БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

–Таптадың, таптадың! Оны да, бізді де қорладың! – Ол суретке қайта қарады. – Неге күлесің, неге күліп тұрсың! Тым болмаса қайда екеніңді неге айтпайсың!

–Ол… қайда екенін… енді айтпайды.

–Не дедің? Не дедің деймін мен саған?!

–Ол жоқ. Қаза болған!

Құлман жынданған адамдай оның жүзіне ұзақ қадалып тұрып, айқайлап жіберді.

–Өтірік! Өтірік! Жалған!

–Сендер білмей-ақ қойсын деп айтпай келіп едім. Амалым болмады. Ақыры айтқыздың. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір естулерің керек қой. Келіп жүрген адам – менің бұрынғы күйеуім. Шындықты білгің келсе –осы!

Құлман  етпетінен түсіп, жастықты тоқпақтай берді.

–Өтірік! Өтірік! Өтірік! Сен өлтірдің! Сен, сен өлтірдің! Жо-оқ! Өтірік! Өтірік! Өті-і-рік!

Апам  жылап тұрып бәрін айтты. Осыдан екі ай бұрын Құлманның көкесінен қара қағаз келіпті. Күйеуінің қаза болғанын естісе Панзай кетіп қалып, балалары панасыз қалар деп ауыл адамдары жасыра тұруды жөн көріпті. Балалар есейсін депті.

Бұл – ауылдың мейірбандығы, ауылдың қаталдығы еді.

Құлманның көкесі жайлы сұрағанымда апамның үнсіз жылағаны, «Бұл жөнінде айтпай-ақ қойшы», – дегенінің түп-төркіні  де осындай дәрменсіз аяушылықтан екенін енді түсіндім.

Аттай екі ай өткен соң майданнан «Жеңіс» деген қуанышты хабар келді. Осы жалғыз ауыз сөзді шағын ауыл сарылып төрт жыл күтті.

Осы жалғыз ауыз сөз үшін қырық жылға жетер күлкісін, қырық жылдық көз жасын, қуаныштары мен түнгі ұйқысын, балалық шақтарын құрбан етті.

Майданға  кеткен қырық екі адамнан бес адам ғана қайтып оралды (бұған Бөрібайды қоспаймыз, өйткені ол да соғыстың құрбаны) бірақ, ешкімнің балалық шағы қайтып оралмады.

Жеңіс тойынан кейін Панзай өзінің бұрынғы күйеуіне қайта қосылды. Балалары соңынан  барған жоқ, өз шаңырақтарында қалды. Қиналатын не бар? Біреуі төртіншіде,  біреуі үшіншіде оқиды. Жас емес қой.

*                *                *

«Біз соғысты көрген жоқпыз»

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21