БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Мен киініп болғанымда апам пеш түбіне сыпыра жайып, қол диірмен орната бастады. Бәрі түсінікті. Кеше Сейду мұғалімнің үйінен алып келген екі қадақ бидайды диірменге тартып, әйтеуір бір ыстық қаумет жасағанша шыдай тұрады.

Ол да жаман емес. Қашан болса да, қай кезде болса да әйтеуір бүгін тамаққа отыратындарын біледі. Оның үстіне, күн сәл сынған соң қорадағы сары сиырды сауады. Рас, ол суалып кетті. Апамның айтуынша, «бізге құдай қарасып» тұр. Әйтпесе, қыстың аяғы түгілі, сонау ақырамаштың басында-ақ суалып кетуге тиіс. Былтырғы  жазда қыс ұзақ боп кетсе деп сарайдың дуалы езілердей ғып төбесіне жүгері паяны үйіп алғанбыз. Көрші-қолаңдар бір бау, екі баудан сұрап, уағына жеткізбей бітірейін деді. Бірақ, сары сиыр соншалықты аш емес.

Ол да соғысты көрген жоқ.

Тіпті, естіген де, білген де емес. Мұрнын шүйіріп тұра береді. Бұзауы ерте өлді. Кінәнің бір ұшы өзіне де тіреледі. Бүкіл ауыл бойынша, қала берді Қазақстан бойынша дүниеге бұзау әкелетін жалғыз өзі сияқты туар алдында арқандап қойсаң арқаныңды үзіп, шынжырлап қойсаң шынжырыңды үзіп, үзілмесе есебін тауып мүйізін қазықтың түбінде қалдырады да, өзі беті ауған жаққа қаңғырып, бошалап кетеді. Әкем барда іздеп жүріп тауып әкелетін, немесе бошаларын біліп: «Жарықтық, емін-еркін тусын», деп соңынан ілесіп отыратын-ды. Былтыр қысыр қалып тыныш тапқанбыз. Биыл да артымнан салпақтап еріп жүретін адам бар деп қалған болу керек, апақ-сапақ ел ас-суын ішіп жатқан кезде ғайып болды да шықты. Сабылып іздеп, жабылып іздеп үш күннен кейін таптық. Ауылдан он шақты шақырым жерде, мәнәйі себеппен жолың түсе қоймаса, арнайы ат басын бұра қоймайтын Шошқалы сайдың көмейіне барып туыпты.

Бұзауы өліп жатыр. Сары сиыр жалап тұр. Біз барғанда оқыранып, «Енді қайттім!» дегендей арқасынан сипаған анама  мөлт-мөлт қарады. «Бейшара-ай, бейшара-ай», деді апам. Оның да көзі мөлт-мөлт етіп шыға келді. Бұзауын есекке артып келеміз. Сары сиыр бір елі қалмай қабаттасып келеді.

—Апа, бұзау неден өлген?

—Көрмедің бе?

—Жоқ.

—Иттің ізі жатқан жоқ па?

—Иә, жатыр.

—Ит емес, қасқырдың ізі. Сиыр туайын деп жатқанда қасқыр келген. Байғұс… бұзауын қасқырмен арпалысып жүріп туған. Жан-жағының шаңы шығып кеткенін көрмедің бе?

Баласын аман алып қаламын деп ажалмен арпалысқан сары сиыр көз алдымнан кетпей қойды. Дәл осы сәттен бастап сары сиырды жақсы көріп кеттім. Үй ішіндегі үшеуміздің де ықыласымыз күрт өзгерді. Оны бәріміз жақсы көрдік. Шынжыр үзер тентектігінің төркінінде ерлік жатқанын аңғардық.

Баласын аман алып қала алмапты. Оған сары сиыр кінәлі емес.

Апам сол күні бұзаудың терісін сыпырып, ішіне сабан тықты. Зәрем ұшқан мен:

—Мұныңыз не? – деп зыр ете қалдым.

—Сауған кезде сиырдың алдына қоямыз.

—Неге?

—Бұзауының терісін көргенде ийді. Әйтпесе, сүт шықпай қояды.

Сондай сабырлы айтылған бұл сөз жүрегімді тілгілеп кетті.

Сол күні кешке апамның сиырды қалай сауғанын да көрдім. Шелегін жуып, сарайдағы ішіне сабан тыққан тұлыпты алды да, енесінің алдына тастады. Сары сиыр еміреніп жалай бастады.

Көзі мөлт-мөлт етіп жүре берді.

Екі-үш минуттан соң желіндері сыздап шыға келді. Апам гүрілдетіп сауа бастады. Әп-сәтте шелекке жетер-жетпес сүт алды.

Мейірім мен қаталдық.

Мейірім мен қаталдықтан шыққан аппақ сүт!

Шынында, апамның айласы қаталдық па? Ол апамның ғана айласы ма еді. Өзінің айтуына қарағанда атамзаманнан келе жатқан әдіс дейді ғой. Өлер бұзау өлді. Бәлкім, оның терісін біржолата жоғалту қаталдық шығар. Бәлкім сары сиыр бұзауының терісін көргенде оны мына жарық дүниеде жер басып тірі жүр екен деп ойлап қалатын шығар.

Қалай болғанда да бұл  тіршілік еді. Тірілердің өмірі.

Түн жарымы ауғанша көз іле алмадым.

—Неге ұйықтамай жатырсың?–деді апам.

–Басқа бұзаудың терісі болса қайтеді?

–Кім?.. Ә-ә, сен соны ойлап жатырсың ба? Ұйықта, таң жақындап қалды. Мал өз төлінің иісін таниды.

–Кеуіп қалған тері болса да ма?

–Иә, кеуіп қалған тері болса да… Еһ… қай жерлерде жүр екен байғұс!.. –Ол ауыр күрсінді.

–Кім?

–Әкеңді айтам. Хат жоқ… Бір жерлерде қарға-құзғынға жем боп жатыр ма екен…

–Апа, егер көкем болса… сиырдың бұзауы да өлмес еді ғой, ә?

–Әрине. Қайдан болса да, тауып алып, бұзауын мойнына сап көтеріп әкелер еді ғой…

Мен апамның мойнынан құшақтадым. Денем дір ете түсті. Мойны су екен.

Жылап жатыр. Үнсіз жылап жатыр.

Жыламашы деп айтқан жоқпын…

Енді қайтып қолға алмастай болған кітаптардың басын әрең құрап, шүберек сөмкеге салып үйден шыға бергенімде соңымнан Еркінай айқайлады.

–Әй, сырғанақ теппе, білдің бе?

–Жарайды.

Түсінбейтін түгі жоқ. Сақтық жасағаны. Мен киіп бара жатқан етік үшеумізге де ортақ. Біздің үйде оның құны ерекше, бәріміз көздің қарашығындай сақтаймыз. Бәріміздің размеріміз бір. Отыз төрттен қырық бірге дейін. Ретіне қарап одан әрмен өсе берсе де айып емес.

Жол-жөнекей Құлманның үйіне соқтым. Есекке мінгестіре кетпесем жаяу бара алмайды, етігі жыртық.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21