БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

–Жарқыратпа, май жоқ, – деді.

Сонда ғана көзім түсті, Құлманның өңі қуарып, еріндері дір-дір етіп тұр екен. Ол жол-жөнекей кезіккен ыдыс-аяқтардан аттап-бұттап ұйықтап жатқан қарындасының қасына жетіп барды да, бетін ашты.

–Зеркүл, Зеркүл! Неге жылап жатырсың! Айт, айт қазір, – деді ол қарындасын жұлқылап. Құлман кірген бетте оның үнсіз жылап жатқанын, бірақ апасынан қорқып баяғыда ұйықтап қалған адамдай қимылсыз қалғанын сезсе керек.

Қарындасы басын көтермей, көз жасын бізге көрсеткісі келмей көрпесін қайта бүркеді. Сол кезде барып Панзай орнынан тұрды.

–Болды, болды! Жанының аши қалуын! Ол нені айту керек саған!

Құлман да бұрынғыдай күмілжіген жоқ.

–Ол неге жылап жатыр? – деді. Даусында үлкен адамға тән байсалдылық пен зіл бар.

–Неге жылағанын өзінен сұра. От жағам деп бүкіл керосинді құртыпты.

–Зеркүл, айт! Көтер басыңды! Қорықпа, мен тұрғанда, қорықпа. Айт қазір. Отты сен неге жағасың?

Құлман Зеркүлді жұлқылап жүріп тұрғызып алды. Оның көзі қызарып, беті домбығып кетіпті.

–Үйде ешкім болмады. Отты әрең жақтым. Керосинді төгіп алдым.

–Ол… ол… колхозға кеткен ғой?..

Панзай Құлманның қасына жетіп барды.

–Жап аузыңды, жетпегір! Мені, мені тексерейін деген екенсің ғой. Ақырзаманның тас түйнегі! Шешеңді тексеруге қалай дәтің барады. Өшір үніңді!

Құлман ашудан қалш-қалш еткен Панзайды елең қылмады. Қарындасына қарап:

–Ол үйге келді ме? – деді. «Ол» дегеннің кім екенін Зеркүл де бірден түсіне қойды.

–Жоқ.

Панзай үстінен ауыр жүк түскендей терең бір дем алды.

–Айт шыныңды, алдап тұрсың. Айт деймін! – Ол қарындасының иығынан сілкіледі.

Панзай одан әрі төзе алмады.

–Ойбай-ау… Ойбай-ау, мынаған бүгін бір бәле көрінген бе, а? Мұны қайдан үйреніп келдің? Біреу оқытып жібергеннен сау ма? Кім келмекші, кім келу керек еді бұл үйге! Қорқытпа қаршадай қызды.

–Ол менен қорықпайды, – деді Құлман. – Мен оның туған ағасымын.

–Мен шешесімін!

–Жоқ… – Құлман оған тайсалмай тура қарады. – сіз… сен… әкемнің әйелісің!

Панзайдың көзі шарасынан шығып, қалшылдап кетті. Ошақтың алдында жатқан бір басы күйе көсеуді ала салып оған бас салды. Ұрмақ боп қолын көтере бергенде, Құлман шап етіп оның көсеуін тартып алды да, ауызғы үйге қарай лақтырып жіберді. Сөйтті де:

–Зеркүл, айт қане, бұл үйге біреу келді ме? – деді.

–Жоқ… імм… иә…

–Кім?

–Өткен жолғы кісі.

–Сен қайда жаттың?

–Тағы да дәлізге төсек сап берді.

Қарындасының сөзін анығырақ естімек боп еңкейіп тұрған Құлман кеудесін жайлап көтеріп, Зеркүлдің бар шындықты жариялап қойғанына шыдай алмай дір-дір еткен Панзайға бетін бұрды. Оның көзі жаралы қабыландай қанталап, екі танауы делдиіп кетіпті. Панзайдың бойы кернеген ашуын неге болса тәуекел етуге дайын Құлманның мына көзқарасы қуып шығып, оның орнына біртіндеп үрей кіре бастады. Бала алдында тайсақтағанын сездіргісі келмеген Панзай оқиғаның алдын орады.

–Рас, бәрі рас, – деді ол кенет бәрін мойындап. –Ал, өзім айттым. Не істей қоймақсың маған сонда! Бала деп жүргенім бөлтірік боп шықты ғой!

Панзайдың өзі кінәсін ашықтан-ашық мойындауы Құлманның жігерін құм қылып, жасытып жіберді. Ол мынадай халге қандай қайрат көрсетерін білмей сол орнында ұзақ сілейіп тұрды да, шарасы таусылып, қарындасының қасындағы жастыққа гүрс етіп құлап түсіп, еңіреп жылап жіберді. Мен Құлманның жылағанын бірінші рет көрдім. «Намыс» деген сөздің мағынасын мұндай жаста қанға толық сіңіре алмайды дегенге сенбеймін. Ол аяққа тапталған әке намысын қалай, қайтып қорғаудың жолын таппай, дәрменсіздігі мен шарасыздығына іш құса боп, соған ызаланып жылап жатты.

Мен оның басын көтермек боп «Құлман» деп едім, қолымды қағып жіберді.

–Кетіңдер, кетіңдер бәрің!..

–Құлман, қойшы, жыламашы…

–Жылаймын, жылаймын деген соң жылаймын! Кетіңдер аулақ! Аулақ кетіңдер менен! Бәрің де, бәрің де!

Ол басын жастықтан кенет көтеріп, орнынан атып тұрды да, төрдегі қабырғада осы оқиғаның бәріне күлімсіреп қана қарап тұрған әкесінің суретін жұлып алды. Ішіндегі намыс пен қайнаған ыза оның есін матап, барынша күйінген, ашынған дауыспен айқайлай сөйледі.

–Неге келмейсің, неге хат жазбайсың?! Неге, неге, неге! Сені қорлады ғой, сонда да білмейсің бе? Шынымен білмейсің бе?

Ол суретке бетін басып, үлкен адамдай қаусап жылады.

Манадан бері үнсіз тұрған Панзай «Сені қорлады ғой» деген сөзді естігенде жетіп кеп, Құлманның желкесінен көтеріп тұрғызды. Ұрады екен деп ойлап қалды ма, Зеркүл шыр етіп оның қолына жармасып еді, Панзай, «тәйт әрі» деп сілкіп тастады.

–Кім оны қорлаған? Айт қане, кім? – деді ол орнынан тұрмақ боп ұмтылған Құлманды тырп еткізбей.

–Сен, сен! Ол арбаны талай көргенмін. Қарындасым да көрген. Оны сұп-суық дәлізге талай қуып шыққансың. Оны да білемін. Бәрін, бәрін білемін. Сенсің, сенсің оны қорлап жүрген!

Панзай сазарып орнынан тұрды. Оның қолға оп-оңай түсіп тұрған Құлманды босата салуы мен үшін күтпеген жағдай болды.

–Оның намысын таптаған жоқпын, – деді Панзай әр сөзін нықтай сөйлеп.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21