БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

–Қалай, тоңдың ба? – деймін сасқанымнан әрі бірдеңе деп сөйлеу керек болған соң аузыма басқа сөз түспей.

–Жоқ, – дейді ол мені онан сайын үрейлендіріп. Сөзі жылы төсекте жатқан адамның сөзіндей сабырлы.

*              *               *

Жөндеп оралмаған шұлғау басына жиналып, бірнеше минуттан соң етіктің жыртығынан бір ұшы қылтиып көрінді де, енді бір он шақты аттағанда екінші етігімді сартылдатып соға бастады. Оны ішіне қайтарып тығуға, қайта орап киюге шама жоқ. Сәлден кейін оң аяғымды әлдене қарып ала жөнелді. Саусақтарым қырқылып бара жатқан секілді. «Мейлі, мейлі, қырқа берсін. Менің аяғым Құлманның аяғынан артық емес. Қырқа берсін. Маған десе қырқылып түссін!»

Бірте-бірте күшейген желдің аяғы  біз үйге жеткенімізде алай-дүлей боранға ауысты. Кеш батып, ымырт үйірілген шақ. Есекті Құлманның үйіне қарай бұрғанымда олардың ауласынан ат арба шығып, лезде боранның арасына сіңіп жоқ болды. Біздің колхозда үш-ақ арба бар, мынау олардың бірде-біріне ұқсамады.

–Құлман, мына арба кімдікі?

Денесінен суық өтіп талықсып кетті ме, ол жауап бермеді.

*              *             *

Мен тоғыз күн бойы төсектен бас алмай жатып қалдым. Апам мен Еркінай әуелгіде қатты қорқыпты. Әнеукүнгі қол диірменге тартқан екі кило бидайдың тең жартысына жуығын жеті күлше етіп, маған суық тигенін біле тұра көз тиіп қалды ма деп көрші-қолаңға таратыпты.

Тоғыз күн. Жайшылықта қалай өткенін білмей қалатын бұрамға келмес келте уақыт. Бірақ бар ғұмырындағы қуанышы мен күрсінісін есептеп әр күніне бөлгенде қайғысына қайық батар тоғыз күн! Таңы атпайтындай, күні батпайтындай ұзақ, үміті мен уайымы, сенімі мен сергелдеңі шарпысқан, кемпір-шалдар бал ашып, жаман түссе тағы ашып, кеуде біткен үйде, көңіл біткен түзде, жантайса да жақсы түс көру үшін жантаятын жайшылықтың жылына тең тоғыз күн! Тоғыз күнде алақандай ауылға екі қара қағаз кеп, адамдары күңіренді. «Аманбыз» деген төрт хат кеп жыртық жүрекке жамау болды. Бірақ, жиырма күн жүріп келген «аманбыз» үркек көңілге біржола медеу бола алмай, келесі күндердің үміті мен күдігін молайтып, балықшының желді күнгі қайығындай қалт-құлт тіршілік тастап кетті.

Сондай хаттың бірі мен төсектен тұрғанда көкемнен де келді. Тор көз дәптердің бес парағын толтырып жазыпты. Бүкіл ауыл жиналып оқыды. Сейду ағай оқыды. Бір емес, бірнеше рет қайталап оқыды. (Соғыстан келгелі бері хаттың бәрін Сейду оқитын болған). Баяғысынша бәрі жылады. Жүруге жарайтындардың бәрі үйге кеп, құтты болсын айтып шықты. Бір баласын көтеріп, екінші баласын жетектеп Гүлжамалдың төсек тартып жатқан науқас апасы Орынша да келіпті.

Қуаныш дегеннің адамды мүлде өзгертіп, мүлде қайта туғызатындай, мүлде қайта жарататындай құдіреті бар екенін біз алғаш рет сонда аңғардық. Апам мен Еркінайды тану мүмкін емес. Бір звеноға жететін баяғы қара қазанның шыңырау түбінен сап-сары тоқаштарды үлкен керсенге екеулеп түсіріп жатыр. Май қайдан, ұн қайдан, кімнен алды, кімнен сұрады, қашан алды? – ол да жұмбақ. «Өзі тапқан малы еді, жолынан садақа»,– деп апам сиырды сатып, ақшасына қой алып, біреуін сойғысы келетінін де айтты, бірақ жұрт көнбеді. «Жан бағып отырған жалғыз сиырыңнан айрылма, қайтесің,– десті, – өзі келгенде тойына соярсың». Ол кісіні осы соңғы сөз ғана тежеді.

Майданнан жиырма күн жүріп келген амандыққа барын құрбан етпекші. Жиырма күннің ішінде талай өзгеріс боларымен шаруасы жоқ. Ол кісі үшін хат жазған адам сол орнында әлі күнге дейін қозғалмай отыратын сияқты, қарсы беттен шыққан оқ бергі бетке жиырма күн ұшатын сияқты.

Ауылдың шеткі жағында бау-бақшасы колхоздың бау-бақшасынан бірде-бір кем түспейтін ағайынды төрт жігіт тұратын. Соғысқа төртеуі де бір күнде аттанды. Біздің қуанышымыз солардың үйіндегі үлкен тоймен жалғасты. Төрт жігіттің ең кішісі – биылғы көктемде жиырмаға толатын Тоқтасын қайтып оралды, сол аяғын беріп оралды.

Бір топ бала тағы да есік жақта отырдық. Бізге тағы да ешкім көңіл бөлген жоқ, біз тағы да солай болу керек деп ұғындық. Тағы да Тоқтасын жаққа мойын созып қарадық. Оған асқақтық жарасады екен. Жеті-сегіз балаға қойылатын екі кеседей ботқаны үнсіз күтіп, әрқайсымыз көкелеріміздің ақсақ боп келуін тағы тіледік.

Гүлжамал мен Құлманның көкелерінен әлі хат жоқ.

Ғажап! Бір бағдардан күткен қуаныш адамдарды аралап кеп, бәрін емес азын тапқанда, табылмағанның көңілі су сепкендей басылып, іштегі мұңы тына жанады екен. Ол сені қызғанбайды, күндемейді, бірақ, тағдыр мейірімінің әзірге айналып өтуін сорға балап, үміті мен көңілі жасиды екен. Бүгін қуанған үй ертең қандай күйге түсері белгісіз болса да, табалдырығын жақсылық хабар аттамаған шаңырақ бұл шаңырақтың алдында өзін іштей тәуелді сезінетін секілді. Қуанған күлсе – мұңайған мүжіле беретіндей.

Біз бірге жүрген балалар осыны сезіндік. Әкесі емес, әкесінің інісі – Тоқтасынның келгеніне оның ортаншы ағасының баласы Нұрәлі бізге асқақтап қарайтын болды. «Енді көкем келеді,– деді ол кластағы балаларға мақтана кеуде қағып, – маған тапанша әкеледі. Тек жақсы тапанша таппай жүр екен, тапқан күні келемін деп жазыпты». Біз түгел сендік. Оған қызыға қарадық.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21