БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Оны бүкіл ауыл қарсы алды. Еңбектеген бала мен еңкейген кәрі алдынан түгел шықты.

Бәрі жылады. Сейду де жылады.

Басқа жерді қайдам, біздің ауылдың көз жасы дайын тұрады. Майданнан жақсы хабар келсе де, жаман хабар келсе де, біреудің қызы күйеуге қашып кетсе де, қайтып келсе де, біреу жақсы ән салса да, шамның майы таусылып қараңғы үйде қалса да, сиырдың бұзауы өлсе де, ең арысы жатар кезде қатты жел соғып, тамның бұғат ағаштары мұңайып ызыңдаса да жылайды. Бәлкім олардың адамға деген мейірімдері Адам-ата әуел баста жаратылғандағыдай осы кезге шейін тап-таза, қоспасыз, тұнық сақталып келген шығар. Бәлкім адам боп жаралып, қоғам боп топтасқалы бері тағдырдың оң қабағынан гөрі сол қабағын көбірек танып, жауырынына жебе, маңдайына шөңге көбірек қадалғандықтан запы болған жүректің тереңінде әр ғасыр тастап кеткен мұңы мен қайғысы жел мазасыз шуылдаса да үрке көтерілетіндіктен шығар. Әлде ұлдарының үйде туып, түзде өлгенін көп көргендіктен бе, әлде заманалар бойы тыныштық пен қуанышты аңсап, сол аңсаулары кеуделеріне мұз боп қатып, жақсы әнді есіткенде жіби салатындықтан ба, әлде, ел айырылған топалаң шақта бір ананың отыз ұлы отыз молаға айналып, ол өлік санаға мәңгі ұялағандықтан бұзауы өлген сиырды көрсе де қайғысы қайта ояна сала ма, әлде қарындас біткен жат қанжығасында кетіп, бұлардың да сүйегіне бесігінде кеп сіңген күңіренген елдің зары қыз күйеуге кетсе де ескі жарадай жаңғыра сала ма, әйтеуір, олардың көз жасы әрқашан дайын тұрады.

Мүмкін, сол дұрыс та шығар. Олар қуаныш атаулының адамға қаншалықты қымбатқа түсіп келгенін сездіріп кеткен болар, қуана білуді, жылай білуді үйретіп кеткен болар.

Сөз жоқ, Сейду сол сәтте өзінің топалаң ішінен аман шығып тірі қалғанына, жер басып  елге келгеніне, бұдан былайғы «олжа» өмірінде тіршіліктің ащылы-тұщылы дәмін талай-талай тататынына қуанып жылаған жоқ, мына қарсы алдынан қара-құрым боп шыққан кемпір мен шалдың, жас бала мен жесірдің майдан даласына жетіп жығылып, мәңгі қайтпайтын қасиетті сағыныштарын ойлап жылады, жерленбей қалған сол жетім сағыныштарды аяп жылады.

Кешке ұлан-асыр той болды. Жұрт өлең айтты. Бәрі де жүрек шымырлатар мұңлы ән. Бейбіт кезде алтын берсең де әу демейтін Қатша кемпір ән салды. Осы кезге шейін ешкім білмеген, ешкім естімеген ән. Сай-сүйегіңді сырқыратады. Осы тойға дейін оның өлең айтқанын бір адам естімепті. Бәрі қайран қалды.

Бұл әнді ол қашан үйренген, кімнен үйренген? Біреуден үйренген күнде де жыртық шапанның астындағы қырық жамау жүрегі бір сағатқа созылар қорғасындай салмақты, ашудастай зәрлі сөздерді қалай мүлтіксіз, қоспасыз, саф күйінде сақтап келген? Қалай?

Бұл сұраққа ешкім де жауап бере алмайды. Қатша кемпірдің өзі де!

Балалық шағы жаралы бір топ бала есік жақта үнсіз отырамыз. Бізге ешкім көңіл бөлмейді, көңіл бөлмеді деп намыстанбаймыз, жасымаймыз. Солай болуы керек. Біз баламыз. Бізді ешкім елемеуі керек.

Сейду енді көзіне жас алуын қойды. Бір қолының шолақтығы ешкімге ерсі көрінген жоқ, қайта жарасып тұратын сияқты. Жұрт қуанып жатыр. «Бір қолы жоқ екен»,–деп сыбырлаймыз бір-бірімізге. «Иә, бір қолы жоқ екен», –деп қостайды мойнын созып көргендері. Бәріміз Сейдуге қызыға қараймыз. Көкелеріміз Сейдуге ұқсап шолақ боп қайтып келсе екен дейміз.

Сейду әскери өлеңдер айтты. Түсінбесек те ұйып тыңдадық. Ол әлгінде жылағанын ұмытып кетті. Ес білгелі еркек боп көзіне бірінші рет жас алғаны болу керек.

Сол кездегі жылағаны үшін Сейду бізден әлі күнге дейін қысылатын сияқты.

Ол бәрімізге ұрысты. «Ешкімнің сөзіне сенбеңдер, бәріңнің көкелерің келеді» деді.

Гүлжамал жылағанын қойды. Бірақ, ойымнан Гүлжамалдың апасы мен менің апамның уайым-қайғыларының соншалықты бір-бірімен дәл келгені кетпей тұрып алды. Ол аз дегендей, қайдағы бір «қарға-құзғын» дегеннен шошынып отырғанымда, Гүлжамалдың да соны ойлап, соған жылап отырғаны қайран қалдырды.

Мен оны бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Дәл қазір қасына барып, мектеп жабылмай тұрғандағыдай қайтадан бір партаға отырғым келді. Сейду сияқты қалтамнан орамалымды алып оның жасын сүрткім келді. Егер құдірет айрықша қуат берсе оның әкесін іздеп тауып, Гүлжамалдың көз жасын біржола тыйғым келді.

Жапсарбаевтың қарындасы екінші кластан кейін мектепті тастап кеткен екен. Сейду оның үйіне хат жазып берді. Өзі бізбен бірге оқи беретін болды. Жапсарбаев жазылып шыққанша ағасы үшін де, өзі де оқи тұрады. Бір кластың ары-берісі жоқ және айналып келгенде бір үйге баратын білім!

Есік алдына арба кеп тоқтады да, бүгінгі сабақ осымен аяқтады. Бәріміз аузымыздан бу бұрқырап тезек түсіруге далаға шықтық.

Ертеңнен бастап мектепке от жағылады. Әр класс өздері жағады.

*                *         *

Сабақтан қайтып келеміз, дәлірек айтқанда сабақтан емес, мектептен қайтып келеміз. Бүгін ғана түскен жалғызаяқ соқпақпен қыбыр-қыбыр етіп Гүлжамал кетіп барады. Қар сыза берген соң қолындағы шүберек сөмкесін көтеріп қолтығына қысып алыпты. Қабаттаса берген мені көріп: «Үйіңе қайтпайсың ба?»–деді. «Мен сені апарып тастаймын». «Қалай апармақсың, арқалап апарасың ба?». «Есегім бар. Әне тұр?».

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21