ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

–Өзің жымқырмасаң болғаны.

–Мен бала-шағамды арам ақшамен асырамаймын.

–Онда өзің біл. Ал, мына алтын ақшаларды Қырым жағалауындағы Аю-Даг тауының бауырына апарып таста. Білесің ғой.

–Білем. Бұрын екі рет алтын апарған жерім ғой.

–Ендеше тез бұйрықты орында!

Дию ұйықтап жатқан Тюльтанға қарап:

–Қожайынның өзі неге бұйырмайды, – деп сұрады.

–Әй, білесің ғой оны, –деді Тсара қолын сілтеп. –Мас…

–Жап-жақсы патша еді, босқа ішіп кетті, байғұс! –деді Дию жанашыр үнмен. Сөйтті де көзден ғайып болды. Оның артынша Тсара да шыға жөнелді.

Тас сарай ішінде найзағай жарқ-жұрқ ете қалды. Найзағай үні басылған соң селебесі жер сызған ұзын бойлы періште пайда болды да, тақта ұйықтап жатқан Тюльтанды қылышымен түртіп оятты.

–Ей, Тюльтан! Тұр, басыңды көтер! – деді Періште.

Тюльтан қозғалар болмаған соң ол дауысын қатайтып:

–Ей, тұр деймін саған! – деді екінші рет түртіп.

Тюльтан ұйқылы-ояу халде әлдене деп сандырақтай бастады.

–Тсара! Тсара! Сен қайда жүрсің, Тсара!

–Басыңды көтеріп, есіңді жый! Келіп тұрған қылышты періште!– деген кезде Тюльтанға бұл сөз бірден әсер етіп, ол есін жиып алды. Өзіне төніп тұрған қылышты Періштені көріп, оның екі көзі шарасынан шықты.

–Сен… сен… неге? Қайдан!  Мен не істедім?.. –деді ол бойын билеген үрейден қалш-қалш етіп.

–Не істегеніңді өзің білесің, – деді  Періште қылышын қынабынан суырып жатып. Қылышты көріп Тюльтан жалбарына сөйледі.

–Менің жазығым жоқ! Өлтіре көрме! Жазығым жоқ! Бір түсінбеушілік болған ғой. Мен екі рет қана ел тонағам, үшінші рет тонаған жоқпын.

–Тонадың. Қазір ғана!

Тюльтан жанталасып омырауын сипалады. Мойнында алқаның жоқ екенін көріп, сылқ етіп отыра кетті.

–Ой, оңбаған Тсара! Жауыз Тсара! Сен екенсің ғой ел тонатқан! Тсара! Тсара!

Қанша айғайлағанмен оған ешкім жауап бермеді.

–Менің жазығым жоқ! Ел тонаған мен емес! Көріп отырсың ғой, уәзірім Тсара қашып кетіпті. Аяй гөр, аяй гөр мені!

–Онда менің шаруам жоқ. Заңның аты заң. Оны ешқашан бұзбайтынымызды білесің. Әкел мойныңды!

–Оны қайтесің?

–Түсінікті емес пе? Шабамын.

–Жоқ! Жоқ! Бермеймін мойнымды! Бермеймін! –деп ол шегіне берді, бірақ, одан бір елі қалмай Періште жылжи берді.

–Бір жолға кешірші. Мен… байқамай… Ұйықтап қалған кезімде… Енді ұйықтамаймын. Енді ішпеймін де… деп Тюльтан оның тізесін құшақтады. –Енді арақтың маңайына жүрсем құдай ұрсын!

–Мұның бәрін бұдан мың жыл бұрын жасауың керек еді. Енді кеш. Саған кешірім жоқ!

Ол селебесін сілтеп қалды. Тюльтан гүрс етіп құлап түсті. Найзағай жарқ-жұрқ етті де қылышты Періште ғайып болды.

Тас сарайдың ығы-жығы боп жататын шағын алаңы  ел көшіп кеткендей жым-жырт. Масаң патша да, мүйізді  жендеттер мен жалаңдаған жаушылар да көрінбейді. Сарай тылсым тыныштық құшағына бөленген. Көп қуыстың бірінен тез-тез басып, жіті қимылдап жүрген Тсараның тұлғасы көрініп қалады. Ол талайдан бергі арманы – адамдармен алғаш қарым-қатынас жасаған бұл патшалықты біржола жою мақсатына кіріскен. Елдің берекесі кетіп, бас көтерер азаматтары тозып біткенде ол өзінің ұлы сиқырын іске қосып, мұндағылардың бәрін құмыраға тығып бітіп те қалды.

Әне, ол патшалықтағы құмыраның бәрін жинап, қатар-қатар қойып шықты. Сонан соң тағы да күбірлеп дұға оқи бастады. Оның бұл әрекетін көріп қалған мыстан кемпір жетіп келіп:

–Тсара! Сен қандай жауыздық жасап жатырсың? –деді шошына айғайлап.

–Менің ісіме араласпа, кәрі мыстан! –деді Тсараның көзі қанталап.

–Сенің жауыз екеніңді баяғыдан біліп едім. Сен жай қайыршы боп келіп, Тюльтанға жағынып алдың да, оны азғындық жолына түсірдің. Мугараның шешесі үшті-күйлі жоқ боп кетуі де сенен келген бәле екенін сезгем.

–Сезсең қателеспепсің. Енді маған кедергі жасама!

–Тсара! Бұл сұмдығыңды тоқтат! Мынауың барып тұрған жауыздық қой. Бұдан өткен сұмдық бола қоймас!

–Біздің қас жауымыз – адамдармен тату тұрмақ болған жын-шайтандардың орны құмыра! Мен олардың бәрін құмыраға тығамын да, аузын жауып, жартастың астында мәңгілік қалдырам. Оларға ең лайықты жаза осы!

–Лағнет атсын сені, Тсара! Сен ең барып тұрған  қара жүрексің. Сені найзағай атсын! Құдайдың қаһары атсын.

–Ей, мыстан! Қақсауыңды қоймасаң сені де бір құмыраға тығамын!–деді Тсара оны қорқытып.

–Сенің маған сиқырың жүрмейді. Мен сенен екі мың жыл үлкенмін. Әйтпесе, сен мені алғашқылардың бірі етіп құртар едің ғой.

–Онда басқа жаза аласың! Мә, ендеше!

Тсара екі қолын кемпірге қарай созып, «көзге көрінбес құлдарым мен күңдерім, сендерге үлкен емес ұсақ жұмыс тапсырдым, алдымда тұрған кәрі  мыстанды Тюльтанның тағына байлап тастаңдар. Суф-ф-ф! – деді екі алақанына дем салып.

Көзді ашып-жұмғанша Мыстан кемпір таққа байланып қатты да қалды. Тсара ішек-сілесі қата қарқылдай күлді.

–Менің бұл жақсылығымды ұмытпассың, құмыраға тықпай саған жеңіл жаза бердім. Мың жыл, екі мың жыл, он мың жыл! Осылайша қатып-семіп, қанша қаласаң сонша тұра бер! Енді сен мәңгіліксің!. –Ол кемпірдің тас алқасынан қағып-қағып қойды.

Тсара екі қолын тағы да алға жайып дұға оқи бастады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20