ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

–Білмеймін,– деп күмілжіді Мугара.

–Сендер қанша беріп едіңдер! – деді Ермек Тхан патшасына қарап.

–Жүз елу мың дзина, – деп әйелі күйеуінің алдын орай жауап берді.

Ермек жүгіріп кеп Тсараның мойнындағы дорбаны жұлып алды.  Ішіндегі ақшасын тас тақтаға төгіп жіберіп санай бастады. Оның ақшаны тез-тез санағанына Тхан патшасы мен әйелі қайран қала қарап тұрды.

–Мұнда небары 90 мың дзина, –деді  ол екеуіне кезек қарап.

–Біз ештеңе де білмейміз. Жүз елу мың бердік пе, бердік. Үш есе ғып қайтарыңдар. Әйтпесе Мугараны алып кетеміз, –деді аяр әйел үндеме дегендей күйеуін түртіп қойып.

–Ах, оңбаған Тсара! Сол екі арада алпыс мыңды жымқырып үлгірген екенсің ғой! Тым болмаса мен сыйлық ақшамды да ала алмай қалдым! – деп бір бүйірден Мыстан кемпір байбалам салды.

–Қапаланбаңыз әже, аласыз, – деп Мугара оны жұбатқан болды.

–Жо-оқ, жай айтқаным ғой. Сол ақшаның маған керегі де жоқ. Сені құтқаруға қосқан үлесім болсын. Ай, сұрқия Тсара! Тюльтанды маскүнем қылған сен! Сен!

–Қалай, үш жүз алпыс мың дзина тауып бере аласың ба?

Қарағұл ойланып тұрып қалды.

–Балам ұшқыш кілем сатып алам деп жүрген ақша бар еді. Жарайды, соны бере тұрайын, – деді ол дорбасынан бір буда ақша алып.

–Рахмет! Кілемнің кезегі келгенше тауып береміз, солай ма мыстан апа?

–Әрине, әрине! Тірі жанбыз ғой, бір бәле ғып тауып берерміз, – деп Мыстан да қуанғанынан қалбалақтап қалды. Ермек бір дорба алтын ақшаны әлгі екеуінің алдына қоя салды.

–Міне, ақшаларыңыз, алыңыздар да тайып тұрыңыздар! –деді ол енді еркін сөйлеп.

–Иә, тайып тұрыңдар! Бол! – деп гүж ете қалды Қарақұл да.

Олар  ақшаны алып тайып тұрды.

Ермек, Мугара,  мыстан кемпір үшеуі қуаныштан көздеріне жас алып, бірін-бірі көптен көрмегендей құшақтаса кетті.

–Олар қайтадан көп дауласып жүрер, сендер басқа жерге барып жасырына тұрыңдар, – деді мыстан Ермек пен Мугараға. – Мен білетін Тхан патшасы болса ақша десе арын сататын бәле.

–Онда бара ғой… мен жартас ішіндегі бір оңаша қуысты білемін. Ол жерге адам сен түгілі, сайтан біз де бара бермейміз. Сонда барайық, – деп ұсыныс айтты Мугара.

Олар осыған келісті де, екеуі тау шатқалына қарай қол ұстасып жүгіре жөнелді.

Ұлылыққа таласқан төбелес бұрынғысынан да  қыза түсті.

–Кім  ұлы?–деді Сандра патшасы.

–Мен ұлы! –деді Саримори патшасы.

–Мәс-саған! –Сандра патшасы Саримори патшасын жұдырықпен қойып қалды.

Төбелеске әрине, әйелдер де араласып, үлкен шайқас басталып кетті. Олар әрқайсысы өз күйеулерінің ұлы екенін дәлелдей бастады.

–Кім ұлы? – деді Қозған-тозған патшасы.

–Мен ұлы! – деді Сандра патшасы.

–Мәсс-саған ендеше! – деп Қозған-тозған патшасы оны қақ бастан қойып қалды.

Төбелес қыза келе олар үйден шығып кетті. Олар бірін-бірі жұлқылап жүріп тас сарай маңындағы құз жартасқа тірелді. Соққыдан Саримори патшасы құлап бара жатып әйелінен ұстап еді, әйелі қалғандарынан, сөйтіп, бәрі де бір-бірін жібермей, күркіреп жатқан өзенге құлап тынышталды.

Тсара ұйқысынан оянып, жан-жағына қарады. Ешкім жоқ екенін көріп, заттарын шұғыл жинастыра бастады.

«Өміріме жетер дүние жидым. Енді бұл маскүнемнің маған керегі не? Бұл енді маған күйеу боп та жарытпас. Одан да ешкім көрмей тұрғанда ізім-ғайым жоқ болайын».

Ол тез-тез киініп шыға берді де, әлденеге бел буғандай ойлана қалды.

«Тоқта, тоқта! Маған бір ой келді», –деді ол жан-жағына қарап. –Бұл ғой харамдық жолмен екі рет ел тонады. Әлі бір рет тонауына болады. Сонан соң өзінің басы кетеді. Кетсе кете берсін. Сол байлықты неге алып кетпеймін?».

Ол Тюльтанның мойнындағы алтын алқаны шешіп алды да, оның бір тетігін баса қойды. Алқаның қақпағы ашылып, ішінен тағы бір алқа шықты. Тсара оның да тетігін басқанда қара түтін бұрқ етіп, алақ-жұлақ еткен, ешнәрседен тайынбайтын дию жетіп келді.

–Не бұйырасыз тақсыр? – деді жалаңдаған Дию.

–Тюльтан патшаның атынан бұйырамын. Қайда барсаң онда бар, тез арада екі қап алтын ақша тауып кел!

–Бір қап, –деді Дию.

–Жоқ! Екі қап! Бұйрықты орында!

–Тақсыр, қазір екі қап алтын ақша табу мүмкін емес»

–Бұл не деген бейбастақтық! Өл, тіріл, бұйрықты орында!

Дию блокнотын ашып қарады да:

–У-у, бұл болмайды тақсыр! –деді басын шайқап.

–Неге болмайды?

–Бұл үшінші рет екен. Бұрын екі рет ел тонапсыздар…

–Онда сенің шаруаң болмасын. Кетсе біздің басымыз кетеді. Бар! Жөнел!

–Жарайды. Маған бәрібір, – деп Дию ғайып болды.

Тсара Тюльтан жатқан биік тақты орнынан жылжытып жалт-жұлт еткен алтын ақшаларды қолымен сапырып рахаттана күліп қойды. Сонан соң ол ақшаларды тез-тез сандықшаларға салып, бұрышқа апарып үйе бастады.

Осы кезде қара түтін бұрқ етіп, Дию жетіп келді де бір қап алтын ақшаны Тсараның алдына тастай салды.

–Енді бір қабы қайда! – деді Тсара ақырып.

–Осының өзін әрең таптым, тақсыр!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20