БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Ертесіне Гүлжамал сабаққа келген жоқ. Оның ертесіне де келмеді. «Неге келмеді?», – деп Сейду де, «неге келмеді», – деп өзгелер де сұрамады. Жұртқа айтып жарияламай-ақ қояйын деп апам жалғыз өзі барып қайттым дегенмен бүкіл ауыл Орыншаның шалық мінезінен хабардар болып алған көрінеді.

*                  *                *

Ауылдан  әскерге алынған адамдардың бәрі қайтып келе жатыр екен-ау, деймін. Бірі қалмай, қырық екісі түгел разъезден түсіп, ауылға қарай беттепті. Ішінде өлгендері де, қара қағаз келгендері де бар екен. «Олардың өліп қалғаны қайда?» – десек, бақташы бала қарқылдап кеп күледі. «О, ол өтірік боп шықты. Ешқайсысы өлмепті», –деп разъезд жаққа қайта шаба жөнеледі.

Бүкіл ауыл дүрлігіп жүгіріп келеміз, жүгіріп келеміз, разъезд жеткізер емес. Сейду алдымызға түсіп алған екен-ау деймін. «Дем алмаңдар, дем алмаңдар, әйтпесе олар қайтып кетеді» – деп бар даусымен айқай салады. «Олар қайтып кететін бопты»,–деп жанталаса алға ұмтыламыз. «Жыламаңдар! Жыламаңдар!» – деп әлдекім тағы айқайлайды. Таныс дауыс сияқты. Үстіндегі күйеуінен қалған шолақ шинелі жалбаңдап Сейдумен қатарласып Орынша да жүгіріп келеді екен. Жалаңаяқ жүгіріп келеді. «Менің аяғым тоңбайды, оған жыламаңдар! – дейді ол тағы айқайлап. –Бөрібайдың аяғы жоқ еді ғой, әскерден қайтқанда саған керек емес деп етік бермепті.

Біз әлі жүгіріп келеміз. Өкпеміз аузымызға тығылып, тынысымыз тарылып барады. «Тоқтамаңдар!» – дейді Сейду бәрімізге бұрылып: «Разъезд бұл жерде емес екен. Ол алдыңгүні біздің ауылдың қасына көшіп барған. Біз байқамай өтіп кетіппіз. Тоқтамаңдар, солай қарай жүгірейік»,–дейді. Олардың өктем де зор естілген дауыстарынан зәреміз қалмай қорқып келеміз.

Бәріміз қоғадай жапырылып, Сейду көрсеткен жаққа бұрыламыз. Ілгері басқан аяқ кейін кетіп, Құлман екеуміз жұрттың ең соңында қалып қойыппыз. Құлман жылап келеді. «Бақташы бала өтірік айтыпты, менің көкем келмейтін көрінеді»,– дейді. Ғажап! Бізді кішкене арбасымен Бөрібай қуып жетіпті. Жалғыз қолымен ышқына итергенде дөңгелегі шаңды аспанға бұрқ-бұрқ көтереді. «Келіңдер, маған мініңдер. Сыймасаңдар, мойныма отырыңдар»,– дейді. Біз оны аяп, келіспейміз. «Әттең, өліп қалғанымды қарашы. Әйтпесе осылармен бірге келер едім»,–дейді ол өкініп. «Бөрібай аға, ешкім өлген жоқ деп еді ғой». «Жоқ, мен өлгенмін. Бақташы бала өтірік айтқан. Өлмеймін деп едім, болмады ғой. Бәрін аядым», – дейді. Өзі көзіне жас алып, үнсіз жылап келеді.

Разъезге жете бергенімізде алдымыздан сегіз сиыр шығады. Біздің ауылдан соғысқа кеткен сегіз сиыр! «Соғыстан сиырларымыз да қайтып келе жатыр!» – деп бәріміз қуанамыз. Біздің сары сиыр: «Бұзауым қайда? – дейді. Көзі мөлт-мөлт етеді. Апам ебіл-дебіл жылайды. «Өзің барда өліп еді ғой»,– деп ақталған болады. «Жоқ, терісі қалған болатын. Сендер оны итке тастапсыңдар. Өзім келген соң тірілтіп алатын едім», – деп бізге тап береді. Біз қорқып кейін шегінеміз. «Менің бұзауымның терісін итке тастапсыңдар Неге тастайсыңдар итке?» – деп ол адам сияқты еңкілдеп кеп жылағанда қосылып біз де жылайды екеміз-ау деймін. «Жылаңдар! Жылаңдар!» – деген Орыншаның өктем үні естіледі. «Тоқтамаңдар, тоқтамаңдар!» – деп Сейду де  ақырып тұр. «Кешірші, кешірші, сары сиыр! Біз сенің бұзауыңды итке тастаған жоқпыз. Ол үйде тұр. Барған соң тірілтіп беремін. Көкем келетін болды. Енді сенің бұзауың өлмейді, ешқашан өлмейді. Көкем оны мойнына сап көтеріп келеді»,– деймін оған жалынып. Үнім де шығатын емес. Булығып, тұншығып барамын. «Тоқтамаңдар! Тоқтамаңдар»» «Жыламаңдар! Жыламаңдар!». Мен ілгері жүгірмек боламын. Бірақ, бір орыннан қозғала алар емеспін. Апамдар алыстап кетіпті. Тоқтап қалсам көкемдер келмей қоятын болды деп жан ұшырып айқайлаймын. «Апа-а! Апа-а-а-а!»

Өз даусымнан өзім оянып кеттім. Қатты айқайлаған болуым керек, апам мен Еркінай орындарынан атып-атып тұрып, менің қасыма келді. «Не болды, не болды!» – деп екеуі абдырап жүр.

Мен мұның бәрінің түс болғанына қуандым, түс болғанына өкіндім.

Орныма қайта жаттым. Ұйқым шайдай ашылып кетті. Үй қап-қараңғы. Терезеден қарлы даланың болар-болмас бозғылт нұры түсіп тұр.

–Апа, қорадағы бұзаудың терісі қайда?

–Түн ішінде оны қайтпексің жаным, жата ғой. Бір қырыңнан жат. Сонда қорқынышты түс көрмейсің.

–Айтыңызшы, терісі әлі тұр ма?

–Жоқ түнеугүні..

–Жоғыңыз не?! – Жастықтан басымды жұлып алдым. – Ол қайда? Шынымен ит жеп кетті ме?

–Қайдам. Біраздан бері көрінбей қалды ғой. Ит алып кетсе алып кеткен шығар. Оны қайтпексің?

–Түсімде сары сиырды көрдім. «Бұзауымның терісін итке неге тастадыңдар, тірілтіп алатын едім»,– деп адам сияқты жылап тұр.

Апам көпке дейін үнсіз қалды. Сары сиыр кәдімгідей ана боп, бұзау бала боп елестеп, жүйкесін босатып, бауырын елжіретіп жібергенін іштей сезіп жатырмын. «Байғұс-ай, ә,–деді ол әлден соң. – Обал болған екен. Есеңгіреп жүріп жоғарыға байлап қоюды да ұмытып кетіппіз ғой».

–Апа,– деймін әлден соң оның да ұйықтамай жатқанын сезіп.

–Әу, жаным.

–Егер… Орынша… сол бойы жазылмаса… балалары қайтеді, а?

–Қой, қай-қайдағыны ойлап жатқаның не? Ұйықта.

–Айтыңызшы. Олар не істейді?

–Қайтушы еді, байғұстар. Өлмес тіршілігін жасайды да.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21