КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ДЕМЕСІН. Бір, екі, үш, төрт… он… он төрт… он сегіз… жиырма… жиырма төрт… отыз үш… отыз тоғыз… қырық екі… қырық бес… қырық сегіз… елу төрт… елу тоғыз… алпыс бес… жетпіс екі… жетпіс сегіз… сексен бес… тоқсан алты… жүз он бес… жүз жиырма… Жүз жиырма оқ. Жүз жиырма… Дорбадағы оқ — он жеті мың жеті жүз… Мұнда жүз жиырма. Он жеті мың жеті жүз және жүз жиырма (Саусағын басып санауға кіріседі). Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы қосқанда… он сегіз мың… Жо-жоқ… жеті жүзге жиырма… (Ол бұл сандарды бір-біріне қоса алмай көп әуреге түседі).

Жарайды, ертең біреуге қостырып алармын (Дорбадағы оқтарды алақанына салып, қуана күледі). Пәшист біткен көп болса он мың, әрі кетсе он бес мың шығар. Ал, менде он жеті мың оқ бар, он жеті мың. Бәрін жайратып салуға жетеді, тіпті артылып қалғалы тұр. Ал, қалғанын не істеймін? Оны құр бекер аспанға атуға болмайды ғой. Ә-ә, таптым, таптым. Мен оны сақтап қоямын. Пәшистерді қырып болған соң, оларға дорбамды көтеріп айғай салам, “Ей, оңбаған пәшистер, мына дорбаны көрдіңдер ме? Мынаның ішінде сендер тамсанып соратын кәмпит жатқан жоқ, мұның ішінде сендердің жандарыңды жәннатқа жіберетін оқ жатыр. Енді бастарыңды көтеретін болсаңдар, жақсылық күтпеңдер, біріңді қалдырмастан жайратып саламын”, — деп ішіндегі оқты салдырлатсам, бәлем, өздері де кірген інінен қайтып шықпайтын шығар. Күн батып барады екен, жиналайын. Он жеті мың жеті жүз, оған қосу керек жүз жиырма…

*    *   *

Ол бір-екі аттап сыртқа шыққан болады. Осы кезде қолдарында қапшықтары бар екі әйел өтіп бара жатады. Демесін оларды көріп, алдарынан жүгіріп шығады. Екі әйелдің екеуі де шыңғырып жіберіп, отындарын тастай қашады.

ДЕМЕСІН. Ей, тоқта. Тоқта. Мен сендерге тимеймін. Тоқта.

Демесін оларды қуып жетіп алады. Екі әйелдің екеуі де қолға түскен көжектей бір-біріне тығылып, дір-дір етеді. Демесін кеп біреуінің қолынан ұстайды.

МӘНСИЯ. Ойбай, жолама.

ДЕМЕСІН. Қайда барасыңдар?

ШӘМСИЯ. Отын… отын іздеп барамыз. Пунктке жағуға…

ДЕМЕСІН. Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы қосқанда қанша болады?

МӘНСИЯ. Білмейм…

ДЕМЕСІН. Неге білмейсің? Айт қазір. Қанша болады?

МӘНСИЯ. Садағаң кетейін, білмеймін.

ДЕМЕСІН. Білесің. Ойлан…

МӘНСИЯ. Ойлана алмаймын (Қасындағы әйелге). Мынаның өлтіретін түрі бар ғой, сен бірдеңе десеңші.

ШӘМСИЯ. Ол не деп тұр?

МӘНСИЯ. Бірдеңені бірдеңеге қос дейді?

ШӘМСИЯ. Қаншаны қаншаға қосу керек екен?

МӘНСИЯ. Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы.

ШӘМСИЯ. Ертең… қосып келейік.

ДЕМЕСІН. Жарайды. Ертең айтасыңдар (Демесін оларды босатады). Бара беріңдер. Жоқ, тұра тұрыңдар, қазір келем.

Екі әйел сілейіп тұрып қалады. Демесін олардың қабын алып ұзай береді.

ШӘМСИЯ. Әй, сонша неге қорықтық, ә? Осы байғұстан жұрт бекер қорқып жүр-ау деймін. Бізді оп-оңай босата салды ғой.

МӘНСИЯ. Уи. Құрыған жеріміз осы екен деп ем.

ШӘМСИЯ. Қаншаны қаншаға қосу дейді. Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы ма? Ой, астапыралла, адам қорыққанда өз атын да ұмытып қалады деген осы екен-ау. Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы қосқанда он жеті мың сегіз жүз жиырма болмай ма?

МӘНСИЯ. Япыр-ай, ә, оп-оңай-ақ екен-ау.

Демесін бір қап отынды әкеп тастап, екінші қапты алып жүре береді.

ШӘМСИЯ (Демесіннің соңынан айғайлап). Әй, әй-у, тоқта.

ДЕМЕСІН (алыстан айғайлап). Немене, қостыңдар ма?

ШӘМСИЯ. Қостық.

ДЕМЕСІН. Қанша болады?

МӘНСИЯ. Он жеті мың сегіз жүз жиырма-а. (Демесін екі қапқа отын салып, оларға алып келеді).

ДЕМЕСІН. Міне, екі қап жарылған ағаш. Арқалап кетіңдер (Пауза). Әлгіні кім қосты?

ШӘМСИЯ. Мен… мен қостым.

Демесін оны шыңғыртып сүйіп алады. Бір бәле болды екен деп Мәнсия шарық ұрып көмек сұрайды. Бірақ екеуінің сүйісі ұзақка созылғанын, Демесінді Шәмсия босатпай тұрғанын көріп, таң-тамаша боп тұрып қалады. Шәмсия босатқан соң Демесін екінші қапты алып жүгіріп шығып кетеді.

ДЕМЕСІН. Жарайсың. Ал, енді кете беріңдер.

Әйелдер отындарын арқалай бастайды.

МӘНСИЯ. Өткен жолы Демесін туралы айтқанымда маңайлатпай қойып едің, ақыры сүйісіп тындыңдар ғой, ә?

ШӘМСИЯ (бетін сипап, күлімсіреп). Әй, мынаның сүйген жері күйдіріп барады-ей, тегі.

МӘНСИЯ. Онда шақырып беріп, оңаша тастап кетейін.

ШӘМСИЯ. Ойбай, беті аулақ… (Тұра беріп). Айтпақшы, оған әлгі сандарды қосу неге керек болды екен?

МӘНСИЯ. Білсем, құдай ұрсын. Сұрап көрейікші, а?

ШӘМСИЯ. Сен сұрашы.

МӘНСИЯ. Мені емес, сені сүйді ғой. Өзің сұра.

ШӘМСИЯ (сәл мүдіріп). Әй, Демесін. Әлгі сандардың саған… сізге керегі не?

ДЕМЕСІН (жалт қарап). Онда шаруаларың болмасын. Құпияны білгілерің келеді ғой, ә? Жоғалыңдар тез.

Екі әйел алды-арттарына қарамай, тайып тұрады. Демесін олардың соңынан қарап қарқылдай күледі.

ДЕМЕСІН. Қараңғы боп қапты ғой, жұмысқа кірісу керек. Он бір мың, он екі мың. Ауылдан кеткен алпыс төрт адам оларды атып бітіре алмай жатыр ғой. Тағы, тағы оқ жасау керек.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15