Dulat Isabekov LIVE https://isabekov.live Thu, 03 Feb 2022 09:22:47 +0000 kk-KK hourly 1 https://wordpress.org/?v=5.9.3 https://isabekov.live/wp-content/uploads/2018/02/papalogo2-150x150.png Dulat Isabekov LIVE https://isabekov.live 32 32 Дулат Исабеков: Тоқаевтың Жаңа Қазақстан туралы сөзін қолдап отырмыз https://isabekov.live/?p=1709 Thu, 03 Feb 2022 09:19:47 +0000 https://isabekov.live/?p=1709 – Қаңтарда болған оқиға елде тек қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелер ғана емес, әдебиет пен мәдениеттің де ықпалы аз, сөзі өтімсіз екенін байқатты. Кешегі оқиға қоғамның рухани деңгейін де көрсетті ғой.

– Неге осындай заманда оқиға соңы бүліншілікке апарды? Өйткені біздің көп жастарымыз жұмыссыз, үй-күйі жоқ, қаңғып жүр. Сосын билікке әбден ызалы бола түсті. Олар кез келген шенеунікті аямай жазалайтындай көңіл- күйде болды. Сол ашу-ыза қиратушылыққа алып барды. 2030 жылы озған елдің қатарында боламыз деп ек, тозған елдің қатарынан бір-ақ шықтық. Біздің түбімізге жеткен мақтан. Мақтана-мақтана ақыры елді кедейшілікке апарып тіредік. Барлық проблема жылдар бойы қордаланып келді де жалғыз күнде бұрқ етті. Мұның негізгі себебінің бірі – идеология жоқ. Ал негізгі идеология – әдебиет болуы керек. Қазақ – құлақтың халқы. Ежелден сөз тыңдаған халық. Сол әдебиетпен ауызданып, құлақтанды. Бұрын кітап оқитын адам көп еді. Қазір кітап оқымайтын адамдар көшеде толып кетті. Егер олар кітап оқыған болса, тіпті қазақ әдебиетінің өзінен біршама оқығаны бар адам ондай бұзақылыққа бармайды. Ал әдебиетті оқымаған адам сауатсыз. Сауатсыз адам надандыққа, жабайлыққа тез бой алдырады. Баяғыда Ресей Шешенстанға соғыс ашқанда Евтушенконың жазған мақаласы есіме түседі. Сонда ол: «Орыс офицерлері әдебиетті оқымаған. Егер олар Толстойдың «Қажымұратын» оқығанда Шешенстанмен соғыспас еді» деп жазды. Сол сияқты біздің жастарымыз әдебиетті оқып өскенде мұндай бұзақылыққа бармас еді. Кітап оқудың күрт азайып кетуінен біздің рухани сауатсыздығымыз басталды. Рухани сауатсыздық осыған әкеп тіреді. Егер оның бәрі оқыған, білімді адам болса, оған бармас еді. Түп себебі – осында жатыр. Идеологияның бастауы – ұлттық әдебиет болу керектігін ескермедік.

Тоқаев жаңа Қазақстан деген сөз айтты. Бәріміздің соған көңіліміз ауып, қолдап отырмыз. Өйткені соның кейбір алғышартын жүзеге асыруға кірісті. Атап айтса да болады: Қорғас ісі, Самұрық Қазына, утильалым, «Алтын Орда» базарын тарқату сынды істер бар. «Назарбаев өкілеттіліктерінің бәрінен айырылды» деп шетел телеарналарының бәрі берді. Қандай өкілеттері екенін білмеймін. Енді осылай бастап, төңірегін тазалап жатыр. Бәрін бір күнде бітіре алмайды.

Енді біз төл мәдениетімізді, төл әдебиетімізді халыққа жақындататын амалды ойластыруымыз керек. Бұл істе шетелдің тәжірбиесін пайдалануымыз қажет.

– Осыған дейін әлеуметтік желілерде, баспасөзде қаңтар оқиғасына, елдегі мәселелерге өз ойыңызды ашық айттыңыз. Мәселен, кеше nege.kz сайтына сұхбат беріп, президенттің жасап жатқан өзгерістерін қолдайтыныңызды айтып, сынап та алыпсыз.

– Қаңтар оқиғасы елімізде кеңінен орын алды. Керек болса, қантөгіске дейін бардық. Бұған дейінгі мақалаларымда ащы болса да шындықты айттым. Бірақ ғайбат сөйлеген сөз кеткен жоқ. Nege.kz-тен келіп, жалынып қоймады. Әуелі Ерлан Қаринмен сөйлесіп алайын, сосын барып сендерге сұхбат берейін дедім. Сөйтіп сұхбат бердім. Онда да «Достық үйінде» дүйім жұрттың алдында, Ерлан Қарин өзі жүргізіп отырған жиында айтқанымды айттым. Кеше қарасам, Nege.kz бас тақырыбын «Тоқаевпен кездессем, бәрін айтып бетіне басам» деп айғайлатып тұрып, ғайбат сөзбен беріпті. Тоқаевтың алдына барып бетіне басатын мен кіммін? Бұл – қатын өсек сөздер ғана. Президент менің күнде араласып жүрген замандасым емес, әріптесім емес. Менің айтқаным, егер де уақыты болып, Тоқаев мені қабылдаса, өмірдің біраз проблемаларын айтар едім деген ғана сөз еді.

Мұндай аласапыран кезде артық-ауыс сөздер айтылып жатады. Болған, бола да береді. Біз кешіріммен қарауымыз керек. Әрі Тоқаевтың жағдайын да түсінем, бәрі табан астында болды. Оқиға кезіндегі ішкі-сыртқы жағдай президенттің дегбірін алған болуы керек. Елді, мемлекетті, қаланы қорғау үшін ол әрекеттеріне мен кешіріммен қараймын. Көз алдында қала қирап жатқанда ол сондай іске барды. Кейінгі екі-үш күнде көп нәрседен хабардар болдым. Егерде оның орнында мен президент болсам, не істер едім деп ойладым. Стратегиялық нысандардың бәрін басып алып, қаланы қиратып жатқанда оқ атпайық деп қарап отырамыз ба? Террористтердің ойында не барын мен де, қарапайым халық та білген жоқ. Кейін маған картинаны толық түсіндірді.

Nege.kz ке тағы да айттым: «шымбайға бататындай сөзді айтпауым керек еді. Сендерде журналистика этикасы деген бола ма? Менің айтқанымның өңін айналдырып беріпсіңдер. Бұл кімге пайдалы? Халыққа пайдалы ма? Сендерге пайдалы ма? Мүмкін рейтинг үшін шектен шыққан бір ғайбат сөзбен тақырыпты айғайлатып берсек жұрт көп оқиды деп берген шығарсыңдар. Мақаланың ішінде алып бара жатқан ештеңе жоқ. Тек тақырыпты құртыпсыңдар». Анығын айтқым келіп отыр. Бірақ менің сөзім болмағандықтан ол журналистердің этикасының төмендігі.

– Енді әдебиеттің мәселесіне ойыссақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын маған берген бір сұхбатыңызда мемлекеттік баспа ашу, кітап тарату ісі, қаламақы жүйесі туралы Н.Назарбаевқа айттым, ұсындым деп едіңіз. Бұл мәселелер әлі өзекті ғой.

– Тоқаевқа айтатын көп әңгімем бар еді дегенім сол. Бетіне басайын деген сөз емес ол. Міне, осыны айтайын деп едім. Бұрынғы президентке де осыны айтқам. Қазақстандағы ең үлкен баспа – «Жазушы» баспасын ұзақ жыл басқардым. Сол баспа өзге баспаларды да асырайтын. Қаламақы мәселесін де айтып, құлақты мезі қылдым. Назарбаев «қаламақыны көбейтеміз, көбейтеміз» деп жиі айтты. Бір күні өзімен кездесудің сәті түскенде «Нұреке, қаламақыны қалай көбейтпекшісіз? Қазақстанда 700 жазушы бар. Оның бәрінің қаламақысын көтеру үшін механизм керек» дедім. Шетелдерде арнайы әдебиетті қолдау мемлекеттік қоры болады. Олар осы қор арқылы әдебиетті қаржыландырады. Сөйтіп, Нұрекеңе түсіндірдім: біз бұрынғыға қайта оралып, бір мемлекеттік баспа ашайық. Әр облыстағы мәдениет басқармасынан кітап саудасымен айналысатын екі штат ашып, кітап дүкендерін қалпына келтірейік. Сөйтіп, әр облыстан жыл сайын тақырыптық аталымды бекітіп, оны облыстарға жолдау керек. Әр аймақ сол аталым бойынша кімге қандай бағыттағы қанша кітап керектігі бойынша өтініш жазады. Осылайша тираж жиналады. Мен орта есеппен әр кітапқа 15 мың тираж есептегем. Аймақтар өтініші негізінде жиналған аталымдар бойынша баспаға жібереміз де кітап шыққан соң, жеткізіп береміз. Әрі қарай өздері біледі. Және кітаптың бағасы халықтың қалтасына шақ болуы тиіс. Қазіргідей балалардың кітабын 2 мыңнан сатуға болмайды.

Мемлекеттік баспа ашу үшін мемлекет 375 миллион теңге берсе болды. Әрі қарай бір тиын бермесе де болады. Тираж өскен соң, қаламақы да өседі. Осы айтқандарымды қағазға түсіріп, Назарбаевқа бергем. «Мұның жақсы екен» деді. Бірақ істемеді. Екінші рет жолыққанда тағы айттым, істемеді. Неге жүзеге асырмады деп ойласам, біздің билікке жазушылардың тәуелді болып жүргені тиімді ме деп қалдым. Егер қаламгердің қаламақысы жоғары, тоқ болса, олар тәуелсіз болып кетіп, айтқанды тыңдамай қоя ма деп ойлайды-ау деп өзімше топшыладым. Басқа себебін көре алмадым.

– Жастар, кітап мәселесін айтып жатырсыз ғой. Жаңа өзгерістермен бірге қазақ жастарының да оқу-ағарту мәселесі күн тәртібіне шықты. Жақында президент жастарды Ресейде техникалық мамандарға оқыту керек деген бастама айтты. Мұны ел ішінде «ойбай, тағы да бодан боламыз” деп байбаламдатып жатқандар да бар. Осы жастарды техникалық оқуларға жіберуге қалай қарайсыз?

– Осы біз бір нәрсе болса міндетті түрде біржақты түсінеміз. Анау ВГИК-ті қаншама азаматтарымыз бітірді. Дүниежүзілік әдебиет институтын қаншама қазақ қаламгері оқып, бітіріп шықты. Қалихан, Әкім бәрі соны бітірді. Ресейде оқып келсе де Ресейдің боданы боп кеткен жоқ. Шетелде де «Болашақпен» оқып жатыр ғой.

Тоқаев өте орынды мәселе көтеріп отыр. Гуманитарлық білім жақсы, енді бізге техникалық білім керек. Мәселен, машинаның бөлшектерін сырттан алып келіп, оны құрастыруға маманды тағы шетелден әкелеміз. Техникалық білім алып келетін жастар ертең сол машина жасау сынды салаларда кәнігі маман болады. Сондықтан бізге техникалық интелегенция керек. Сол себепті мұны қолдаймын. Жақсы бастама.

– Сөз соңында әдебиетіміздің ақсақалы ретінде елге, ел азаматтарына айтарыңыз бар ма?

– Елге де, президентке де сабыр тілеймін. Тоқаевпен ол президент болмай тұрып-ақ қарым-қатынасымыз жақсы болған. Әлі де солай. Ел тізгінін қолына алған үшінші жылында мынадай жағдайға тап болды. Аласапыранда мына жақта шерулеткен халық, ана жақта террористтер, оған ескі биліктің ішіндегі қарсы топтар да қосылды. Бір сәтте оның бәрінің тілін табу мүмкін емес. Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады. Мен қазір президентке жанашырлықпен қарайтын дәрежеге жеттім.

Халыққа да – «сабыр түбі сары алтын» дегім келеді. Біз өзі күту үшін жаралған халық секілдіміз. Сонау 1916 жылдан бері басымыздан не өтпеді. Азамат соғысы, екі ашаршылық, репрессия, соғыс, тағы да репрессия, тың көтеру. Бәрі де өтті. Демек бәрі де өтеді. Аяғына дейін сабырмен қарайық және Тоқаевқа тілекші болайық дегім тұр.   Және тағы да бір тілегім бірнеше күнге созылған аласапыранның кезінде жазықсыз жандар да тұтқындалып, біразы түрмеде жатыр. Естуімше олардың бәрін ұрып-соғып жазалау орын алыпты. Кейбір жастар жазықсыз өлім құшып, оны ата-аналары жерлеп қойған жерінен сүйектерін қайта қазып алу да басталған екен. Ол не үшін керек? Бұл қазақтың дәстүрінде, өмірінде болмаған оөқиға ғой. Менің тілегім жаппай жазалаудың кезінде жаппай қамалған жазықсыз көп жандарды бостандыққа шығару керек. Қалай болғанда да өз ұлтымыз, қандастарымыз емес пе? Оларға жанашырлықпен қарауға тиіспіз. Президент Тоқаевқа айтпақ болған ойым да осы еді.

Дулат Исабеков: Тоқаевтың Жаңа Қазақстан туралы сөзін қолдап отырмыз (abai.kz)

]]>
Дулат Исабеков: Тоқаев мені қабылдасын, бетіне айтайын… https://isabekov.live/?p=1695 Thu, 03 Feb 2022 09:00:50 +0000 https://isabekov.live/?p=1695 Қолына қалам ұстаған ақын-жазушылардың ішінде бас көтеріп, пікірін ашық айтатындары некен-саяқ. Кешегі қымбатшылыққа қарсы наразылық бейбіт митингімен басталып, соңы бүлікке айналған кезде де елді ұйыстырып, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізетін зиялы табылмады. Бәрі әліптің артын бағып жатқанда, жазушы-драматург Дулат Исабеков қана ойын ашық білдірді.

«Ашынған адам Аллаға да жұдырық көрсетеді»

– Дулат аға, сіз әу баста Жаңаөзен халқы газдың қымбаттауына қарсы бейбіт митингіге шыққан кезде-ақ моралдық тұрғыдан қолдау білдірдіңіз. Өкініштісі, еліміздің әр өңірінде жалғасқан наразылықтың соңы қайғылы жағдайға алып келді. Мұның бәрі мүйізі қарағайдай қаламгерлердің ішінде сіздің ғана жаныңызға батқан сияқты? Шын мәнінде, көшеге шыққан кімдер? Билік айтқандай террористер ме, әлде ашынған халық па? Кеше Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен өткен кездесуде осы мәселе сөз болды ма?

– Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен кездестік. Қазіргі жағдайдың бәрін айттық. Алдымен мен сөйлеп, мәселенің ашығын айттым. Ештеңені жасырмайық дедік. «Қазір халық әрі-сәрі күй кешіп, кімге сенерін білмей қалды. 20 мың террорист біздің Алматыға келе қалыпты. Осы цифр дұрыс па? 20 мың деген – 20 дивизия! Екі самолеттен адам түссе, соның өзі қаптап кетеді. Ал 20 мың террористі бір Алматыға алып келу үшін қай жерде, қай қорада қамап ұстады? Оның бәрі Қазақстанға бір сәтте қалай бұрқ етіп келе қалды? Өскеменге, Талдықорғанға, Таразға, Алматыға, Шымкент пен Қызылордаға қайдан ағылды? Осыған сенейік пе, жоқ па?» дедім.

Тұңғыш президент Н.Назарбаев өткенде халық тынышталып қалғанда эфирге шығып, қайтадан елді дүрліктірді. Ол өз сөзінде: «Осыған кім кінәлі? Солардың бәрін тауып, қатаң түрде жазалау керек» деді.
Жарайды, ел алдына шығып, барлық телеарнадан сөйледі. Бұл не? Телеарнада істейтін кәсіби мамандар әр екі сөзден кейін монтаждалғанын айтты. «4 минуттық сөзді қырықжамау қылып эфирге шығарудың қандай қажеттілігі болды? Бұл кім үшін қажет? Елді қайтадан дүрліктіру үшін бе, бұл да біз үшін жұмбақ», – дедім Қаринге.

Сосын «Осылардың бәрін кім ұйымдастырды? Қайдан шықты? Тауып, қатаң жазаға тартайық» деп Тоқаев та айтты.

Шынында, олар қайдан шықты? Кім әкелді? Мұны жалғыз Кәрім Мәсімов ұйымдастырды ма? Бұл қалай? Бұл – бір.

Тақырыпқа орай: Мәсімов таққа өзі отырмақ болды ма? Сарапшы пікірі
Екінші, 20 мың террорист келген екен, оның 10 мыңы ұсталыпты дейді. Ал қалған 10 мыңы қайда? Олар қайтып кетті ме? Әлде, әлі жасырынып қалада жүр ме? Он мың адам ұсталғаны рас болса, қоғамда бір 100 террорист қолға түскен шығар-ау… Және олардың біразы арабша сөйлейді дейді. Олар Ауғанстаннан келді ме, Сириядан ба, әлде Пәкістаннан ба? Жалпы, қайдан келді? Тым болмаса, неге солардың он шақтысының бет-пердесін сыпырып, журналистер телеарнадан көрсетіп, сұрақтың астына алмайды? Тіпті болмаса, тергеушілер «Қайдан келдің? Қай жердің азаматысың? Кім алып келді? Басшыларың кім? Қару-жарақты қайдан алдыңдар?» деген сұрақты қойып, жұртқа көрсетіп, көңілін неге орнықтырмайды? Террористер дейді, бірақ оның біреуін де көрген жоқпыз ғой.

Өзім де телеарнаға шығып, талап қойдым. Интернетте де жұрт шулап жатыр. Бәрінің көкейінде «Неге олар көзге көрінбейді?» деген сұрақ тұр. Әншейінде біздің полицейлер өз қазағын ұстап алып, көкала қойдай тепкілеп, кәріп қылады. Ал оларды неге қинап, ел алдында сөйлеттірмейді? «Екі ойлы болып қалған халықтың көкейіндегі осы жұмбақты шешіп беріңдер?!» дедім.

Сосын жазушы Смағұл Елубай сөйледі. Ол тіл мәселесіне тоқталды. Шын мәнінде, біз қайтадан орысша сайрай бастадық. Қазір мекеменің бәрі, басшысының бәрі орысша сөйлейді. Назарбаев сияқты бес минут қазақша, қалғанын орысша айтады. Сосын олар тіл үйренгісі келмейді. «Қазақ тілін білмейтін адамды лауазымды қызметке қоймау керек» деп талай айтылды. Ендігі үлкен көтеріліс – тілге байланысты болады. Өйткені, қазақ тілі күннен күнге тұншығып барады. Билік орысша сөйлейді. Біз қай мемлекетте отырмыз? Біз Ресейдің филиалымыз ба? Басқа мемлекеттің тілінде сөйлеу қорлық емес пе?

1,5 млн халқы бар, жерінің көлемі Алматы облысындай ғана Эстонияның өзі Еуропаның қақ ортасында отырып, баяғыда-ақ ассимиляцияға ұшырап кететін халық еді. Бірақ әлі күнге эстон тілінде сөйлейді.
Тағы бір жылдай уақыт өтеді. Қазақ тілінің халі осылай мүшкіл бола берсе, көтеріліс бұрқ ете қалады. Ал оны тоқтату қиын болады. Өйткені, көшеге тек қазақ тілді азаматтар шығады. Сосын тағы қазақ пен қазақ арасында жанжал басталады. Біздің елде адам өлмей, қасірет болмай ештеңені ойламаймыз. Қарапайым ғана ойық көшенің шұңқырында көлік аударылмай оны жасамаймыз. Көшеде қазандық қақпағына адам түспейінше бетін жаппаймыз. Себеппен емес, салдарымен ғана күресеміз.

– Шын мәнінде, қымбатшылық халықты қанап жібергені шындық қой?

– Әрине, аш адам не істемейді? Халық жоқшылықтан шықты. Ашынған адам аямайды. «Ашынған адам Аллаға да жұдырық көрсетеді» дейді ғой. Оны Аллаға емес, өзіміздің билікке неге көрсетпеске?

Біздің түбімізге жеткен – мақтангершілік. Отыз жыл бойы мақтанып келдік. «Түркіменнен, өзбектен озып кеттік, ТМД елдерінен асып түстік, Шығыс Еуропа мемлекеттерімен қатарласып қалдық, озық отыз елдің қатарына қосылдық» деп ресми хабарлап та жібердік. Қайда қосылғанымыз?! Халқымыз әлі қайыршының күйін кешіп келеді.

Тақырыпқа орай: «Ештеңе білмейміз!» Қуаныш Сұлтанов пен Жүрсін Ерман Назарбаев туралы айтты
Кеше митингіге «бұзақы», «оңбаған» жастар шықты деді. Бірақ олар неге шықты? Олар әбден ашынғаннан шықты. Кедейліктің шыңына жетіп шықты. Не жұмыс жоқ, не алатын жалақысы аз. 50-60 мың теңгеге қалай күн көреді? Әлдеқандай етіп төменгі жалақыны 42 мың 500 теңгеден 60 мыңға көтердік деп жария етті. Айналайындар, 60 мың теңгемен кім өмір сүреді?!

Өткенде екі баласы бар, күйеуі жоқ көше сыпырушы әйел телеарнадан сөйлеп жатыр. Қара нан мен қара суды талғажау етіп отырғанын айтты. 60 мың теңгемен екі баланы қалай асырайды? Ертең күйініп екі баласын терезеден лақтырып жібермейтініне кім кепіл? Бұған дейін үш баласын 9 қабаттан лақтырып, артынан өзі де секірген әйелдің өлімі бүкіл қазаққа қан жұтқызды. Сол отбасы 15 мың теңге кредит алып, қиындыққа тап болған. Өз халқымызға қалай жанымыз ашымайды?

Осыдан үш жыл бұрын жоқшылықтың салдарынан бес бала өртеніп кетті. Осының бәріне себеп – жоқшылық. Жоқшылық жұрттың шыңына жетті. Бай байыған сайын, кедей кедейленіп жатыр. Сол себептен де халық ашынды. Ашынған адам ештеңеден тайынбайды. «Мә, саған» дейді де, үйіңді де бұзады, көлікті де өртейді, дүкенді де тонайды.
Кеңес үкіметі кезінде үш бала туған анаға перзентхана үйінен шығарда үш бөлмелі пәтердің ордерін беретін. Қазір 3 бала тұрмақ, 10 бала туса да ешкімнің шаруасы жоқ. Ана мен балаға немқұрайлы боп кеттік. Әншейінде Ресей насыбай иіскесе, біз түшкіреміз. Солардың бүкіл реформасын қайталаймыз. Ұлтқа керек емес жағын аламыз. Бірақ Путиннің аналарға жасап жатқан жақсылығын «Ана капиталын» қабылдағымыз келмейді. 60 мың теңгені әлдеқандай қылып жатырмыз. Ал олар жаңа туған нәрестеге 250 мың рубль жәрдемақы төлейді.

Өзбек халқы сияқты ұлтқа жаны ашитын басшы келмеді. Олар демографияға сонау жылдары-ақ көңіл бөлді. Ал біздің мұнымен шаруамыз сол кезде де болған жоқ, тәуелсіздіктен кейін де болған емес. Қайта билік қазақтың көбеюіне қарсы болды.

«Жастар бірде-бір шенеунікке сыйластықпен қарамайды»

– Мемлекеттік хатшыға қандай ұсыныстар айттыңыз?

– Менің ұсынысым – халықтың тұрмысын шынайы зерттейтін әлеуметтік зерттеу институтын құруымыз керек. Бұл институт халықтың қал-ахуалын зерттеп, үкіметке айтып отыруы қажет. Ал Статистика агенттігі нағыз өтірікші органға айналып кетті. Билік не десе, соны айтады. Тіпті, халық санағының өзін бұрмалап жібереді. Мәселен, былтыр санақ өтті, біз үй-ішімізбен санаққа ілінген жоқпыз. Мен халық санағына да сенбеймін. Өйткені, менің төңірегім, бала-шағам, 20 шақты адамның біреуі де саналған жоқ.

Кешегі оқиғаның өзі осындай өтіріктердің су бетіне шыққанынан болды. Біз мақтанып-мақтанып, ең артында қалдық. Өзбекстанда үш газ байыту зауыты, төрт мұнай өңдеу зауыты салынды. Ал біз әлі күнге дейін баяғы ескі зауыттарды жөндеп келе жатырмыз. Оның біреуі егін егерде немесе орарда жөндеуге жабылады да, жанармай қымбаттап кетеді.

Бізде не көп, мұнай көп. Сондай мұнай өңдейтін зауыттар бізде салынуы керек еді ғой. Өзбекстанда ештеңе жоқ болса да, бәрі бар. Ал бізде бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ.
Біз мақтанып жүргенде олар зауыттар салып, самолет шығарады. Өзбекстан он жылдан кейін Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея сияқты азия барысына айналады. Ал біз бүкіл ақшаны астананы салуға жұмсадық. Оның ар жағында Назарбаевтың қалаға өз атын қоятынын білдік. Астананың аты «Астана» бола ма екен? Соның бәрін жазушы айтпағанда, кім айтады? Ең ақыры бізді қырғыздың өзі киіммен қамтамасз етіп жатыр. Бір шұлық шығара алмадық. Сөйте тұра бәрінен озып кеттік дейміз.

Осыған Үкімет қалай көз жұмып қарады? Біз бәріне балаша сендік. «2030 жылы жақсы өмір сүреміз, одан қала берді 2050 жылы бәрі керемет болады» деді. Ал аяғы не болды? Тәуелсіздіктен айрылып қала жаздадық емес пе? Алдау, арбау, жемқорлықтың салдарынан халық әбден кедейленіп, ыңыршағы шықты. Шетелден оқып келген жастарымыз жұмыс таба алмай, қайтадан шетелге кетіп жатыр. Осында қалғанының өзі 70-80 мың теңгеге жұмыс істеп жүр. Бұл айлықпен жастар қалай үйленіп, тұрмыс құрмақшы? Біз болашақты ойлаймыз ба? Таңертең тұрып, кешке ұйқтағаннан басқа не бітірдік?

Кадрда өзгеріс болады дейді. Көбі кешегі адамдар. Олар – жемқорлыққа батқандар. Көшеге шыққан ашынған жастардың бәрі аяусыздыққа бекінген. Өйткені, олар бірде-бір шенеунікке сыйластықпен қарамайды. Шенеунік атаулыны жемқорлықпен былғанған, халықтың қанын аш кенедей сорған адам ретінде иттің етінен әрмен жек көреді. Содан кейін де МАИ қызметкерлерінің көлігін ұрады, сындырады.

Тақырыпқа орай: Берік Әбдіғалиұлы: Билікке енді бұрынғыдай жұмыс істеуге болмайды!
Ашынған адам – тобыр. Бір қозғалғаннан кейін тоқтамайды. Міне, сол ашынған адамның тобыры бәрін қиратты. Біз тобырды өтірік алдау, жалған айту арқылы өзіміз қолдан жасап алғанбыз. Біз ұрлыққа түскен адамды соттаймыз, бірақ ол ұрлыққа неге түскенін айтпаймыз. Оған терең үңілмейміз. Үкімет неге осындай жағдайды ойлап, халыққа білдірместен жасырын отырыс өткізбейді? Жастар арасында суицидке бару, соттан, басқадан әділдік таппай өзін-өзі өртеп жіберу фактілері көп. Қазақстан суицид бойынша екінші орында, жемқорлық бойынша бірінші орында.

«Халықтың жағында болған «Халық әртісін» көрген жоқпын»

– Жаңаөзенде басталған қымбатшылыққа қарсы бейбіт митингіні де тек сіз қолдаған сияқтысыз. Осындай кезде зиялы қауым неге басын бұғып қалады?

– Бүкіл Қазақстанның байлығы бір отбасына кетіп жатыр екен. 162 адам біздің байлығымызға ие болып отыр. «Шеврон» компаниясы игілігінің 15 пайызын ғана алады екенбіз. Біз неге байлығымызбен басқа біреулерді асырап жатырмыз?

Осыны біз айта бастасақ, оппозицияға қосады да, соңымыздан ҰҚК түседі. Мен мұны өткен жолы да айттым, қазір де айтам. Журналист Нартай Аралбайұлына бір жарым сағат берген сұхбатымда да айттым. Шындықты айтқаным үшін миллионға жуық адам көрді, мыңнан астам адам пікір жазды.

Шындықты айтамыз, ол үшін бізді жек көрмеңдер! Өткенде Жаңаөзенде басталған бейбіт митингіні жазушылар арасынан алғаш болып қолдаған менмін!
Жаңаөзендіктер мен маңғыстаулықтармен бірге екенімді айттым. Жазушылардың біреуі үндеген жоқ. Бәрі аңысын аңдып отырды. Алайда, олар жағымпаздықты, қорқақтықты, жасқаншақтықты сынайды, бірақ өздері сол топтың ішінде екенін байқамайды. Сол кезде неге біреуі үн қатпады?

Батырмын деп мақтанып отырған жоқпын. Бірақ жазушының сөзін айттым. «Мұнайға шомылып отырып – жанармайға жарымаймыз, қамба-қамба астықтың үстінде отырып – нан қымбаттайды, газдың үстінде отырып – газ қымбаттайды. Айлығы шайлығына жетпей жатқан халық ашынып көтеріліс жасамағанда қайтпек? Мен сіздерді қолдаймын. Барыс жылы барысша мінез көрсеттіңіздер! Мен сіздердің жағыңыздамын, құрметті мұнайшылар мен жаңаөзендіктер! Бірақ араларыңызға арандатушылар кіріп кетіп, бейбіт шерудің аяғын бүлікке айналдырмасын» деп едім, солай болды.

Одан кейін үш-төрт ақын, жазушы – Ұлықбек Есдәулетов, Смағұл Елубайлар үн қатқан болды.

Біз сырттай бақылап «Қай жеңгені менікі» деп үндемей отыра береміз. Жазушының сөзі қайда? Жазушы деген ең алдымен халықтың жағында. Анау «Халық әртісімін» деп жүргендер әншейінде «Мен халық жағындамын, өйткені «Халық әртісімін» дейді ғой. Өтірік!

Ешуақытта халықтың жағында болған «Халық әртісін» көрген жоқпын! Ешуақытта халықтың жағында болған «Халық жазушысын» көрген жоқпын!
Жазушы – халықтың жағына болса ғана жазушы. Жүр ғой, әне Олжастар! Қайда солар?! Үндемейді. Олардың өздері әбден жасқаншақ болып кеткен. Осының бәрін айттым. Мұны айтқаным үшін мені айыптамаңдар! Өйткені, халықтың ойын айттым. Біз айтпағанда кім айтады, айтыңдаршы ал? Биліктің айтқанына бас шұлғып, сөйлей алмасақ, сол биліктің жағымпаз, жақыбайларынан қай жеріміз артық?

Құдай бізге «Шындықты айтыңдар!» деп қалам берді. Ал біз айтқымыз келмейді. Немқұрайлымыз. Л.Толстойдың «Равнодушие – это душевная подлость» деген сөзі бар. Яғни, «Немқұрайлылық – адам жанының азғындығы». Міне, біз осыған байқамай еніп кеттік. Қой екеш қой да тұяғын серпиді ғой. Біз ондай да мінез таныта алмаймыз, үндемейміз. 30 жыл бойы немен айналыстық? Осыны талай айттым. Соңыма ҰҚК түскен, жұмысымнан алып тастады. Үш жыл жұмыссыз жүрдім. Сонда да тілімді тартқан жоқпын, құдайға шүкір.

«Назарбаев қылмысын жасырғысы келді»

– Сізді академияны таратқан кезде де батыл пікір айтқан деп естіп едім…

– Академияда сөз сөйледім. Президент өзі жайлы бұйрық шығарыпты. Оның қызметі аяқталғаннан кейін, отбасы қудаланбайды, қаржы-мүлігі тексерілмейді деп бұйрық шығарыпты. Сол кезде он күн бұрын Қаныш Сәтпаев құрған академияны он минутта таратып жіберді. Бардым. Сөз берді. Қазақта «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген мақал бар. Академияны таратып жіберіп, енді неге жиналып отырсыңдар?» дедім. Сонда біреуі «Неге тараттың? Мемлекеттің қаржысы жетпей ме?» деп сұрақ қоя алмадыңдар. Не сендер өтірік академиксіңдер, не нағыз қорқақ академиксіңдер» дедім. Оларға да жеккөрінішті болдым.

Міне, Назарбаев өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін пәлен жыл бұрын бұйрық шығарып қойды. Отанын сатқан жағдайда болмаса өзінің қызметіне жауап бермейді деген не сөз? Отанын сату – екі қап картоп сату емес қой. Отанды бірте-бірте сатады. Бірінші тілін сатады, саясатын сатады, жерін, жер байлығын сатады. Демек, қылмысы бар екенін білген соң осындай бұйрық шығарды.

– Президент Қ.Тоқаевтың саясатына көзқарасыңыз оң ба? «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген бастамасына не дейсіз?

– Тоқаевтың жаңа бастамасын қолдаймын. Әзірге оның саясаты дұрыс болып тұр. Бірақ мына нәрсені айтпай кетпеуге болмас. Ол қаңтардағы оқиға кезінде екі қателік жіберіп алды. Бізде митингінің соңы бүлікке ұласқан кезде Еуропарламент Қазақстанның мәселесін қарап, келіссөзге келіп, бейбіт жолмен шешу керегін айтқан еді. Алайда, Тоқаев «Еуропарламент солай деп жатыр. Бұл – ақымақтық» деді. Одан кейін «оларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім» деді.

Біздің президент тумысынан дипломат емес пе еді?! Ол «ақымақтық» деген сөзді бекер айтты. Сөйтіп, бүкіл Еуропаны өзіне қарсы қойып алды. Мұндай сөз айту кешірілмейді. Егер ол сөздің орнына «Құрметті әріптестер! Мен кіммен келіссөз жүргізейін? Оларда белгілі бір басшы жоқ. Көшеден әр террористі ұстап алып, солармен келіссөз жүргізуім керек пе? Мен мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті қолға алу ниетімен қырғын жасаған адамдарды, қарулы террористерді атуға бұйрық бердім» деуі керек еді.

Осының бәрін Мемлекеттік хатшы Е.Қаринге «Дулат Исабеков осындай екі қателігіңізді айтты» деп президентке жеткіз» дедім. «Тоқаев мені қабылдасын. Осы сөздерді бетіне айтайын. Қайта оған бұл пайдалы болар еді» деген сәлемдеме айттым.
Жарайды, елдегі ситуацияға байланысты оған да кешіріммен қарайық. Жол-жөнекей түзелетін шығар. Бірақ ол кісіге де жақсы кеңесші, ақылшы керек. Өйткені, ел қым-қуыт болып жатқанда адам байқамай артық сөзді айтып қалуы мүмкін. Оған Әбіш Кекілбаев сияқты абыз адам, жақсы кеңесші керек. Ел ішіндегі сөздерді айтып отыруы керек. Сондықтан Ерланға «өзің сияқты қазақтілді, ақылы бар адам кеңесші болғаны дұрыс болар еді» дедім.

Осындайды айтпасқа болмайды. Енді президентке сенбеске біздің қақымыз жоқ. Себебі, Тоқаевтың соңғы сөздерінің бәрі де Жаңа Қазақстанды жасаудың жолындағы үлкен тартыс екен. Қазірдің өзінде басталды. Көптеген адамдарды орнынан алды. «Самұрық-Қазынаны» тазалап, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеденді қолға алды, көптеген олигархтарға шектеу қойды, шетелге ақша аударуды тоқтатып жатыр. Міне, айтқандарының 50 пайызы жүзеге асып, жемқорлықтан арылсақ, еліміздің жағдайы дұрысталады деп ойлаймын.

– Сіз осы уақытқа дейін Назарбаевпен талай мәрте кездестіңіз. Былтыр 13 желтоқсан күні де қолынан орден тақтыңыз. Сондай сәттерде де елдің мәселесін айтатын шығарсыз?

– Айтам ғой. Айтпай қоймаймын. Кейде сол үшін жеккөрінішті болып қаламын.

Сол орденді берерде Қырымбек Көшербаевпен ақылдасыпты. Оған дейін интернет порталға берген сұхбатымды ол кісі де, Көшербаев та көріпті. Сөйтіп, мені мемлекетке қарсы нөмірі бірінші фигура етіп қойыпты. Содан Қырымбекпен ақылдаса отырып, маған келгенде тосырқап, баяғы 1998 жылғы мақаламды еске алыпты.

Сол жылдары ел-жұрт қайыршы болып, лай су ішіп жатты ғой. Балабақша жабылып, кітапханалар тоналды. Ертең бізге бұл өмір керек еместей болды. Колхоз, совхоз таратылып, қойшылар таяқ ұстап, механизаторлар тракторын сатып қолына балғасын ұстап қалған заманда «Аул уходит гнево» деп орысша мақала жаздым. Қазақ баспасөзі баспай қойған соң, Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз «Казахстанская правда» газетіне апарып бердік. Әбекең оқып шығып, «мынауың керемет қой» деді. Газет редакторы Григорий Дильдяев оқып шығып «Да, это – переворот, это – сенсация. Бірақ мына мақаладан кейін мені орнымнан алып тастайды» деді.

Әбекең де қызық адам ғой. «Ну и что, сенің құйрығың креслоға жабысып қалып па еді, алса ала берсін» деген. Соны жариялады, шынымен редакторды орнынан алды. Міне, Назарбаев «Еліміз еңсесін көтеріп келе жатқанда қолдаудың орнына сондай мақала жазып еді» деп соны еске алыпты. Сол кезде де мені шақырып алып, «Мынау не?» деп сөйлескені бар.

«Назарбаев менің юморымды сағыныпты»

– Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлымен жеке кездестіңіз бе?

– Иә, кездестім. Сол күні көңіл-күйі жақсы болды. 13 адамға орден тақты. Екі жыл бұрын аяғыма ота жасалған. Медаль тағуға шақырғанда аяғымды сылтып басып қалып едім, «Аяғыңа не болды?» деді. Менімен сол жерде кішкене сөйлесіп қалды. «Ота жасап еді, дұрыс болмаған сияқты» дедім. «Онда осыдан кейін өзіміз оңаша сөйлесейік» деді. Сөйтіп, жеке қабылдауына кіріп, амандық-саулықтан кейін әңгімелестік.

Бұрын алдына барғанда үнемі юмор айтатын едім. «Сенің юморыңды да сағындым» деді. Одан кейін ашық әңгіме басталды: «Жалпы сіз баяғыдан орныңызда отырсыз ғой. Сізді «президенттіктен кет» деп біреу қуды ма? Сол жерде отыра бермедіңіз бе?» деп, әңгімені содан бастадым. «Білесің ғой, 80-нен асқаннан кейін президент болып отыру – диктаторлыққа әкеледі. Халықаралық қауымдастық мұны жақсы қабылдамайды, содан кейін Тоқаевты өткіздім ғой» деді.

Сосын елдегі жағдайды, мәдениет саласын айттым. «Мәдениет пен спорт министрлігін неге бірге қоямыз, балет пен футболды қалай қатар қоюға болады? Екеуін екі бөлу керек. Спортты өгейсітіп, содан кейін де олимпиададан 87-орын алдық. Жемқорлық қаптап кетті. Балабақшадан басталған жемқорлық барлық салада бар. Олигархтар көк тиын салық төлемейді екен. Кішкентай журналымның 1-2 мың теңге салығын төлемесем есепшотымды жауып тастайды. Олар миллиардтап Қазақстанды емір-еркін еміп, сорып жатыр. Осыларға тоқтау болу керек қой, олар әбден байып бітті ғой» дедім.

42 мың 500 теңгені 60 мың теңгеге көтердік деп мақтанып жатырмыз. Бұл мақтанатын нәрсе ме? 60 мың теңгеге кім өмір сүре алады? Сіз мені ылғи негатив нәрсе көреді деп ойламаңыз! Мен елдегі болып жатқан фактіні айтамын. Ал оны жасыру – трагедияны көбейту.

– Бұрын Назарбаевқа жағымпазданып, поэма арнап жүрген зиялыларымыз таяуда біздің сайтта жамандап шықты. Былайша айтқанда, маскасын теріс айналдырып киіп жатыр. Кімнің не дегенін естіген де шығарсыз…

– «Короля делает свита» деген орыстың мақалы бар. Осындай жағымпаздар президентті диктатураға алып келді.

Тақырыпқа орай: Мырзатай қашты, Несіпбек састы… Танымал адамдар Назарбаевтан теріс айналып жатыр
Мәселен, 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы Түркістан қаласында өтіп, артынан Дегересте үлкен жиын өтті. Сол кезде Мырзатай Жолдасбеков (өзі менің ұстазым) сөз сөйлеп: «Осы біз батысқа еліктеп, президентті сайлау мерзімін 4-5 жылға не үшін қоямыз? Олар өздерінше, біз өзімізше өмір сүреміз. Сондықтан осы президентті мәңгіге сайлап қояйық» деп алғаш боп ұсыныс айтқан еді. Ол кісі Назарбаев кеткенше осы пікірінен айныған жоқ.

Жолдасбеков сөйлеген сайын уайым қылып отыратын едім. Япыр-ай, Назарбаев жайлы айтқанда «елдің тәуелсіздігін сол кісінің арқасында алдық» деп қалай айтады? Олай емес қой, мұны бәрі біледі!
Біз Тәуелсіздікті ең сонынан алдық. Қысқасы, тәуелсіздік «көшеде» жатқанда алдық емес пе? Бізді Ресей рубль аймағынан итеріп шығарған соң амалсыз егемендік алдық. Әрі-беріден кейін тәуелсіздікті ұялғанымыздан алдық. Ең соңынан алғанын да мақтаныш көреді.

Тағы да біраз адамның үш сөзінің екеуі Назарбаев еді ғой. Қазір «Nur Otan» партиясы қатарынан 150 адам шығыпты. Солар кеше ғана осы партия десе, ішкен асын жерге қоятын адамдар еді. Енді келіп тайқып шыға келді. Қандай опасыздық?! Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып жүрген бейшаралар ғой. Ертең Тоқаевтың басына бұлт үйірілсе, бұлар тағы сөйтеді. Елді құртатын – жағымпаздар.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Дулат Исабеков: Тоқаев мені қабылдасын, бетіне айтайын… (nege.kz)

]]>
Мемлекеттік тіл туралы заңды парламент Президенттен талап етуі керек – Дулат Исабеков https://isabekov.live/?p=1617 Sun, 27 Jun 2021 17:14:48 +0000 http://isabekov.live/?p=1617 БАРЛЫҚ САЛАНЫҢ БІРІНШІ БАСШЫЛАРЫ ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУГЕ МІНДЕТТІ!

Қазір парламентте ел “Ақ жол” партиясы фракциясының көтерген маңызды мәселелерін жіті қадағалап отырады. Өйткені, Алаш ұстанымын ұстанған ақжолдықтар ұлттық идеологияда да, әлеуметтік-экономикалық салада да өздерінің қарқынды қайраттарын көрсетуде. “Ақ жол” фракциясының мүшелерінің бірі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазыбек Исаның парламент депутаты болып, халық мандатына ие болғалы бері еліміз үшін өзекті мәселелерді өткір көтеріп келе жатқаны көңілімнен шығып жүр. Шындығында, бұрындары Мәжіліс мінберінен талқыланып жатқан заңдарды тек бас шұлғып, қолдаудан аса алмайтын депутаттарды жиі көріп қынжылатынбыз. Қазір елдің көкейіндегі ойды айтатын ерлердің төбе көрсеткені көңілге берік сенім ұялатады.

Әсіресе, Қазыбек Исаның «Егер мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде?» деген сөзі қалың көпшіліктің кеудесіндегі үміт отын жағып, жігерлендіре түскені анық.

Ұлттық мәселеге келгенде біздің депутаттарымыздың дені бұғып қалатын көріп, біліп, жүрміз ғой. Ал “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялаған Қазыбектің ештеңеден тайсалмай, Мәжіліс мінберінен ұлттық мүддемізді қорғауы бәрімізге қанат бітіріп отыр десек артық айтқандық емес. “Ұлттық идеологияны қолға алып, Ұлттық болмысымыз Ұлтшылдық негізде қалыптасуы керек!” деген ұранды парламент төрінен тұңғыш рет “Ақ жол” фракциясы “айтып отыр!

Мысалы,Қазыбек Иса жариялаған “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалдарында көтерілген Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап ету, оған Премьердің қайтарған жаттанды жарымжан жауабының тас-талқанын шығарып, қайта сауал жолдауы,

Көрнекі ақпарат туралы заңға Тіл басқармаларының үш-төрт жыл бұрын айрылып қалған бақылау функциясын қайтару туралы бап енгізу және мемлекеттік тілді басты рөлге шығаратын бірнеше бапқа ұсыныстар жасап, оны үкіметке мақұлдату, қандастар көшін күшейту, азаматтық алуды жеңілдету, жабылып қалған Көші-қон комитеті құрылатын болуы, қандастарға ұлты қазақ деген анықтама берудің жолға қойылуы, шетелдегі қандас студенттерді онлайн оқытуды шешуі, Алаш қайраткерлерін ұлықтау, шекарашылар Қазақстанға қайта кіргізбей қойған, бес күн әуежайда орындықта қонған қандас қызымызды елімізге кіргіздіруі және тб мәселелерді шешу арқылы ақжолдықтар Парламент депутатының қандай болуы керектігін көрсетіп берді.

“Ақ жол” фракциясының мүшесі Қазыбек Иса бір шақырылымның бір сессиясының өзінде-ақ алдында әділетсіздікпен өзін өткізбеген үш шақырылымның жүгін көтеріп кетті.

Мен ақжолдықтардың депутаттық сауалдарына негіз болған қазақ тілінің жай-күйіне тағы да бір тоқтала кетуді құп көріп отырмын.

Менің ойымша, мемлекеттік тілдің мәселесі – қазақ тілін білмейтін қызметкерлердің мемлекеттік қызметте жүруімен тығыз байланысты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өзінің тиісті тұғырына қону үшін құзырлы мекемелердің басшылығына мемлекеттік тілді білетін, жаны ашитын және қазақ тілін қызметкерлерінен талап ететін азаматтарды тағайындауымыз керек. Мәселен, бізде Денсаулық сақтау саласының басшысы қазақ тілін білмейді. Қазақ тілін білмеген басшы қазақ тілінде қалай іс жүргізе алады? Демек, қазақ тілі өз елімізде әлі күнге дейін жанама тілдің күйін кешіп отыр. Сондықтан, кадр мәселесіне келгенде, қай салада болсын, бірінші басшыны міндетті түрде қазақ тілін білетінін қоюымыз керек. Егер бірінші басшы қазақ тілін білмесе, онда ол саланың қазақ тілінде іс жүргізуі, халыққа қызмет көрсету жағы ақсап жатқаны сөзсіз. Кадр мәселесінде қазақ тілінің мәселесін шешпей тұрып, біз қазақ тілінің ахуалын өрге бастыра алмаймыз. Ол бесенеден белгілі. Мемлекеттік тілді білмегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамайтын уақыт жетті! Ендігі жерде осы мәселені халық қалаулылары ел Президентінің алдына тікелей қоюы керек. Сонымен қатар, оң шешімін табуын талап етулері керек.

Ал қазір Қазыбек Исаның айтуынша, Көрнекі ақпарат туралы заңға Тіл басқармаларының үш-төрт жыл бұрын айрылып қалған бақылау функциясын қайтару үшін Кәсіпкерлік кодекске енгізген ұсынысқа мемлекеттік органдардың бәрі келісіпті. Тек “Атамекен” ұлттық палатасы әлі келісімін бермепті. Сонда “Атамекен” мемлекеттік тілдің дамуына қарсы ма?

ТЕРІС ДІНИ АҒЫМДАРҒА ЗАҢ ЖОЛЫМЕН ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНУЫ КЕРЕК

Тағы бір мені алаңдатып жүрген мәселенің бірі – өрімдей қыздарымыздың бет-аузын тұмшалап, қап-қара киініп, тек ғана көзін көрсетіп жүруі. Дәл қазіргі кезде ел ішінде кеңінен белең алған бұл үрдіс үрейімізді туғызып жүргенін айтуға тиіспіз. Біз Иран, Ауғаныстан сияқты діни емес, зайырлы мемлекетпіз. Біз секілді өздерін зайырлы мемлекет деп танитын Өзбекстанда бет-аузын тұмшалап жүруге қатаң тыйым салынған.
Менің алаңдайтын себебім – осы жолды берік ұстанған көптеген жастардың діннің теріс ағымдарына еріп, уахабистік жолға түсу арқылы өз болашағына өздері балта шауып жатуы жаныма қатты батады. Теріс жолға түсудің салдарынан, шет мемлекеттердегі соғысқа қатысып, құрбан боп жатқан жастар қаншама. Сондықтан, біз дінді дұрыстап ұстаудың жолдарын қарастыруымыз керек. Ол үшін халық қалаулылары осы бір өзекті мәселені Парламент қабырғасында көтеріп, оң шешімін табуына ықпал етуі тиіс. Уахабизм сияқты теріс діни ағымдарға заң жолымен қатаң тыйым салынуы керек.

]]>
Бұғатталды емес, бұғақталды!!! https://isabekov.live/?p=1609 Tue, 20 Apr 2021 16:59:28 +0000 http://isabekov.live/?p=1609

Соңғы кездері бүкіл ақпарат көздерінде «бұғат» деген сөз «бұғақ» деген сөздің орнына емін-еркін айтылып та, жазылып та келеді. Сөз біледі деген кейбір ақын-жазушыларымыздың өзі «бұғақталды» деген сөздің орнына «бұғатталды» деп алаңсыз жаза бастады. Басқа-басқа, «бұғат» пен «бұғақты» ажырата алмайтын журналистердің қаптап кеткені өкінішті-ақ!

Түсіндіріп айтайын: «бұғат» деп үйдің қабырғасы мен жабындының арасын айтады. Бұғат ағаш, бұғат қамыс т.с.с. Бұғат деген сөз термин ретінде қазіргі үй құрылысында да пайдаланып келеді. Ал, «бұғақ» деп асау аттың мойнына салатын қыл шылбырды айтады. Мұндай шатасуды бір әріпке байланысты кездейсоқ грамматикалық қате шығар деп жүрсем, барлық газет-журнал «бұғақталды» деген сөздің орнына «бұғатталды» деп жазу айнымас ережеге айналып бара жатыр. Бұл жөнінде мен бұдан бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде ашына жазып едім. Оны тыңдайтын журналистер жоқ сияқты. Тіл білмеушіліктің салдарынан бүгінгі таңда қазақ тілі шұбарланып бара жатыр. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер де әркімнің өз қалауынша жазыла беретін болды. Оны түзейтін редакция қызметкерлінің тілдік қоры да жұтаң. Қазақта ежелден айтылып келе жатқан «сенген өгізім сен болсаң, күйсеген нақ аузыңды ұрайын» деген мәтел бар. Осы мәтелді тіл білмейтіндер «Сенген қойым…» деп өңін айналдырып жазып та, айтып да жүр. Айналайындар-ау, мәтелдің мәніне қарасаңдаршы! Шаруа адамы  бір қойға қалай сенеді? Не үшін сенеді? Бұл мәтелдің шығу себебі де бар. Бес қойы бар бір шаруаға бір пысықай адам келіп: «Бес қойдан саған не пайда? Одан да бес қойыңды бір өгізге айырбаста. Көктемде өгізбен жер жыртып, егін салсаң 20-30 қой табасың», – деген соң шаруа байғұс бес қойын өгізге айырбастап, көктемде жер жыртуға кірісіпті. Егін алқабын бір-екі рет айналған соң өгізі соқаны тартпай, жата кетіпті. Шаруа байғұс өгізді тұрғызбақ боп мүйізінен тартады, құйрығынан бұрайды, қамшымен соққылайды. Ал өгіз болса, былқ етпей, күйсеп жата беріпті. Күйіп кеткен шаруа байғұс: «Сенген өгізім сен болсаң, күйсеген нақ аузыңды ұрайын» деген екен амалы таусылып. Шаруа адамы сенсе, өгізге сенер, жалғыз қойға не деп сенбек?

«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» деген ежелгі мәтелдің де өңін өзгертіп, ешкінің орнына кейбіреулер қойды қоя бастапты. Әйтеуір, түйеден жеңіл жануар болса болды дегені ғой.

«Пәленше дегеннің үй мүлкі бұғатталып, өзі түрмеге тоғытылды» деген тіркес көп кездеседі. Адам түрмеге тоғытылмайды, қамалады! Қойды қырқып болған соң жеңіл-желпі жарақаттары жазылсын деп бәрін кералин қосқан кубкаға тоғытады.

Айта берсең мұндай тіл бұзатын мысалдар көп-ақ! Мен солардың жаппай етек алып келе жатқан бір-екеуіне ғана тоқталдым.

Бұқаралық ақпарат көздері қазақ тілінің бұзылмай, таза сақталуына баса назар аударулары қажет.

Дулат Исабеков

]]>
«Бөрте – ұлы әміршілердің анасы» – Дулат Исабеков https://isabekov.live/?p=1606 Mon, 22 Feb 2021 13:58:02 +0000 http://isabekov.live/?p=1606

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Дулат Исабеков «Бөрте» пьесасын аяқтап, ұлы әміршілердің анасы туралы жазған көркем дүниесінің соңғы нүктесін қойды. «Бөрте» тақырыбын жазу туралы үш-төрт жыл ойланып жүргенін, жазудың сәті енді ғана түскенін айтады. Шыңғыс хан туралы көркем дүниелер де көп жазылды, көркем фильмдер де  түсірілді. Тіпті, тарихи се­риал­­дар да бар. Ал Бөрте тағдырын қозғаған шығарма кемде-кем. Ұлы қағанның әйелі туралы толыққанды деректер де көп емес. Жазушыны бұл тақырып неге қызықтырды? Дулат Иса­бе­ков­ке қойған алғашқы сауалымыз да осы болды.

– Шыңғыс хан тақырыбында қа­лам тартып жүргендер өте көп. Әрі тарихи тұлғаға  қатысты дау-да­май да жиі айтылады. Соған қара­мастан, Бөрте туралы пьеса жа­зуыңызға не себеп болды?

– Соңғы төрт-бес жыл бойы осы тақырыпты қаузасам қайтеді деп жүруші едім. Бөртенің тағ­ды­ры, оның өмірі туралы жиі ойлай бастадым.  Бір күні «осы мен Бөрте тақырыбын неге жазбаймын?» деген ой сарт ете қалды. Содан бері осы тақырыпқа көп іздене бас­тадым. Шыңғыс ханға қатысты жаз­балардың барлығын дерлік парақ­тап шықтым. Бірақ нақты Бөрте туралы жазылған тарихи кітап­тар жоқтың қасы. Барлық шежіреде  қысқа-қысқа берілгені­мен, шынайы оқиғалар жазыл­мағанын байқадым.

– Жалпы, Шыңғыс ханның өміріне қатысты түпнұсқа сана­латын үш қолжазба бар. Олар: «Моң­ғолдың құпия шежіресі», «Алтын топшы» және Рәшид әд-Диннің «Жылнамалар жинағы». Бірақ мен негізгі дерек көзі ретінде  «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабына сүйендім. Өйткені ол 1240 жылы жазылып біткен. Одан кейінгі кітаптардың дені – 100-200 жыл өткен соң жазылған дүниелер. «Моңғолдың құпия шежіресі» мен «Алтын топшыны» көбірек пай­даланғаным да сондықтан. Қалған кейбір детальдерді кейбір кітап­тардан қарадым. Үш-төрт жыл бойы Бөртеге қатысты деректің бәрін іздеп, оқып, табуға тырыс­тым. 27 бет материал болды. Содан кейін ғана жазуға отырдым.

– Пьеса қанша күнде жазылды?

– «Бөрте» – менің өмірімдегі ең ұзақ жазған шығармам. Оның себебі  Бөрте тарихи тақырып қой. Тарихтан аттап та кете алмайсың. Егер құр тарихи деректермен жаза берсең, онда ол тарихи драма болып шығады. Бірақ негізгі оқиғалардың бәрі сол тарихи шығармалардан алынды. Әуелі зерттеу жүргізіп, тарихи деректерді тізіп алдым да, төрт-бес айда жазып шықтым. Біттім-ау дегенде  тың деректер, жаңа фактілер кездесіп қалады. Қайта өңдеп, қайта қосып шығамын. Өзгертіп болдым ғой деп отырсаң, тағы бір қызықты оқиға кездесе кетеді. Тіпті, осы тақырыпқа қалам тарт­ты-ау деген, көзі тірі тарихшы­лардың барлығымен дерлік  Бөрте тағдыры туралы сөйлесіп көрдім. Кейде олардың пікірлерінің өзі бір-біріне қайшы келіп жатты. Қарап тұрсаң, «Моңғолдың құпия шежіресінің» өзінде бір алшақтық байқалады.  Шыңғыс хан мен Бөртенің қосылу тарихында үлкен бір бос кеңістік бар. Есукей  ең алғаш Тимуджинге қыз айттыруға алып шыққанда оның жасы тоғызда болатын. Жол-жөнекей Дай шешеннің үйіне бұрылады ғой. Сол үйде олар Бөртені көреді. Сол жолы Есукей батыр қоңырат тайпасының  қызына құда түсіп, Тимуджинге айттырып кетеді. Ол кезде Бөртенің жасы – 10-да. Ал кітапта «Бөрте тұңғыш ұлы Жошы­ны дүниеге әкелгенде жасы 31-де еді» деп жазады. Бұл деректі оқы­ғанда қатты таңғалдым. Мұны қалай жазсам болады деп көп ой­ландым. 31-ге дейін Бөрте бала көтермеген бе? Немесе ол неге Шыңғыс ханға кеш қосылды? Айттырған соң араға он жыл өткен соң, екеуі бас құраса, Бөртенің жасы 20-да болуы керек.  20 жастың өзі моңғолдар үшін кемпір деген сөз. Олар қыздарын 14-15 жаста ұзатқан. Осындай кейбір түсініксіз мәліметтер де араласып жүр. Өзім күмәнданған тұстарымды тарих­шылардан, деректі біледі-ау деген адамдардан сұрап отырдым.

– Жалпы, кей тарихшылардың деректері бір-бірімен қабыспай жататыны белгілі. Ертең сіздің пьесаңыз сахналанғанда бұл мәселе тағы да алдыңыздан шықпай ма?

– Негізгі дерек көзі ретінде «Моңғолдың құпия шежіресін» алғанымды айтып отырмын. Тарихшылардың өзінде де кей деректерде қарама-қайшылық өте көп. Мен оны олардың өзіне де айттым. «Тарихи тақырыпқа қалам тартқаныммен, деректі шығарма жазып отырған жоқпын. Менің пьесам – көркем дүние» дедім. «Сендерге сенсем, кей деректерде бірізділік жоқ. Ертең бұл пьеса сахнаға  шыққан кезде  он шақты тарихшы түгел барып, көрермен ретінде тамашалайтын болса, он шақтысы он түрлі пікір айтатын түрлерің бар. Сондықтан менің өз пікірім бар: ол – «Моңғолдың құпия шежіресі». Қателессе де, кей деректер дәл емес десеңіздер де, сол кітапты негізге алдым. Жалпы, Бөрте – жинақталған образ. Яғни, көркем дүние. «Ойбай, Бөрте өйтпеген еді, бүйтпеген еді» деп, тырнақ астынан кір іздеп, әр детальді бұрмалап дау айта бермең­дер. Осыны есте сақтаңдар» деп өздеріне де ескерттім. Негізгі пары­зымды орындап, тарихшы­лардың пікірін тыңдадым. Өзімнің білгенімше емес, «Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша жазып шықтым.

– «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын топшыдан», бөлек,  Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» тарихи романы бар. Бөртеге пайдалана алдыңыз ба?

– Шыңғыс хан тақырыбына қалам тартқандар аз емес. Мағауин­­нен бөлек, Шыңғыс Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» деген пьесасы бар. Сол бойынша кино да түсірілді. Шыңғыс хан туралы қаншама романдар бар. Оның бәрін бір пьесаға сыйдыру мүмкін емес. Шыңғыс ханның өзі туралы айтатындардың көбі айтып болды. Том-том кітаптар бар. Жалпы, бар­лығына тән дерек бір: арада қан­шама ғасыр өтіп кеткен соң, тың­ғылықты жаңалық ашу да қиын. Әрине, Шыңғыс хан тақырыбы жазылып бітті деп, тағы айтуға да болмайды. Әлі де бұл тақырыпты қаузайтындар болады. Менің басты мақсатым – Бөртені жазу болды. Сол тақырыптың үдесінен шықтым деп ойлаймын.

– Пьесаның соңғы нүктесін қой­дыңыз. Спектакль қашан сахнаға шығады?

– Мұхтар Әуезов атындағы ака­демиялық драма театрының «Бөртені» биыл қойғысы бар. Оны өзім тоқтатып қойдым. Келесі жылы, яғни 2022 жылы 80 жасқа толамын. «Келесі жылдың мамыр-маусым айында шығарсаңдар, жақсы болар еді» деген өтінішімді айттым. Оған дейін пьеса жарыққа шықпаса да, еш ренішім жоқ. Түркістанда жаңа театр ашылып жатыр. Олар да «Бөртені» қойғысы бар. Жаңа театр шымылдығын осы спектакльмен ашамыз дегендей жоспар құрған секілді. Оның өзін сырт жақтағы адамдардан естіп жатырмын. Тағы екі-үш аймақтан ұсыныс түскен еді. Қызылорда об­лыстық театрында істейтін досым Әмір-Темір Құсайын пьесаны оқып шығып: «Пьесаңыз керемет екен.  Бірақ менің театрымда Бөр­тенің рөлін ойнайтын актриса жоқ» деп ашық айтты. Оның сөзіне: «Сонда сендердің театр­ларыңда Бөртеден басқа рөлдерді ойнайтын актрисалар табылады да, Бөртені ойнайтын актриса болмағаны ма? Үлкен образға лайық актриса болмаса, ол қандай театр?» деп таңғалдым да, бірақ досымның ашық мойындауына риза болып, жылы жауып қойдық. Әзірге «Бөрте» пьесасы туралы жаңалық осындай. Келесі жылға дейін тағы жоспарлар өзгеріп қалар, кім білсін?! Бірақ бір спек­такльді тым көбейте беруге де бол­мас.

– Кез келген тарихи шығарма сах­наланғаннан кейін сынға ұшы­райтыны анық. Сіз сынға дайынсыз ба?

– Сынға дайын болғанда, тіпті сол сын ертерек айтылып, соған ертерек жауап берсем екен деп отырмын. Сол тарихшылардың көзін жеткізейін, деректі шығарма мен көркем дүниенің арасында қандай айырмашылық болатынын дәлелдегім келеді. Тіпті, сұрамаса да, сахнаға шығып, пьеса туралы айтқым келіп тұр. Сондықтан кез келген сын-пікірге дайынмын.

– «Бөрте» сіздің ең соңғы шы­ғармаңыз болмас. Қағаз бен қалам­мен әлі қоштаса қоймаған шығар­сыз?

– Соңғы шығарма бола қоймас. Әуел­де «Бөртеге» қатысты «әй, бұл менің ең соңғы шығармам болуы мүмкін» деп айтып едім. Естіген жігіттердің бәрі «бұлай айтпаңыз» деп жатыр. Сондықтан осы жыл­дың соңғы шығармасы деп айтуға болар. Өйткені «Бөртеге» бүкіл күш-жігерім кеткен сияқты. Шы­ғар­ма біткен соң, он күн бойы жынынан айырылған бақсыдай,  салым суға кеткендей, сылқ түсіп жүріп алдым. Газет оқимын, теле­дидар қараймын, тамақ ішемін. Басқа ешнәрсеге зауқым жоқ. Ең қы­зығы, «Бөрте» пьесасына шетел­діктердің қатты қызығу­шылық танытып жатқаны мені қуант­ты. Пьеса бітпей тұрып, Ан­глия­дағы достарым, таныстарым­мен кездескенімде, «Бөрте» туралы айтып берген едім. Сюжетін ес­тіген соң, қатты қызығып кеткен еді. Содан олар «Брюссель мен Венаның театрларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз» дейді. Пье­саны орысшаға аудартып, мәтінін салып жібердім. Әзірге осындай жаңалықтар бар. Үш-төрт жылғы мидағы артық салмақтан арылып, жеңілдеп қалған жайым бар.

Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС

Сұхбаттың “Айқын” газетіне шыққан санына сілтеме: https://aikyn.kz/112835/%d0%b1%d3%a9%d1%80%d1%82%d0%b5-%d2%b1%d0%bb%d1%8b-%d3%99%d0%bc%d1%96%d1%80%d1%88%d1%96%d0%bb%d0%b5%d1%80%d0%b4%d1%96%d2%a3-%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%81%d1%8b/

]]>
БӨРТЕ https://isabekov.live/?p=1595 Mon, 22 Feb 2021 12:28:56 +0000 http://isabekov.live/?p=1595

(Тарихи  драма)

Кейіпкерлер:

  1. Бөрте
  2. Шыңғыс-хан (Темучин)
  3. Уәлін-әжін – Шыңғысханның анасы
  4. Есукей – Темучиннің әкесі
  5. Дай Шешен – Бөртенің әкесі
  6. Жамұқа – Шыңғыс-ханның досы, кейіннен қасы
  7. Қасар,
  8. Белгітай     Екеуі де Шыңғыс-ханның інілері
  9. Қорши – палуан, кейіннен ноян
  10. Айшан – Бөртенің құрбысы, кейіннен есі ауысқан әйел.

11.Тұғырыл (Уан-хан) Керей тайпасының ханы

  1. Тарғұдай  қырылдақ

13.Бөртені алып қашатын үш Меркіт

  1. Кейқуат кемпір

15.Үрсилә, отыз тұтқын қыздар, көпшілік сахнасы

Ер адам ролі  – 12

Әйел ролі – 5

16. Екі ару – Есуи, Қуан (эпизодтық рольдер)

Ескерту. Пьесадағы өлең жолдарының бәрі «Моңғолдың құпия шежіресінен» алынды.           

                           БІРІНШІ  БӨЛІМ

Қырық тайпа, қырық рудан құралып, монғол деп аталып кеткен ел таулы-тасты, орман-тоғайлы, шөл дала мен өзен-сулардың бойында көшіп-қонып, ғасырлар бойы тайпа мен тайпаның тайталасы бір толастамай, жерге, жайлауға, билікке байлыққа таласып, ырду-дырдумен сынған көзенің сынығындай әр тайпа өз үстемдігін жүргізбек боп, күнде дабыл, күнде шайқас құрсауынан шыға алмай, жартылай жабайы халден арыла алмай, әр тайпа, әр ру өз заңы, өз түсінігімен өмір кешіп бірігуді білмей шашырап жатқан бей-берекет кез.

Дамыл таппайтын дабыл, бітпейтін соғыс, жеңген жақ масайрап, жеңілген жақ уақыт өте қайта бас көтеріп, кекке кек қосылып, бір-бірімен қырқысып жатқан тайпалар.

Қылыш пен найза, шоқпар мен сойыл  соғыстары біршама саябыр тауып, жеңілген жақ жарасын жалап, қайта бас көтергенше ел арасы біршама толас тауып, әр тайпа ештеңе болмағандай үйреншікті тірліктеріне алаңсыз кірісіп кетеді.

Сондай толасты күндердің бірі еді.

      *  *  *

Керулен өзенінің сағасындағы Сексір мен Шақырғы алқабы. Бұл алқапты Дай шешен басқарған Қоңырат тайпасы мекендейтін. Керулен  өзенінің жағасындағы қарағайлы орманның шетіне бір-бірімен жапсарлас тігілген бірі тоғыз қанатты, екіншісі алты қанатты ақ үй. Сол кездегі дәулетті адамдар мен ел билеушілерінің салты бойынша үлкен үй – қонақ қабылдайтын, кіші үй – өздері тұруға арналған, бір-бірімен айқара ашылатын есік арқылы жалғасқан егіз үй.

Қақ  ортасынан қылышпен кесіп түскендей тоғыз қанат үлкен үйдің жартысы ғана көрініп тұр. Үй іші өте сәнді. Кереге басы мен уықтарға аю, қасқыр, түлкі, бұлғын, жолбарыс терілері ілінген.

Негізінен қонақ қабылдайтын үй болғандықтан мұнда артық-ауыс тұрмыстық бұйымдар жоқ, бәрі сән үшін, әсемдік үшін жасақталған.

Үй иесі Дай шешен ырғаққа қондырған мұзбалақ бүркіттің жонын сипап еді, бүркіт иесін танып шаңқ ете қалды.

Дай шешен.  Ә-ә, мені таный бастадың ба, мұзбалағым! Бұдан былай екеуміз ажырамас  дос боламыз. Бір жұма бойы ырғақта ұйқы көрмей, қызыл жемей әбден қалжырадың, енді сені тұғырға қондырамын. Қане, орныңнан тұра ғой да, тұғырыңа қона ғой. Міне, міне, солай! Қорықпа. Қарның да әбден ашқан шығар. Сәтін, ау Сәтін! Ақ жем ғып жуған қоян етін әкеле ғой, мұзбалақты жемдейін.

Әйелі Сәтін ағаш табаққа салынған бүркіттің жемін әкеледі.

Сәтін. Бір жұма бойы не ұйқы көрмей, не жемтік жемей, әбден азап шекті  ғой байғұс. Көзі жұмылып бара жатса ырғақты қозғап ұйқы бермейсің. Қандай  қатігезсің!

Дай шешен. Өйтпесе жабайы бүркіт қолға үйрене ме? Бұл – қатыгездік  емес, тәрбие!

Дай шешен табақтағы жұқалап тілінген еттің бір тілімін алып, бүркіттің аузына апарады. Етті иісінен сезген мұзбалақ Дай шешеннің қолындағы етті бір-ақ шоқып қылғытып салады.

Дай шешен. Әп, бәрекелді! Азап пен аштық артта қалды. Енді бір жұмадан соң екеуміз аңға шығамыз. Бұдан былай өз тамағыңды өзің тауып жейсің. Сәті түссе, бізді де сыбағасыз қалдырмассың, солай ма?

Бүркіт тағы шаңқ етіп, Дай шешеннің қолындағы етті шоқып-шоқып жұта бастайды.

Осы кезде сыртта байлаулы тұрған Дай шешеннің көк дөненінің кісінеген даусы естіледі.

Дай шешен.   Біреу-міреу келді ғой деймін. Бөрте, барып біле қойшы, кім келді екен?

Сәтін. Көк дөненің бөтен атты көргенде кісінеуші еді, қыз бала бөтен кісілердің алдынан шықса үйде ересек адам жоқ деген сөз, өзім барып біліп келейін!

Сәтін қолындағы тостағын  Дай шешенге ұстатып, шығып кетеді.

Сәтін ізінше қайта кіреді. Түрінде әбіржу мен қобалжу бар.

Дай шешен. Біреу-міреу келіп пе?

Сәтін.   Екі ат мініп, бір атты бос жетектеген бір кісі мен бір бала аттарынан түсіп жатыр. Үлкен кісіні бір жерде көрген сияқтымын, бірақ, жыға тани алмадым.

Дай шешен. Қос ат мініп, бір атты бос жетектеген болса алыстан келе жатқан сыйлы кісілер болды ғой. Ұят болды-ау, аттарын қары ағашқа өздері байлап жатқан шығар-ау, жүр, алдарынан шығып, аттарын байлайық.

Екеуі есікке жете бергенде қонақтың үлкені үйге кіріп келе жатады.

Дай шешен өз көзіне өзі сенбей аңырып тұрып қалады.

Дай шешен. Құдай-ау, кімді көріп тұрмын? Есукеймісің?

Есукей. Көрмегелі көп болып еді, танығаныңызға шүкір! Армысыз, Дай шешен!

          Екеуі құшақтасып амандасады.

]]>
Бүгінгі қазақ кім? Сапа дегеніміз не? “NUR TILEY” бағдарламасының қонағы Дулат Исабековпен сұхбат. https://isabekov.live/?p=1578 Sat, 05 Dec 2020 08:25:23 +0000 http://isabekov.live/?p=1578

]]>
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы: Шведтіктер бес повесімді жақсы бағалады https://isabekov.live/?p=1574 Fri, 30 Oct 2020 04:37:19 +0000 http://isabekov.live/?p=1574

Кешегі күндері ауыл мен Алматының арасында ғана оқылатын әдеби шығармаларымыз бүгінде алты құрлыққа таралып, әлем тілдеріне аударылып жатыр. Алдымен өз оқырманы сүйіп оқыған қаламгерлердің таңдаулы шығармалары өзге тілдерге саяхат жасап, өрісін кеңейтуде. «Соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жаз» деген Ғабит Мүсіреповтің тағылымы қазіргі қазақ жазушысының бағдаршамы іспетті болуы керек. Біз жақында ғана бір жинағы Альфред Нобельдің Отанында Швед тіліне аударылған жазушы Дулат Исабековке арнайы барып шағын сұхбат алдық.

– Швед тілінде бір кітабыңыз шығыпты деп естідік. Құтты болсын! – Рақмет!

– Оларды қай кітабыңыз қызықтырды? – Бұл осыдан бір жарым жыл бұрын басталған шаруа еді. Сондағы Англина деген кісі маған хат жазып: «Сіздің «Гауһар тас» повесіңіз бен «Қабылан» атты әңгімеңіз біз жақта жоғары бағаланып жатыр. Повестеріңіз бен пьесаларыңызды жақсы білеміз. Ағылшын тілінде бірнеше кітабыңыз шықты. Енді, шығармаларыңыз Швециядан шықса деген ойдамыз», – деген мазмұнда хат жазған. Сосын ол қыздан: «Сіздерге, Швед оқырмандарына қандай шығармалар ұнайды?» – деп сұрап едім, олар: «Қазақтардың бүгінгі өмірі, кешегі хәлі туралы жазылған шығармалар болса», – деп жауап берді. Сол үшін «Гауһар тас», «Сүйекші», «Дермене», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты бес повесім мен «Қабылан», «Социализм зәулімі», «Сақтық күзетшісі» деген үш әңгімемді жолдадым. «Мамырда кітапты басып шығарамыз» деп еді, ыңғайы келмепті. Себебі ол жақта басқа тілден Швед тіліне аударатын аудармашы өте қат екен. Бір сөздерінде: «Сіздің кітабыңызды аудартсақ деген мықты аудармашыны көп күттік. Ол бұрын орыс жазушысы Солженицын мен Достоевскийдің көптеген шығармаларын, қазақ жазушысынан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» тәржімалаған», – деп айтып қалды. Осындай себептермен кітап шығару ісі кешігіпті. Олар 20 қазан менің туған күнім екенін білетін. Соған орайластырып үлгеруге тырысқан екен. Маған жиырма данасын жіберді. Әуелгі жоспар бойынша, 20 қазанда Стокгольмде кітабымның тұсаукесері өтуі керек еді. Бәріміз дайындалып отырғанбыз. Бірақ сондағы біздің елшіміз Қайрат Әбдірахманов телефон шалып: «20 қазан өте асығыс болады, сол үшін бұл шараны алдағы жылдың мамыр айының алғашқы он күнінен қалдырмай өткізсек. Мен бұл игі істі «Рухани жаңғырудың» аясында қазақ әдебиетінің мерекесі етіп өткіземін. Сіздің кітабыңыздың Швед тілінде шығуы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінен» кейінгі екінші жеңіс болды. Сондықтан, асықпаңыз, мамыр айына жоспарлайық», – деген өтініш айтты. Сол жақтағы баспаның мамандарымен сөйлесіп көріп едім, бұл идеяны олар да құптады. Сонымен, аманшылық болса, мамыр айында кітаптың тұсаукесері өтеді.

– «Кітаптың жиырма данасын қолыма алдым», – дедіңіз, қалай шығарыпты? Сізге ұнады ма? – Әрине, өте сапалы шыққан. Суретті таңдау да аса машахатты болды. Мәскеуде шыққан кітаптарыма басылған суретті жіберіп едім, сапасыздығын айтып жаратпады. Еліміздегі Таңсық атты суретші қыз менің портретімді салып бітірген. Сосын олармен сөйлесіп, әлгі салынған суретті жібердім. Құдайдың құдіреті, Таңсықтың сол суреті оларға ұнай кетті.

– Кітабыңыз қанша тиражбен шығыпты? – Қазірге мың данамен. Ары қарай кітаптың сатылуына байланысты тағы көреміз деп отыр.

– Бұны сіз үшін, қазақ әдебиеті үшін үлкен игілікті іс деп білеміз. «Біраз қаламақы келіпті» деп те естідік. – Иә, алғашқы қаламақысын жіберіпті.

– Сіздің шығармаларыңыз бұған дейін де бірнеше тілге аударылды. Бірақ Швед тіліне аударылуды Нобель әдебиет сыйлығына бір табан жақындау деп түсінемін. Осы тілде шыққан кітабыңызды Нобель сыйлығына ұсыну ойыңызда бар ма? – Жоқ. Бұны айту әлі ертерек. Бір байқағаным, мен жіберген бес повесть оларға қатты ұнапты. Соның өзі мен үшін мәртебе. «Енді осы бес повесті ағылшын тіліне аударсақ» деп отыр. Соған қуанып отырмын.

– Әңгімеңізге рақмет! – Саған да рақмет!

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

https://qazaqadebieti.kz/26754/dulat-isabekov-zhazushy-shvedtikter-bes-povesimdi-zha-sy-ba-alady 

]]>
Дулат Исабеков: «Ендігі романымның кейіпкері – Америка түрмесіндегі қазақ қызы» https://isabekov.live/?p=1562 Fri, 23 Oct 2020 08:48:27 +0000 http://isabekov.live/?p=1562 Жазушы Дулат Исабековке телефон шалып, сұхбат алатынымды айтып едім, «үйге кел», – деді. Алатаудың етегінде тұрады екен, адасып жүріп, әрең таптық. Үйінің көшесіне жете бергенде, анадайдан апамыз «Әй, балам, Дулат атаңның үйі мұнда», – деп айқай салды. «Кейде өз үйімнен өзім адасамын», – деп күліп қарсы алған жазушы бірден кітапхана­сына қарай бастады.

Біз әдеби кеңістікті романмен ғана өлшейтін сияқтымыз

– Бала кезіңізде сізді «өліп қалды деп көміп тастай жаздағанын» естігенім бар еді. Рас па? Екеуара әңгімемізді осы сұрақтан бастағым келіп тұр…

– Иә, ол рас. «Кішкентай кезімде қатты науқастансам керек, анам мені өлді деп киізге орап дәлізге шығарып тастаған екен. Ертесі бірнеше жігіт күрек-кетпенін алып, маған қабір қазуға кеткен ғой. Бір уақытта апам көрші кемпірге: «Ана баланы жолға шығарыңдар» , – депті. Сонда ол кісі менің бетімді ашып қараса, «өліп қалған» мен көрші кемпірдің бетіне қарап күліппін. Қатты қорыққан әлгі кісі мені жерге тастай салып, «Ойбай, Күміскүл-ау, балаң тірі ғой», – деген соң, апам қатты жылапты. Ал маған қабір қазып жатқандарға біреуі барып, «бала тіріліп кетті», – дегенде олар не істерін білмей дал болыпты. Бұл оқиғаны маған ешкім айтпаған еді. 6 жасымда бірінші класқа барғанымда, сабақтан 5 алыппын. Апам қуанып, жұртқа шай берген еді. Сол кезде әлгі көрші апамыз маған қарап «сенің бес алуың менің арқамда, егер сенің бетіңді ашып қарамағанымда, мыналар сені көміп тастайтын еді» дегенде барып, бұл оқиға туралы алғаш естіп, жәй-жапсарын түсіндім. Тағы бірде менімен бірге оқыған ағам екеуміз кітапқа ма, бірдеңеге таласып қалып, жұлқыластық, мен оны «қалқанқұлақ» деп мазақтадым, «Тіліңді тарт», – дейді, тартпаймын. Сонда «сол кезде сені көміп тастау керек еді», – деп айтқан еді қатты ашуланып. Әне сол сәтте «өліп-тірілгенім» туралы екінші рет естідім. Міне, бала кезінде «өліп-тірілген» мен бақыттымын, тірі қалып, жазушы болып, бірнеше кітап жаздым. Шығармаларымның арысы Ұлыбританияда да кітап болып шығып, лордтар палатасында өз өмірім мен шығармашылығым туралы, Батыс пен Шығыстың айырмашылығы туралы, біздің әдебиетіміз жөнінде пікірімді білдіріп, сөз сөйледім. Қарасаң, өмірдің қызығы көп-ақ екен.

– Оқырмандар сізді «Қарғын» романынан кейін мандытып ештеңе жазбады деп жүр. Оған не дейсіз?

– Егер драматургияны әдеби жанр деп есептемесек, онда оқырманның бұл сөзі рас. Ал оны әдеби жанр ретінде қарастырса, мен «Қарғыннан» кейін 17 пьеса жаздым. Аз ба? 17 пьесам жарты әлемнің сахналарында қойылып жатыр. Лондонда қазақ пьесасы тұңғыш рет сахналанды, ол – менің «Өкпек жолаушым». Кейін «Аққу-Жібек» те сол жақтың көрермендеріне көрсетілді. «Актриса» пьесам Болгарияда және басқа елдерде қойылып, шетелдік көрермендердің жақсы бағасын алды. Меніңше, біз (қазақтар) әдеби кеңістікті, өрісті романмен ғана өлшейтін сияқтымыз. Ал мен жазған пьесаларымның санымен мақтанып отырғам жоқ. Біреу 100 пьеса жазуы мүмкін, бірақ бірде-біреуі сахналанбауы әбден ықтимал. Менің драматургиядағы ұстазым Қалтай Мұхамеджанов өмірінде алты пьеса ғана жазды, проза жазған жоқ. Ал Чеховтың әңгімелерінен басқа тағы 5-6 пьесасы бар. Прозадан драматургияға көшіп кеткенімнің себебі де осы болды. Бірақ драматургияға осы саладағы кеңістікті толтырып тастайын деген патриоттық сезіммен барған жоқпын. Соңғы кездері маған прозадан гөрі драматургия жанры өте оңтайлы болды. Қазір «Қарғынды» біреу оқып жатыр ма, жоқ па, оны білмеймін. Ал драматургияда маған қызық болғаны, айтар ойымды толық айтамын да, оның нәтижесін бірден көремін. Сонымен қоса, театрмен жұмыс істеу – тіпті қызық. Кейіпкерлеріңнің бәрін тірідей сахнадан көру, айтқан ойларыңды естіп, жұрттың арасында отыру сияқты жағдайлардың беретін әсері басқаша. Ал прозаға келсек, «Қарғыннан» кейін «Ай Петри ақиқаты» деген кітабым шықты ғой. Сол кітаппен Мемлекеттік сыйлық алдым. Оқырмандардың ойлағанын мен ойламай жүрген жоқпын. «Қаншама пьеса жазсам да, бір әңгіме жазбадым-ау» деген ой жүрегіме шаншудай қадалады. Неге мен роман жазбай жатырмын? Себебі, қазір заман басқа. Қазіргі кезде «Қарғынның» стилімен роман жазуға болмайды. «Гауһартастың» заманы өтті. Әр жазушы әр шығармасын жазғанда бұрынғы стилін қайталамауға тырысуы керек. Роман боларлықтай бірнеше оқиғалар санамда тұр, бірақ соған басты кейіпкер таба алмай жүрмін.

– Бәлкім, кейіпкерді осы заманның адамдарының арасынан іздеу керек шығар?

– Дұрыс айтасың. Осы заманның адамы болғаны жөн. Басқалардың жазған кітаптарын оқимын, бәрі де бұрынғы стильмен жазады. Қазіргі жанрдың ішінде мистика, комедия, трагедия, сарказм мен типтік характер де болуы керек. Басқалар типтік характер тауып жатқан шығар, ал мен әлі іздеп жүрмін. Мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында драматургиядан сабақ беремін. Шәкірттеріме үнемі «мен түсінбейтін бірдеңе жазып келіңдерші, сендердің жазып әкелгендеріңнің барлығы біздің заманның стилі, сендердің замандарың, көзқарастарың, махабаттарың, оқитындарың, көретіндерің, сезінетіндерің басқаша ғой, соны неге жазып әкелмейсіңдер?» – деп талап қойып отыратыным бар. Өкініштісі, әлі ешкім мен түсінбейтіндей ештеңе жазып әкеле алмады.

Шахановтан сатып алған саяжайымды қандасыма тегін сыйладым

– Шетел жазушыларының әрқайсысында бір-бірден әдеби редактор болған, осы үрдіс бізде неге жоқ?

– Ондай редактордың бізде болуы қиын. Себебі, ондай адам әлем әдебиеті мен өз әдебиетін, сондай-ақ жалпы әдеби үрдісті жақсы білетін адам болуы керек. Шетел жазушылары нені жазып жатыр, олардың оқырманы қандай жанрға қызығады, біздің оқырмандар ше? Осының бәрін таразылап, салмақтай алатын адам болуы керек. Мұндай жағдай біздің әдебиетіміздің тарихында болып көрген жоқ. Мысалы, Ә.Нұрпейісов – тарихта бірінші рет редакторсыз роман шығарған жазушы. Өйткені Әбекең бірде-бір редакторды мойындамады, ол үшін ол кісінің стиліне терең бойлай алатын адам керек еді. Біздің айтып жүрген редакторларымыз – тек кітаптағы қатені қарайтын, түсінбеген сөздерді автордан сұрайтын адам ғана. Ал сен сұрап отырған әдеби редактордың жөні басқа, ондай адамдар бізге керек еді, амал қанша?

– Бір сөзіңізде: «Қазір бізде бұрынғыдай шығармашылық атмосфера жоқ», – деп едіңіз…

– Ол рас. Себебі, біз капитализмді қабылдай алмасақ та, ол кезеңге өттік. Социализмді қабылдай алмасақ та, секіріп феодализмнен де өттік. Соның бәрі біздің қанымыздан, ана сүтімізден келген жоқ. Ресейде бәрі рет-ретімен келді де, адамдардың бәрі сол үдерістерге дайын болды. Біздікі керісінше. «Бонапарттың үйленуі» деген әңгімемде «екі атты есік алдында жүн түтіп отырған кемпірден есендік сұрасқаннан соң, «ал, апа, енді сіз Совет азаматы болдыңыз», – деп кетіп қалады, әлгі кемпір феодализмде түткен жүнін социализмде де түтіп отыра берді», – дейтін жері бар еді. Міне, жаңа формация осылай келді бізге.

Дәл осы кезде жазушының кішкентай шөбере қызы 

«аталап» жүгіріп келіп, атасын иіскеді. Атасы шөбересін

алдына алып отырып, сұхбатты ары қарай жалғай берді

 

Қарсақбаев өз фильмінде ешкімге ақыл айтқан жоқ

 Шеттен көшіп келген қандасыңызға бір үйіңізді тегін беріпсіз, ол қалай болды?

– Үй болғанда, еңселі дача-саяжай ғой. Оны мен Мұхтар Шахановтан сатып алғанмын. Сонда өзіміз бірнеше жыл отырып, осында көшіп келдік. Бос тұрды. Бір күні біздің үйге екі әйел келді де, «үйіңізді әрең таптық, сіздің дачаңыздың қасында пәтер жалдап тұрамыз. Монғолиядан көшіп келгенбіз, жеті баламыз бар, қолымызда үлкен-кісілер бар, сіздің үйді сатып алсақ деп едік», – деп мені сол жаққа бастап барды. Әлгі екі әйелдің бірінің күйеуі Сарыөзекте жол құрылысында жұмыс істейді екен. «Күйеуің айына қанша жалақы алады?», – деп сұрап едім, «500 доллар», – деді. «Мына үйімді қаншаға аламақсыңдар?», – дегенімде, «айына 500 доллардан беріп тұрайық, бізге беріңіз» деп жауап қатты. Балалары қуанып, біз осы үйді алатын болдық, қандай бақыттымыз!», – десіп үйді айналып, бірін-бірі қуалап жүгіре жөнелгені. Әлгі сәтті көріп, жетім өскен менің көзімнен жас төгіліп кетті. «Япыр-ай, егер ана балалардың бақыты осы үй болса, онда неге тегін бере салмаймын» деп ойлап, «ендеше мына баламның қолына 500 доллар салыңыз, ырымы болсын, осы 7 балаға қосқаным болсын, осылар аман болса, бір жөні болар, сосын үйді тегін алыңыздар»,– дедім. Олар сенбей тұрып қалды. Кейін бір айдан кейін әлгі бауырларым тағы 500 долларын алып үйге келіпті. Ол кез тамыздың аяғы еді. «Биыл балаларың мектепке барады екен, бұл ақшаға осыларға киім алып беріңдер», – деп қайтардым. Осы күнге дейін жеті баланың үйді айнала жүгіргені көз алдымда. Оларды қуантқан сәтімді ойласам, өзіме іштей разы боламын. Содан кейін екі отбасы жақын араласып кеттік.

– Оралхан Бөкеев бір сөзінде «менде қазір дос жоқ», – депті. Қазір сізде дос бар ма?

– «Жоқ» деп айта алмаймын, екі-үшеуі бар. Олар – Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдік. Оралхан мен Асқардың досы жоқ болуы – олардың өз мінезінен деуге болады. «Досым жоқ» деп айту – барлық жазушыға тән нәрсе сияқты. Сол үшін де Мұқағали «Қазақтың жігітінен дос таба алмай…» деп Фаризаға мұңын шақты. Біздің кезімізде, әртүрлі саяси, қоғамдық, әдеби көзқарастары тоғысып, пікірлері бір жерден шыққанда ғана адамдар дос бола алатын. Ал әрқайсысы алуан түрлі ойлайтын болса, онда олар тек жолдас бола алады. Жолдас көп, дос аз, өйткені пікірлес болу керек, дос болу үшін таланттары деңгейлес болуы керек, халтураны, менмендікті жат көріп, әрбірінің қоғамдық көзқарасы дұрыс болуы керек. Кейде елде болып жатқан оқиғаларды естіп, ішіңдегіні біреуге айтып, сырласқың келеді. Сондай сәттерде бұрын Әшірбек Сығайды іздейтінмін, ал қазір тек Бексұлтанмен ғана сырласа аламын. Әнеу күні ауруханада Бексұлтанның әйелін кездестіріп қалдым, сосын шалын сұрадым. «Үйде жүрегі ауырып жатыр», – деді. «Не болды оған?» десем, «Кеше телевизордан Олжастың «Алматыны Алма-Ата деп өзгертейік» деген сөзін естіп жүрегі ауырып қалды», – дейді. Көрдің бе, менің достарымды?

– Қазіргі біздің қоғам бала тәрбиесіне үстірт қарайтын күйге жеткен сияқты, алдымен әке, одан соң ата ретінде қазіргі ұрпақ тынысы туралы ойланасыз ба?

– Біздің елдің бүгінгі ең маңызды мәсе­лесі мемлекеттік тіл болып тұр. Менің заман­дастарым да, достарым да осы мәселеге бас қатырумен келеді. Мектеп те, оқулық та, министрлік те жетісіп тұрған жоқ. Балалар не оқитынын, қалай оқитынын білмей қалды. Ахмет, Халелдердің уағында баланы тәрбиелеуші – мектеп еді, қазір бәрі көк жәшікке телміретін болып алды. Ал сол теледидардың өзі балаларға дұрыс тәрбие бере алмай жатыр. Алғашында «Балапан» телеарнасы ашылғанда қуанып едік, ол арна қазір кілең данышпан тәрбиелеумен айналысуда. «Данышпан қарға», «Данышпан тасбақа», «Данышпан торғай» дей ме, әйтеуір тек «данышпандар» туралы көрсетіп, қала берді, архитектура, қала салу жайлы айтады. Құдай-ау, бәрі ақылды, сонда біз баланы данышпан қылып тәрбиелейміз бе? Сол үшін балалар қазақша арналарды көрмейді. Себебі, Ресей телеарналарында балаларға түсінікті тілмен, тек балаға қажетті дүниелерді беріп қызықтырады, балаға керегі – сол. Ең маңыздысы, балаға ақыл айтпайды. Біздегі балалар өлеңінің өзі «атамды тыңдаймын, апамды тыңдаймын» деген сияқты мәнде ақыл айтумен ғана шектеледі. Балаға сол қажет пе? «Менің атым Қожа» фильмі неге мәңгілік туынды болып қалды десек, Қарсақбаевтың мықтылығы сол, ол туындыда ешкімге ақыл айтқызған жоқ, балалардың өз өмірін көрсетті. Осының өзі – тәрбие. Ал біз тәрбиені уағыз арқылы берудеміз. Қорыта айтқанда, телеарна түзелмей, тәрбие түзелмейді.

– Кейінгі жас жазушылардың шығармаларын оқып тұрасыз ба? Аягүл Мантайды маңдайынан сүйіп тұрған суретіңіз әлеуметтік желіден көргендердің көңілін толқытты…

– Аягүлдің шығармаларын осы күнге дейін қалт жібермей оқып келемін. Қыздар­дың ішінде батылдау пікір айтатыны – осы қыз. Лира Қоныс деген қызымыз бар еді, шетелге кетіп қалды. Мейіржан Жылқыбай деген жазушы жігіт бар, кітабы жақында кәріс тілінде жарық көріп, тұсаукесері өтті. Олардың маған ұнағаны – шығармаларындағы тілі. Мейіржанның шығармаларын оқып, «мынадай тілді қайдан сіңіріп жүрсің», – деп өзінен сұрадым. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде жазған шығармасының өзі мені бейжай қалдырмады. Үй жануарларының өмірін суреттеген бір шығармасы бар, өте сәтті шыққан. Күшіктің, тауықтың мінезін, әтештің даңғойлығын қаз-қалпында жеткізген. Ақын жігіттердің де өлеңдерін оқып тұрамын, бір қынжылатыным – олардың жазғаны бір-біріне ұқсап кетеді. Жастар поэзиясында жалған толғақ, жалған мұң басымдау сияқты. Шығармашылық ізденістен гөрі олар өздерін көрсетуге ұрынып бара жатқандай.

– Қазақ әдебиетінде «Жүз жылдық жалғыздықтың» деңгейіндегі шығарма жазылды ма, егер жазылмаса, қашан жазылады?

– Ойбай-ау, қиын сұрақ екен. Бізде тақырып басқа. Ондай шығарма жазылған күнде, біздің оқырмандар дәл сондай деңгейде бағалай алмас еді. Егер бағалау керек болса, ондай шығармаларды атап бере аламын. Бексұлтанның «Әй, дүние-ай» романының «Жүз жылдық жалғыздықтан» несі кем? Бір адамның бір ғасырлық өмірі, тағдыры. Ал Төленнің «Тұғыр мен ғұмыры», «Парасат майданы» – сен айтып отырған шығарманың деңгейінде жазылған шығармалар. Бірақ үлкен роман деңгейінде айтар болсақ, ондай шығарма әлі туған жоқ деуге болады. Мұхтар Мағауин жазады ғой деп күтіп едім, «Жармағын» оқып ем, мен ойлағандай болмай шықты.

 Мағауинге хат жазғым келеді

– Сіздердің буын көп қыдырған, көп оқыған, көп жазған буын болды. Егер, енді қолға қалам алсаңыз, қандай стильдегі роман жазар едіңіз?

– Ремарк романдарының стилімен бір жаңа роман жазып шықсам деген арманым бар. Баяғыда Америкада «кісі өлтіруге қатысы бар» деп бір қазақ қызын соттап жіберді. Соны іздеп барып, сөйлесіп қайтсам ба деп те жүрмін. Кейіпкерім Америка түрмесіндегі қазақтың сол қарагөз қызы болары даусыз. Бұл шығармамның жобасын да жасап қойғанмын. Драматур­гия­мен айналысқалы бері Нобель сый­лығын алғандардың барлығының шығар­маларын оқып шықтым, оқыған соң «Осылардың бізден несі артық? Анау Артур Миллердің, Прусттың бізден несі ерекше?» деген ойға қаласың. Мүмкін ұлы шығармалар қарапайым болып көрінетін шығар. Бізде жазудың негізгі мектебі қалыптаспады. Жазба әдебиетіміздің жүз жылдығын енді ғана тойлап отырмыз. Ал басқа елдердің жазба әдебиетінің тарихы бірнеше ғасырға бойлайды. Біздің жазушылардың өздері әлі күнге дейін авторды зерттеп оқымайды. Жалпы, оқырманды театрмен, әдебиетпен тәрбиелеп отыру керек. Біз соған үлгермей қалдық. Өйткені саяси формация қарқынды түрде өзгеріп жатады да, әр кезеңде алдымызда басқаша мақсат тұрады. Сол үшін де оқырмандарымыздың өзі әртүрлі санаттағы адамдар. Бүгін айтысқа барып отырған адам ертең түсініксіз қойылымдарда отырады. Театрға адам не үшін барады? Үш нәрсеге бола барады. Авторға, режиссерге, сосын актерге. Бізде көрермендерді тәрбиелейтін қойылымдар әлі күнге дейін жоқ. Әр кезде әр автордың спектаклін қояды да, жүйе бұзылады. Қазіргі Әуезов театрындағы спектакльдердің көбін, егер Мәмбетов болса, қоймас еді. Міне, кеше ғана «Аттиланы» көрдім. Біз деректерден оқыған Аттила қайда? Мына спектакльдегі Аттила қайда? Жер мен көктей. Мен де Аттила туралы пьеса жазамын деп ойлағам, бірақ кілтін таппадым. Ал басқалар кілтін таппаса да, жаза беретін болыпты. Кешегі қойылымнан Аттиланы көп іздедім, дүниені дүр сілкіндірген, Римді жаулап алуға аз-ақ қалған, империя құрған Аттила қайда? Оның бірі жоқ. Драматург болудың қиындығы соншалық, сен «Анна Каренина» мен «Абай» романын компьютерлік бетпен 35 бетке сыйғызуың керек, айтарыңды, бүкіл оқиғаны соның ішіне жинақтайсың, бір сөзбен айтқанда, бұл сала жинақылықты қажет етеді. Миллер сияқты бір ауыз сөзің артық һәм кем болмауы керек, драматургтың лексиконында «білмеймін» деген сөз болмауы қажет.

– Біздің қазіргі қоғамның басты дерті не?

– Көптен бері ауыр ойда жүрмін. Енді елу жылдан кейін Қазақ қандай күйде болады, білмеймін. Халқымыздың саны – 12 миллион ғана. Өзбектер 34 миллион болды. Ішімізде төрт полигон жатыр. Ішіңдегі запыранды төгіп, жеңілдеп қалатын адамың да жоқ. Сондай сәттерде Оралханға, Ақселеуге, Мұхтар Мағауинге хат жазғым келеді. Әсіресе Ақселеуге: «Сен неге өлдің? «Бірің өліп, бірің қал» деп кетіп қалғаның ба? Оралхан, сен де тым ерте кеттің, Шерхан ағаларың да кетті, бір-бір топ болып жүрсек, мына билік, ел-жұрт бізді тыңдайтын еді ғой. «Барлық қорлықты осылар көрсін» деп кетіп қалдыңдар ма?» деп қолға қалам алғым келеді. «Мұхтар, сен сияқты адамдар бізге керек еді ғой, шетелге кетіп қалу оп-оңай, сен Солженцин секілді кеткен жоқсың, сен өзіңнің жан тыныштығыңды ойлап кеттің. Шетелге кімнің барғысы келмейді. Бірақ біз осы елдің ішінде болуымыз керек, сен сыртта жатып алып, төрелік айтқанды қой, одан да өз ішімізге келіп айт. Шыңғысханнан гөрі бүгінге арналған роман керегірек еді, ол тақырыпты мұжып болдық емес пе?! Сырттан бақылап отырып, жұртқа төрелік айтқан саған жараспайды. Өткір ойың, терең ғалымдық қасиетің бар еді, сен қорлық көріп кеткен жоқсың. Жиырма жыл «Жұлдызды» басқардың, мемлекеттің барлық сыйлығын алдың, «Халық жазушысы» атандың, Мемлекеттік сыйлықты алдың, кетерден үш-төрт ай бұрын Иманғалидан 4 бөлмелі үй алдың. Сонда сен неге өкпелісің? Сені бұл мемлекет несімен өкпелетті? Саған бәрін берген осы мемлекетке разы болуың керек. Шығармаларыңның басылмай қалған кезі болған жоқ. «Мен» деген роман жазып, жұртты өзіңе қарсы қойдың. Өзіңнен басқаны мойындамаған мінезің де болды ғой» деп хат жазғым келеді.

– Қорытынды сұрақ: жазушы деген кім?

Ол – композитор, ол – археолог, ол – тарихшы, ол – саясаткер, ол – математик. Жазушы болу үшін әлемдік әдеби үрдісті, саясатты, музыка мен ғылымды біліп отыру керек. Неге Айтматов басқаларға қарағанда көп оқылады? Ол бір оқиғаны баяндайды, және соның шешімін айтады. Ал біздің жазушыларда бос сөз көп. Жазушы шығармасында артық сөз болмағаны жөн.

Түйін сөз:

Жазушымен сұхбат екі сағатқа созылды, әңгіме үстінде ол кісі бір рет те орнынан қозғала қойған жоқ. Бастан-аяқ тіп-тік отырды. Тек сұхбат соңында ғана «ойбу, сен бала, мені сөзге айналдырып, темекі шегетін уақытымды өткізіп жіберіпсің ғой», – деді. Күлдік.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 

 

 

]]>
Жүз жылдық махаббат https://isabekov.live/?p=1553 Tue, 25 Aug 2020 04:27:37 +0000 http://isabekov.live/?p=1553 Драмалық эссе

Кейіпкерлер:

Мағжан Жұмабаев

Зылиха Жұмабаева

Мәдина – актриса

Валерий Брюсов

Гүлсім

Кәжен – Гүлсімнің күйеуі

Тергеуші.

 

*       *        *

Алматы қаласының шеткі аудандарының бірінде, дәлірек айтқанда, тоғызыншы мөлтек аудан деп аталатын панельді үйдің аядай бір бөлмелі пәтері. Үй жиһаздары мейлінше жұпыны. Оң жақ қабырғада ескі шкаф, оның жанындағы сары тумбаның үстінде ескі телевизор, сол жақ қабырғада отырған адам жерге ойылып түсіп кетердей темір торы әбден тозған шиқылдауық сым кереует.

         Кірген адамның жаны құлазитындай аядай тар бөлмеде қазақ халқы мақтаныш тұтатын, өмірін өз елінің болашағына арнаған, бойындағы жалын атқан өз талантының жалынына өзі өртеніп кеткен, орыстың әйгілі ақыны Валерий Брюсов «қазақтан шыққан жаңа Пушкин» деп атаған Мағжан Жұмабаевтың зайыбы, 92 жасар Зылиха апай тұрып жатыр.

         Арпалыспен өткен бір ғасырлық өмір артта қалды. Ендігі қалғаны – үй маңын көптен торуылдап, анда-санда есік-терезеден сығалап кетіп жүрген өліммен бетпе-бет келу. Сүйікті жары Мағжаншылап айтқанда – «Әлдиле, өлім, әлдиле» деп өлім құшағына ену. Мағжан өмірін сонау балалық шағынан бастап соңғы сәтіне дейін түп-түгел білетін, ешқандай оқулықтар мен зерттеу  еңбектері қамти алмайтын, таратып жазсаң жүз кітапқа сыймас ақын өмірінің барлық шындығы көкірегінде қаттаулы жатқан соңғы адам осының бәрін өзімен бірге о дүниеге алып кетпек.

         Зылиха апай сүреңсіз үйде сүлесоқ қимылдап, кереует пен шкаф ортасында тұрған дөңгелек столға кесе-шәйнектерін қойып, біреу-міреуді күткендей есік жаққа ауық-ауық қарап қояды. Ол стол үстіне қант пен сары майын қойып, енді нан турауға кіріскен сәтте есік қоңырауы шар ете қалды.

         Зылиха  жаймен барып, есікті ашады. Өзінің аса жауапты кездесуге бара жатқанын білген сұңғақ бойлы, жасы отыз-отыз бестер шамасында аққұбаша келген әдемі келіншек аса талғампаздықпен мейлінше әсем киініпті. Келіншек үйге кірген бетте Зылихамен ежелгі танысындай жайдары амандасты.

МӘДИНА.  Ой, сәламатсыз ба, Зылиха апай! Сізбен кездесудің ешқашан сәті түспейтін шығар деп үмітімді үзе бастап едім. Кездесуге келісім бергеніңіз үшін сізге мың да бір рахмет! Мың жасаңыз, апа!

ЗЫЛИХА.  Мың жаса дейсің бе? (күліп) Қолынан келмейтін нәрсені ауызбен лақ еткізіп төге салатын қайран қазақтар-ай! Сағыздай созылған осы өмірімнің өзі қашан бітеді деп күн емес, сағат санап күтіп отырсам, сен кеп мың жаса дейсің. Мен асарымды асап, жасарымды жасап болған адаммын. Әне, терезеден қайта-қайта сығалап жүр ғой!

МӘДИНА.  Ол кім?

ЗЫЛИХА. Ажал да! Менің тереземнен одан басқа кім сығалаушы еді! Ал, жоғары шық!

Екеуі столға кеп отырады. Мәдина үрейленіп, терезе жаққа қарап қояды.

МӘДИНА.  Артық айтсам кешіріңіз, «мың жасаңыз» деген сөзімді көңіліңізге алып қалдыңыз ба? Мені көкірегімнен итермей қабылдағаныңыз үшін Сізге деген ризашылығымды білдірмек болған түрім ғой. (жан-жағына қарап) Аты аңызға айналған Мағжан Жұмабаевтың жұбайы кең сарайдай үйде тұрып жатқан шығар десем…

ЗЫЛИХА. Көп адам солай деп ойлайды екен. Мағжан жайлы білгісі кеп бұл үйге талай адам келіп кетті. Араларында ғалымдар да, журналистер де, үкімет адамдары да бар.

МӘДИНА. Үкімет адамдары дейсіз бе? Олар Сіздің қандай жағдайда тұрып жатқаныңызды көріп ешқандай көмек көрсетпеді ме?

ЗЫЛИХА (кенет ызаланып) Әй, шырағым, сен НКВД-ның тергеушісі сияқтысың ғой. Менің бүкіл өмірім тергеумен өткен. Одан да тез жөніңе көш! Маған қандай шаруамен келдің?

МӘДИНА. Япыр-ай, мен байқамай Сізді тағы да ренжітіп алдым-ау… Құдай үшін, маған бүйтіп ашулана көрмеңізші. Менің ойымда инедей де кемсіту жоқ. Сізбен бүгін кездесетін болғаныма шексіз қуанып, түнімен кірпік ілмей шықтым. Сізбен жолыққанда өзімді-өзім қалай ұстаймын, не айтам деп әбден дайындалып-ақ келген сияқты едім, өзіңізді көрген соң жинақтаған ойымның бәрі тарыдай шашырап, апыл-тапыл сөйлеп отырғаным содан шығар.

ЗЫЛИХА. Жарайды, сен де айып етпе. Менің көргенімнің оннан бір бөлігін көрсең Мұхтар Әуезовтің Қарагөзіндей баяғыда жынданып, тоғай аралап кетер едің. Иә, сонымен өзің кім боласың? Журналистпін дедің бе?

МӘДИНА. Жоқ, Зылиха апай, Сіз дұрыс түсінбеген екенсіз ғой. Мен журналист емеспін, мен – актрисамын. Атым – Мәдина, фамилиям Ержанова.

ЗЫЛИХА. Актриса?! Актрисаның менде қандай шаруасы болуы мүмкін? Бұл – күтпеген жаңалық екен. Қай театрдансың?

МӘДИНА. Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрынанмын.

ЗЫЛИХА. Сәбит Мұқанов атындағы театр дейсің бе?

МӘДИНА. Иә.

ЗЫЛИХА. Оның атында театр бар ма еді?

МӘДИНА. Иә. Петропавлда қазақ театры ашылған. Ашылған күннен бастап театр со кісінің атында.

ЗЫЛИХА. Бір кездері ол Мағжанның шәкірті болып еді… Ал, Мағжанның атында әлі ештеңе жоқ…

МӘДИНА. Енді болатын шығар. Ол кісінің жолы енді-енді ашылып келе жатыр ғой.

ЗЫЛИХА. Сонда сен Петропавлдан келдің бе?

МӘДИНА. Иә, Зылиха апай. Сізбен жолығып сөйлесу үшін Алматыға келіп жатқаныма бір жеті болды.

ЗЫЛИХА. Әу бастан-ақ солай деп анықтап айтпадың ба? Қайдан білейін сенің Мағжанның туған жерінен келгеніңді! Соңғы кезде Мағжаншыл боп алған ғалымдар мен журналистердің бірі шығар деп аса мән бермеген шығармын.

МӘДИНА. Сөзіңіздің төркініне қарағанда… көп кісіге өкпелі сияқтысыз ғой.

ЗЫЛИХА. Соғар дауыл соғып, емендерді түп-тамырымен қопарып өтті де кетті, енді опынғаннан түсетін пайда қайсы? Орны толмас ашу-ыза мен қайғы-шерімді көрге алып кетуден басқа амал қалған жоқ. Мағжан ақталған соң да оның аты аталғаны үшін баспа редакторларын жазаға тартқан басшылар да қазір ұялмай, қызармай осы үйге талай келіп кетті. Бір кездері Мағжанды қудалауда алдына жан салмағандар бүгін кеп жұрттан бұрын Мағжаншыл болып алды. Опасыз жалған деген осы…

МӘДИНА (күрсініп) Иә-ә, ондай опасыз адамдар арамызда әлі де баршылық. Реті келсе олар қайта тірілуге сақадай сай тұр. Шет жағасын көріп те жүрміз.

ЗЫЛИХА. (Шай құйып, Мәдинаға ұсынады). Ал, шай алып отыр.

МӘДИНА. Рахмет!

ЗЫЛИХА. Ал, актриса бикеш, менімен не туралы сөйлесейін деп едің?

МӘДИНА. Қалай десем екен?.. (орнынан тұрып, келген мақсатын қалай айтарын білмей, арлы-берлі жүре бастайды). Ім-мм… Біздің театр…. Биылғы маусымды… «Мағжан–Зылиха» деген спектакльмен ашуды жоспарлап отыр еді. Соған байланысты…

ЗЫЛИХА. Не-ме-не? Спектакль?

МӘДИНА. Ия, солай, Зылиха апай.

ЗЫЛИХА. Ол ойындарыңның аты «Мағжан – Зылиха» деп атала ма?

МӘДИНА. Әзірге солай…

ЗЫЛИХА. Оны кім жазбақшы?

МӘДИНА. Әзірге белгісіз. Театр басшылары қайтсек те биылғы жылы ұлы жерлесіміздің өмірі жайлы спектакль қоямыз деп шешім қабылдап отыр. Алматыдағы бір драматургпен келісіп жатқан сияқты.

ЗЫЛИХА. Солай де! Театр басшылары шешім қабылдап отыр де? Шыныңды айтшы, сол басшыларыңның өзі Мағжанның өлеңдерін оқып көрді ме екен сірә?

МӘДИНА. Неге оқымасын, апа! Бүгінде бар қазақтың аузында Мағжан аты жүр емес пе? Театрымызда Мағжан поэзиясын жатқа оқитын артистер аз емес.

ЗЫЛИХА. Ал, сен өзің ше? Мағжаншыл болсаң бір өлеңін оқып берші!

МӘДИНА. Ой, апай, мені бүйтіп сынамаңызшы. Мен ол кісінің өлеңдерін жастайымнан жаттап өскенмін. Қаласаңыз, оның «Батыр Баян» поэмасын түгел оқып бере аламын. Бірақ, оған көп уақыт кетеді ғой.

ЗЫЛИХА. Сонда да болса, бір өлеңін оқып берші, бәлкім, сенің аузыңнан тыңдағым кеп отырған шығар.

МӘДИНА. Жарайды, тілегіңізді орындайын. Іһм! (Даусын кенеп). «Батыр Баян» поэмасынан үзінді.

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл – қолым емес кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп жанады да.

Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,

Толғанып қарауым сол баяғыға.

 

Ертегі уатпай ма баланы да,

Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да.

Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған,

Еркімен өзі-ақ отқа барады да.

 

Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын,

Күрсініп көзіне жас алады да.

Ақында адамзаттан дос болмайды,

Жалғыз-ақ сырын айтар қаламына…

–Ары қарай оқи берейін бе?

ЗЫЛИХА. Осы да жетер! Актриса болмай тұрып өзің де өлең жазғансың ғой деймін.

МӘДИНА. Әлі де жазам. Бірақ, ешкімге көрсеткен емеспін.

ЗЫЛИХА. Егер пьеса әлі дайын болмаса оның атын «Мағжан–Зылиха» деп кім қойып жүр?

МӘДИНА. Ол әзірге біздің жұмыс жоспарымыз ғой. Театрда ондай жағдайлар жиі болып тұрады.

ЗЫЛИХА. Сонда сен кімнің ролін ойнамақсың?

МӘДИНА. Сіздің. Егер келіссеңіз.

ЗЫЛИХА. Менің бе? (күліп). Жоқ, актриса бикеш, келіспеймін! Менің күйген-сүйгенімді айтып дүйім жұрттың алдында масқараламақсыңдар ғой. Жазушылар махаббаттан басқа нені жазушы еді. Көрерменге қызық болсын деп Мағжан екеумізді сүйістіре беретін шығарсыңдар. Қазір сондайлар көбейіп кетті ғой, қарап отырып ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың.

МӘДИНА. Жоқ, апай. Мұнда тек махаббат жайы ғана айтылмайды.

ЗЫЛИХА.  Ал, Мағжанды кім ойнамақшы?

МӘДИНА. Оны әлі шешкен жоқпыз.

ЗЫЛИХА. Сонда қалай? Әлі пьеса жазылмаған, Мағжанның ролін кім ойнайтыны тағы белгісіз. Сонда сен маған не үшін келіп отырсың? Бәрі дайын емес, жалғыз сен ғана дайынсың ба?

МӘДИНА. Иә… Солай деуге де болады. Мен Сіздің бейнеңізді сахнаға шығаруды өмір бойы армандап келдім. Өйткені, Сіздің өміріңізді ес білгелі зерттеп келемін. Тіпті, Мағжан аға ақталмай тұрғанның өзінде ел ішіндегі Сіздер жайлы әңгімеге құлақ түріп, Сіздермен бірге өмір сүрдім десем де болады. Актриса болсам деген арманымның оянуына сіз түрткі болғансыз.

ЗЫЛИХА. Сахнада жылтыр сөйлеп үйреніп қалғаның көрініп тұр. Осының бәрі рас болса, осыған дейін қайда жүрдің?

МӘДИНА. Сізбен кездесуге дайындалып жүрдім. Арманым – Сіздің бейнеңізді сахнаға шығару.

ЗЫЛИХА. Сол да арман боп па? Актрисалардан: «қандай арманыңыз бар?» деп сұраса бәрі де келісіп қойғандай бір ауыздан: «арманым – «Медеяны», Клеопатраны, Лисистратаны ойнау», одан қала берсе «Қарагөзді», Баян мен Ақтоқтыны сахнаға шығару» деп сарнап қоя беруші еді ғой, сен  нағып менің деңгейіме дейін төмендеп қалғансың? Әлде, театр саған ондай рольдерді бермей жүр ме?

МӘДИНА. Зылиха апай…

ЗЫЛИХА. Зылиха апай дегенді қоя тұр! Сендерде аздап болса да этика деген бар ма, жоқ па? Көзі тірі адам жайлы пьеса жазып, оны сахнаға шығару деген қазақтан басқа қай елдің дәстүрінде бар? Сен менің ролімді ойнайсың, ал, мен (күліп) көрермен залында шалқайып отырамын! Сонан соң сахнаға көтеріліп, қазіргі газет тілімен айтқанда, «менің образымды ойдағыдай ойнап шыққаның үшін» саған рахмет айтуым керек! Не деген тоғышарлық! Сендер өзі жан-жақтарыңа қарап, өзге жұрттың не жазып, не қойып жатқандарымен істерің бола ма, жоқ әлде, бастарыңды бұғып алып, табан жолдарыңнан басқаны көруге шамаларың жетпейтін зағипсыңдар ма? Әлде жазушыларыңның тақырыбы таусылып, әртістерің үй ішіндегіден әріні көре алмайтын көр соқыр боп тынған ба? Иектеріңнің асытындағыдан әріні көруге шамаларың жетпейді. Көрмейсіңдер! Үйренбейсіңдер! Өмірдің шындығына терең бойлай алмайсыңдар. Сондықтан да айтар әңгімелерің, қояр пьесаларың ауыл арасындағы өсек-аяңнан әрі аса алмай жатады. Өмірдің сан-сапалақ шындығына әрі кетсе жатаған тамның басына шығып қарайсыңдар да, өздеріңді құс ұшар биікке шықтым деп ойлайсыңдар. Бастауыш мектептің білімімен өздеріңді академикпін деп санайсыңдар. Өздерің білмейсіңдер, білгеннің тілін алмайсыңдар. Кемшіліктеріңді мойындауға озбыр өзімшілдік пен жалған намысшылдықтарың жібермейді. Өзімшілдік пен кеудемсоқтық өнерді орға жығатынымен шаруаларың болмайды. Кемшіліктеріңді айтқан адамнан өткен жау жоқ сендер үшін!

МӘДИНА. Зылиха, апай, Сізге не болған? Сәл сабыр етіңізші… (шай құйып ұсынады) Міне, ыстық шай ішіп жіберіңіз.

ЗЫЛИХА. Керегі жоқ! Немене, мені есінен адасқалы отыр деп қорқып барасың ба? Қорықпа! Мен есімнен мың адасып, мың қайтып үйренген адаммын. Мені Мағжаннан басқа жұбатып көрген тірі пенде болған жоқ. Және… ол сияқты ешкім жұбата да алмайтын.

МӘДИНА. Иә, айта түсіңізші… Ол қалай жұбатушы еді.

ЗЫЛИХА (оның сөзін естімегендей). Міне, сол Мағжанды… орыстың әйгілі ақыны, ұлы жазушы Максим Горькидің досы, Мәскеудің жоғары әдебиет институтының ұйымдастырушысы Валерий Брюсов менің Мағжанымды қазақ топырағында туған екінші Пушкин деп атап еді.

МӘДИНА. Міне ғажап!

ЗЫЛИХА. Сол Брюсов бүкіл әлем әдебиетінің классигі боп қалыптасып үлгірген Гогольдің «Үйлену» комедиясы мен «Өлі жандарын», «Тарас Бульба» повесі мен «Нева проспектісі» повесін аяусыз сынап, кейбіреуін іске алғысыз ғып тастап еді. Мен мұны неге айтып отырмын? Біз  біреуді пір тұтсақ, оған пұтқа табынғандай табынып, оған өмір бойы шаң жуытпай өтеді екенбіз. Сонан соң да бізде ілгерілеу жоқ. Қаптаған шала білімді тоғышарлар осындай ой айтқан адамның соңына шам алып түсіп, арадай талайды. Білімдіні білімсіздер, ойлыны ойсыздар, саналыны санасыздар жеңеді. Өйткені олар көп, ал, талант жалғыз-жарым. Білесің бе, Мағжанға Сталиннің репрессиясынан гөрі талантсыздардың талауы қатты батты. Ол өз заманынан озық туды. Оны ешкім түсінбеді, түсінгендері қасақана мойындамады. Бұл жөнінде Пушкиннің не айтқанын білесің бе?

МӘДИНА. Жоқ..

ЗЫЛИХА. Әрине білмейсің! Ауыл арасының әләулайынан арыға бара алмайтын адамдар нені білуші еді, нені мойындаушы еді? Дарынсыз, қызғаншақ тоғышарларға әбден ызаланған Пушкин байғұс: «Осындай талант пен ақыл беріп, менің Россияда туылуыма қай сайтан түрткі болды екен!» деп күйінбеп пе еді. Әлем әдебиетіне талай алыптарды берген Россияда жүріп Пушкин осылай күйініп жазса, Мағжан байғұстың халі қандай болғанын айтпай-ақ түсінерсің.

МӘДИНА. Кешіріңіз, Валерий Брюсов Мағжанды не үшін Пушкинге теңегенін айта алмайсыз ба?

ЗЫЛИХА. Не үшін болушы еді? Албырттығы үшін, тентектігі үшін, бойын өртеп бара жатқан жалындаған таланты үшін, намысшылдығы үшін. Ол кезде Брюсов бұл сөзді жай қолпаштау үшін айта салған шығар деп қабылдап едім, енді қарасам, ол Мағжанның болмысын тап басып айтқан екен. Пушкин ар мен намыстың өртіне күйіп өлді ғой. «Погиб поэт невольник чести» деген Лермонтовтың өлеңін білетін шығарсың?

МӘДИНА. Әрине, мектепте жаттап өстік қой.

ЗЫЛИХА. Оны білгеніңе де Құдайға шүкір!.. Сол Пушкиннің қалай өлгенін білесің бе?

МӘДИНА. Білем. Дуэльде.

ЗЫЛИХА. Несінші дуэльде?

МӘДИНА. Ол жағын білмедім.

ЗЫЛИХА. Он алты рет дуэльде атысып, он жетісінде ажал құшты. Сол заманда өмір сүрсе, Мағжан да дуэльде өлетін сияқты боп көрінеді де тұрады. Брюсов әлгі сөзді Мағжанның албырт мінезіне қарап айтқан екен-ау деп ойлаймын. Бірақ, оның алдынан дуэль емес, репрессия шықты.

МӘДИНА. Сонда, Мағжан бәрібір өз ажалынан өлмес еді дегіңіз келе ме?

ЗЫЛИХА. Маған солай көрінетін де тұратын. Онымен бірге өткізген әр күнім, әр сағатым тәңірдің маған тартқан теңдесі жоқ бақытындай көрінуші еді. Мен сол бақытымды аяқ астынан жоғалтып алатындай, оны бір беймәлім күш менен тартып әкететіндей, ылғый да қорқыныш құрсауында ғұмыр кештім. Баянға аттанып бара жатқан Қозыға: «Мен түсімнен шошып ем, ей жалғызым, әйтеуір тірі күнде маған жоқсың!» деп анасы зар жылап қоштасушы еді ғой, мен де Мағжанның маған тірі бұйырмайтынын сезіп, әр таңды үреймен қарсы алатынмын.

МӘДИНА. Соншалықты үреймен өмір сүруіңізге не себеп болды? Қызғаныш па, әлде махаббат па?

ЗЫЛИХА. Екеуі де.

МӘДИНА. Егер сүйген адамыңыз қасыңызда болса, соншалықты неден қорықтыңыз?

ЗЫЛИХА. Сұрағыңа қарағанда сен ешқашан ғашық боп көрмегенсің ғой деймін. Күйеуің бар ма?

МӘДИНА. Бар. Екеу.

ЗЫЛИХА. Сонда, екі күйеумен бірдей тұрып жатсың ба?

МӘДИНА. Бұрынғы күйеуіммен әлі заңды түрде ажырасқан жоқпын, ал, жаңасымен, яғни, соңғысымен әлі некелескен жоқпыз.

ЗЫЛИХА. Ескі көйлекті әлі тастаған жоқпын, жаңасын әлі киген жоқпын. Қосылу да оңай, айрылу да оңай боп кеткен заман-ай! Біреуді жан-тәніңмен сүймеген соң одан айрылып кете салу түкке де тұрмайды. Сонан соң да асылымды жоғалтып алар ма екенмін деп ешқашан қауіптенбейсің.

МӘДИНА (Енді бұл ашуланып). Жоқ апай, менің өмірім де Сіздің өміріңізден жеңіл болған жоқ! Мен сіздің алдыңызда отырған соң ғана оңайлатып айтып отырмын. Әр заманның өзіне лайық мұңы мен зары бар. Мен де Сіз сияқты екінші рет күйеуге шыққан әйелмін. Сіз сияқты мен де соңғы күйеуімді өлердей сүйем…

ЗЫЛИХА. Сен… (дірілдеп) Сен… Актриса бикеш, менімен жолығам деп бірнеше күн бойы есігімді аңдығанда Мағжан менің екінші күйеуім екенін айтып табалағалы келдің бе? Сен өткенді есіме түсіріп, жазылмайтын жараның аузын тырнағалы келіп пе ең? Осымен әңгіме бітті! Енді маған жолаушы болма! Аулақ! Аулақ!

Зылиха дірілдеген қолымен стол тартпасынан таблетка алып аузына салады да, кеседегі шайдан қылқылдатып жұта бастайды. Мәдина оның босаған кесесіне шай құйып, қолтығынан демемек болып еді, Зылиха «кете бер» дегендей қолын есік жаққа сілтейді.

МӘДИНА. Егер сіз мені қуып шығатын болсаңыз… Сіздің образыңызды мейлінше жаман ойнап шығуға тырысамын. Қысқасын айтқанда, жағымдыдан жағымсыз бейне жасаймын.

ЗЫЛИХА. Онда… онда мен сені сотқа берем!

МӘДИНА. Рольді жаман ойнағаны үшін сотталған актер театр тарихында болған емес!

ЗЫЛИХА. Онда қуана бер – соның ең алғашқысы сен боласың!

МӘДИНА. Мені Мағжан аға сияқты Карелияға айдап жібермейтін шығар, ары кеткенде шартты мерзімге кесілермін (шек-сілесі қата күліп). Міне, сол кезде көресіз менен көресіні. Үйіңізден шықпай, айтпаған сырыңызды ақтартамын. Айтасыз! Айтқызбай қоймаймын. Ойнаған екенсіз шартты мерзімге сотталған адаммен! Маған неге сонша тесіліп қарап қалғансыз? Мені жаңа көріп тұрсыз ба?

ЗЫЛИХА. Менімше, сенің есің онша… дұрыс емес сияқты.

МӘДИНА. Өнер адамының бәрінің есі дұрыс емес, әйтпесе, арзымайтын жалақыға бола театрға байланып қала ма? Ал, мен кеттім. Сізбен сөйлесіп, қиялымды байытпақ болып едім, амал не, оның сәті түспеді. Енді не болса да өз бетімше ойнаймын.

ЗЫЛИХА. Бір трагедия басталды, енді екіншісіне дайындалу керек!..

МӘДИНА. О-оһо, Гамлетті жатқа айтып тұрсыз ғой. Дегенмен, Сіз өте білімді адамсыз.

ЗЫЛИХА. Рахмет! Сау бол! Мен бәрібір сендер жобалаған спектакльді қойғызбаймын!

МӘДИНА. Кеңес Одағы баяғыда тарап кеткен, қазір цензура жоқ, не қойғысы келсе де театрдың өз еркі. Ал мен… Ім-мм… Брюсов Мағжан Жұмабаевты  қазақтан шыққан Пушкин деп атаса, мен Сізді қазақтан шыққан Анна Сниткина деп бағалар едім. Оның кім екенін жақсы білетін шығарсыз.

ЗЫЛИХА. Оны кім білмейді! Мен сияқты оның да бағы ашылмаған әйел. Жастай жесір қалды.

МӘДИНА. Бірақ, Сниткина болмаса Достоевский бізге түгел жетпес еді. Оның бақыты да сонда. Ім-мм… Сіздің де!.. Сіз болмасаңыз Мағжан бізге түгел жетпес еді.

ЗЫЛИХА. Ессіз адамнан да есті сөз шығады деген осы екен-ау.

МӘДИНА. Ерлік ессіздерге тән.

ЗЫЛИХА. Жырласақ ерлердің ессіздігін жырлайық!

МӘДИНА. Бұл сөзіңіз Максим Горькиден ғой.

ЗЫЛИХА. Иә. Горькидің «Дауылпаз туралы жырын» Мағжан аударған, оны неге білмейін!

МӘДИНА. Сіз Горькимен жолығыпсыз ғой, сол рас па?

ЗЫЛИХА. Оны біліп қайтейін деп едің? Көрген жоқпын! Ал, жолыңнан қалмай жүре бер. Сау бол!

Осымен әңгіме бітті дегендей Зылиха кесе-шәйнектерін жинай бастайды.

МӘДИНА. Сіздің сөзіңіздің төркініне қарағанда біз енді қайтып кездеспейтін сияқтымыз. Пьеса жазылар, жазылмас, мен басты рольді ойнайын, ойнамайын, мәселе онда емес. Мәселе…

ЗЫЛИХА. Айналайын, сен өзің желімдей жабысқан әйел екенсің ғой. Мен саған сау бол дедім ғой.

МӘДИНА. Иә, қазір кетем. Бірақ… Сізге арнаған сыйым бар еді. Әңгімеміздің қалай біткеніне қарамастан мен ол сыйымды Сізге тапсырып кетуге міндеттімін.

ЗЫЛИХА. Маған ешқандай сыйлықтың керегі жоқ. Сен мені оңаша қалдырсаң маған деген үлкен сыйың сол болады.

МӘДИНА. Ел аузындағы әңгімеден естіген шығарсыз, Мағжан туылған кезде Жұмабай ақсақал жүрегі жарыла қуанып: «Менің атымды осы бала шығарады!» деп сәуегейлік айтқан екен ғой…

ЗЫЛИХА. Иә, естігем. Сонымен не демексің?

МӘДИНА. Жұмабай ақсақал ырым етіп Мағжанның ит көйлегін сақтап қойған екен.

ЗЫЛИХА. Не-ме-не? Ондай сөзді мен неге естімегенмін?

МӘДИНА. Бәлкім, ол кезде мұндай нәрсеге ешкім мән бермеген шығар.

ЗЫЛИХА. Сонымен?!

МӘДИНА. Сол әңгіме құлағыма тиген сәттен бастап мен соның ізіне түстім. Ақыры таптым. Оны қалай таптым – ол бір күнге созылатын ұзақ жыр.

ЗЫЛИХА. Сен… Сен не деп тұрсың? Мағжанның ит көйлегін таптым деп тұрсың ба?

МӘДИНА. Иә!

ЗЫЛИХА. Ол қайда?

МӘДИНА. Міне! Көріңіз!

Мәдина сөмкесінен қағазға оралған жас нәрестенің қолдан қиып тігілген ит көйлегін шығарады.

         Зылиха сенерін де, сенбесін де білмей, Мәдинаға жайлап жақындап, ит көйлекке ұзақ қарап тұрады.

         Саусақтары дірілдеп, оны қолына алады. Тоқсан жылдық ұзақ ғұмырдың бір ғана сәті. Бәлкім, осы бір қас-қағым сәтте оның Мағжанмен және Мағжансыз өткен ғұмыры көз алдына түгел елестеп өткен шығар.

ЗЫЛИХА. Мынау… шынымен Мағжанның ит көйлегі ме?

МӘДИНА. Иә! Жұмабай ақсақал қайтыс болар алдында әлдеқалай заман болады деп бұл көйлекті Бекен атаның қолына тапсырыпты. Кейіннен үйді тінтушілер көбейіп кеткен соң оны шүберекке орап, «Мағжанның ит көйлегі» деп жазып, Мағжанның кіндік шешесіне берген екен. Кейіннен ол кісі де қайтыс боп, қолдан қолға өтіп, солардың үрім-бұтағын түгел аралап жүріп, жақында ғана таптым. Өзінің иесі сияқты, бұл көйлектің де көрмеген азабы жоқ екен.

Зылиха көйлекті алып, бетіне басып, ұзақ иіскейді. Көзінен жасы ағып, диванға сұлқ түсіп отыра кетеді.

МӘДИНА. – Зылиха апай, Зылиха апай, Сізге не болды? Жаңағы ішкен дәріңіз мыналардың қайсысы еді?

         Ол стол үстіндегі валидолдың бір таблеткасын Зылиханың аузына салып, графиндегі судан ұрттатады.

–  Ойпырмай, жақсылық жасаймын ба деген ниетім жамандық боп шықпаса жарар еді. Зылиха апай, есіңізді жиыңызшы!

         Зылиха көзін ашады. Мәдинаға ұзақ қарап тұрып өзімен-өзі сөйлеп кетеді.

ЗЫЛИХА. Мынадай бір жапырақ матаға сыйған Мағжан кең дүниеге сыймай кетіп еді. Айтшы, ит көйлек? Иең қайда? (тағы иіскейді) Иісі бар да өзі жоқ, елесі бар да көзі жоқ. Ақыл мен ақындықтың қазынасы болған асыл тәнің қай жырада, қай шұңқырда қалды екен, қайран бекзатым! Адам өмірі қаңғыбас итпен теңелген заманға туралап әкеп тудырған қай сайтанның түрткісі болды екен? Ақылды керек қылмайтын мына заманда ақын боп туып нең бар еді, оза туып нең бар еді!

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Құдай мені солай жаратса қайтпекпін, Зылиха!

ЗЫЛИХА. Ия, солай дейтініңді білгенмін. Сенің нең кетті, өлдің де қалдың, мен қалдым зар илеп. Жүз жылдық азап арқалап!

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Халқым аман ба?

ЗЫЛИХА. Иә, халқың аман, бекзатым!

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Олар мені есіне ала ма?

ЗЫЛИХА. Алғанда қандай! Сен қазір әр қазақтың аузындасың. Еліңнің азаттығын армандаған талай асыл азаматтар «Кеңес өкіметінің қас жаулары» деп жазықсыз құрбан болып еді, сол Кеңес өкіметі атыссыз, шабыссыз сендерден соң бас-аяғы елу жылдың ішінде өзінен-өзі тарап кетті. Қазір елің тәуелсіз елге айналды.

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Шіркін-ай, қабірімнен тұрып барып, бір көріп қайтар ма едім! Бірақ… менің қабірім жоқ қой.

ЗЫЛИХА. Иә, өкініштісі сол – қабірің жоқ. Азаттық аңсаған алаш азаматтарының бәрі қабірсіз қалды.

«Өлгенде мені көмбеңдер, көмуге мені бола ма!

Шарықтап жүрген өр кеуде, сияр ма сірә молаға!» – деп жырлап еді жас кеткен ақын Марат Отарәлиев. Сендерді пір тұтатын сол жас ұрпақ қай жерге барып гүл қойып, тағзым етерін де білмейді.

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Білмесе білмей-ақ қойсын, тек көңілдерінен өшпесек болғаны. Тау мен даласын азаттық жырымен жаңғыртып, жеткен екен ғой мақсатына жас ұрпағым!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға?

Иман күшті оларда

Мен жастарға сенемін!

 

Айбынды «Алаш» ұраны,

Қасиетті құраны.

Алаштың олар құрбаны

Мен жастарға сенемін!

 

Мен сенемін жастарға:

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін!

ЗЫЛИХА. Айтпақшы, сенің ит көйлегің табылды.

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ (мырс етіп). Қойшы, қайдағыны айтпай! Ол қайдан табылды?

ЗЫЛИХА. О-о, ол ұзақ әңгіме!

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Қызық екен! Оны кім әкеп берді?

ЗЫЛИХА. Сәбит Мұқанов атындағы театрдың актрисасы. Олар екеуміз жайлы спектакль қойғалы жатыр екен. Менің ролімді ойнайтын актриса дәл қазір менің алдымда отыр. Сенің ит көйлегіңді сол тауып әкеп берді. Өзің сенген қазіргі жастардың бірі.

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Онда ол сен сияқты сұлу болды ғой. Қазір кіріп барып көрер ме едім!

ЗЫЛИХА. Көре алмайтының қандай жақсы болды! Әйтпесе, Гүлсімге ғашық болғандай ғашық боп қалар едің. Гүлсімің болмаса Жәмилаң тағы бар. Сенің ғашық болмай жүрген кезің болды ма?

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Сол қыздардың бәрін сен үшін тәрк етіп, дәл Жәмилаға үйленетін күні әке-шешем мен ағайын-туысты құдаларының алдында жерге қаратып, екеуміз қол ұстасып Орынбор қаласына, сенің оқуыңды жалғастыру үшін із-түзсіз кетіп қалмап па едік. Одан Тәшкенге, одан Мәскеуге. Сені өлердей сүймесем ондай ессіздікке бармас едім ғой.

ЗЫЛИХА. Сол ессіздіктің зардабын әлі тартып келемін. Сенің ағайын-жұртың сол қылығыңды әлі күнге шейін менен көреді. «Мағжанның бақытсыздығы Зылихаға үйленген күннен басталды… Дәл той болатын күні Зылиха Мағжанды ұрлап әкетті» деп бір жерлес жазушың мені масқаралап мақала да жазыпты. Бір кездегі ессіз махаббаттың азабын әлі шегіп келемін. Махаббат деген у екен…

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Оны ішкен адам ғана түсінеді, Зылиха. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп Абай бекер айтпаған. Өмірінде біреуге өлердей ғашық боп көрмеген, махаббат отына күйіп, азабына төзбеген адамдар ғана шын ғашықтарды күндеп өтеді. Өйткені, пейілдеріне қарап, Құдай оларды махаббат сезімінен жұрдай ғып жаратқан. Адамға тән асыл қасиеттен  құр алақан жаратпағаны үшін сен Алла-тағалаға рахмет айт. Бір француз жазушысының керемет сөзі бар еді ғой, мен саған Мәскеуде жүргенде  оқып бергем, есіңде ме?

ЗЫЛИХА. Иә, есімде. «Жырласақ махаббатты ғана жырлайық, басқаларының бәрі қылмыс».

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Міне, солай! Ал сенің роліңді ойнамақ боп келген актриса махаббат дегеннің не екенін біле ме екен? Өзі біреуге өлердей ғашық боп, азабына төзіп көріп пе? Олай болмаса әуре болмай-ақ қойсын.

ЗЫЛИХА. Білмедім… Қазір өзінен сұрап көрейін. Актриса бикеш, сен өзің біреуге өлердей ғашық боп көріп пе ең?

МӘДИНА. Зылиха апай, Сіз менен сұрап тұрсыз ба?

ЗЫЛИХА. Енді кімнен? Бұл жерде сенен басқа ешкім жоқ қой.

МӘДИНА. Оны неге сұрадыңыз?

ЗЫЛИХА. Өзі ғашық болып көрмеген актриса ешқашан Баян бола алмайды дейді ғой Мағжан ағаң.

МӘДИНА.Бағана айттым ғой, ғашық болғанмын, әлі де ғашықпын деп. Оны қоя тұрыңызшы! Сіз манадан бері Мағжан ағамен сөйлестіңіз бе?

ЗЫЛИХА. Иә. Бүгін күн жұма ғой. Әр жұма сайын мен онымен сөйлесіп тұрам. Бүгінгі тілмен айтқанда – сеансқа шығып тұрам.

МӘДИНА. Осы сөздерді шын айтып тұрсыз ба?

ЗЫЛИХА. Жаңа не тыңдап тұрдың?

МӘДИНА. Мен Сіздің сөздеріңізді ғана естідім.

ЗЫЛИХА. Ә-ә, саған оның даусы естілмейді екен ғой. Ол жағы есімде болмапты. (Мағжанға) Ал, әулием, осымен бүгінгі сеанс бітті, келесі жұмаға дейін жоқ қабіріңе барып, өлім әлдиімен ұйықтай ғой.

Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!

МӘДИНА. Зылиха апай, менің өн бойымды үрей билеп барады. Мен бір тылсым дүниеге еніп кеткендеймін.

ЗЫЛИХА (ит көйлекті иіскеп). Міне, мына көйлекті мен о дүниеге өзіммен бірге ала кетемін. Бәлкім, кең дүниеге сыймай кеткен Мағжан екеуміз басқа дүниеде осы ит көйлекке сыйып, қайтадан сәби болармыз.

МӘДИНА. «Әлдиле, өлім, әлдиле!» . Иә, мен бұл өлеңді оқығанмын. Оқыған күні түні бойы кірпік іле алмай шықтым. «Өлім әлдиі» дегенді Мағжаннан басқа ешкім айтпапты.

ЗЫЛИХА. Мәскеуде  оқып жүргенде орыс декаденттерімен дос болды ғой. Константин Бальмонт пен Александр Блок оның ең сүйікті ақындары еді. Олар өмірде де сырлас болды. Институттың ректоры Валерий Брюсов болса Мағжанды ерекше жақсы көрді, тіпті, туған інісіндей еркелетті. Мағжанның сорына ол ерте қайтыс боп кетті.

МӘДИНА. Әрине, Мағжан ағаның олармен қалай дос болғаны жайлы қанша жалынсам да айтпайсыз.

ЗЫЛИХА. Айтқым да келмейді.

МӘДИНА. Неге?

ЗЫЛИХА. Егер оны айтсам, сендер пьеса жазасыңдар да, Мағжанның ролін біреуге тапсырасыңдар. Ал, менің роліме жұлқынып сен дайын тұрсың. Мен Мағжанды қызғанамын!

МӘДИНА. Кімнен?

ЗЫЛИХА. Сенен де!

МӘДИНА. Менен?! (Мәдина ішек-сілесі қатып күледі)

ЗЫЛИХА. «Сенің сұлу  ақ бетіңе

Шыбын  қонса қызғанамын»… Көрдің бе? Мәжнүн  Лейліні шыбыннан да қызғаныпты.

МӘДИНА. Ой, Зылиха апай, қойыңызшы қайдағыны айтпай. Мағжанның ролін ойнайтын адам  бар-жоғы театрдың актеры ғана ғой. Мен  сол театрдың актрисасы ғанамын. Бәлкім, Мағжанның ролін мен ұнатпайтын актерға тапсыратын шығар.

ЗЫЛИХА. Жо-жоқ! Ол екеуін міндетті түрде бірін-бірі жақсы көретін актерлар ғана ойнаулары керек. Өздерің бір-біріңді жек көре тұрып қалай бір-бірін ғашық адамның бейнесін жасамақсыңдар. Онда  ойындарыңа ешкім де сенбейді.

МӘДИНА. Егер жазылатын пьеса Қазақстанның бірнеше театрларында қойылатын болса, бірін-бірі Мағжан мен Зылихадай жақсы көретін актер мен актрисаны табу қиын болатын шығар.

ЗЫЛИХА. Оны өздерің біліңдер!

МӘДИНА. Зылиха апай, артық айтсам кешірерсіз, Мағжан ағаның қайтыс болғанына елу жылдан асты. Сіз болсаңыз тоқсаннан астыңыз. Ал, өзіңіз оны әлі күнге шейін қызғанамын дейсіз. Ол кісінің жас кезінде қызғаныш отына өртеніп кетпей қалай аман қалғансыз?

ЗЫЛИХА. Әйел табиғаты солай жаралған, жарқыным! Бір  адамға өлердей ынтық етіп қою  Алланың  әйелге жіберген азабы ма деп қалдым. Актриса болсаң Медеяны жақсы білетін шығарсың. Ясоннан  кек алу үшін екі бірдей баласын құрбандыққа шалмап па еді? Әр әйелдің ішінде бір-бір Медея жататынын ұмытпа. Қызғаныш деген ешқашан қартаймайды. Ол әйелмен бірге туып, әйелден кейін қайтыс болады.

МӘДИНА. Әйтсе де, әр нәрсенің шегі болуы керек қой.

ЗЫЛИХА. Бәрінің шегі бар, тіпті, галактиканың да шегі бар, ал, қызғаныштың шегі жоқ. Әсіресе, күйеуің Мағжан болса!

МӘДИНА (ол да күліп) Япыр-ай, сонда, ол кісі сұлулардың бәріне ғашық бола берген бе?

ЗЫЛИХА. Жоқ, Мағжанға сұлулардың өздері ғашық болатын. Қызылжарда Гүлсім деген бет біткеннің көріктісі, жаннан асқан сұлу да тәкаппар келіншек болды. Өзі Петербордың педагогика институтын үздік бітіріп келген, күйеуге тигеніне үш жыл болса да жаңа бойжеткен қыздай талғаммен киінетін, қаладағы ең алғашқы сән салонын ашқан, мейлінше кербез келіншек еді. Жан адамды менсінбейтін сол келіншек  Мағжанды көрді де есінен тана ғашық болды да қалды. Мағжан секілді көрікті, білімді, Қызылжардағы орыс мұғалімдер семинариясына орыс және әлем әдебиетінен сабақ беретін, Пушкиннің «Евгений Онегин» романын жатқа айтатын Мағжанды кім сүймесін, кім ғашық болмасын! Қандай сиқыры барын кім білсін, Қызылжарда да, Омбыда да, Челябі мен Мәскеуде  де Мағжанға ғашық болмаған сұлу жоқ шығар. (пауза). Өйтпесе ол Мағжан бола ма!..

МӘДИНА. Сонымен?..

ЗЫЛИХА. Не сонымен?

МӘДИНА. Гүлсімге деген махаббаты немен бітті?

ЗЫЛИХА. Немен бітуші еді? Дуэльмен!

МӘДИНА (күліп) Қойыңызшы әзіліңізді! Ол кезде дуэль деген жоқ еді ғой.

ЗЫЛИХА. Қызғаныш деген адамға не істетпейді? Әйелін Мағжаннан қызғанған күйеуі Мағжанды өлтірмек боп жекпе-жекке шақырды. «Қазақтың Пушкині» атанған Мағжан жекпе-жектен тайына ма? «Шықсаң-шық!» деді. Сөйтіп, екеуі қаланың сыртында кездесті.

МӘДИНА. Екеуінде де пистолет бар ма еді?

ЗЫЛИХА. Қайдағы пистолет! Құс мылтықпен!

МӘДИНА. Сұмдық-ай! Ал, Сіздер ше? Қарап тұрдыңыздар ма?

ЗЫЛИХА. Олардың қала сыртына атысуға шыққанын балалардан есітіп, бәріміз солай қарай лап қойдық емес пе? «Сенің күйеуің сенің ғашығыңмен атысқалы жатыр», – деп жол-жөнекей күйеуі үйіне қамап кеткен Гүлсімді де ертіп алдым. Ол кезде Мағжан екеуміздің әлі қосылмаған кезіміз.

ДУЭЛЬ

         Қала сыртындағы топ қайыңдар шоғыры. Саунаның бір жақ бұрышынан Гүлсімнің күйеуі Кәжен, екінші жағынан Мағжан шығып, екеуі бір-біріне қарсы жүреді. Олар оқ жетер жерге кеп тоқтайды.

МАҒЖАН. Сен менімен не үшін атыспақсың, Кәжен?

КӘЖЕН. Ә-ә, қорқайын дедің бе? Оның себебін менен гөрі мылтықтың оғы жақсырақ түсіндіретін шығар.

МАҒЖАН. Ажалдан қорқатын адамың мен емес. Оқ – мылқау, ал, әзірге сенің тілің бар. Себебін түсіндір!

КӘЖЕН. Адамда айтар сөз қалмағанда олар қаруға жүгінеді.

МАҒЖАН. Қайсымыздың өлерімізді құдай білсін, Кәжен. Бірақ, сенің алдыңда арым таза!

КӘЖЕН. Неткен арсыздық! Ұятың жетіп осы сөздерді қалай айтып тұрсың, Мағжан! Сенің орныңда кез-келген басқа адам болса, менің тіземді құшып кешірім сұрар еді, не мынадай масқараға ары шыдамай өзін-өзі мерт қылар еді. Ал, сен, менің киелі от басымның тас-талқанын шығарып отырсың.

МАҒЖАН. Сенің алдыңда менің арым таза! Сенімен атысқалы шықсам өз басымның емес, Гүлсімнің арын сенен, өз күйеуінен қорғап шығып отырмын. Бар кінәм – оны жақсы көрдім, бірақ, сен ойлағандай от басыңды ойрандайтын қиянатқа барған жоқпын.

КӘЖЕН.  Осыны да сөз деп айтып тұрсың ба? Сені де нәзік жанды ақын дейді-ау! Қазақтан шыққан Пушкин! Сен қазақтан шыққан Пушкин емес, қазақтың сорына біткен Дон Жуансың!

МАҒЖАН. Ха-ха-ха! Олар жөнінде қайдан біліп жүрсің! Аздап болса да әдеби сауатыңды ашқаны үшін Гүлсімге рахмет айт!

Осы кезде бір шеттен Гүлсім мен Зылиха жүгіріп шығады.

ЗЫЛИХА. Кәжен аға! Мағжан! Бұл не масқара! Тоқтатыңдар ерегісті!

ГҮЛСІМ. Кәжен, атсаң мені ат, Мағжанда нең бар? Сенің алдыңда оның ары  таза!

КӘЖЕН. Ә-ә, солай ма? Ақтық сәтте ғашығыңды ажалдан арашалап қалу үшін торғайдай жеткен екенсің ғой! Ендеше, нақ сүйеріңнің қасына кеп тұра қал! Қозы мен Баян сияқты екеуіңді бір молада табыстырайын!

Ол Гүлсімді сүйреп әкеп Мағжанның қасына тұғызады да, қайтадан орнына барады.

МАҒЖАН. Кәжен, біле білсең әйелін қызғану – еркектің әлсіздігі! Міне, мен Зылихаға үйленгелі жүрмін. Егер сен оған ғашық боп қалсаң, сол үшін мен сені атуым керек пе? Оған он жігіт ғашық болса, солардың бәрін жекпе-жекке шақыруға тиіспін бе? Ақылға кел, Кәжен!

КӘЖЕН. Менде қазір ақыл жоқ! Ақылдан адастырған сен!

Ол мылтығын тез-тез оқтай бастайды.

МАҒЖАН. Бытыра мылтықпен атысу мергендікке жатпайды, Кәжен.

КӘЖЕН. Ол жағынан қам жеме! Патронда қабан шошқа атуға арналған жалғыз-ақ оқ бар.

ЗЫЛИХА (Гүлсімге). Әй, болашақ күйеуімнің ғашығы, қарап тұрып өлмексің бе? Жүр былай!

Кәжен мылтығын кезей бергенде екі әйел жүгіріп кеп оның қолын қағып жібереді. Мылтық аспанға атылады.

КӘЖЕН (Гүлсімге). Бет пердең енді ашылды ма, оңбаған сайқал!

МАҒЖАН. Өз әйеліңді өзің қорлама, Кәжен! Тағы қайталаймын – сенің алдыңда оның ары таза! Қош бол!

Мағжан мылтығын аспанға атып, Зылиханы қолынан жетектеп бұрылып кете береді. Кәжен өзінен өзі қорланғандай екі тізесіне басын қойып, жүрелеп отыра кетеді. Иығы солқ-солқ етеді.

         Гүлсім оның алдында үнсіз тұр.

МӘДИНА. Мынауыңыз нағыз кино ғой. Сол қылығы үшін Сіз Мағжан ағаға ренжіген жоқсыз ба?

ЗЫЛИХА. Жоқ, керісінше риза болдым. Өйткені, ол Гүлсім екеуінің араларының таза екенін дәлелдеу үшін, Гүлсімнің намысын қорғау үшін оның күйеуімен атыспақ болды ғой. Өйтпесе ол Мағжан бола ма? Ондай жігітті қалай сүймессің, қалай қызғанбассың!

МӘДИНА. Жарайды, солай-ақ болсын! Біз пьеса да жазбай-ақ қояйық, спектакль қоюдан да бас тартайық. Қарадан қарап жүріп шартты мезгілге сотталатын жайым жоқ. Сонда да болса, Мағжан ағаның Мәскеудегі өмірі жайлы өз аузыңыздан айтып берсеңіз ғажап болар еді. Бірақ, Сіз менің бұл өтінішімді қабылдамайтыныңызды білемін, әбден шаршаған шығарсыз.

ЗЫЛИХА. Иә, шаршадым. Бірақ, Мағжанның ит көйлегін сыйлап, мені өмірге қайта әкелгендей болған сенің тілегіңді жерге тастамайын.

МӘДИНА (қуанып) Ой, Зылиха апай, мың жа…а… сізге мың да бір рахмет!

Мәдина әңгіме тыңдауға оңтайланып, оның қарсы алдындағы орындыққа кеп жайғасады.

–Ал, бастаңыз!

ЗЫЛИХА. Жиырма жасынан бастап басына төнген қара бұлт өле-өлгенше бір ашылмай қойған Мағжанның қайғысын жіпке тізіп айта бергеннің несі қызық дейсің!..

МӘДИНА. Сол қара бұлттың арасынан ауық-ауық жарқ етіп күн сәулесі көрінген шығар-ау. Сондай сәулелі сәттері болмаса ол Мәскеудің атақты ақындары мен жазушыларын – Валерий Брюсов пен Александр Блокты, Есенин мен Мережковскийді, тіпті, ұлы жазушы Максим Горькидің назарын өзіне аудара алмас еді ғой. Бізге Мағжан ағаның сондай сәттерін айтыңызшы.

ЗЫЛИХА. (креслоға шалқалай жайғасып) – Онда… Ертең кел! Бүгін мұршам жоқ. Мағжанмен сеансқа шыққаннан кейін қатты қалжырап қалам…

Ол Мағжанның ит көйлегін иіскеген бойы креслода қалғып бара жатады.

         Мәдина кетерін де, кетпесін де білмей, оған аңтарыла қарап тұрып қалады.

                                   ЕКІНШІ  БӨЛІМ

         Мәскеу қаласының орталығындағы Қазақстан өкілдігінің В. Брюсов атындағы Жоғары әдебиет институтының соңғы курсында оқып жатқан Мағжан Жұмабаевтарға берілген отбасылық жатақханасы. Бұдан кейінгі оқиғалардың бәрі осы жерде өтетін болғандықтан бұл әрі пәтер, керек кезінде кабинет болуға ыңғайлы кең бөлме болуы тиіс.

         1923 жылдың жаз айы. Сахнада Зылиха. Оның 30-31 жастағы ең келісті, ең әдемі шағы. Зылиха рөлінде – Мәдина.

         Зылиха бөлмеге кіріп, шам жағады. Қабырғадағы бой айнаның алдына барып, шашын тарайды. Өзін-өзі жөнге келтірдім-ау дегенде бері бұрылып, көрерменге жақындайды.

ЗЫЛИХА. Бала кезден бірге өсіп, бір медреседе оқыған Мағжанмен 1922 жылдың сәуір айында қосылдық. Қосылдық деп қазір айта салу оңай, ал, ол кезде біз естімеген сөз, тағылмаған айып қалмаған еді. Осы кезге шейін ол абақтыға  екі рет түсіп шыққан болатын. Бір күні екі кештің арасында әлдекім жамықтырып есік қақты.

КӨРІНІС

ЗЫЛИХА. Бұл кім?

МАҒЖАН. Мен ғой, Зылиха. Тез есігіңді аш!

ЗЫЛИХА. Менің кім? Мағжан? Бұл сенбісің!

МАҒЖАН. Иә! Мен!

ЗЫЛИХА. Түн ішінде неғып жүрсің? Тыныштық па?

МАҒЖАН. Әуелі есігіңді аш, сонан соң бәрін айтам!

ЗЫЛИХА. Ойбай-ау, мен үйдегі халатпен қалай болса солай жүрмін. Шашым да ебей-себей. Саған бұл түрімде көрінгім келмейді.

МАҒЖАН. Мен үшін сен үстіңе кебін киіп тұрсаң да әдемісің. Аш, тез!

Зылиха үсті-басын жүре жөндеп, есікті ашады. Үйге Мағжан кіреді. Бір бойында ақындығы мен албырттығы шарпысқан, жастық жалыны мен қайсарлығы лаулаған Мағжан.

ЗЫЛИХА.  Жарқыным-ау,  мына жүрісің не жүріс? Түрің не боп кеткен өзі?

МАҒЖАН. Мен сенен бір нәрсе сұрағалы келдім.

ЗЫЛИХА. Иә, ол не сұрақ?

МАҒЖАН. Сен маған жар болуға келісесің бе?

ЗЫЛИХА. Уһ! Мен бір жаман хабар айтқалы келген екен деп зәрем қалмай тұр еді! Ол жөнінде бұрын неге  сұрамадың,  бағана клубта би билеп жүрген кезімізде неге айтпадың? Ертең де уақыт бар еді ғой.

МАҒЖАН.  Ертеңге қалдыруға болмайды. Ертең менің үйленетін күнім!

ЗЫЛИХА. Жәмилаға ма?

МАҒЖАН. Иә! Ертең келінді алып келеміз деп әке-шешем мен туыстарым Жәмиланың ауылына аттанбақ. Сондықтан түнделетіп саған келдім.  Егер сен мақұл десең бүгін түнде кетеміз.

ЗЫЛИХА. Мағжан-ау, мұның қалай?  Ойда жоқта… Табан астында… Ел-жұртты  шулатып…

МАҒЖАН. Бізде екі жол жоқ: не ертең  Жәмиланы алып келуге аттану, не  сенімен қол ұстасып ізім-қайым жоқ болу.

ЗЫЛИХА. Сонда қайда кетпекпіз?

МАҒЖАН. Орынборға.  Сен оқуыңды жалғастырасың. Сонымен, менімен қол ұстасып кетуге келісесің  бе?

Зылиха  мынадай албырт ұсыныстан есеңгіреген  адамдай үй ішінде өзімен-өзі арпалысып, әрлі-берлі сенделіп  кетеді. «Есің дұрыс емес», «Бұл есті адамның  сөзі емес», «Енді қайттім?»  деп күбірлей  береді.

         Жауап күтіп  Мағжан тұр.

–  Маған сенсіз өмір жоқ, Зылиха! Мен мына дүниеге сен деп келгемін. Ит  көйлектің ішіндегі  үйректің бүйрегіндей  кішкене жүрегім  сен деп соққан. Айт жауабыңды, айт!

         Зылиха  жайлап басып келіп, Мағжанның бұйра шашынан сипайды. Иығына басын қойып жылап жібереді.

ЗЫЛИХА. Көндім айтқаныңа! Ердім соңыңнан!

Мағжан да оны құшақтайды.

МАҒЖАН. Саған қояр тағы бір шартым бар. Менің өмірім – поляр түніндей. Күн бір жылт етеді де қайта қараңғылық басады. Жас кезімнен ізіме түскен жамандықтың жауыз  күшігі уақыт өткен сайын есейіп, қызыл көз итке айналып келеді. Соңымда азулы көкжал  жүргенде өмірім қуанышқа толы болады деп айта алмаймын. Сондай  күнім көп болса, күндердің күні маған  қосақтаған тағдырыңа іштей лағнет айтып,  көзімше күлімсіреп,  оңашада  көз жасыңды төгіп  жүрмейсің бе?

ЗЫЛИХА.  Бұл қай айтқаның  Мағжан! Ақылды басыңа мұндай  сұғанақ сұрақтар қайдан кеп қонақтап жүр? Сен айттым  деме,  мен естідім демейін мына сөздеріңді. Егер құдай тағдырымды саған расымен қосатын болса, алдымнан кездескен азапты ләззат деп, тозақты жәннат деп қабылдауға Алла  алдында ант етем!

МАҒЖАН. Алтын сәулем, ақ періштем жан салған,

Кім біледі, айырса  егер сұм жалған.

Жүргенімде жер жүзінде тірі боп,

Бағынатын, табынатын  сен – Аллам!

Екеуі қол ұстасып шығып кетеді.

*       *        *

Зылиха қайта шығып, әңгімесін жалғастырады. 

ЗЫЛИХА. Мен Орынбордағы оқуымды бітірген кезде Түркістан компартиясы  орталық комитетінің хатшысы Сұлтанбек Қожанов Мағжанды Тәшкент шаһарына шақыртып алып,  «Ақ жол» газетіне бас редактор етіп  тағайындады.

Тәшкенде өткен осы аз уақытта Мағжан  мектеп оқулығын жазды, қазақ  жазушыларының «Алқа»  деп аталатын манифесін  барлық зиялы қауымға таратты. Ең бастысы,  бір топ жазушылармен бірігіп Ленинге хат жазып, онда: «Совет үкіметі шын мәнінде халықтық үкімет болса неге бізге басшылыққа ылғи да орталықтан орыс кадрлары жіберіледі, неге  біздің өз ұлтымыздың өкілдері еленбей келеді» деп батыл талап-тілектер қойды.

Осылардың бәрі арада аз ғана  уақыт өтпей жатып алдынан тажал боп шығатынын  Мағжан іштей сезіп те жүрді. Бірақ, өз ұлтының  ертеңі үшін, өзге елдерден көш бойы қалып   қоймай, олардың да жарық сәулеге ұмтылуы үшін ол қандай  қауіп-қатерге де басын  тігуге  даяр еді.

Өйтпесе ол Мағжан бола ма?

Сөйтіп, сол жылдың күзінде Мағжан Мәскеудегі жаңа ашылған Валерий Брюсовтың жоғары әдебиет институтына  оқуға түсті.

Қазақстан өкілдігі берген отбасылық жатақханада екеуміз  бірге тұрып жаттық. Аспандағы қою бұлт арасынан жалт етіп қайта жоқ  болған күн нұрындай, бұл кезең де Мағжан өмірінің жарқын бір сәті болды. Ол мұнда көптеген ұлы тұлғалармен араласып, өзіне рухани дос  тапты, өзгелерге өз талантын мойындата білді.

Есте қалар сондай сәттердің бірі – институт бітірушілерге диплом тапсыратын  күн еді.  Кештің құрметті қонағы ретінде Максим Горький, Демьян Бедный,   Сергей Есенин шақырылды. Диплом табыс етілер алдында ақындар өлең оқыды.

КӨРІНІС

         Залда отырған қазақ жастары «Мағжан, Мағжан!» деп шулапы қоя берді.

         Сахнаға Мағжан шығады.

МАҒЖАН. Мен Сіздерге Александр Блок қайтыс болғанда жазған  «Александр Блок» деген өлеңімді оқып берейін.

Александр Блок –

Мәңгі жас жүрек

Үмітін бір үзбеген.

Батып алтын ойға,

Талмай қарап Айға,

«Әдемі әйел» іздеген.

 

Көрінер деп күнде,

Табылар деп түнде,

Шарқ ұрудан талмаған

 

Александр Блок –

Мәңгі жас жүрек,

Қай жерге ол бармаған!

 

«Әдемі әйел» – идеал,

«Әдемі әйел» – бір қиял

Блоктың басын байлаған.

 

«Әдемі әйел» – бір гүл,

Блок – бір бұлбұл

Блок – бұлбұл сайраған.

 

Күндерде бір күн,

Түндерде бір түн

Улы-балды бітті жыр

 

Төсекте Блок

Көз ашып көред

Алдында бір кемпір тұр!

 

«Әдемі әйел» – идеял,

«Әдемі әйел» – бір қиял,

Идеял, қиял – бір сағым.

Жанады жүрек,

Жылады Блок,

Көріп сөнген шырағын

«Әйел» – идеял,

Кемпір – Ажал

Тұр Блокқа үңіліп.

Сөнді енді Өмір,

Бітті енді Жыр,

«Әйел» қалды жыр болып!

Есенинге қол соққандай Мағжанға да жұрт ду қол шапалақтайды. Брюсов келіп Мағжанды құттықтайды.

БРЮСОВ.  Магические стихи! Магия! Магия! А ты – маг! Есенин сені «Маг» деп бекер атамаған екен! Сенің атыңды да «Магжан» деп  әке-шешең тауып қойыпты.

МАҒЖАН  (қарқылдай  күліп) Жаңа ат тауып бергендеріңіз үшін көп рахмет.

БРЮСОВ. Маг! Мен сені университетке қызметке шақырмақ едім, бірақ, Қазақстан алдымды орап кетті. Олар сені елге шақырыпты. Жолың болсын! «Қазақтан шыққан Пушкин» деп сені бекер мадақтаған жоқпын! Сені ұлы болашақ күтіп тұр! Қош бол, менің сүйікті шәкіртім!        

Екеуі құшақтасып қоштасады.

*         *          *

Сахнада Мәдина мен Зылиха.

ЗЫЛИХА. Сөйтіп, Мағжан институтты үздік бітіріп, оған дипломды Максим Горький тапсырды. Валерий Брюсов   оны Шығыс поэзиясы пәні бойынша сабақ беретін мұғалім етіп, институтта қалдыруға шешім қабылдады. Оны институтта мұғалім етіп қалдыру жөнінде шешім шыққан күні ертеңінде Мағжанның Тәшкенде басылған кітабы кенет Мәскеуде талқыланып, шығып сөйлеушілер оған дүниедегі барлық айыпты үйіп-төкті. Олардың сөзіне қарағанда Мағжан ескілікті көксеген нағыз буржуазияшыл, Кеңес үкіметіне қарсы астыртын жұмыс істеп жүрген контрреволюционер. Тіпті, оның «Жүсіп хан» атты поэмасының өзі Сталинді мазақ етуге арналған. «Иосиф» деген Сталиннің атын «Жүсіп» деп оп-оңай өзгертіп алып отырғаны жас балаға да аян», деп – Оны Сталинге қарсы қойды. Ал, ондағы сөйлеушілердің атын атасам, бұл күнде пайғамбар тұтып жүрген алпауыт азаматтардан түгел теріс айналып кетуге де болар. Айтып-айтпай не керек, осы талқылаудан соң Мағжан Мәскеудің Бутырка түрмесінен бір-ақ шықты.

Оны мұғалім етіп қалдырмақ болғаны үшін Валерий Брюсовты да тиісті орындар біраз әурелепті.

МӘДИНА. Ал, Сергей Есенин оның өлеңдерін аударды ма?

ЗЫЛИХА. Аударып жатыр дегенді естігем. Аударған өлеңдерін редакциялардың біреуіне берді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. «Уәде беріп тұрып өліп кете салатын мен Александр Блок емеспін» дегенде Демьян Бедный: «Асылық сөйлеме, Серега!» деп еді. Албырт ақын шын мәнінде асылық айтты ма, әйтеуір, бір жылдан соң ол жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ал, Брюсов болса, одан бір жыл бұрын, өзінің 50 жылдық тойын өткізіп бола салып, ол да ауырмай, сырқамай табан астында дүние салды. Ол бір сауалы көп, жауабы жоқ жұмбақ заман еді ғой.

МӘДИНА. Мағжан аға Бутыркада жатқанда көмек сұрап Горькиге барған жоқсыз ба?

ЗЫЛИХА. Бардым. Неге бармаймын! Бірақ, арада көп жыл өткен соң! Мағжан Карелияның Соловки деген колониясында жатқанда. Қайғы мен қуаныш дегеннің өзі салыстырмалы болады екен ғой. Ол Бутыркаға қамалғанда қайғыдан қан жұтып едім. Аз уақыттан соң оны өлім жазасына кескенде есеңгіреп кеттік. Бәрі де бітті! Мен үшін өмір тоқтап қалды!

Мен де жас ем,

Мен де мас ем, жас едім.

Өтті өмір,

Жүрек – көмір. Өлемін!

Осылайша, «үміт өлді, жүрек сөнді» деп қараңғы қапаста қайғы жұтып жүрген кезде, кенет… О-о, құдірет, қуаныш оты жарқ ете түсті! Өлім жазасы он жылдық колониямен алмастырылып, өзімді дүниедегі ең бақытты адамдай сезініп, қуаныштан ебіл-дебіл боп жыладым-ай кеп! Мейлі, әйтеуір, тірі қалды ғой. Он жыл деген не тәйірі, әні-міне дегенше өтеді де шығады ғой!

Сөйтіп, қуаныштан гүл-гүл жайнап, Мағжанымның артынан ай сайын барып тұрдым.

МӘДИНА. Батпақты, қамысты жер дейді ғой, ол жақты қалай тауып жүрсіз?

ЗЫЛИХА. Тәйірі, Мағжан тірі қалды дегенді есітігенде батпақ пен қамыс сөз боп па! Қалың қамыстың ішінде адасып кетіп, батпаққа батып, денемді қияқ пен шеңгелге тілдіріп Мағжанды іздеп бара жатқанда өзімді пейіштің бау-бақшасын аралап келе жатқандай сезіндім ғой. Үсті-басым жұлым-жұлым, балтырымнан сорғалап ағып тұрған қанды көріп, Мағжан ағаң жылап жіберді ғой.

КӨРІНІС

Колонияның кездесуге арналған тар бөлмесі. Мағжан колония киімінде. Зылиха ролінде – Мәдина. 

МАҒЖАН. Жаным-ау, түрің не боп кеткен? Мына жүрісің қай жүріс түн ішінде!

ЗЫЛИХА. Уһ, аман көрдім-ау, сені! (оны құшақтап, көзінің жасын сүртеді).

МАҒЖАН. Қамыс тіліп, аяғың қан жоса бопты ғой! Мен үшін көрмеген азабың қалмады-ау күнім! (оның аяғын құшады) Кешірші, кешірші мені Зылихаш!

ЗЫЛИХА. Олай деме Жәжекем! Басыңды көтер! Саған әйелдің аяғын құшу жараспас.

МАҒЖАН. Мені Жәжекем дедің бе?

ЗЫЛИХА. Иә! Ағайын-туыстардың бәрі сені Жәжекем деуші еді ғой. Сол кез есіме түсіп кеткені.

МАҒЖАН. Ол да бір қайтып оралмастай боп артта қалған мәмірежай күндер екен-ау!

ЗЫЛИХА. Неге олай дейсің! Өлім тұзағынан аман қалған соң он жыл он күндей боп өте шығады емес пе?

МАҒЖАН. Енді маған келмей-ақ қойшы, Зылихашым! Сенің мұңға толы жүзіңді, жасқа толы көзіңді көру мен үшін тозақтың азабынан да ауыр.

ЗЫЛИХА. Ал, мен үшін одан өткен рахатты сәт жоқ. Өйткені мен саған келе жатырмын, сені көргелі келе жатырмын! Маған бұдан асқан бақыт жоқ!

МАҒЖАН. Декабристердің әйелдерінің Сібірге күйеулерін іздеп барғандағы көрген азаптары сенің көрген азабыңмен салыстырғанда жай ғана серуенге шыққандай екен.  Олар күйеулерін іздеп бір-ақ рет барған, ал сен маған он төртінші рет келіп отырсың. Енді мені қинамашы!

ЗЫЛИХА (күліп). Олар серуенге бір-ақ рет шықса, мен он төрт рет шығып отырмын! Келмеші деп сен де мені қинама!

МАҒЖАН. Мен туғанда Жұмабай атам «Менің атымды осы бала шығарады!» деп  қуанып, ит көйлегімді ырым үшін сақтап қойған екен. Міне, атын шығармақ түгілі, үрім-бұтағының тоз-тозын шығардым! Төрт ағамның төртеуі де қамауда! Ақын боп келіп, нем бар еді дүниеге!

ЗЫЛИХА. Құдай сені солай жаратса не шара! Олай деп бекер күңіренбе, Жәжекем! Күні ертең көрген қорлық, шеккен азап – бәрі ұмытылып, бәрі қаз-қалпына келеді!

МАҒЖАН. Сәкен мен Бейімбетті де ұстап әкеткендері рас па? Жасырма!

ЗЫЛИХА. Иә… Ілиясты да қамауға алған…

      Мағжан кенет бетін басып, екі иығы солқылдап жылап жібереді.

ЗЫЛИХА. Мағ-жан! Мұның не? Азамат басыңмен, ақын басыңмен жылағаның қалай? Сен мұндай бор кемік емес едің ғой, көтер басыңды!

МАҒЖАН. Олар кетсе… Айтшы, олар кетсе кім қалмақшы қазаққа ақылшы боп! Оның жоғын енді кім жоқтамақ! Бағы ашылмаған сорлы халқымай!

ЗЫЛИХА. Езілме, Мағжан! Сендер езілсеңдер арттарыңда қалған қара халық не күй кешпек?

МАҒЖАН. Айтшы, шыныңды айтшы, Зылиха! Сәкеннің сұлу мұртын біртіндеп жұлғандары рас па? Бейімбетті құйрығынан тепкендері шын ба?

ЗЫЛИХА. Оны кімнен естідің?

МАҒЖАН. Сәкеннің мұртын рахаттанып жұлған, Бейімбеттің артынан құшырланып тепкен өз қазағымыз екен ғой. Оларды атуға, дарға асуға, отқа өртеуге бұйрық берген шығар, бірақ, мұртын жұл, артынан теп деп ешкім бұйырған жоқ еді ғой! «Оян қазақ!» деп зарлап өткен өз тектілеріңнің мұртын жұлып, артынан тебетіндей мәңгүрт халге қалай түстіңдер, қалай құлдырадыңдар, дала толған кешегі асылдар мен батырлардың бүгінгі ұрпақтары-ау! Неге оянбайсыңдар?! Ғасырға созылған бұл не деген ұйқы?!

ЗЫЛИХА. Көсеміне көсеу ала жүгіртіп қойған заман кінәлі, Мағжан! Әкеге баланы, ініге ағаны жау қылған кесапатты кезге тап келдік! Күрсінсең де күңіренбе, күңіренсең де күйреме, Мағжан! Саған күйреу жараспайды!

МАҒЖАН. Ақыл азғын, адам тозғын, санасында сәл ғана саңлау бар адамның маңдайына ақыреттің азабын жазған заманға қалай тап болдық? Ешкімге жамандық тілемей жайбарақат жатқан ел едік қой. Әлде, қасіреттің бәрін сол жайбарақаттық пен момындықтан таптық па?

ЗЫЛИХА. Ақылыңды ашу-ызаға жеңдірмеші, Мағжан! Ажал тұзағынан мойның енді босағанда  өз аузыңнан ажал шақырмашы, жан-жағыңда сақ құлақ жансыздардың қаптап жүретінін білесің ғой. Сен өлім жазасынан аман қалып, құдайыма күн сайын мың мәртеебе құдайы айтып қуанып жүргенде басыма қайтадан қара түнек орнатпашы! Есіктен еніп келе жатқан бақытымызды өз қолыңмен кері итермеші! Өтінемін, мен үшін, мен үшін болмаса елің үшін, еліңнің ертеңі үшін өзіңді сақташы!

Зылиха оны құшақтап, солқылдап жылайды.

         Мағжан оның шашынан сипап, Зылиханың жаулығының ұшымен оның көзінің жасын сүртеді. Ол Зылиханың осыншама ақылды сөз айта алатын әйел екенін енді ғана аңғарғандай, оның бетіне үңіліп, ұзақ қарайды.

 

МАҒЖАН. Еркелік пен нәзіктікке ғана жаралған жарқыным-ай! Басыңа түскен ауыр күн сені де мезгілінен бұрын есейтіп жіберіпті-ау! Әйтпесе, осылардың бәрі саған лайық сөз бе еді?

НАДЗИРАТЕЛЬДІҢ ДАУСЫ. Арестант Жұмабаев! Сізге берілген уақыт бітті!

ЗЫЛИХА. Ал, маған сақтап қойған қандай сыйың бар?

Мағжан жан-жағына қарап, Зылиханың қолына матаға оралған бір түйіншек ұстатады.

МАҒЖАН. Соңғы жазған өлеңдерім. Мәскеуге барған соң Сұлтанбек Қожановқа тапсырарсың. Ал, мынау (екінші ораулы қағазды ұсынып) Максим Горькиге хат. Ол кісіні табу қиын емес. Түсінікті ме?

ЗЫЛИХА. Түсінікті!

                    Екеуі құшақтасып қоштасады.

                                             *                    *                *

ЗЫЛИХА. Сөйтіп, Максим Горькидің араласуымен Мағжаным елге оралып, біздің бақытты күндеріміз қайта туды. Бірақ, жылт етіп көрінген күн көзін көп ұзамай қайтадан қара бұлт басты. Жеті айдан соң Мағжанды қайта алып кетті. Тура үйге кеп, көз алдымда, енді ғана тамақ ішуге отыра берген кезінде қара курткалы екі адам кеп алды да кетті. Әрең дегенде қоштасып үлгердім. Содан кейін Мағжанымды қайта көруге тағдыр жазбапты.

КӨРІНІС

ТЕРГЕУШІ. Жұмабаев жолдас! Сіз өз қателігіңізді мойындайсыз ба?

МАҒЖАН. Кеңес үкіметінің алдында менің ешқандай кінәм жоқ.

ТЕРГЕУШІ. Сіз «Батыр Баян» поэмасын не үшін жаздыңыз?

МАҒЖАН. Ата-бабамыздың ерлігін жырлағым келді.

ТЕРГЕУШІ. Бүгінгі өмірді дәл сондай шабытпен неге жырламадыңыз?

МАҒЖАН. Ондай өлеңдерім көп, бірақ сендердің оны көргілерің келмейді. Біле білсең, олар сенің де ата-бабаларың.

ТЕРГЕУШІ. Сіз пантюркистсіз.

«Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп не үшін жаздыңыз? Түркістан қашаннан бері түріктің бесігі болып еді?

МАҒЖАН. Түрік пен қазақ ежелден бір туған. Олар Тұран империясы ыдырағаннан кейін еуропаға қарай қоныс аударып, бүкіл түркі тектес халықтардың тірегіне айналды.

ТЕРГЕУШІ. Неге оларды «ер түрік» деп бөле-жара айттың?

МАҒЖАН. Жарты әлемді ерлігімен бас идірген халықты неге «ер» деп атамасқа?

ТЕРГЕУШІ. Сізге таңылған кінә үлкен – сіз – ұлтшылсыз! Осыны мойындайсыз ба?

МАҒЖАН. Мойындаймын! Ол үшін мақтанамын! Өз ұлтымды сүймесем, несіне жер басып қазақ боп жүрмекпін!

ТЕРГЕУШІ. Ол үшін сіз өлім жазасына бұйырылатыныңызды білесіз бе?

МАҒЖАН. Білемін. Ұлтым үшін отқа күйсем де өкінбеймін!

ТЕРГЕУШІ. Мұның бәрі жылтыр сөз, азамат Жұмабаев. Жерге түсіңіз.

МАҒЖАН. Оны қалай түсінуім керек?

ТЕРГЕУШІ. Орталық комитеттің атына ұлтшыл екеніңді мойындап, кешірім өтініп хат жазыңыз. Және, өз жолдастарыңыздың арасынан… айталық, екі адамның атын атап берсеңіз, жазаңыз жеңілденер еді.

МАҒЖАН. Екі адамды емес, үш адамды көрсетіп берсем қайтеді?

ТЕРГЕУШІ. Онда тіпті жақсы! Ал айта бер.

МАҒЖАН. Онда жаз. Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбей, Шапырашты Наурызбай.

ТЕРГЕУШІ (жазып болып). Бұлар  кімдер? Ақын-жазушылар ма, ғалымдар ма, әлде, әртістер ме?

МАҒЖАН. Сендерге бәрібір емес пе? Бұлар барып тұрған ұлтшылдар. Сен екеуіміз бақытты өмір сүрсін деп осынша жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған ессіз бабаларың.

ТЕРГЕУШІ. Сонда… Сонда олар баяғыда қайтыс боп кеткендер ме?

МАҒЖАН. Жоқ! Олар әлі тірі. Ұрпақтарының ұсақтап бара жатқанын көріп, молаларында тыныш жата алмай тіріліп кетіпті. Егер ол үшеуін азсынсаң Абай мен Махамбетті де қосып ала сал.

ТЕРГЕУШІ. Жұмабаев! Сен кімді мазақ қып тұрсың? Мені ме, әлде Кеңес үкіметін бе?

МАҒЖАН. Мазақ қып тұрған жоқпын, жаным ашып тұр.

ТЕРГЕУШІ. Кімге?

МАҒЖАН. Кеңес үкіметіне. Егер оның мүддесін қорғайтындар дәл сен сияқты білімсіздер мен жандайшаптар болса, ондай үкіметке қалай жаның ашымасын. Оның ертеңі қандай болмақ?

ТЕРГЕУШІ. Оған басыңды қатырма. Оны екеуімізден басқалар ойлайды.

МАҒЖАН. Осымен сұрағың бітте ме?

ТЕРГЕУШІ. Ал, Бейімбет Майлин мен Әуезов жайлы не айтасың? Соларды көрсетіп берсең жазаң одан да жеңілдей түседі.

МАҒЖАН. Біріншіден, ұлтымды сүйгенім үшін ешкімнен кешірім сұрамаймын. Екіншіден, әлгі атаған адамдарымның бір де бірі халық жауы емес, халықтың мақтаныштары. Заман өтер, әділдік жеңер, сол кезде сенің балаларың мен немерелерің солардың атымен қойылған мектептерде оқып, солардың атымен аталған көшелерде өмір сүрер. Біз отқа түссек солардың болашағы үшін отқа түсеміз. Бар айтарым осы! Енді апаратын жағыңа апара бер!

Тергеуші шапалақ ұрады. Екі солдат кеп Мағжанды алып кетеді.

ТЕРГЕУШІ. Өзі ажал тұзағына бара жатып айтқан сөздерін қарашы! «Сенің балаларыңның болашағы үшін отқа түсуден тайынбаймыз» деді-ау, ә? Неткен рухы асқақ қайсар жан еді!

Бірақ, өйтпесе Мағжан бола ма?

МӘДИНА. Неткен қасіретті заманға тап келгенсіздер!

ЗЫЛИХА. Баяғы Пушкиннің: «Черт догадал с таким умом и талантом родиться мне в России» деген опынысы біздің ұрпаққа да арналып айтылған сияқты қайта-қайта еске түсе береді. Ал, сөйле, актриса бикеш, неге үндемей қалдың?

МӘДИНА (селт етіп). Мен қиялыммен мүлдем басқа әлемді аралап кетіппін… Сіздің айтқан әңгімелеріңіз айсбергтің беті ғана сияқты. Арғы жағы түпсіз терең тұңғиық…

ЗЫЛИХА. Айтпақшы, Мағжанға соңғы рет барғанымда онымен бірге отырған НКВД-ның бұрынғы қызметкерімен танысып едім. Кетіп бара жатқан кезімде ол мені қуып жетіп: «Мағжанды ату жазасына кескен үштіктің қаулысы жоқ. Мәскеуге хат жазып, оның ісін біржола тоқтатуға мүмкіндік бар» дегенді айтты. Әрі шапқылап, бері шапқылап жүріп ОГПУ-ге хат жібердік. Олар «өздерің шешіңдер» деп жауап беріпті. Ал, біздің жақ болса, «Мағжан Жұмабаевты өлім жазасына кесу жайлы үштіктің қаулысы болмаса да, Қазақстан жазушылар одағының және Мәскеудегі «Жерлестік» ұйымының Жұмабаевқа таққан айыптары оған өлім жазасын беруге лайық» деп жауап беріпті. Қазір ойлап қарасам, осының бәрінің ар жағында қызғаныш, көреалмаушылық жатқан сияқты. Өйткені, Мағжан өзгелерден қара үзіп, тым шарықтап бара жатты ғой.

МӘДИНА (қатты шошынып) Құдай-ау, сонда… Мағжан ағаны өлімге өзіміз қиғанбыз ба? Масқара! Масқара!

Мағжанның Карелиядағы тебіренісі: «Оян, қазақ!» деп зарлап өткен өз тектілеріңнің мұртын жұлып, артынан тебетіндей мәңгүрт халге қалай түстіңдер, қалай құлдырадыңдар дала толған кешегі асылдар мен батырлардың бүгінгі ұрпақтары-ау?! Неге оянбайсыңдар, ғасырға созылған бұл не деген ұйқы!».

ЗЫЛИХА. Естідің бе, Мағжанның үнін?

МӘДИНА (өзіне-өзі таң қалып) Иә… бұл жолы естіген сияқтымын…

ЗЫЛИХА. Адам деген мына жарбиған құлақпен емес, санамен естиді. Санасында құлағы бар адам ғана о дүниеден жеткен үнді тыңдай алады.

                                            ПАУЗА

–  Сөйтіп, шынтуайтына келгенде Мағжан үштіктің қаулысымен емес, жазушылар одағының және Мәскеудегі «Жерлестік» ұйымының қаулысымен атылып кетті.

Мәдина мынадай хабардан жаншылып, өзін-өзі ұстай алмай егіліп жылап жібереді.

ЗЫЛИХА (Мәдинаның қасына кеп, оның иығына қолын қояды).

Азамат! Жүнжіме, жүрме бос!

Бетті жу!

Өлең айт! Үйге қайт! – Сәкеннің революциялық рухтағы өлеңі ғой. Ал, актриса бикеш, сен де бетті жу, өлең айт, үйіңе қайт! Әлі пьесасы жазылмаған «спектакль» осымен аяқталды.

МӘДИНА. Ал, пьеса жазыла қалса Сіз рұқсат бересіз бе?

ЗЫЛИХА. Оған шейін тірі болсақ… Әні, терезеден тағы сығалап тұр ғой… Бұл жолы форточканы ашып кірмекші.

МӘДИНА. Қойыңызшы, Зылиха апай, мені бүйтіп қорқытпаңызшы.

ЗЫЛИХА. Өлімнен қорқуға болмайды, жарқыным. Әу баста ол да сенімен бірге туылған.

«Любовь к родному пепелищу,

Любовь к отеческим гробам». – Пушкин.

– Айтпақшы, Мағжанның сен әкелген ит көйлегі қайда?

МӘДИНА. Омырауыңызға тығып қойғансыз.

ЗЫЛИХА. Ә-ә, мұнда екен ғой… (омырауынан шығарып, бетіне басады) Анау сөреде тұрған Мағжанның кітабын әперші.

МӘДИНА. Оны қайтесіз? (Кітапты әкеп береді)

ЗЫЛИХА. Мағжаныма ит көйлегін қайта кигізейін. Екеуі қайта табыссын!

Ол кітапты ит көйлекке салып, ұзақ иіскейді де, креслоға шалқайып отырған күйі үнсіз қалады.

МӘДИНА. Мынауыңыз ғажап болды-ау, Зылиха апай! Мағжан ағаға ит көйлегін қайта кигізу – тек Сіздің ғана ойыңызға келетін киелі қасиет шығар!

Зылиха үнсіз.

– Сізді әбден шаршаттым-ау деймін! Қазір мен жаңадан шай демдеп әкелейін, оған дейін аздап демала тұрыңыз.

 

Мәдина ас үйге шығып кетеді.

 

ЗЫЛИХА (күбірлеп):

Бетімнен тәтті бір сүйіп,

Алдыңа алшы, әлдилеп…

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!

 

Мәдина шәйнекпен өлеңдетіп қайтып келеді.

 

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарасың қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына!

– Апай, айтыңызшы, Мағжан аға осы өлеңді Сізге арнап жазды дегені рас па?

Зылиха жауап бермейді.

–  Апай, Сіз ұйықтап кеткенсіз бе? Көзіңізді ашып, бір кесе ыстық шай ішіңізші (ол кесеге шай құйып, Зылиханың алдына қояды).

Зылиха сонда да үн қатпайды.

 –  Зылиха апай! Шайыңыз суып қалатын болды, ыстықтай бір-екі ұрттасаңызшы.

Зылиха жауап қатпайды.

 –  Зылиха апай! Зылиха апай! Сізге не болған!

Мәдина оның қасына жетіп кеп ақырын иығынан қозғайды. Оған ояна қоймаған соң қаттырақ қозғайды. Ит көйлекке оралған Мағжанның кітабін иіскеген бойы оның екі қолы сіресіп қапты.

ФОНОГРАММАДАН. Әлдиле, өлім, әлдиле! Әлдиле, өлім, әлдиле!

МӘДИНА. Жоқ! Жоқ! Өлім емес, Өмір! Өмір! Әлдиле өмір, әлдиле! Мағжан екеуіміздің әр күніміз бір дастан деуші едіңіз ғой! Бір ғасырлық сол дастанның екі сағатын ғана айтып, қалғанын о дүниеге өзіңізбен бірге алып кетпексіз бе? Ол әділетсіздік қой, Зылиха апай! Ояныңыз! Ашыңыз көзіңізді!

Әлди! Әлди! Әлдиле өмір, әлдиле!

Әлдиле өмір, Әлдиле!

Ол креслоны бесік сияқты тербете бастайды.

–  Әлдиле өмір, әлдиле! Әлдиле өмір, Әлдиле!

Ол бесік-креслоны тербетіп тұр. Жылап тұр!

Шымылдық.

29 сәуір, 2013 жыл

]]>