БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Апасы үйде жоқ екен, кеше кешке көрші колхозға кетіп, содан әлі қайтпапты. Үйлері ат қорадай аңырап тұр. Өзінен кейінгі тоғыз жасар қарындасы Зеркүл ошаққа тезек қалап, оны тамыза алмай әуреге түсуде. Бірте-бірте сөніп бара жатқан өрік ағашының түннен қалған шоғын ұртын толтырып үрлегенде, пештің ішінен бері ұшқан тозаң мен күл көмейін қауып, оған су тезектің ащы түтіні қосылып, шашалып-қақалып орнынан тұрды.

–Құр  үрлемей қағаз салсаңшы,– деп жекіді Құлман.

–Қағаз жоқ,–деп жауап қатты тісі-тісіне тимей тоңып отырған қыз отты тағы үрлемек боп қайтадан еңкейіп.

–Қане, маған берші. Сіріңке жоқ па?

–Жоқ.

Мен шүберек сөмкемнен «Ана тілі» кітабының күзде оқып кеткен жағымыздан бір парағын жыртып алып, шоқ жылтырап тұрған жерге тығып: «Ал, үрлейік»,–дедім. «Екеулеп пе?» –деді Зеркүл тақ етіп. «Иә, екеулеп, әйтпесе қағаз күйе боп босқа таусылады».

Ошақтың алдына қатарласып отырып алып, кеңірдегіміз кетпендей боп ал кеп үрле. Басымыз айналды.

–Шоқты сөндіріп алмаңдар,–деді Құлман күл қауып жатқан бізге ескерту жасап.

–Тағы ма?

–Тағы.

Бір шеті қара қошқыл боп күйе бастаған қағаз енді бір үрлегенде лып етіп жана кетті. Зеркүл қуанғаннан қолын шапалақтады. Таңертең пешке от жағып алу ауылдағы әрбір үй үшін әжептәуір оқиға.

Біз от жағып болғанымызша Құлман да киініп бітіпті.

–Кеттік,–деді ол сөмкесін қолтығына қысып.

–Тамақ…–«Тамақ ішпейсің бе?» – деп сұрап қала жаздап сөзімнің жартысын жұтып қойдым.

–Үйде нан бар ма?–деді ол қарындасына қарай бұрылып.

–Жоқ,–деді ол «әрине бар» деп жауап берген адамдай күлімсіреп.

Біз шығуға ыңғайландық. Құлман табалдырықтан аттай берді де, кері қайтып қарындасының бетінен сүйді.

–Ана сандықта жүгері бар, соны қуырып же, жарай ма?

Ол үндемеді.

–Жарай ма деймін?

–Апам ұрысатын шығар.

–Ұрыспайды. Ұрысса маған айт!

–Мақұл! Жүгері қуырсам, саған апарып берейін бе?

–Керегі жоқ. Тоңасың.

Біз шығып кеттік. Есекке мінейін деп жатқан кезімізде:

–Құлман, Зеркүл біздің үйге барсын да… – дедім. Мұнымен не айтпағымды бірден аңғарған Құлман қабағын тыржитты.

–Керегі не,–деді жай ғана. Оның намысшыл екенін білемін, сондықтан екінші рет бұл жөнінде ләм демедім. Мектепке жеткенше тіл қатысқанымыз жоқ. Онсыз да бәрі түсінікті сияқты. Тіпті, балаларын азынаған суық үйге аш тастап, аналарының қайда кеткені жайлы сұрауға да батылым жетпеді. Бұл – оларға өгей ана. Өздерінің апасы осыдан екі жыл бұрын жүрек ауруынан қайтыс болып, әкелері мұсылман заңы бойынша әйелінің өлімінен соң бір жылдан кейін «Соғысқа кете қалсам балаларым тозып кетер»,– деп көп таңдап жатпай-ақ басқа бір колхоздан күйеуінен айрылысқан осы әйелді алып келген. Отасқандарына бір ай толар-толмаста ол майданға аттанды. Бауыры езіліп, қабырғасы қаусап аттанды.

*                 *            *

Мектепке от жағылмапты. Мектеп суып қапты. Біз мектептен суып қаппыз. Бұрын сабақ басталарда балалар класқа сыймай әр партаға үшеуден, тіпті төртеуден отыратын. Қазір тоғыз партада он төрт бала. Бәрі көңілсіз, бәрі мұңлы. Мұғалім Сейду де мұңлы. Шалдығына қарамай соғысқа өзі сұранып барып, оң қолынан айрылып келді.

Біз үшінші кластамыз. Оқып жүрген класымызға сәйкес бәріміз қатар болуымыз керек, бірақ отыз төрттен басталып әрі қарай кете беретін біздің үйдің ортақ етігі секілді жас шамамыз алуан түрлі. Тұрмыс жағдайына байланысты кеш оқыған, немесе жаппай сауат ашу саясатына байланысты келген қыздар мен балалар да болды. Айжамаш деген қыз биыл он жетіге толып, әрі қарай оқуға ұялды да, «Оймауыт» колхозындағы соғыстан қайтқан Тілеуберді деген жігітке бір күн түнде күйеуге қашып кетті. Қашпай жай-ақ кетуіне болатын еді, ырғалып-жырғалып дайындалып жатуға жағдай көтермеді.

Мұғалім бәрімізді көріп-біліп отырса да журналын ашып, тізім бойынша түгелдей бастады. Әр фамилияны айтқан сайын асықпай бәрімізге қарап шығады.

Бейбіт күнді аңсайтын болуы керек.

–Асанов.

–Жоқ.

–Қайда?

–Әкесінен қара қағаз келіпті.

Сейду біраз үнсіз қалады. «Барып көңіл айтыңдар» деді ақырын ғана.

–Атабаев.

–Қырдағы мал қорадан көң оюға кеткен, әлі келмепті.

–Бөрібаева.

–Мен. – Ол Гүлжамал. Бұрын менімен бірге отыратын. Үздік оқиды. Бәріміз жақсы көреміз.

–Боқаев.

–Сүндетке отырғызылған.

–Онысы несі? – Сейду наразылық білдірген болды. Балаларға көз қылып шошынғаны, әйтпесе ұлдарының бәрі сүндет көрген.

–Жапсарбаев.

–Ол да.

–Ол-дасы несі? О да… нетілген бе?

–Иә.

–Бұларға не болған? Осындай ел аласапыран боп жатқан кезде… – Ол ашу шақырды.

Класком Кемпірбек жауап беріп жатыр.

–Мектеп көктемге дейін ашылмайды деп… алдыгүні нетіпті…

Сейду жымиды. Бәріміз күлдік. Гүлжамал ғана күлген жоқ, ол ұялып төмен қарап отыр.

Сейду бәрімізді тексеріп шықты да, басын көтерді. Сонда барып артқы партада отырған бөгде адамға көзі түсті.

–Иә, сіз мұнда нағып отырсыз!

–Мен әлгі… Жапсарбаевтың қарындасы едім,–деді. Бәріміз селк ете қалдық. Жылқышы Тоқпан шалдың ұлы мұнда неғып жүр деп басымыз қатып отырған.

–Ей, мынау, қыз екен ғой,–деді абдырап қалған Сейду қызарып.– Мұнда неге келдің?

–Жазылғанша орныма бара тұр деп ағам жіберді. —Бәріміз ду күлдік. Мұғалім де күлді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21