БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Қара күш пен момындық оған тек зиянға шығып жүр.

Біраз ұзадым-ау дегенде артыма бұрылдым. Құлманның жүріп келе жатқаны, не тұрғаны белгісіз, баяғы түсіп қалған жерінде қарақшыдай әлдене қараң-құраң етеді. Есекті тоқтатып қарадым, қимылдайтын сияқты. Ауық-ауық еңкейіп қояды – сыртқа шыққан шұлғауын етігінің жыртығына қайта тығатын болуы керек.

Бәлкім, ол жылап келе жатқан шығар.

Мен есекті кері бұрдым. Қасына жақындағанымда ол маған қарамады, айналып өте берді. Түсі сұрланып кетіпті. Мына ызғарлы желге, қатпа қарға, өзімшілдікпен далаға тастап кеткен маған, жыртық етігіне, ащы ішектей шұбатылып кеткен жоқтыққа, қатал тағдырына – бәріне-бәріне қаны қайнап ызаланды ма, «ал қайтесің» дегендей күпәйкесінің түймесін ағытып тастапты. Күпәйкесінің ішінде жалғыз қабат көйлек қана бар екен, оның да омырауы ашық. Қарсы соққан желден жұтқыншағы қызаруын қойып күреңітіп кетіпті. Қабат-қабат тон киіп, әрең шыдап жүрген суыққа оның қай жаны шыдап жүр екен. Партаға тамған тұзды жас мұз боп қататын мектеп ішінде күні бойы қалай қыңқ демеді. Гүлжамалмен ұзақ сөйлесіп тұрғанымда қалай төзген! Ол аз дегендей арзан үстемдік үшін далаға тастап кеткенім не? Не деген мейірімсіз едім»

–Құлман, кел, отыр.

–Жүре бер.

–Жындымысың, отыр деймін.

–Өлсем де отырмаймын. – Ол жүрісін тездете түсті. Мойнын төмен салбыратып, есегім оның соңынан сүмеңдеп келеді. Осылайша «отыр, отырмаймынмен» біраз жүрдік. Жүз шақты қадамдай өткенде Құлманның жыртық етігінен шұлғауы шығып, сол аяғын сарт-сұрт қамшылай бастады.

Денем тітіркеніп кеткен мен:

–Құлман! Құлман деймін, шұлғауыңды салсаңшы,–дедім.

Ол менің сөзімді елең қылған да жоқ. Төрт-бес рет сарт-сұрт етіп барып түсіп қалған шұлғауына пысқырып та қарамады. Етігінің басындағы қол сыяр жыртықтан ішіне қар толып, аяғын қари бастағанын сезіп келем.

–Құлман, тоқта деймін! Әйтпесе бар ғой!..

Есектен  секіріп түсіп, оның жағасынан алдым. Ол қарсыласқан жоқ. Бадырайып бетіме тура қарады. Ішінде сарқ-сұрқ қайнаған ашу мен ыза қанталаған көзіне жиналыпты.

Ол қоя бер деп айтпады. Бірақ өңменіңнен өтіп, өзегіңді түйреп тұрып алған жанары алабұртып барып, жағасына жармасқан қолымды бірте-бірте босаңсыта бастады. Бұлай етуге болмайтынын, жағадан ұстамау керек, ұстаған соң бір нәрсе жасау керек екенін іштей сезсем де саусақтарым еріксіз жазыла берді.

Жеңілісті мойындамауға лаж қалмады. Онымен тұрмай жалынуға көштім.

–Құлман, кешірші мені, а? Жалынамын, – дедім жағасынан қолымды біржолата босатып.

–Керегі жоқ, –деді ол тісін қайрап сөйлеп. – Жалынба! Жалынғанды жек көрем!

–Енді не істеуім керек! Аяғың үсіп кететін болды ғой. Мойныңды қарашы!

–Үсімесе түсіп қалсын! –деді ол тағы ілгері қозғалып. –Маған аяқтың да, мойынның да керегі жоқ. Бәрінің, бәрінің! Білдің бе, бәрінің! – Ол маған оқыстан жалт қарады. Мен шошып кеттім. Күреңіткен беті жыбырлап, көзі есі ауысқан адамдай шапыраштанып кетіпті. – Білдің бе деймін, білдің бе деймін, білдің бе деймін, білдің бе, бәрінің керегі жоқ! Міне, міне! Сенбесең мен саған көрсетемін.

Мен не істерімді білмей тұрып қалдым: ол қар үстіне отыра қап етігін шеше бастады.  –Міне, ал үсімесе түсіп қалсын. Кесіліп қалсын! –Екі етігін де шешіп алып екі жаққа лақтырып жіберді. —Бәрің қусыңдар! Гүлжамалға жаным ашиды дейді ғой. Жаның ашымайды, жақсы көресің, сонан соң жаның ашиды. Оның шешесі ауру. Үш баласы бар. Төрт күн бұрын сиырларын қасқыр жеп кетті. Үйлерінде бір үзім нан жоқ. Үш баласы бүгін де аш жатады. «Жақсы көремін» Бүйтіп езілгенше жағдайын неге білмейсің? Суайтсың, мейірімсізсің. Бәрің де!.. Ал, ал керек болса! Бәрібір бойымда жылы жер жоқ! – Ол қар үстіне жалаң аяқ тұрып алып, күпәйкесін шеше бастады. Мен жан ұшырып кеп оны құшақтай алдым.

–Құлман, көкетай, жалынамын! Шешпеші күпәйкеңді! Мұның не? Өлесің ғой суық өтіп. Үйге соқпай қазір Гүлжамалдың үйіне барайын. Тіпті оны жақсы көрмей-ақ қояйын, жақсы көрем деп айтпай-ақ қояйын. Шешпеші киіміңді, көкетай! – Менің шырылдағаным, шырылдап қана қоймай ебіл-дебіл боп жылағаным оған кенет ес жиғызды ма, күпәйкесінің бір жеңін шешіп, екінші жеңіне келгенде кідіріп қалды.

Қасқыр талаған адамның киміндей әр жерде шашылып жатқан етіктері мен шұлғауын мен келгенше қайтадан шешіп тастай ма деп зыр жүгіріп жүріп жинап әкелдім. Аяқтарынан жан кетіп қалыпты. Бойы тез жылынсын деп аяғына өзімнің шұлғауымды орап, үстіне өз күпәйкемді кигізіп, етігімді беріп жүріп оны райынан әрең қайтардым.

Аяқ-қолы қарысып жүре алмай қапты. Есекке отыруға тағы болмайды, сол бойы қаны қатып қалуы мүмкін. Суық жел қарсы алдымыздан әлі уілдеп тұр. Енді бір шақырым жер жүру қиямет сапарындай көрінді. Маңайда қыбыр еткен жан жоқ. Алыстағы үйлердің қараң-құраң кіріп-шығып жүрген адамдары біз жаққа қарайтын емес, қараған күнде де бізге көз тоқтатпас еді.

Көп тұруға уақыт жоқ. Күллі жабуды жерге түсіріп, Құлманды соған жатқыздым да, есекке тіркеп ауылға қарай сүйредім. Өзім Құлманның соңында келемін.

–Аяғыңды қимылдат, – деймін. Ол болар-болмас қимылдатады да, «көнбейді» дегендей басын шайқайды. Арқанның қысқалығынан Құлманның басы есектің артқы аяғына тиіп-тиіп барып қайтады. Бетіне тұяқтан ұшқан қар түсе береді, ентелеп, сүріне-қабына барып оның қарын тазалаймын. Беті мұп-мұздай. Кірпігін қақпайтын сияқты, менен көзін алмай баттиып жатыр. Зәрем қалмай есекті таяқтай түсем.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21