БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Ол суыққа тоңып мөлиіп тұрған есек жаққа қарады да, әлде есектің жанында бірге қайтпақ боп мені күтіп тұрған  Құлманнан қысылды ма (оның оң аяғындағы етігінің басында қол сыятындай жыртық бар, жаяу жүруіне болмайды), әлде есек ұнамады ма, басын шайқады. «Жоқ, өзім барамын», «Гүлжамал, сен бағана жыладың ғой». «Иә, жыладым. Оны неге айттың?».

Даусы қатқалдау шықты. Ренжітіп алғанымды сездім. Көзімді жерден көтеріп жүзіне қарап едім, мұң шашып тұратын жанарына асқақтық ұялай қапты. Табалап тұр деп ойлап қалса керек.

Оған тәкаппарлық жарасады екен.

–Оны айтқан себебім… Сен не ойласаң, мен де соны ойлап отырғанмын. Менің апам да дәл сенің апаңның сөзін айтқан.

–Рас-па-а? —Таңданғаннан оның көз шарасы үлкейіп кетті.

–Рас. Басқа біреу айтса сенбес едім. Қызық, ә?

–Қызық екен.

–Сонда саған қатты жаным ашыды. Күздегідей қасыңа барып отырғым келді. Ертеңнен бастап екеуміз бірге отырайықшы.

Ол бұл сөздердің мәнін бірден аңғара алмай аузын ашып бетіме ұзақ қарап тұрып қалды. Сонан соң менен көзін алмаған бойы:

–Сен… шпана болайын деп жүрсің бе?–деді.

–Шпана? Қайдағы шпана? Олар мен сияқты бола ма екен?

–Қайдам. Олар да адамның іші-бауырына кіріп әдемі сөйлейді дейді ғой.

–Жоқ, сен түсінбепсің. Мен сенің неңді ұрлаймын, қайта қасыңа кеп отырайын деп тұрмын ғой.

–Сонда не істейсің?

–Сені жылатпаймын. Егер жылай қалсаң бетіңді өзім сүртемін. Басқа ешкімге сүрткізбеймін, білдің бе? Ешкімге, тіпті Сейду ағайға да.

Гүлжамал бірдеңені енді-енді ұғайын деді ме, әлде суықтың әсерінен бе, екі бетінің ұшынан сүтке тамған қандай кішкене қызыл шеңбер пайда болды да, ол бірте-бірте жайылып лезде құлағына жетіп барды. Сонан кейін барып:

–Мен сенімен отырмаймын,–деді.

–Неге?

–Сен бұзық болайын деп жүрсің.

Осыны айтты да, ол әңгіме бітті дегендей үйіне қарай қозғала бастады. Бәрі бүлінді, енді ол менімен сөйлеспеуі мүмкін.

Құлман жаққа қарадым. Аяғы тоңған болу керек, бір орында секеңдеп тұр екен. Енді оған не бетімді айтам? Егер оның етігі жыртық болмаса, сөз жоқ Гүлжамалдың үйіне дейін барар едім, оған бәрін де түсіндірер едім. Мен жақындағанымда Құлман кәдімгі ересек адамның даусымен:

–Көнді ме?–деді. Шошып кеттім.

–Көнгені несі, неменеге көнуі керек еді?

–Шығарып салуға дегенім ғой.

–Жоқ. Шпана болайын деп жүрсің деп өзіме бәле салды.

Біз  есекке мінгесіп үйге қайттық. Құлман арт жағында отыр.

–Ә-ә, өзің сөйлесе алмадың ғой, – деді ол мектептен сәл ұзай бергенімізде. –Ештеңе етпейді, алда әлі күн көп. Алғашқы кезде қыздар өстіп қылымсиды. Бәрібір көнеді.

–Ей, сен не деп лағып келесің? Қылымсығаны несі, көнгені несі? Оны қайдан шығардың?

–Жақсы көрем деген жоқсың ба? Мен бәрін есітіп тұрдым. Сені жылатпаймын дедің. Қасыңа отырайыншы дедің. Жыласаң көзіңнің жасын ешкімге сүрткізбеймін, өзім сүртемін дедің. Бұдан артық не демексің, алып қашам демекпісің?

–Мен олай деген жоқпын.

–Керең емеспін ғой.

–Кереңсің.

–Керең емеспін.

–Жоқ кереңсің. Кереңдігің сол, айтқан сөзімнің мәнін түсінбегенсің.

–Түсінбейтін несі бар. Қасыңа отырайыншы деп жалындың, көзіңнің жасын өзім сүртемін, Сейду ағайды маңыңа жолатпаймын деп кіжіндің. Басқа нені естуім керек?

–Мынаның тілін қарай гөр! Біріншіден, мен жалынған жоқпын, екіншіден, Сейдуді жолатпаймын деген жоқпын, үшіншіден, кіжінген жоқпын. О, қыршаңқы! Табан астында шығарып алған сөзін көрдің бе?!

–Әй, бала, – дедім арамыздың суитынын аңғартар зілді үнмен, – сен байқап сөйле. Мен қашан жалындым, қашан Сейду ағайды жолатпаймын дедім, қашан кіжіндім, а? Неге өтірік айтасың?

–Өйтпесе түсінетін түрің жоқ,– деді ол мені тағы қағытып.

–Сенің түсінгенің осы ма?! Мен оны… мен оны жақсы көргенде… Оған жаным ашиды. Сен оны жақсы көрмейсің бе? А? Айтшы?

Ол үндеген жоқ. Оның үндемегенін жеңілудің алғашқы нышаны деп, даусыма үлкен адамдарша өктемдік қостым (ол кезде бәріміз үлкендерше сөйлейтінбіз).

–Иә, айтсаңшы.

–Білмеймін.

–Мәссаған! Оны жақсы көретініңді, не жек көретініңді де білмейсің бе?

–Білмеймін.

–Сен әлі бала екенсің. – Мен қарқылдап кеп күлдім. Ол да қарап қалмады.

–Ал сен қусың,–деді.

–Не-ме-не? –Бұрылып артыма қарадым.

–Қусың деймін. Керең емессің ғой. Оны жақсы көретініңді жасырасың.

Бұдан әріге төзуге болмады.

–Түс есектен, – дедім.

Ол ләм деместен түсті де, қала берді. «Түс» деген кезде қарнының аштығын, жолсызбен жүруге болмайтынын, жыртық етігін, онсыз да дірілдеп, қолтығының астында да жылу қалмағанын ойлап, «кешір, Оңғар» дейтін шығар деп ойлап ем, «түс» деп айтуым сол екен, аузымды жиып болғанша сыпырылып қала берді. Қайтадан «мін» деп айтуға кеш қалдым. Кім біледі, қайтып мінгізсем ол мені жеңілдіге санауы мүмкін.

Ауылға әлі екі шақырымдай жер бар. Батыс жақтан бет қаритын суық жел соғып тұр. Кешеден бері аузына көлденең шөп алмай құлағы жығылған аш есек күртік қардан аяғын әзер алып, мимырт жүріспен ілбіп келеді. Құлман түскенде бел көтеріліп, қимылы ширап қалған сияқты еді, әлі қашқан аяққа мен де қайта ауырлық ете бастадым. Қардың жұқа жеріне келгенде ол жүрісін өзінен-өзі жылдамдатады, өйткені, қысы-жазы өзі байлаулы тұратын жыңғыл қораның ішіне жетсе иелері өзек жалғар бірдеңе берер деп үміттенеді. Бар сыбағасы сары сиырға ауғанын білмейді. Қарап тұрсаң әділетсіздік пен қанаудың көкесін осы сұр есектен көп көрген ешкім де, ештеңе де жоқ. Ол сары сиырға ала жаздай шөп тасиды, қар түскеше отын тасиды, ол аз дегендей арбасынан енді құтылып, «уһ» деп күрсініп тұрғанда біреу-міреу ауыр жұмысқа тағы сұрап әкетеді, қыс түссе сонау төмендегі арықтан тірсегі тоғысып көктемге шейін мұз тасып шығады. Мектепке мініп барып, аштан-аш қаңтарып байлап қоямыз. Сонда да оған көңіл бөлінбейді. Қорада мүйізі қарағайдай боп қарап тұрған жатып ішер сиырдан қалған кәшекті жейді, содан қалған суды ішеді. Сиыр – қорада, бұл – көзіне мұз қатса да далада тұрады. Бірақ, ешкімді күндемейді, жүр деген жағыңа жүре береді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21