ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

–Өз үйіме ұрлыққа түсіп мені жын ұрып  па? –деді Ермек ашуланып.

–Онда басқалардыкін алып келейік.

–Жоқ, мен ешқашан ұрлық жасаған емеспін!

Қазынашы қойнынан бөтелке алып Ермектің алдына қойды.

–Бұл не? –деп таңдана сұрады Ермек.

–Көріп тұрсың ғой, жартылық!

–Мұны қайтем?

Қазынашы кеңірдегін шертіп қалып: «Ішесің» –деді.

–Біз, мектеп оқу… а а… Иә… Біз, батырлар, ешқашан арақ ішпейміз!

–Қ- қайран баяғы заман-ай десеңші! Арақққа бәрін сатып алушы едік -ау! Есімде,, бір мас күзетшіден бір литр араққа екі пулемет сатып алғаным. –Ол ықылық атып әрең сөйледі.

Мыстан кемпір қалтақтай басып олардың қатарына кеп тұрды. Оның басын Тсара мас боп жүріп теріс орнатып қойыпты. Денесі бері қарағанда, басы ары қарап сөйлейді.

–Маған келгенде бұлардың қазынасы да қурап қалады, –деп ызаланды Мыстан. –Ұлы мәртебелі тақсыр! Ұлы мәртебелі әміршім!,, Бұл әділетсіздік қой!

Патша оның сөзін естіген жоқ. Өйткені, ол баяғыда қылжиып ұйықтап кеткен болатын. Ермек енді ғана байқады, мыстанның басы теріс қарап тұр екен.

–Мыстан  апа! Сізге не болған? Басыңыз қалай- қалай тұр?

–Мына маскүнемнің жасағаны ғой,– деді мыстан ұйықтап жатқан Тсараны нұсқап. –Жартылық қоймасаң өмірі жарытып ештеңе істемейді. Оңбаған жатып ішер! Патшаға жағынып алып жұртпен ісі болмай кетті! Көрермін ертеңгі күніңнің не боларын!

Сырттан жаушы ентіге басып жүгіріп кірді.

–Ұлы мәртебелім! Ұлы мәртебелі тақсыр! Қырсық! Үлкен  қырсыққа душар болдық, тақсыр! –деді ол ентігіп. Патша бір көзін ашты.

–Не бол-ды?–деді ол ұйқылы-ояу.

–Көрші бірлестікте арақ-шарап екі есе қымбаттап кетіпті. Енді не істейміз?

–Са-сатып алыңдар!

–Оған ақшамыз жетпей жатыр, ұлы мәртебелім!

–Барахолкаға апарып үстеріңдегі киімдеріңді сатыңдар! –Осыны айтты да ол қайтадан ұйықтап кетті.

–Құп болады, ұлы мәртебелім! –Ол енді жұртқа қарады. –Ей, кәрі-жас жын-шайтандар мен мыстан қыздар һәм мыстан кемпірлер! Диюлар мен албасты жолдастар! Ұлы патшамыздың таққа отырғанына (қағазға қарап) үш жүз алпыс бес мың бір жүз қырық бес күн толған мерекесіне орай  бүкіл әлемнің түпкір- түпкірінен қонақтар келеглі жатыр. Сол қонақтарды абыроймен аттандыру үшін ақша қажет. Қазынада соқыр тиын қалмай жұртқа жалақы бере алмай отырмыз. Сондықтан, үстеріңдегі киімдеріңді шешіп, барахолкаға сатып келіңдер!

Жұрт наразылық білдіріп гулеп кетті.

–Ұлы патшамыздың атымен бұйырамын! Жарлықты орындаңдар! Қане, үкіметке кім қарсы?

Жын-шайтандар гулесіп тарай бастады.

*       *     *

Тас сарай ауласында малайлар мен қызметші диюлар той қамымен әбігерге түсіп жүр. Киімдерін сатып жібергендіктен олардың бәрі жалаңаш. Үстерінде ұяттарын жауып қана тұрған лыпа бар.

Мыстан қыздар мен дию қыздар билеп жүр. Билері дөрекі. Олар үлкен тойға арналған концертке дайындалуда.

–Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! –деді маэстро алақанын шапалақтап. –Мына билерің тым дөрекі! Қолдарыңды ербеңдете бермей, бастарыңды шайқай бермей жындар сияқты жөндеп билеңдер! Қане! Оркестр! «Жындар биін» ойнаңдар!

Музыка ойналып, би қыза түсті. Жындар мен шайтандар араларындағы «шетелдік» Ермекке бар өнерлерін көрсетіп қалуға тырысуда. Патшаның қызы Мугара мен Ермек ақырын ғана билеп жүр. Киіммен жүрген «шетелдік» қонақ Ермек пен патшаның қызы Мугара ғана.

–Сіздердің жын-шайтандарыңыз бүгін неге жалаңаш жүр? –деді Ермек Мугарадан сыбырлай сұрап.

–Оны сізге айтуға болмайды.

–Неге?

–Оны айтсам менің басымды алады.

–Патшаның қызының басын алуға кімнің құдіреті жетеді?

–Әкемнің өзі-ақ әмір етеді. Ол өте қатал адам.

–Бәрібір Тсара салып береді екен ғой.

–Қорқам. Ол ылғи ішіп жүреді, әдейі қисық салып беруі мүмкін. Жалпы, мен осы әйелден күдіктенем және қатты қорқамын.

–Дегенмен, жын-шайтандар әлденеге қатты наразы сияқты. Олар бұрынғыдай көңілді емес.

–Мен сіздің алдыңызда айыптымын…

–Не үшін?

–Әкем үшін. Ол кісі соңғы кезде көп ішетін болды. Оның қателігі болса кешіріңіз. Таққа отырғаннан бастап тойлауда. Айтсақ тыңдамайды. Көп болса он мың жыл жасаймыз, қысқа өмірді көңілді өткізіп қалу керек дейді.

–Мәссаға-ан! Он мың жыл жасап отырып соны қысқа өмір дейді, ә!

Осы кезде жендеттер аяқ -қолдары байлаулы төрт бес диюларды айдап әкеп, бір бөлмеге қамап  жатты.  Оны көрген Ермек биін тоқтатып.

–Мугара, мыналардың жазығы не? –деді.

–Олар қашқындар?

–Қандай қашқындар?

–Бұл бірлестіктің тәртібіне көнбейміз деп басқа жаққа қашып бара жаатқан жерінен жендеттер ұстап әкелген. Енді  оларды өлтіреді.

–Неткен аянышты!

–Тс- с- с! «Аяу» деген сөзді біздің патшалық ұнатпайды. Екінші олай деп айта көрмеңіз.

Осы кезде тас бөлмеге қамалған жындардың шыңғырған дауыстары естілді. Соған қарағанда оларды азаптап өлтіріп жатса керек.

–Болды! Әзірге жетеді! Енді, кешеден бері үйреніп жатқан қазақ биін билейміз, –деді маэстро. –Оркестр! Дайындал! Бұл –ерекше вальс. Енді бірінші болып Ермек батыр мен Мугара ханшайым бастайды. Музыка!

«Қазақ вальсі» ойналды. Есепке шорқақ болғанмен жындар музыкаға қабілетті боп шықты. Мугараның сұрауы бойынша Ермек «Қазақ вальсінің» әуенін екі үш рет қайталап бергенде музыканттар оны тез арада ұғып ала қойды.

Вальс әуені жын шайтандарға ерекше әсер етіп, олар теңселіп кетті. Ермек иіліп кеп Мугараны биге шақырды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20