ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

Олар вальс ырғағымен билей жөнелді. Олардың ерекше биіне жын шайтандар разы боп, сүйсіне қарап қалыпты. Музыка олардың жеке қайғыларын да ұмыттырып жіберді. Қарап тұрғандардың әуелі бір екеуі, келе -келе бәрі биге араласып кетті.

Би бітіп, бәрі мәз боп қол соқты.

Тұтқындар жазаланып жатқан тас бөлменің ар жағынан ащы айғайлар естілді. «Жасасын бостандық! Жойылсын жеке өкімет! Құрысын маскүнем патша!» Сонан соң олар өлең бастады.

Сәлден соң бәрі жым-жырт болды.

–Бәрі де өлді, -деді Мугара көзіне жас алып.

Ермек оны жұбатып,  жасын сүрту үшін оған бет орамалын берді.

–Бәріне әкем кінәлі, –деді Мугара. –Атамыздың жиған бүкіл қазынасы той тойлаумен таусылды. Бүгінгі тойды атқару үшін халықтың үстіндегі киімін сатуға жарлық берілді.   Жұрттың жалаңаш жүргені сондықтан. Мұны мен айтты деп тісіңнен шығарма, әйтпесе мені… –деп ол мойнын саусағымен кесті.

Осы кезде сақшылардың дауысы естілді.

–Ұлылардың ұлысы Тюльтан-99 ұйқысынан оянды!

–Данышпандардың данышпаны Тюльтан-99 орнынан тұрды!

–Әлемдегі ең кемеңгер патша Тюльтан-99 осылай қарай келе жатыр!

Сақшы хабарлама жасап біткенде бір бұрыштан Тюльтан көрінді. Ол ортаға шығып есінеп алды да, жан жағына қарады.

–Сіздей ұлылардың ұлысын аман көргенімізге шексіз қуаныштымыз! –деді сақшылар бірінен соң бірі жарыса бас иіп.

–Бақыттымыз!

–Арманымыз жоқ! Болмақ емес!

Тюльтан-99 тағына барып жайғасты да:

–Менің таққа отырғаныма бүгін нешінші күн? –деді өзімен еріп келген көмекшісіне еңкейіп.

–Үш жүз алпыс бес мың бір жүз қырық бес күн, ұлы мәртебелі тақсыр!

–Сонда қанша жыл болғаны?

–Оны есептеп, жылға айналдыратын ешкім жоқ, ұлы мәртебелім! Ондай ұлы математик әлі туылған жоқ.

–Бар! –деді топ ішінен біреу.

Бәрі дүрлігіп оған қарады. Ермек екен.

–Үш жүз алпыс бес мың бір жүз қырық бес күнді жылға айналдырғанда Мың жыл, төрт ай, жиырма бес күн болады, ұлы мәртеебелі тақсыр! –деді ол тақылдап.

–Әне, есіттің бе ақымақ! Жазып қой! Ал  сен ондай математик туылған жоқ дейсің. Жасасын ұлы математик Ермек!

–Жасасын! Жасасын! Жасасын! –деген дауыстар жан жақтан жаңбырдай жауды.

–Сіздердің билеріңіз маған өте ұнады, –деді Мугара. Музыкасы қандай әсем! Сіз маған тағы да би үйретесіз бе?

–О, әрине, ханшайым! Егер сіз қаласаңыз! Біздің музыка мен вальстің сізге  ұнағанына өте қуаныштымын! Бірақ, өскен соң сол елдің адамдарын сіздің де алдап- арбайтыныңыз жараспайды-ақ!

–Жоқ, мен олай етпеймін! Мен сіздің елге ешқашан жамандық жасамайтын боламын.

–Сіз солай ойлайсыз, ал, басқалар көне қоймас.

–Ешкімді алдап-арбамай, ешкімге жамандық жасамай адал өмір сүруге мен өзгелерді де үгіттеп көремін. Олар көнеді. Мен оларды  көндірмей қоймаймын! Сіздер ойлағандай біздің бәріміз алаяқ сұм емеспіз!

Қай  елде болмасын қыздың аты қыз ғой. Мугараға өз елінің жаман қылықтарына намыстанып жылап жіберді. Жұртқа көрсетпеу үшін Ермек сыйлаған орамалмен дембіл- дембіл көз жасын жасырын сүрте берді. Орамал дымқыл тартып кеткен соң ол оның бүктеуін жазып еді, ішінен көк жібекпен жүргізілген жазу шықты. Мугара оған таңдаана қарады.

–Неткен керемет! –деді ол орамалға түсірілген оюлар мен жазуларға түсінбесе де таң тамаша боп қарап. –Бұл не?

–Бұл – оюлар. Ал мынау –жазу.

–Онда не жазылған?

Ермек ол жазудың сырын айтуға ыңғайсызданып сәл мүдіріп қалды.

–Бұл… Білесің бе, мәселе былай… біздің елде қыздар балаларға орамал сыйлайды. Орамал сыйлаған кезде бар өнерін салып оның бетіне әр түрлі жібек жіппен оюлар жүргізеді, өзі орамал ұсынып отырған жігіттің атын жазады.

–Қыздар орамалды ұлдарға сыйлай ма?

–Иә.

–Неге өйтеді?

–Ім… м… Орамал ұсыну –жақсы көрудің белгісі.

–Ал, мұнда не деп жазылған?

–«Ермек» деп жазылған.

–Демек, сізді біреу жақсы көреді ғой, солай ма?

Ермек ыңғайсызданып күмілжіп қалды.

–Кім білген, –деді ол иығын қозғап. –Кластас бір қыз туған күніме сыйлаған.

–Сенің туған күнің қашан?

–1977 жыл, 10 апрель.

–Біздің дәуірдің бе?

–Әрине! Біздің дәуірімізге дейін болса… ойо- о, менің сүйегім де күл боп кетпес пе еді!..

–Тү-у, сіз тым жас екенсіз ғой, –деп күлді Мугара. –Бірақ, сөздеріңіз жасамыс адамның сөзіндей. Соған қарағанда сіздер бәрін тез біліп, тез үйреніп, енді ақылды бола бастағанда өліп кететін болуларыңыз керек.

–Мүмкін, –деді Ермек қыздың пайымдылығына сүйсініп. –Әбден мүмкін. Амал, қанша, құдай бізді солай жаратқан.

–Мына орамалды берген қыз да сізбен жасты ма?

–Иә, екеуміз бір күнде туыппыз.

–Аты кім?

–Айжан. Ай мен жан, яғни, айлы жан деген сөз.

–Сіз оны жақсы көресіз бе?

–Қайдам, –деді Ермек «жақсы көремін» деп мойындасам Мугараның көңіліне дақ түсіріп алармын деп қауіптеніп. –Мен әлі махаббат жөнінде ойланып көрген жоқпын.

Расында да, оның қауіпі дұрыс боп шықты. «Махаббат жөнінде ойланып көрген жоқпын» деген сөзі Мугараның құлағына жағымды тисе керек, оның жүзіне қан жүгіріп, ерніне күлкі үйірілді.

–Егер мен сізді жақсы көріп қалсам қайтесіз?

Ермек күтпеген сөзден не айтарын білмей абыржып қалды. Сабақ білмей қалған кезіндегідей басын сипап, төмен қарап кібіртіктей берді. Өз сөзіне жауап күтіп Мугара да үнсіз тұр. Ермек бұлай үнсіз тұра беруді  қолайсыз көріп, басын жоғары көтергенде  өзіне тесіле қарап тұрған екі көз –екі найзаны көрді. Сол найза бұл жоғары қараған кезде  өңменін тесіп өткендей, жүрегі зырқ ете қалды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20