ЕРТЕГІ    ЕЛІНДЕ

Ешкім  үндемеді. Жындар мен шайтандар бір- біріне қарасып ұйлығып тұрып қалды. Шетте тұрған Ермек: «мен білем!» деп алға шықты.

Бәрі бұған дүрліге қарады.

–Есітуімше, ұлы мәртебелі тақсыр, –деді ол патшаның алдына кеп, –сіздің жиен ініңізді баяғыда Алдар көсе бір ай есек қып мінген екен. Сол жиеніңіз ортаға шықсын да, Алдардан үйренген әнін орындап берсін. Ән салып, ән тыңдаған жұрт арақты аз ішеді.

–Ол не?

–Ол қандай ән?

–Патшаның жиенін табыңдар! –деген дауыстар жалпы у-шудың арасынан оқшау естіле бастады.

Ортаға екі мүйізі бар, көзі алақ-жұлақ еткен Әңгүдік шықты.

–Баяғыда бәрімізді адамдардың алдында масқара қылған шайтанға шетелдік қонақтар алдында ән айтқызуға қарсымын! –деп айғайлады Тсара тағы да осы елдің қамын ойлаған боп көрінуге тырысып.

–Бізді  жағдай мәжбүр етіп отыр, құрметті Тсара! Қонақтарға тамақ пен шарапты аз ішкізудің жолын тапсақ болды емес пе? –деді көмекші.

Қызып келе жатқан дауды патша бөліп  жіберді.

–Ол қандай ән? Оны қалай үйреніп едің? –деді ол жиеніне қарап.

–Жастық кезде жасаған бір білместігім еді, мына шайтандар соны әлі күнге шейін сөз қып қояр емес, –деп былдырлады Әңгүдік. –Алдар екеуміздің ұзақ сапарға шыққанымыз рас еді. Жаяу жүріп әбден шаршаған соң мен тұрып: «Алдар! Бүйтіп жаяу жүріп екеуміз де бірдей шаршағанша кезек кезек шаршайыық» дедім. «Қалай?» деді ол. «Екеуміз бір-бірімізге  мінейік те ән айтайық. Кімнің әні ұзақ болса сол ұзақ мінеді» дедім. Ол келісті. Бірақ, бірінші кім кімге мінеді деп ұзақ оландық та, кімнің жасы үлкен болса сол мінсін деп шештік. Сөйтіп, жас сұраса бастадық. Мен туған кезімді айттым. «Мен туғанда аспан алақандай, жер тоқымдай еді. Менің туған күнімде үлкен той бопты» дедім. Сөйтіп ем, Алдар көсе ал кеп жыласын, ал кеп жыласын. «Бауырымай, бауырым ай » деп екі бүйірін таянып алып қояр емес. «Не болды?» деп сұрап ем: «ойбай, сол тойда менің кенже балам көкпар шауып жүріп аттан құлап қайтыс болып еді, сен сол баламды есіме салдың» деп тағы жылағаны. Әрең қойдырдым. Сөйтіп, ол бірінші мінді. Мінді де өлең бастады. «Әлаулай лай» деген өлең: «Әлеулай лай» деп айтып келеді, айтып келеді, айтып келеді. Бітер емес. Әбден шаршадым. Сонан соң: «Ей  Алдар, сенің «әләуләйләйің» біте ме өзі?» дедім. «Ойбай, бұл өте ұзақ өлең. Егер «әләуләйім» бітсе «әриайдайым» тағы бар деп, «әриайдай, әриайдай» деп әндете жөнелгені.

Сөйтіп ол мені бір ай мінді.

Жұрт қыран күлкіге басып, ішектері қатқанша селкілдеді.

–Керек болса мен сол әндерімді  айтып берейін, –деді Әңгүдік ыржалақтай күліп.

–Табылған ақыл! –деді көмекші. –Айтшы қане!

–Сіз ол әндерді білесіз бе? –деді Мугара Ермектен.

–Ол ән емес, шайтанды ұзақ міну үшін Алдардың ойлап тапқан айласы ғой. Сол алданған Шайтанмен кездесемін, ол шайтан сіздің алыс туысыңыз боп шығады деп кім ойлаған!

–Ал, мен болсам бізді алғаш алдаған елдің адамымен кездесем деп ешқашан ойлаған жоқ едім!

Бұл сөздеріне екеуі де мәз боп рахаттана күлді.

Аспаннан дүрілдеген дауыс естілді. Дауыс естілісімен жаушының да жұртты тәртіпке шақырған айғайы қоса шықты.

–Жарандар! Алаңды босатыңдар! Қонақтар келе бастады. Үйді-үйлеріңе кіріңдер! Бол! Тез!

–Жүріңіз, менің бөлмеме барып отырайық. Сіз мені математикаға үйретесіз, ал мен сиқыр жасауға үйретемін, деді –Мугара Ермекке.

–Сіз де сиқыр жасай аласыз ба?

–Әрине. Бізге көзімізді аша салып сиқырлықты үйретеді.

–Қызық екен! Жүріңіз!

Мугараның бөлмесі. Ермектің күнде көріп жүрген класына ұқсас екен. Мұнда неше түрлі аңдардың терісі, сиқыр жасайтын құмыралар мен көзелер, әртүрлі маскаалар көп жиналыпты. Ермек оларды таң тамаша қалып көріп шықты. Әсіресе, маскалар мен бос тұрған құмыралар оның көңіліне ерекше әсер етті.

–Міне, бұл менің шеберлік бөлмем. Жеке бөлме алғаныма үш жыл болды. Осы  бөлмеде он жыл сиқырлық сырын меңгеруім керек.

–Сонан соң?

–Сонан соң маған «мыстан» деген куәлік беріледі. Мыстан болу үшін мен жер бетіндегі жанды жансыз бейненің үш жүзге жуық түріне айнала алатын болуым керек. Ал қазір бес-алты-ақ түріне айнала алам.

–Бес-алты түріне? Қазірдің өзінде ме?

–Иә. Үлкендердің айтуынша, –ол жан-жағына ұрлана қарап, сыбырлай сөйледі, – біз ең кедей патшалық екенбіз. Бір кезде керемет бай боппыз. Қазір бәрінен айрылып қалғанбыз. Жұрт ол үшін менің әкемді кінәлайды. Әйтпесе, менің шеберханам бұдан әлдеқайда кең, оқытушыларым әлдеқайда көп болуы керек екен.

–Ол байлықтарыңыз қайда?

–Кешеден бері байқап отырған шығарсыз. Әкем мың жылдан  асты, таққа отырғанын күнде тойлауда. Бүйте берсе, ол бір күні менің өзімді де сатуы мүмкін. Бұдан бұрын екі әпкемді де жастай сатып жіберген. –Мугара дәл бүгін аттанғалы отырғандай жыламсырай сөйледі.

–Қой, жылама… Бұл жолы олай ете қоймас.

–Қараңыз, ұшқыш кілемдерімен қонақтар келе бастады. Әне, әкем оларды қарсы алуға шықты, –деді Мугара бірден сергіп.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20