КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

АРДАҚ. Сәлеметсіз бе? (Ол тыңдамайды). Сәлеметсіз бе деймін?

ДЕМЕСІН (енді естіп). А. Бұ кім?

АРДАҚ. Менмін ғой.

ДЕМЕСІН. Анау атты қайда алып бара жатсың?

АРДАҚ. А? Атты? Қайдасы қалай? Өзім мініп келдім. Ат өзімдікі… колхоздікі дегенім ғой…

ДЕМЕСІН. Ә-ә, тапқан екенсің ақымақты. Ұрының бәрі мал өзімдікі дейді. Басқа сыбайластарың қайда? Қайда деймін? Ат сенікі емес. Мен оны байлап қоям.

Демесін шылбырын жинап, атты байлап келеді.

АРДАҚ. Жолдас… мұныңыз не? Мен соғысқа кеткен қызыл әскердің әйелімін. Мені жәбірлегеніңіз үшін жауап бересіз… (Демесін шанасына отырып, жүруге ыңғайлана бастайды). Жолдас… Демесін… Қайнаға-ау, енді мен не істемекпін?

ДЕМЕСІН. Артыңнан адам іздеп келгенше тұрасың? Іздеп келмесе, таң атқанша қимылдамайсың? Қимылдасаң бітті — атам да салам.

АРДАҚ. Құдай-ай. Қайдан ғана келе қалып едім. Ажал айдады ма, азап айдады ма? Ертең өзі-ақ келіп алатын кітапша еді. Тіпті, алмаса да осының көңілі жаздағыдай емес пе? Енді ол қайтып келгенше қай заман? (Ол тоңып, аяғын қағыстырып, бір орында секектей бастайды). Әй, ол мына ауылды бір айналып келгенше қай заман? Атқа отырып тайып тұрсам, мені қайдан таппақ? Бірақ… ертең, үйде жатқан жерімде мылтығын кезеп. “Тұр орныңнан, шық далаға. Кеше неге қашып кеттің?” — деп түн жарымында жетіп келсе қайтпекпін. Жо-оқ, беті аулақ. Не болса да шыдайын.

Ол қолын үрлеп,қайта секіре бастайды. Демесін оның бетіне үңіліп қарайды.

ДЕМЕСІН. Сен қазақша сөйлеп тұрған пәшиссің. Қане, сіріңке жағып, бетіңді көрсет.

Ардақ қол фонарын жағып, өз бетіне жақындатады.

— Иә, көргем. Кеше ме, бүгін бе?

АРДАҚ. Бүгін. Жарты сағат бұрын.

ДЕМЕСІН. Жоқ. Үш күн бұрын, ұрыларды ұстағанда.

АРДАҚ. Иә, солай-ақ болсыншы. Үш күн бұрын.

ДЕМЕСІН. Дұрыс үш күн бұрын көргем. Атың қайда?

АРДАҚ (қолын сілтеп). Ана жақта. Өзің байлап қойғансың.

ДЕМЕСІН. Сен пәшист те, ұры да емессің. Жүре бер. Ардақ екі-үш адым аттайды.

— Ей, тоқта.

Ардақ жүрегін басып тоқтап қалады. Демесін оған жақындап қалшылдап тұрған әйелдің қолын ұстайды.

ДЕМЕСІН. Түу, сен қатты тоңып қапсың ғой. Мә, мынаны жамылып ал.  Демесін оған тұлыбын жабады.

АРДАҚ. Демесін-ау… Өзің… Өзің тоңасың ғой…

ДЕМЕСІН. Жоқ, мен тоңбаймын. Қызыл әскерге суық жоламайды.

Демесін беймәлім бір сезім құшағында теңселіп тұрып қалады. Сәлден соң барып оған бұрылады.

ДЕМЕСІН. Иә, сен неғып жүрсің?

АРДАҚ. Айтпақшы… Демесін. Сені біз колхозға мүше ғып қабылдадық. Иә, сен колхозға мүше болдың (Қалтасынан еңбек кітапшасын алып). Міне, мынау сенің еңбек кітапшаң.

Ардақ оған кітапшаны ұсынады. Демесін кеп оны қолына алып, ұзақ карап тұрады. Кітапшаны қалтасына сап, Ардаққа ұзақ қарайды.

ДЕМЕСІН. Рақмет… Рақмет сендерге.

АРДАҚ. Саған рақмет. Еңбек кітапшаң құтты болсын!

ДЕМЕСІН. Мен жүрейін. Ауылдың арғы жағы қараусыз қалды.

Ол шанасына отырып жүріп кетеді.

АРДАҚ. Демесін. Демесін…

Ол қарамайды.

Екеуі шығып кетеді.

                                         *   *  *

Бірінші көріністегі колхоз усадьбасы. Қызыл матамен жабылған кішкене столда Ардақ және Дәмеш отыр. Олар қыс ішінде жұртқа таратып берген малды қайта қабылдап жатыр. Кәкімбек келеді.

АРДАҚ. Иә, сізге қанша сиыр беріліп еді?

КӘКІМБЕК. Төртеу. Төртеуі де дін аман. Әне, көр.

АРДАҚ (сахна түкпіріне қарап). Арықтатып жібергенсіздер ме, қалай, іші қабысып қапты ғой?

КӘКІМБЕК. Колхоз не берді, алдына соны қойдық. Аянған ештеңеміз жоқ.

АРДАҚ. Ала сиырдың бір мүйізі неге сынған?

КӘКІМБЕК. «Жазым болса, быламыққа тіс сынады» деген. Кеше менің де бір тісім сынып қалды.

АРДАҚ. Сіз жетпіске келдіңіз, тісіңіз ерте ме, кеш пе бір сыну керек, ал сізге бақ деп берген сиыр әлі жас, алтыда ғана. Неге мүйізі сынады? Қарамағансыздар ғой.

КӘКІМБЕК. Неге қарамаймыз, өз малымыздан артық қарадық.

АРДАҚ (Дәмешке). Жаз түгел әкеп өткізді деп. Келесі. (Кәкімбек кетеді, кемпір келеді). Сізге қанша сиыр беріліп еді?

КЕМПІР. Үшеу.

АРДАҚ (сахна түкпіріне үңіліп). Неге үшеу болады? Бір сиыр туып еді ғой, бұзауы қайда?

КЕМПІР. Алып қалдым.

АРДАҚ. Неге?

КЕМПІР. Ойбай-ау, өздерің едіңдер ғой…

АРДАҚ. Біз не деп едік?

КЕМПІР. «Бүкіл колхозда бір де бір бұқа қалмапты, сіз бұқаңызды сиырға қоса тұрыңыз, кейін есебіне бір бұзау берерміз» деген болатынсыңдар. Мен соны алып қалдым.

АРДАҚ (күліп). Жарайды, келістік (Әйелге). Түгел әкеп берді деп жаз. Келесі? (Кемпір кетеді, Хадиша келеді). Сенде қанша еді?

ХАДИША. Бесеу.

АРДАҚ. Неге төртеу-ақ?

ХАДИША. Біреуі өліп қалды, өзің білесің ғой.

АРДАҚ. Орнына өз сиырыңды саласың.

ХАДИША. Оны қайдан алам? Жалғыз сиырымды ұрлап кетті ғой.

АРДАҚ. Маған ондай дәлелдің керегі жоқ. Бес сиырды бағуға алдың ба,  алдың. «Ұрлап кетті, өліп қалды» деген сөз себеп емес, мемлекет малының саны түгел болуы керек.

ХАДИША. Ардақ-ау, мен оны қайдан таппақпын?

АРДАҚ. Білмеймін. Қайдан тапсаң онан тап. Сиыр болмаса, бір сиырдың орнына төрт қой өткізесің. Он күн мәулет берем. Соның ішінде таппасаң еңбеккүніңнен ұсталады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15