ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

–Сандра-мандра елінің патшасы, –деп айғайлап таныстырып жатыр көмекші. –Апай-Топай жұбайымен. –Тюльтан олармен құшақтасып көрісті.

–Саримори елінің сыртқы істер министрі! Арсын- Күрсін жұбайымен. –Тюльтан олармен де амандасты.

–Қозған -Тозған елінің ішкі істер министрі Мұқалаш-Сұқалаш жұбайларымен.

–Және басқа да ресми адамдар!

Адамдар алаңға сыймай барады. Қонақтармен танысу рәсімі біткен соң Тюльтан патша сөз алды.

–Менің таққа отырғаныма үш жүз алпыс бес мың бір жүз қырық бес күн толған мерекеге келген шетелдік қонақтарға шексіз ризамын, –деді ол қағаздан  бас алмай. –Мырзалар, қане, сіздерді той дастарқанына шақырамын!

Бәрі гулесіп ұзын столға жайғаса бастады.

–Тюльтан патшаның жұбайы, яғни, сіздің мамаңыз қайда? –деді Ермек Мугараға қарап. Бұл сұрақтан Мугараның қабағы түйіліп кетті. Сонда да болса қинала сөйлеп:

–Апам, бір күн түнде жоқ боп шықты, –деді ол мұңайып. Тсараның айтуынша, әкем той-тойлаудан қолы тимейтін болған соң ол кісі үйден кетіп қалған көрінеді. Тсара айтады, ол басқа күйеуге тиіп кетті дейді. Сонда оның мені ойламағаны ма? Ол мені өте жақсы көруші еді ғой… Енді әкем Тсараға үйленетін шығар…

–Ал, сіз не істейсіз?

–Білмеймін…

–Бәлкім, менімен бірге кетерсіз.

Мугара жаңа танысына ұзақ қарап тұрды да, басын шайқады.

–Болмайды!

–Неге?

Сендер адамсыңдар, ал біздер шайтанбыз, мыстандармыз, деді Мугара «сенге» көшкенін байқамай.

–Онда тұрған не бар?

–Мен барсам кім боп барам? Ешкімді танымаймын. Сен батырсың, күні бойы соғысқа кететін шығарсың… Ал, мен жалғыз қаламын.

Ермек қыз алдында шындықты мойындап:

–Мыстан апа өтірік айтты. Мен батыр емеспін, мен бар болғаны бесінші класс оқушысымын, –деді оның жүзіне тура қарамауға тырысып, Мугара күлкісін тия қойды.

–Солай ма? Ол кісі көбінесе бізді де алдап жүреді. Ой мыста- а- ан!

–Сонымен, менімен бірге кетуге қалайсың?

Ол тағы басын шайқады.

–Ол жақта саған ешкім тимейтін болады. Екеуміз күні бойы тауық, үйрек қаз бағамыз. Кітаптар оқимыз, есеп шығарамыз, билейміз. Мектепте дискотека болады… Келістік пе?

Мугара тағы да басын шайқады.

–Ех,  сен босқа қорқып тұрсың. Біздің балалар мынадай! –Ол бас бармағын шошайтып қойды.

–Мен қорықпаймын. Мен мыстанмын ғой. Керек десең сиқырлы жүзігім тағы бар. Міне! Сипап қалсам нөкерлерім шыға келеді.

–Рас па?

–Әрине.

–Қазір жасай аласың ба?

–Жасай алам. Бірақ, әзірге нөкерлерім аз, және олардың орындау қабілеті де нашарлау. Енді төрт бес жылдан соң олар қуатты күшке айналады.

–Қалай?

–Ол да біздің патшалықтың күш қуатына байланысты. Неғұрлым бай болсақ, солғұрлым жүзікке жасыратын құлдарымыздың да қуаты мол болады. Біз оларға өте көп төлейміз.

–Кімге?

–Олардың иелеріне. Бай патшалық өздерінің басы артық қызметшілерін басқаларға сатады. Ал бізде қазір ақша жоқ. Бәрі де аақшаға  байланысты.

–Қазір жүзікті бір сипашы.

–Бостан босқа сипауға болмайды. Бір тапсырма айтпасаң келесі жолы шықпай қояды.

–Мен айтайын.

–Айт. Бірақ, қиын болмасын.

–Мәселен, біздің қалада көшпелі зоопарк бар. Соны алдыра аламыз ба?

Мугара ойланып тұрды да: «Көрейік», –деп жауап қатты. Ол саусағындағы жүзіктің қабын сыпырып, оны сипап қалды. Үй ішінде қап қара қою түтін пайда болып, дәу бір қара құл олардың қарсы алдына кеп қол қусырып тұра қалғнда Ермектің зәресі кетті.

–Не бұйырасыз, әміршім?–деді қара құл.

Мугара Ермекке қарап: «Зоопарк тұрған жердің адресін айт» –деді. Ермек өзінің келген жерін түп- түгел айтып берді. Қазақ ССР- і, Шымкент облысы, Арыс қаласы.

–Есіттің ғой, –деді Мугара қара құлға қарап.

–Есіттім, тақсыр!

–Есітсең, сол жерде көшпелі зоопарк жүр екен. Соларды түп түгел осында алып кел.

–Адамдарының керегі жоқ! –деп қосып қойды Ермек. Мугара да оның сөзінн қайталап. «Адамдарының керегі жоқ», –деп бұйырды.

–Құп  болады!

Қара түтін бұрқ етіп, қара дәу жоқ болды.

–Міне, керемет! Ал, сендер… кедейміз, кедейміз дейсіңдер, жүзіктеріңді бір сипап, дүниенің бар байлығын жинап алмайсыңдар ма?

–Болады. Бірақ, орталықтан тексеру келгенде ел тонап тапқан байлық үшін патшамыздың басынан сипамайды. Екі рет кешіреді, үшінші рет оның басын қағып алады. Қазір… әкем екі мәрте солай дүние жинады. Үшінші рет жасаса бітті, өлім жазасына кесіледі.

–Міне ғажап! Міне  гәп қайда? Ал, орнына кімді қояды?

–Оны жұрт айтады.

Осы кезде тағы да қара түтін пайда болып, темір тордағы аңдар бірінен соң бірі жоғарыдан салбырап түсе бастады. Көзді ашып жұмғанша Ермек аңсап жүрген зоопарк түгел көшіп келді.

–Жұмысшыларым аз, әрең әкелдік, –деді Қарағұл маңдай терін сүртіп. –Қазір тез шаршайтын боппын. Қашан демалысқа шығып, бостандық алар екенмін!

–Бір екі жыл шыдай тұр, сонан соң бостандық берем! Ал, жақсылап көріп ал, –деді ол Ермекке.

Ермек мынадай құдіретке таңданып, сөз таппай қалды.

–Мәссаға-ан! Расымен зоопарк! Ғажап! Ғажап! –дей берді ол алдынан өтіп жатқан әр түрлі аңдарға қызыға қарап.

–Біздің  уақытымыз аз. Әкем білсе ұрысады, –деп ескертті Мугара.

–Болды. Жүзіктің кереметіне көзім жетті. Енді қайтара бер, –деді сәлден соң Ермек Мугараға зияным тиіп кетер деген оймен. Мугара Қарақұлға:

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20