БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Тек Құлман ғана еш нәрсеге қызықпайтын секілді. Бұрынғысынан да тұйық, ешкіммен сөйлеспейтін болып алды. Мен тоғыз күн төсек тартып жатқанымда, ол төрт-ақ күн жатып тұрып кетіпті.

Түннің қай мезгіл екенін білмеймін, ауырып жатқан кезімде күңгір-күңгір сөйлескен апам мен тағы бір әйелдің пеш түбінде әңгімелесіп отырған даусынан оянып кеттім.

–Япыр-ай, балаға да жаны ашымайтын тасжүректер шыға бастады-ау,–деді басқа дауыс. —«Жүгері қуырып жедің» деп қаршадай қызды сабағаны несі екен? Аштан өле ме ол байғұс!

–Соны айтам-ау! Оңғарлардың боранға ұрынып, ауырып келген күннің ертесі болатын. Даладан шыңғырған дауыс естілді. Жүгіріп шықсам, шүйкедей Зеркүл шашы ебіл-дебіл боп, шырылдап біздің үйге қарай жалаң аяқ қашып келе жатыр. Көйлегінің екі жеңі пора-пора болыпты. Мені апа дейтін. «Апалап» кеп қырғидан қашқан торғайдай қарсы шыққан менің құшағыма қойды да кетті. Көгеріп Панзай да жетті, қолындағы көсеуінің түтіні де өшпепті.

–Не болды, Панзай-ау, не жазып қалды қаршадай бала?, –дедім.

–Онда жұмыстарың болмасын. Бала менікі, түтіп жесем де, үйітіп жесем де өзім білем. Қоя бер мына қаншықты,– деп Зеркүлдің қолынан жұлқылай бастады. Ол байғұс менің тіземнен тас қып құшақтап алған, айрылар емес.

–Апа, қоя бермеңіз, қоя бермеңізші мені, – деп шыр-шыр етеді. Панзайдың таяғы сүйегінен өтіп, жүрегін шайлықтырған ба, шырылдаған даусы миыңды зырқ-зырқ еткізеді.

–Ә, «апалап» қашатын пана тапқан екенсің, бәлем. Жүр деймін үйге, өзің жүр, әйтпесе шашыңнан сүйреп апарамын. Ойбай-ай, бір табақ жүгеріні қуырып, бүкіл балаға таратыпты да жіберіпті. Ертең тасыңды жейсің бе енді, а?! Жүр, қане үйге!

Панзай оны тағы тартқылады. Жіберейін десем балаға жаным ашиды, жібермеймін десем арасын одан бетер ушықтырып аламын ба деп қорқып тұрмын.

–Апа, жібермеңіз! Ол мені өлтірем дейді. Пешке екі бүктеп тығам дейді. Жібермеңізші! Мен ол үйге бармаймын. –Жүрегім езіліп кетті.

–Әй, Панзай, – дедім, – бір табақ жүгеріні менен ал. Баланы осынша қорлап не көрінді. Ел ішінде отырсың ғой, жұрт сені аштан өлтірмес. Адамның баласы түгілі айуанның баласына да жанымыз ашымай ма. Ертең әкесі келгенде не бетіңді айтасың? Өзіңнен тумаса да қойныңды жылытқан күйеуіңнің балалары емес пе. Шырылдатпа, нәрестенің көз жасы жібермейді, – дедім.

Панзай бұрқ-сарқ етіп сабасына түскен болды. «Бармаймын»,– деп зыр қаққан Зеркүлді алдап-сулап, үйіне көтеріп апардым. Еркінайдың үш-ақ жуылған көйлегі бар еді, шешесі қарсы болмаса үстіне кигізейін деп ертесіне барсам, өзі үйде жоқ. «Шешең қайда?» – десем, «Көрші колхозға кетті»,– дейді. Құлманның барып-келіп қатты ауырып жатқан кезі. Маңдайын ұстасам от боп жанып тұр екен. Жүрегім зырқ ете қалды. «Ойбай-ау, баласы ауырып жатқанда мұның қаңғып жүргені несі!»– дедім шыдай алмай. Ошақтарына тезек қалап, от жақтым. Кішкентай қызының жылай-жылай беті ісіп  кетіпті. Ағасының маңдайын ұстап, қимылсыз отыр. Оңғарға сақтап отырған бір тостақ тары көже бар еді, үстіне сүт қосып, екеуіне ысытып бердім.

«Оңғар тұрды ма?» – деді Құлман. «Жоқ, әлі жатыр». «Мен бүгін тұрам,– деді төсегіне қайта жантайып. –Жалаңаяқ қар кеш деген мен емес, мен келгенше апам тұр деп кеткен»,– деді.

Шыдай алмайды екенсің. Теріс қарап көзімнің жасын төгіп-төгіп алдым. Ересек адам бәріне төзер-ау, балаларға қиын болады екен. Қарғыс атқыр соғыстың бітетін күні бар ма, жоқ па!..

*                 *               *

Күн жылына бастаған сияқты. Терезе біткеннің қырауы кетіп, түске қарай там басынан тырс-тырс тамған тамшылардың дыбысы естіле бастады. Аспан көкпеңбек түрге еніп, көктем нышаны байқалып келе жатыр. Өздері жарты құрсақ күн кешсе де әр үй, майданға деп бір-бір пұттан астық жинап жөнелткен ауыл бір күлсе екі жылап, бір күн ас ішсе, екі күн аш жүріп, өлермендікпен бұл қысты да артқа тастауға жақын қалды.

Көкемнен тағы  да хат тыйылды. Апамның күрсінісі тағы жиіледі.

Бір күні таңертең сиырды суарғалы далаға шығып ем, есіктің алдындағы күресіннің үстінде отырған наурыз торғайды көріп, қуанғаннан  жүрегім лүпілдеп сала берді. «Япырмау, көктем шықты деп еді, бұл жақта әлі қар жатыр ғой»,–деп таңданғандай ол жан-жағына жалт-жұлт қарап, шиқ-шиқ етеді. Шелекті сол жерге қоя салып, үйге жүгіріп кірдім.

–Апа, көктем келді, көктем! – дедім айқайлап.

–Рас па, құдай-ау, қане! – Ол кісі табалдырықтан сүріне-қабына бері аттай беріп, есіктен шығуға шамасы жетпей, бір аяғы іште, бір аяғы сыртта, ергенектен ұстауға да үлгіре алмай сол жерге талықсып құлап түсті. Не болғанын түсінбей сүйеуге ұмтыла бергенімде дәліздегі ошақты көктемге дайындап, күлін тазалап жатқан Еркінай қалағы мен шелегін тастай салып, табан астында көз жасын көл қылып. «Көке-е-е!» деп далаға қарлығаштай зу етіп атып шықты.

«Көктем» дегенді «көке» деп ұғыпты. Еркінай тамды бір айналып қайтып оралды. Апамды сүйемелдеп ішке кіргізіп, басына жастық қойып жатқанымда, ол қасыма жетіп кеп: «Көкем қайда? Көкем қайда деймін» – деп есі ауысқан адамша қалшылдап тұрып алды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21