІМБЕК. Соғысқа жіберу керек.

КӘКІМБЕК. Иә, майданға жынды керек боп жатыр еді, қатты.

КЕМПІР. Арамызға бір жынды сыймай қалып па, жүре берсін. Жиырма жылдан бері үйренетін кездерің болған жоқ па?

АРДАҚ. Менде мынадай ұсыныс бар. Ауданмен келісіп, жындыханаға жіберу керек.

КОЛХОЗШЫЛАР. Жындыханаға?

КӘКІМБЕК. Сол дұрыс.

ШӘМСИЯ. Жындыханасы несі? Обал емес пе?

МӘНСИЯ. Дұрыс. Барсын жындыханаға. Өлетін болдық қой зәреміз кетіп.

ОРМАНТАЙ. Жындыхана дейсіңдер, ә? Айтқандарың орынды. Елдің зәресін алып, апшысын қуырған есалаң адамның орны, әрине, бұл жер емес. Оны бөлек ұстау керек.

Бірақ, мен оны қимаймын. Оның әке-шешесін жиырмасыншы жылдары ақтар атып кетті. Баланың көзінше  атты. Ол кезде бұл бес-алты жасар еді. Өлер алдында әкесі бұл баланы аманат етіп маған тапсырған болатын. Енді оны қалай көзім қиып жындыханаға жібермекпін. (Орамалын алып көзін сүртеді). Оның үстіне… ол анда-санда бір еліргені болмаса, ешкімге зияны жоқ, өзімен-өзі жүрген байғұс емес пе?

Жұрт үнсіз.

АРДАҚ. Иә, айтқандарыңыз орынды-ақ. Бірақ ауылдағы балалар майдандағы әкелерінің қазасын естіп бір қайғырса, Демесінмен кездесіп қалудан тағы қорқып, жүректері ойналмалы боп бітті… Тіпті, ересек мына біздер де емін-еркін жүре алмаймыз.

МӘНСИЯ. Ұят та болса, айтайын, қажетті шаруамен далаға шығудан қалдық (Біреулер езу тартса, біреулер мырс-мырс күледі).

КӘКІМБЕК. Әй, Мәнсия, жатар орынға суды аз ішу керек.

ШӘМСИЯ. Әбден дұрыс. Сонда бүкіл ауыл боп бетіне қарап отырған жалғыз құдықтың да суы үнемделген болар еді.

КӘКІМБЕК. Біреуді жындыханаға жабудан гөрі ол да табылған ақыл.

АРДАҚ. Тоқтатыңдар, дырду сөзді. Немене, Демесінді жындыханаға жіберейік дегенде мен бір жетіскендіктен айтып тұр дейсіңдер ме? Сендер мейірбансыңдар да, қара жүрек мен ғана екем ғой? Жалғыз мен үшін ештеңенің керегі жоқ. Мен сендердің қамдарыңды ойлап тұрмын. Балалардың үрейін ұшырмасын деймін. Ауылға қонақ келуді қойды, ағайын-туыстар ат ізін салудан қорқып араласудан қалды. Күзді күні анау тұрған ақсақал мен кемпірін есекке қоржын ғып байлап, ауыл сыртына айдап жіберген жерінен балалар тауып әкелмеп пе еді?

ДАУЫСТАР. Иә, иә. Ардақ дұрыс айтады.

КӘКІМБЕК пен КЕМПІРІ. Сөйткен ол, сөйткен. Ол бізге жақсылық әкелмейді. Балалар тауып алмағанда өліп те қалатын ба едік, қайтер едік. Енді оның қолына мылтық түсті. Жыны келген күні бүкіл ауылды тып-типыл ғып қырып салатын шығар.

КӘКІМБЕК. Қырмайды. Есекке қоржын ғып байлап жіберсе, өздерінде де бір бәле бар. Бидай ұрламақ боп барғанда ұсталған көрінесіңдер ғой.

КӘКІМБЕК. Немене, сен көріп тұрып па едің?

КӘКІМБЕК. Көрмесек те сеземіз.

КӘКІМБЕК. Сен маған жала жаптың ғой, ә? Жала жаптың ғой. Ой, пәдеріңе нәлет.

Екеуі жағаласып қалады. Жұрт у-шу боп кетеді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15