ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

–Ол мыстан баяғы Алдар -көседен екіқабат болғаннан кейін бұл жалғанда ешкімді сүймеуге ант берген, мәртебелі тақсыр»– деді Тсара патшаны желпи отырып.

–Ә, есімде! Оның адамға ғашық болғанын коллективте талқылап едік қой.

–Дәл солай, ұлы мәртебелім. Ол әйелді Жайхуан теңізіне, қазіргі Сырдарияға лақтырмақ болғанымызда, о, ұлы данышпаным, өзіңіз арашалап қалғансыз. Сөйтіп, есеп-карточкасына жазылатын қатаң сөгіс жариялап, жылдық сыйлықтан айырғансыз.

–Неге мен оны аядым?

–Ол кезде мыстан қыз екіқабат болатын. Алдар-көседей ақылды қудан ұрпақ өсірсек біз адамдарды оңай қолға түсіретін боламыз деп кеңес берген болатынсыз, о, ұлы көреген патшам!

«Сіздің ұлылығыңызға өле -өлгенше бас иеміз», тақсыр!» деп патшаны қоршаған жұрт қоғадай жапырылып тағзым етіп жатқанда сырттан әлдеқалай бір ескі машинаның сықыры, темір шиқылы естілді. Тсара аңырып тың тыңдады. Сол кезде жартас қақпа жартылай ашылып, ішке мыстан кемпір мен Ермек кіріп келді. Ол екеуі қол ұстасып тас тақта отырған Тюльтанға жақындады да оның алдына кеп тізерлеп тәжім етті.

Мыстан кемпір сөз бастады.

–Алдыңызда Алдар елінің өкілі, аса ақылды, аса ержүрек, аса айлакер Ермек деген жас батыр тұр, ұлы мәртебелім!

Ермек кеудесіне қолын қойып басын иді.

Тюльтан орнынан тұрып, оны айнала қарап шықты.

–Жақсы, жақсы! Сырт пішінің ұнайды. Менің мыстандарым мен сайтандарым қазір өтірік айтатынды шығарды, сондықтан, қолға түскен адамның өзімен сөйлесуге көштім, –деді ол баланың әр жерін шұқып көріп. –Қане, айтшы, мына мыстан сенімен неше күн айқасты, сен қалай жеңілдің?

–Мен жеңілдім? Олай деп сізге кім айтты?

–Үш күн дегенде әрең жеңдім, тақсыр! –деді мыстан Ермектен бұрн сөйлеуге тырысып.

–Тоқта-ат! Өзі айтсын!–деп ақырды патша.

–Ә-ә, иә.. ешқандай жаудан жеңілмеп едім, сіздің мыстаныңыз айлакер екен. Менің аяқ-қолымды байлап осында алып келді, – деді Ермек мыстан екеуінің манағы сөйлескен сөзі есіне түсіп.

–Жарайсың, мыстаным! –деді Тюльтан кемпірді арқасынан қағып. –Жарайсың!

Тсара патшаның құлағына сыбырлады.

–Ұлы әміршім, бұлар өтірік айтып тұр. Мынаның үстіндегі сауыт судай жаңа, –деді ол Ермектің сауытына шұқшиып.

–Неге?

–Негесі қалай? Жаңа сатып алынған! Үш күн соғысқан адамның сауыты осылай жаңа боп тұра ма екен?

Ол Ермекке жақындап, баланы тағы бір айналып шықты. Бағана, үстіне киіп көрген кезде екеуі де байқамапты, сауыыттың етек жағында этикеткасы әлі салбырап тұр екен. Мыстан кемпір мұны қайдан алды –дүкеннен бе, әлде біреудің қоржынынан ба, Ермектің ойына мұндай нәрсе кірмеген де еді.

–Міне, этикеткасы да алынбаған, су жаңа сауыт, –деді Тсара алақандай картонға үңіліп. –«АлмаАтабытчермет» комбинаты деп жазылыпты.

Патша қаһарына мініп, айғайдың астына алды.

–Ах, ах! Оңбаған! Найсап! Кәрі қақпас!..

–Сіз менің арыма тимей сөйлеңіз, ұлы мәртебелім, –деді мыстан патшаның масаң жүзіне қаймықпай қарап.– Алдар көсенің елінде «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген жақсы мақал бар. Намысымды қорлаған соң тілім шықса оған мен кінәлі емеспін!

–Мұндай суайтты баяғыда құрту керек еді! Адамзатпен жүріп екіқабат болған найсап, кәрі мыстан!

–Тоқтатыңыз арға тиюді! Мен қанша мыстан болсам да затым әйел! Әйелді сыйласаңыз етті.

Тюльтан басын шайқап, оған тесіле қарап қалды.

–Ал, сыйладым басыңды, –деді ол селкілдей күліп. –Мынаның… басы иығына жөндеп орналаспапты. Қазір ала тұрыңдар, кейін қайта саларсыңдар. Ха- ха- ха!

Жендеттер мыстан кемпірді ала жөнелді.

–Дат, тақсыр! –деп осы кезде сөзге Ермек арласты. –Даудың басы –менің сауытым болса, оның жаңа екені рас. Ширпотребтен бүгін алдық. Сіздің патшалыққа келе жатқан соң құр қол келмей осы сауытты өзіңізге сыйға тартқалы ала келіп едім. Су жаңа этикеткасы әлі жұлынған жоқ.

Ол сауытын шешіп, Тюльтан -99-ға сыйға тартып еді, патша оған жас баладай мәз боп қатты қуанды. Ермек  сауытты патшаның иығына жапты. Тюлбтан оның екі жеңін сұғынып киіп көріп еді оның екі қолы ұшатын құстай керілді де қалды.

–Ой, қандай ғажап! Маған жараса ма? -деді ол Тсараға қарап.

Зымиян Тсара қасақана оны кекетіп:

–Керемет! Сізге құйып қойғандай шақ екен, –деді күліп.

–Өкімет бағасымен қанша тұрады?

–Бағасы… бұрынғы бағасы 99 сом елу тиын, комиссионный бағасы 93 сом жетпіс тиын. –Бұл –кеудешесі. Шалбарының бұрынғы бағасы   85 сом, 60 тиын, кейінгі бағасы 59 сом 40  тиын. Найза –47 сом, қалқан – 56 сом 20 тиын. Бәрін қоқанда 226 сом 30 тиын.

Патшаның көзі алақандай боп отырып қалды. Оның төңірегіндегілер таң- тамаша боп, шектерін тартты. Бұл елде мұншалықты көп сан емес, бесті беске қосудың өзі жоғары математика боп есептелетін.

–Керемет! Ғажап! Осынша сандарды тез арада қоса салды! – Ғажап! –деді төңіректеп тұрғандар таң-тамаша қап. Арамза Тсара тағы килікті.

–Мүмкін емес! Бұрын жаттап алған! –деді ол айғайлап. Жұрт гуілдеп кетті.

–Немене, әлгіге таңқалып тұрсыздар ма? –деді Ермек  –Фу-у, біз ондай қосу алуды бірінші класта-ақ үйренгенбіз.

–Бірінші класта? Бірінші класта! Қызық! Ал, тағы қосшы.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20