ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

–Зоопаркті орнына апарып тастаңдар да демала беріңдер, деп әмір етті.

–Құп болады!

Зоопарк те, Қарақұл да  көзден ғайып болды. Екеуі оңаша қалған соң Ермек:

–Мугара! Егер орынсыз болса кешір… Бүгін сенің әкең қарамағындағылардың киімін сатып той жасап жатыр. Ертең не істемек? –деп сыр тартты.

–Білмеймін… деп жауап қатты қыз. Мен әкемнен қорқам, әрі оған жаным да ашиды.

–Мугара! Мугара! Сен қайда кетіп қалдың? Ау, Мугара! –деген мыстанның дауысы естілді.

–Мен мұндамын! –деп айғайлады Мугара.

–Тез мұнда кел, сені әкең іздеп жатыр. Ермек қайда?

–Ол да осында!

Мыстан кемпір олардың қасына келді.

–Екеуің күні бойы оңаша отырдыңдар ма? –деді ол таңырқап.

–Несі бар? Бірге болдық.

–Байқа! Бұл адамдардың жүректі арбап алатын бәлесі бар, –деді ол өткенді еске алып. –Байқа!

–Ермек маған өте ұнайды. Оның ешқандай бәлесі жоқ!

Кемпір күрсініп қойды да: –Ей, ұнайды ғой, ұнайды, –деді. –Бірақ олар Адам. Өмірлері өте қысқа. Бір жақсы көріп қалсаң өзіңе қиын. Күйігі жаман болады. Мен Алдарды әлі ұмыта алмай жүрмін. Одан кейін ешкімді көзге де ілгім келмей қалды. Бұлардың  бір бәлесі бар!

–Мыстан апа, бізді жамандамаңыз, –деді Ермек намыстанып.

–Ол жамандағаным емес, қой. Алдарды әлі ұмыта алмай жүрсем, оны жек көргенім бе екен. Ей, сендер оны түсінбейсіңдер ғой… Мугара, сені әкең шақырып жатыр. Тез бара ғой.

–Мыстан апа, сіз неге мұңайып тұрсыз, –деді Мугара.

–Жай. Анау маскүнем Тсара басымды жөндеп орнатпаған соң мазам болмай жүргені. Әрі, әскердегі баламнан да хабар жоқ.

Тюльтанның даусы естілді. Оның мас екенін Мугара бірден білді.

–Му- га- ра… М… м- му-гара деймін!

Мугара оның алдына кеп, қонақтарға иіліп сәлем берді.

–Міне, менің қызым! Ол өте ақылды! Қазір  сиқырлықтың үшінші жылын бітірді! Менің қызым Мугара үшін тағы бір алып қойыңыздар! –деп әкесі шарап толы тостағанды жоғары көтерді.

Қонақтар дуылдап алып қойды.

–Менің қызым керемет билей де алады. Қане, Мугара! Көрсетші жаңа биіңді!

Әдемі  қыздың өнерін көру үшін жұрт тына қалды. Мугаара ортаға шығып билей жөнелді. Ол  ғажап билейді екен. Ермек оның тал шыбықтай бұралған денесі мен әсем қимылдарына сүйсіне қарады. Би қонақтарға өте ұнады.

–Тағы! Тағы ! Мугара! –деп айғайлады желігіп алған олар.

–Мен қазір вальс билеймін. Мүлдем жаңа, ол «Қазақ вальсі» деп аталады. Оны билеу үшін маған сыңар керек. Бұл биді маған үйреткен адамзат өкілі Ермек.

Ол Ермекті ортаға жетелеп шықты.

Қонақтар «адам» деген сөзді есітіп бір- біріне таңдана қарасты. Кейбіреулері шошынып, енді біреулері оған үңіле қарады. «Тюльтан патшалығы бұзылған патшалық, олар адамдармен алғаш қарым-қатынас жасап, Алдар көсе деген бір қу аяқты араларына кіргізген» деп қонақтар бұл оқиғаны сан саққа жүгіртіп, өзара сыбырласа жөнелді.

«Қазақ вальсі» басталды.

Ермек пен Мугара дөңгеленіп билей жөнелді. Би біткенде қонақтар орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Бәрі қол соғып, тағы да шарап ішілді.

–О-о, ғажап! Мен мұндай биді ешқашан көрген емеспін! –деді Сандра патшасы тамсанып.

Ал оның қасында қалғып отырған Саримори патшасы бір сәт көзін ашып: –Мына сорпаларыңызда бір түйір ет жоқ, анау адамды неге турамағансыңдар? –деді Тюльтанға қарап.

–Ол– ұлы математик, –деді Тюльтан.

–Онда тұрған не бар? Математикті де жеуге болады, –деді Тхан патшасы. –Бізге  оның математикасынан гөрі  еті қымбат.

–Басқалардың ойына келмей тұрған кезде Мугараны сатып алайық, –деді оның әйелі. –Тюльтан қазір тақыр кедей. Қызын арзанға береді. Шарап көрмегендей қылқылдата бермей, қыздың әкесімен сол жайлы сөйлес.

Тхан елінің патшасы тәлтіректей басып Тюльтанның қасына кеп отырды.

–Ал,  кол… коллега! Сенің қызың бізге өте ұнап қалды. Сен бізге оны сат. Ақшасын қазір, қолма қол беріп кетем! –деді ол ықылық ата сөйлеп.

Тюльтан масаң күйде ойланып қалды.

–Келіссең осы ақшаның бәрін қазір беріп кетем, –деп ол ақшаны қобыратып столға тастады. Тюльтан жауаптан тосылып, бұрқыраған ақшаға қарап отырып қалды. Көп ақшаны көрген Тсараның көзі оттай жанып шыға келді.

–Беру керек. Жақында ана бетбақ әйелің келіп бәрібір ол қызды алып кетеді, –деді ол ызаланып. –Тегін кеткенше өткеніне сатып жіберген жақсы емес пе? Сатып алушылар айнып қалмай тұрғанда тез келісу керек.

–Сен… дұ-дұрыыс айтасың, Тсара,– деді Тюльтан. –Мен сені сыйлаймын! Сондықтан… келістім!..

Тсара істі жеделдетіп жіберді.

–Ұлы патша Мугараны сатуға келісті, –деді ол Тхан патшасына. –Тек, сіз айтқан оң ғана келісті!

–Менің ұсынысым ешқашан жерде қалған емес, –деп шіренді Тхан патшасы. Сөйтті де Тюльтанға қолын созып: –Бар береке, әкел алақанды! –деді.

Екеуі  шарт та шұрт қол алысып пәтуаға келді.

Тханның әйелі: «Әп, бәлем! Әкесінің маскүнем болғаны мұндай жақсы болар ма! Енді ол қызды апарып кемпірі өлген  сасық бай Дымсызбасқа үш бағасына сатамыз. Тойға келе салғанымыз қандай жақсы болған!..» деп өзінше жоспар құрып, сол жоспарды ойлап тапқаны үшін күйеуінің алдында мақтана бастады. Ыңылдап «Қазақ вальсінен» есінде қалғандарын айтуға да кірісті. Күйеуі адамзат әнін айтуға тыйым салып еді, ол: «Кімнің әні  болса да маған бәрібір, тек ақша түссе болды!» деп ол өршелене ыңылдады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20