КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

ПЕРИЗАТ. Ма-ма-а!.. Сен қайда кетіп қалдың, ма-ма-а!

Жұрт оны көтеріп алады.

Жұрттың абыр-сабыр кезін пайдаланып, қолы шешілген ұры еңбектеп отырып, есікке жетеді де, шыға қашады.

ДАУЫСТАР. Ойбай, ұрының біреуі қашып кетті.

— Ұстаңдар, ұстаңдар.

Сырттан шаба жөнелген ат дүбірі естіледі.

ДЕМЕСІН. Аттан, аттан. Пәшист қашты, ат қайда, ат қайда? Менен құтылмайды сұм пәшист.

Олар дүрлігіп далаға шығады. 

                                 *  *   *

Колхоз кеңсесі. Кеңседе үш-төрт актив, Ормантай және Ардақ.

ОРМАНТАЙ. Жаңа жылғы оқиға ел еңсесін түсіріп кетті, жолдастар. Әсіресе, Зейнептің өлімі жұрттың қабырғасына қатты батып отыр. Демесін болмағанда Перизаттың да тірі қалу-қалмауы екіталай еді. Мынау қақаған аязда шешесінің моласының басында жылап жатқан жерінен жеті түнде сол көтеріп алып келді. Ол әлі есін жия алмай жатыр. Елдің еңсесін көтеру үшін не істеуіміз керек?

АРДАҚ. Бұл оқиға, жалғыз біздің басымызда боп жатқан жоқ қой, шыдайды.

ӘКІМБЕК. Бір күн демалыс беру керек. Бір той керек.

ОРМАНТАЙ. Дұрыс айтасыз — елге бір той керек, сілкініс керек.

АРДАҚ. Оны қайдан аламыз?

ОРМАНТАЙ. Сенде неше хат бар? Майданнан келген?

АРДАҚ (сөмкесін ашып). Үш хат. Иә, үш хат бар.

ОРМАНТАЙ. Үш хат. Бұл бір. Совет әскерлері фашистер ордасы — Берлинге қарай бет алды. Бұл — екі. Сонан соң, біз бүгін Демесінді колхозға мүшелікке қабылдап, өткен айдың ортасынан оған еңбеккүн жазайық.

АРДАҚ. Еңбеккүн? Не үшін?

ОРМАНТАЙ. Тыныштық күзетшілігі үшін.

ДӘМЕШ. Кешіріңіз… Колхозда ондай жұмыс жоқ. Заңсыз болмас па екен?

ОРМАНТАЙ (оларға бір қарап шығып). Сендер де жоқ жерден заңшыл бола қаласыңдар осы. Тыныштық күзетшісі болмаса, “күзетші” деп жазамыз.

АРДАҚ. Сонан соң?

ОРМАНТАЙ. Сонан соң не болады? Сонан соң Демесіннің колхоз мүшесі болғанын тойлаймыз. Аз ба — үш хат, қызыл әскерлердің майдандағы табысы, тыныштық күзетшісі Демесіннің колхозға мүше боп, ел қорғауға басы бүтін кірісуі. Менімше, аз емес. Демесінді колхозға мүше ғып алайық дегендерің қолдарыңды көтеріңдер.

АРДАҚ. Мына жиналысымыз дені дұрыс адамдардың жиналысына ұқсамайды.

ОРМАНТАЙ (санайды). Бір, екі, үш, төрт, бес. Қарсы — бір, екі. Бес адам қол көтерді, екі адам қарсы. Сонымен, Демесін колхозға мүше болды, жолдастар.

АРДАҚ. Жетіскен екенбіз. Келесі жиналыста оны басқарма мүшелігіне сайлайық.

ОРМАНТАЙ. Бәріне кеңірек қарау керек, Ардақ. Ол өзін бізден ақылсыз санап жүрген жоқ. Оның ойынша, мына біз жындымыз. Өткен түнде мен онымен оңаша сөйлестім. «Неге үйленбейсің?» дедім. Ол айтады, «сендер ақымақсыңдар» – дейді. «Үйленсең, бала туасың, өсіресің, ал оның кеудесін мынадай оқ тесіп өтіп жатыр» деп дорбадағы бытырасын көрсетеді. “Сонда қайтеміз, үйленбеуіміз керек пе, бала тумауымыз керек пе?” — десем, “алдымен соғысты өлтіріп алып, баланы сонан соң туу керек”, — деп жауап берді. Бір қарасаң, жындының сөзі сияқты, ойлап қарасаң, қарапайым да терең мән жатыр. Оның қолындағы мылтық соғысқа қарсы атылмақшы, ол түн ұйқысын төрт бөліп, аязға тоңып бізді бәле-жаладан сақтамақшы. Ал, ақылды деп жүрген адамның көңілінде жауыздық, қолында қанды қару бар. Осы екеуінің қайсысы жынды? Біз екеуінің қайсысын жындыханаға жабуымыз керек?

АРДАҚ. Тыңдап отырсақ, сіздің де сөзіңіз Демесіннің сөзіне ұқсап келе жатыр (Күледі). Ал, жарайды қабылдайық колхозға. Мен де қосылдым.

ОРМАНТАЙ. Кітапшаны оған бүгін апарып беру керек. Ол шанасына мініп, ауыл сыртына шыққанда, яғни қызмет бабында жүргенде, ол бұған баладай қуанар еді. Ол бізді талай қуантып жүр, біз оны бір қуантайық тағы.

КӘКІМБЕК. Иә. Қуанатыным сондай, оны көрсем жүрегім жарылып кете жаздайды да тұрады.

ОРМАНТАЙ. Сонымен, кітапшаны оған кім апарып береді?

ДАУЬІСТАР. Ойбай құрысын.

КӘКІМБЕК. Атама бәлені. Тажалға өз аяғымыздан баратын жайымыз жоқ.

КӘКІМБЕК. Ат басындай алтын берсе де, көрмегенім Демесін болсын.

ОРМАНТАЙ (терезеден қарап). Бері, бері келіңіздер. Әне, тыныштық күзетшісі жұмысына шықты. Көріп тұрсыздар ма? Батар күнге қарсы соғып барады.

ДАУЫСТАР. Ой, сұмдық-ай. Естімеген елде көп.

— Аты да әбден үйреніп апты, беткейдегі жолына қарай желіп барады.

—  Ақ күмістей жылтылдаған қар тозаңын қарашы.

ОРМАНТАЙ. Біздің тыныштығымызды күзетем деп тынышы кеткен байғұс-ай. Ал, сіздер осындай адамды жындыханаға жібереміз дейсіздер.

АРДАҚ (толқып). Шынында да, мына көрініс ғажап екен. Мен оның бұрын былай шанаға отырғанын көрген емеспін. Оның еңбек кітапшасын ерінбей мен-ақ тапсырып келейінші.

КӘКІМБЕК. Ойбай, барма. Ертең өзі-ақ келеді ғой.

АРДАҚ. Жоқ, өзі келген бір басқа, біз апарып берген бір басқа. Әкел кітапшаны. Тәуекел.

Ардақ кітапшаны қолына алып, белін буынады да, шығып кетеді.

КӘКІМБЕК. Астапыралла, астапыралла. Аруақ, құдай, өзің жар бола гөр (Бетін сипап бата жасайды).

                                      *   *   *

Ардақ жүріп келе жатыр. Ол сахна ортасына кеп тұрады. Сахна айналып, шана үстінде қамшы үйіріп отырған Демесін жақындай береді.

ДЕМЕСІН (өзімен-өзі). Кім, келе жатқан, кім? Аулақ, аулақ. Ал, жануар, тезірек. Ауылдың ана жағы иесіз қалды, шу, жануар, шу.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15