КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ХАДИША. Ұстаңдар, ұстаңдар еңбеккүннен. Күйеуіміз соғыста өлсін, Демесін баламыздың қолын сындырсын, өзіміз ақыреттей мақта пунктте қыс бойы жұмыс істеп ауру табайық (даусын көтеріп), шиеттей бала-шаға аш-жалаңаш жүрсін, колхоздың малын тағы бағып берейік. Сендерден қорыққанымыздан баламызға қарамай, малға қарайтын болдық. Енді кеп, көтерем сиырларың өлсе құнын еңбеккүннен төлеп, өзіміз аштан өлейік. Сол ма мақсаттарың? Елді қинай бергеннен не түседі, өңкей қатыгездер?

АРДАҚ (ызаланып). Келесі? Келесі кім деймін?

ХАДИША. Ардақ-ау, айтсаңшы, басқа не амал бар?

АРДАҚ. Басқа амал жоқ, төлейсің. Бар.

ХАДИША (жылап). Қаражүрек… Тасбауыр. Төрт құбыласы түгел, басқа адамның қайғысын қайтсін? (Кетеді).

АРДАҚ (Дәмешке). Жаз. Бір мал жетпейді де. Келесі.

Перизат кіреді. Ардақ мүдіріп қалады. Оған ұзақ қарайды да, теріс қарап көзін сүртеді.

АРДАҚ (теріс қарап тұрған бойы). Сендерде қанша еді?..

ПЕРИЗАТ. Үшеу.

АРДАҚ. Өздеріңде мал бар ма?

ПЕРИЗАТ. Бар.

АРДАҚ Қанша?

ПЕРИЗАТ. Бір ешкі, екі тауық…

АРДАҚ. Бір сиыр… Сендерде… Жарайды, бір ешкі, екі тауық екеуіңе жетер.

ПЕРИЗАТ. Әрине… Ардақ апай, сіз неге теріс қарап тұрсыз?

АРДАҚ. Саған… ренжіп тұрмын.

ПЕРИЗАТ. Неге?

АРДАҚ (бері қарайды). Сен… сегізінші кластың оқушысысың. Бойжеткен қызсың… Азаматсың. Сөйте тұра сен әлі күнге анаңның моласына қарай жүгіретін көрінесің (Даусын көтеріп). Біле білсең, ол – комсомолға жат қылық. Сенің артыңда өсіп келе жатқан інің бар, егер сен болмасаң, ол кімге арқа сүйемекші? Осыны ойладың ба?

ПЕРИЗАТ (жыламсырап). Жоқ…

АРДАҚ. Ойламағаның қате болған. Сенің інің — болашақтың адамы. Сенің оны жалғыз тастауға қақың жоқ, білдің бе?

ПЕРИЗАТ. Иә…

АРДАҚ. Білсең бопты. Ал, енді үйіңе бар, болашақтың азаматына жақсылап қара. Жарай ма?

ПЕРИЗАТ. Жарайды… Айтпақшы… көкемнен хат келген жоқ па?

АРДАҚ (сәл ғана абдырап). Жоқ… Әзірге болмай тұр… (Перизат кетеді. Ардақ орамалын алып, көзін сүртеді. Сонан соң бойын түзеп, есік жаққа қайта айғайлайды). Келесі кім? Келесі кім деймін? Тез. Тез. Кеуделеріңде жандарың барма, болсаңдаршы.

ДАУЫСТАР. Мына қатын бізді қуырып жей ме, қайтеді-ей?

— Өзінің күйеуі аман, баласы тоқ, жұрттың қайғысын қайтсін?

— Оның үстіне ізін суытпай ауданнан өкіл кеп тұрады… Ардақ аз-кем үнсіз, ойланып тұрып қалады.

АРДАҚ. Кім оны айтқан? ұрт үндемейді). Әлгі сөзді айтқан қайсың? Үндемейсіңдер. Қорқасыңдар, ә? Мен сендердің бастарыңды алмаймын. Түсіне білсеңдер… мен өз баламнан гөрі сендерді көбірек ойлаймын…

ДАУЬІС (кекесінмен). Иә, жүдә, қатты ойлап жүрген шығарсың. Ой, оңбаған қаныпезер!

Әйелдер Ардақты жығып салып жұлқылай бастайды. Ормантай келіп Ардақты сүйемелдеп тұрғызады. Жұрт жым-жырт. Ардақ ортаға келеді.

АРДАҚ (жалт қарап). Аяғының астынан әрідегіні көрмейтін байғұстар. Мен сендердің көздеріңе құбыжық боп көрініп жүр екенмін ғой. Сендердің ойларыңша, жер бетінде менен асқан қара жүрек, тасбауыр әйел жоқ, солай ма? Солай ғой. Әрине, солай… “Ізін суытпай өкіл кеп тұрады”, — дейсіңдер. Сол өкілді өкпелетіп жібергенімді өткен жолы көздерің көріп еді ғой, неге күңкіл сөзге құмар боласыңдар? Егер күйеуге тиіп, ер қызығын көргім келсе, баяғыда-ақ басқа күйеуге шығып кетпес пе едім? (Дірілдеп). Бірақ… бірақ… бір өкіл емес, он өкіл келсе де мен… мен оларды күйеуімнің тырнағына теңгермеймін. Мен оның аруағын қорламаймын, артында қалған жалғыз баласын жат біреуге жаутаңдатпаймын. Ол — менің аналық борышым. Сол борышымды өтеп барып, өз жарымның аруағының алдында адал боп көз жұмам.

ДАУЬІСТАР. Мынау не деп кетті-ей?

— Аруағы несі-ей айтып тұрған? Есі дұрыс па?

АРДАҚ. Иә, есім дұрыс (Көзінің жасын жасыра алмай).

Міне, көріңдер (Ол сумкасынан тілдей қағаз алып көпшілікке қарай лақтырып жібереді. Қағаз қалықтап барып жерге қонғанда, Дәмеш барып оны көтеріп алады да, сасқалақтап тұрып қалады). Оқы. Дауыстап оқы.

ПЕРИЗАТ (оқиды). “Құрметті Ардақ Лепесовна. Сіздің жарыңыз, гвардия лейтенанты Лепесов Асқар, 1943 жылдың 14 июлі күні Сталинград түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапты…” (Перизаттың қолы дірілдеп, қағаз жерге түсіп кетеді. Ол Ардақты құшақтап жылайды).

ДАУЫСТАР. Япыр-ай, күйеуінің қазасын осы уақытқа шейін жасырып келген қандай дәті берік әйел еді.

— Байғұстың барлық қайғысы ішінде жатыр екен ғой.

ХАДИША (жылап). Ашу үстінде тілім тиіп кетіпті, Ардақ. Ашынған адам не айтпайды, кешір.

АРДАҚ. Менің қайғым сендердің қайғыларыңнан артық емес (Хадишаға). Сенің күйеуіңнің қаза болғанын естіген күні де жұмыс істегенбіз. Ал, мал тапсыруды жалғастыра беріңдер. Келесі кім? (Пауза). Келесі кім деймін?

Жарық сөнеді. 

                                            * * *

Демесіннің үйі. Үй іші жұпыны да қара көлеңке. Бір бұрышта аласа ағаш төсек, тозығы жеткен, аса қажетті ыдыс-аяқтар ғана көрінеді. Кіре беріс бұрышта пеш жанып тұр. Демесін оқ жасап жатыр. Пеш үстіндегі қалайы кружкадағы еріген қорғасынды ол алдын ала дайындап қойған балшық қалыптың жіңішке тесіктеріне құяды да, аздан соң сындырып, ішінен жылтыраған қорғасындарды алады. Оны тақтайға қойып, балғамен ұрып, пышақпен кесе бастайды. Кесілген қорғасындарды табаға салып, екінші табамен оны айналдыруға, яғни оқты домалақтауға кіріседі. Домалақтанған оқты пеш түбінде тұрған дорбаға салмақ боп, оның аузын ашады. Салмас бұрын күбірлеп оқты санайды, оның даусы бірде естіліп, бірде естілмейді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15