ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

Мугара жүгіріп Ермектің жанына келді. Ол ебіл-дебіл боп жылап жүр.

–Айттым ғой… ол мені сатады деп… ол аямайды, –деді жібек оюлы орамалмен жасын сүртіп. –Біздің патшалықта жанашу, аяу деген болған емес.

–Рас па?

–Рас. Әне, әне бір сақалды сайтанмен менің әкем қол алысып келісті. Олар мені ол жақққа барған соң үш есе қымбатқа бір кәрі сайтанға сатпақшы!.. Жаңа естідім… Ой, менің ол жаққа барғым келмейді!

–Енді не істедік, а? Бәлкім, оның ақшасын қайтарып берерміз.

–Ондай ақша бізде жоқ.

–Егер мен әке-шешеме барсам. Бүкіл тауықтары мен үйрек-қаздарын айдап әкеп берсем ше?

–Жоқ, болмайды. Олар ерегіссе сендердің де, біздің де патшалықтарымызды тас-талқан етеді. Соғыстың керегі жоқ. Мен үшін қырғын болмай ақ қойсын.

Басы қисайып Мыстан кемпір келді.

–Жылама, ертең байыған кезде сені қайта сатып аламыз, –деді ол Мугараны жұбатып.

–Оған дейін олар мені қорлайды ғой.

–Амал бар ма, қыз сорлының көретін күні сол, –деп ол да кәрі көзіне жас алды. –Мені де елу бес жасымда әкем қалың малға сатып жіберген. Бірақ, өзім қашыып құтылғам. Содан бері әке- шешемнің бетін көрмей кеттім. Қазір олардың қайда екенін де білмеймін. Өлі ме, тірі ме?… қанша шайтан болса да өлген шығар- ау, бейшаралар!..

–Сонда, патшаларыңыз осылай өле- өлгенше тойлай бере ме?

–Иә.Кешегі газетке оның «Тойлаймын, өйткені қызыққа тоймаймын» деген интервьюі шықты.

–Бұл ашықтан-ашық елді құрту ғой.

–Иә, солай.

–Одан неге құтылмайсыздар?

–Ойбай, жап аузыңды! –деді Мыстанның зәресі ұшып. –Оның тыңшылары көрінбей ұшып жүреді.

–Ал, бірақ оның құрығанын тілейсіздер ғой?

Дауыстап жауап беруге қорқып, олар бастарын ғана изеді.

–Жасасын ұлылардың ұлысы, данышпандардың данышпаны Тюльтан -99! «Ура!» жолдастар! –деп тост көтерді Тсара.

Бұл қолпаштау өзге патшалардың намысын шағып алды. Шарапқа  шалқып, кеуделеріне нан пісіп отырған қонақтар наразылық білдіре бастады.

–Ол неге біз отырғанда ұлылардың ұлысы болады? Ол неге данышпандардың данышпаны болады? –деді Қозған- Тозған елінің патшасы көзін ежірейтіп.

–Біз осы патшамызды осылай дәріптейміз, құрметті қонақтар!– деді Тсара Тюльтанның қолын сүйіп.

–Оны қалай дәріптесеңдер солай дәріптеңдер, бірақ біз жоқта айтыңдар, –деп теріс айналды Сандра патшасы ренжіп.

–Кім ол ұлылардың ұлысы? –деп даурықты әңгіменің не туралы екенін түсінген Саримори патшасы. –Мен тұрғанда ешкім де ұлы бола алмайды! Данышпандардың данышпаны мына тұрған мен!

–Иә, осы! Менің күйеуім дұрыс айтады! –деп қосарланды оның жұбайы

–Оттапсыңдар! Ұлылардың ұлысы –менмін! –деп кеудесін қақты Сандра патшасы.

–Иә, осы! Менің күйеуім өте дұрыс айтады ! –деп оны да әйелі қостай жөнелді.

–Бәрің де далбасалапсыңдар! «Тхан патшасы –ұлылардың ұлысы» деген кітап бізде кеше ғана шықты, міне!–деп ол қалың кітапті көрсетті.–Яғни, мен тұрғанда ешкім ұлы бола алмайды. Болыңдар, бірақ, «Тхан патшасынан кейінгі ұлы» деп айтыңдар!

–Иә, сөйтіңдер! Оған рұқсат! – деді оның жұбайы айғай-шуды баса дауыстап.

Олар ұлылыққа таласып, сол жерде бықпырт болды. Бір біріне шарап шашып, құйрық, мүйіздерінен тартып, ыдыс-аяқтарды бір-біріне лақтырып, той топалаңға айналды да кетті.

Тюльтан патша болса қаннен-қаперсіз өз тағында пырылдап ұйқыға кетіп еді. Соққы тиіп Тсара да оның қасына барып құлады.

–Мугара! Мугара! Кеттік!–деп айғайлады Тхан патшасы.

Ол әйелі екеуі ұшқыш кілеміне асығыс міне бастады.

–Мен… мен сіздермен бірге кетпеймін!.. –деп қарсыласты Мугара. –Менің ол жаққа барғым келмейді.

–Біз ақшаңды төлеп қойдық, қалай бармайсың! Бол, тез!–деп Тхан патшасының әйелі Мугараның қолынан ұстап, кілемге қарай сүйрелей жөнелді.

–Жоқ! Жоқ! Мен әкемнің сатқанына көнбеймін! Көнбеймін! –Мугара болса зар илеп келеді. Мынадай әділетсіздіккке төзе алмаған Ермек:

–Сіздер неге жат елде жүріп басынасыздар! Босатыңыздар қызды! – деді ертегідегі батырларша олардың алдын кес-кестеп.

–Ей, сен кім едің сонша?–деді Тхан патшасы оған менсінбей қарап.

–Мен – Адаммын!

–Адам болсаң қайтейін, бола бер! Бірақ бізде шаруаң болмасын, өзіңнің адамдық жолыңды біл!

–Жұмыр жердің қожасы – Адам! Сондықтан біздің барлық әділетсіздікке араласуға хақымыз бар. Қызды босатыңыздар!

Тхан патшасының әйелі суырылып шығып:

–Біз ақшасын төлеп қойғамыз! – деп Ермекті жолдан ысырды.

–Ал егер ақшасын қайтарсақ ше?

–Үш есе ғып қайтарыңдар, –деді әйел қасақана қол жетпес бағаны айтып.

–Келістік! –деді Ермек нық сөйлеп. – Шарттарыңызды орындауға әзірміз!

–Онда біз де қарсы емеспіз? – деп жауап қатты аяр әйел.

–Мугара, жүзігіңді берші! – деді Ермек ентігіп.

–Сен Қарақұлды шақырғалы тұрсың ба? Ол болмайды.

–Неге?

–Жынға жын қол көтермейді.

–Сонда да бере тұршы. Мен оны өз туыстарына жұмсаймын.

Мугара оған жүзігін берді. Ермек оны сыйпап қалғанда баяғы Қарағұл жетіп келді.

–Не бұйырасыз, тақсыр?

–Ей, тамыр, – деді Ермек ежелгі досымен сөйлескендей. –Ештеңе де бұйырмаймын, бір қиын жағдай болып тұр. Көмектесші а?

–Ол не жағдай?

–Ақша тауып берші. Қарызға.

–Қанша?

Ермек Мугараға қарап «қанша» дегендей иек қақты.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20