БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Ол ауыр күрсінді.

Сол бойы үріккен ұйқым қайтып келмей, таң атқанша көзі мөлт-мөлт етіп бұзауын іздеген сары сиыр мен әке-шешесіз қалған үш бала көз алдымнан кетпей тұрып алды.

–Апа, Құлманның үйіне кеп жүретін арба кімдікі? Оның көкесінен неге хат жоқ?

–Қайдам, қарағым. Ұйықтасаңшы.

–Түсімде оны да көрдім. Жылап жүр. «Менің көкем келмейтін бопты, бақташы бала мені алдапты»,–дейді.

–Түсінде жылағаны жақсы, өңінде қуанады екен. Байғұс балалар-ай… Обал болды-ау!

–Апа, сіз неге олай дейсіз, а? Неге  «байғұс» дейсіз, «обал болды» деп неге  айтасыз? Неге жылайсыз!

Апам көпке дейін жауап бере алмады.

–Олай демей қайтерсің… Аналарының… қаршадай қызды шырқыратып сабағаны есімнен кетпейді. Жата қойшы, қалқам, жата ғой. Айтпашы бұл жөнінде…

Мен ол кісіні мұнан әрі қинамадым. Әйтсе де, ол менен бір шындықтың ұшын жасырып қалғандай көрінді де тұрды.

Көктемге салым Орынша жалаңаяқ, жалаңбас ауыл кезіп кететінді шығарды. Жолыққан адамға ұзақ тесіліп қарап тұрады да: «Жыламаңдар!» – дейді. Кейде тамының төбесіне шығып алып айқайлап өлең айтады. Ұзын таяққа жіп байлап алып «қармақ сап, балық ұстап отырады» да, өзінен-өзі сақылдап күлумен болады. Бұрын екі күн ауру, бір күн сау жүруінен төсек тартып жатуы көп еді, қазір жалаңаяқ қар кешсе де қыңқ демейтін болып алды. Өзі былтырғысынан толықсып, екі бетіне қан жүгіріп, шырайланып алған сияқты.

Бір күні ауыл адамдары кеңесіп, Орыншаны қаладағы ауруханаға апару керек деп шешті. Таңертеңгі қатқақпен колхоздан жәшікті арба алып, Сейду ағай, Құлман үшеуміз жолға шықтық. Орынша ауыл кезіп кетпей тұрғанда үйінен тауып алайық деп үшеуміз ертелетіп келсек, ол бес жасар қызына шыңғыртып емшегін емізіп жатыр екен. Сейду кеп қызды қолынан жұлып алды.

–Не болды саған, Орынша. Бала боп кеттің бе?–деді. «Есің дұрыс па?» – дегеннің орнына «Бала боп кеттің бе?», –деп әдейі айтқанын сезіп тұрмыз. – Жүр, қалаға барып қайтайық, базар аралаймыз, балаларға тамақ, киім-кешек қарайық.

–Қала? – Орыншаның іші бір нәрсені сезген болуы керек, Сейдуге үрейлене, тесіле қарады.

–Иә, қалаға. Есік алдында арба күтіп тұр.

–Жоқ, жо-оқ!–деді ол кенет барынша айқайлап, бұрышқа қарай жылжып. –Бармаймын! Қаладан қорқамын! Онда шпана бар!

–Неғылған шпана? –дейді Сейду оны көндіру үшін жайдары күлкіге көшіп. –Шпана болғанда бізді қайтеді? Және сабаудай-сабаудай үш жігіт бара жатырмыз. –Ол бізге қарай иек қақты.

–Қаласаң Гүлжамалды да бірге ала жүрейік.

–Жоқ, жо-оқ! – деді ол кенет барынша айғайлап. – Бармаймын! Бармаймын қалаға! –Ол бұрышқа тығыла түсті.

Орыншаны сөзбен көндіру мүмкін еместігіне көзі жеткен Сейду далаға шығып кетті де, ізінше қайта келіп, дуалды жарып өтіп кетердей бұрышқа арқасын тіреп, бір уыс боп үрейленіп отырған оған жайлап жақындады.

–Құлағыңды әкелші, мен саған бір сөз айтайын. Соны айтам да кетем.

–Жоқ құлағымды тістеп аласың, жақындама!

Сейду оны сөзге айналдыра тұрып, көз ілеспес шапшаңдықпен артына жасырып келген арқанын оның кеудесіне қалай өткізгенін аңғармай да қалдық. Ол жалғыз қолмен-ақ арқанды төрт-бес айналдырып, Орыншаны қас пен көздің арасында шандып тастады. Әлгінде ғана анасының азабынан құтылғанына қуанып тұрған кішкене қыз Сейдудің оны арқанмен шандып жатқанын көріп, шыңғырып кеп оның кеудесіне жармасты. «Көкетай, көкетай, байламаңызшы апамды, байламаңызшы! Оны неге байлайсыз? Қолы ауыратын болды ғой! Жіберіңіз, жіберіңізші! Көкетай, жалынамын!»

Көзінен моншақ-моншақ жас тамшылаған Гүлжамал қолды-аяққа тұрмай, шыңғырған сіңлісін көтеріп алып, там айналып кетті.

Сейду Орыншаның балықтай тулап, асаудай шыңғырғанына қарамай белінен қапсыра құшақтады да, бір  жамбасына қисая көтеріп есік алдында тұрған арбаға апарып салды. Бізден көмек те сұрамады. Сейдудің екі қолының күші бір қолына жиналған деген жұрттың әзіл сөзі шын екенін қазір аңғардық.

Арба орнынан қозғалды. Біз бұрылып, соңымызға қарай алмадық, қарай қалсақ бір үлкен, бір кіші үш баланың қаздай тізіліп, егіліп тұрғаны жүректі шаншып, бауырды осып түсетіндей көрінді. Сейду де осыны сезінген болуы керек, үйден жылдамдырақ ұзап кету үшін арба орнынан қозғалған бетте арық атты қамшыға көміп, желдірте жөнелді.

Біз қалада екі күн болып, ауылға үшінші күн кешке жеттік. Сейду жолай колхоздың кеңсесіне соғып, Орыншаның балаларына деп әрең дегенде он кило бидай жаздырып алды. Біз қатты қуандық. Жұбымызды жазбаған бойымызша апаларының хабарын айтпақ боп, әрі бидайды беріп қуантқалы Гүлжамалдың үйіне бұрылдық.

Арба есік алдына кеп тоқтағанда үш күннен бері әр тықырға елеңдеп отырған Гүлжамал далаға жүгіріп шықты. Жүгіріп шықты да, саудырап түсіп келе жатқан бізді көріп кілт тоқтай қалды. Апасының қаладағы ауруханада қалатынын және ол жақтан жуық арада қайтып келе қоймайтынын Гүлжамал жақсы білетін-ді. Үлкендер жеткізе айтып құлағына құйған, көндірген. Көнбеске, мойынсұнбасқа лаж жоқ екеніне жас қыздың көзі жеткен. Бірақ ғайыптан-тайып келер қуаныштан қашан да дәмелі үміті тұйыққа тірелмей тыншу таба ма? Апасын алып кеткен арбаның есік алдына бос келгені оның елеңдеген көңілін бірден тұншықтырып, кеудесіне жетімдік ұялатып кетті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21