БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Бұл сұрақ әрбір ересек адамның ойында тұрды, бірақ оған ешқайсысы жауап таба алмады. Бәлкім, «қызғаныш емес» деп әркім өзін-өзі алдағанмен бұл расымен-ақ қызғаныш шығар? Бір үйдің майданда жүрген төрт еркегінің түгел аман қайтып, қалғандардан бірлі-жарым алдамшы хат не болмаса қара қағаз кеп жатқанда, пендеге тән қызығу мен қызғаныш сезімі басқада неге оянбасын! Өзгенің қуанышына қуана білу өзіңнің қуанышыңды ұмыту емес қой, қайта ол жүрегіңдегі сағынышыңды асқынтып, сабырыңды алмай ма?

Ал, қызғаныш жоқ болса неге қуанбайды? Майданға барып, аяқ-қолынан, денсаулығынан айырылып, аман келіп жатқан ол төртеуде кінә бар ма? Ысқырған оқтың ажал боп жабыспағанына бұлар айыпты ма? Әлде, өзгелер сияқты төртеуінің де өлуі керек пе еді? Одан кімнің қайғысы жеңілдемек? Ешкімнің де? Енді жұрттың мұнысы несі?

Адам түсініп болмайтын адам жанындағы жұмбақ құбылыс!

Қалай болғанда да кешкілік жұрт екі жарға бөлінді: бір тобы тойда, бір тобы жаназада. Ол үй өткен жолғы тойда адамдардың аз жиналғанына налып, «Елдің мұнысы несі?», – деп дағдарып қалған-ды.

Бұл жолы қатты қапаланды. Адамдардың аз жиналғанына емес, осында келгендердің өзінің селқостығына, жасанды пейілдеріне ренжіді, содан тіксінді. Көңілі алып ұшып келген Нұралының көкесінің үлкен ағасы еш нәрсеге түсінбей, түсіндім-ау деген кезде іш құсалықтан көзіне жас алды.

Таңқаларлығы сол, бұл үшін ол жұртты кінәлағысы келмеді.

Арада екі күн өткен соң сабақ үстінде, Нұралы кенет солқылдап жылап жіберді. Бәріміз өре түрегелдік. Басқа басқа, Нұралы неге жылайды, оның тағдырдан тағы не тілейтіні бар? Ол жыласа, өзгеміз не істейміз?

Сейду оның қасына келді, не болғанын сұрады. Бірінші рет «Неге жылайсың?» – деген сұрақ қойды. Ол орнынан тұрып, көзінің жасын жеңімен сүртіп, мұрнын бір-екі тартып алды да.

–Біздің үй… көшкелі жатыр,–деді.

Бұл – күтпеген жауап, күтпеген сөз еді. Сейду «Неге?» – деп сұрай алмады, абдырап бар тапқаны: «Қайда?» – болды. «Білмейім, – деді ол кәдімгідей дауыс көтере жылап. –Алысқа. Менің… барғым келмейді…»

Біз отырған-отырған жерімізде қимылсыз қалдық. Мектептің жабылатынын естігенде, жетінші кластың алты баласын әскерге алатын болғанда, біреудің әкесінен жаман хабар келгенде осылай үнсіз қалушы еді. Нұралының бұл сөзі де бізге солай әсер етті.

Әкесі мен үш ағасы бірдей соғыстан аман келген балаға әкесіз баланың жаны ашитын тұсы боларын алғаш аңғардық.

Он шақты шал жиналып барып Нұралының көкесіне тоқтау салып көрді. «Не болды, елден қашқаның не? Айыбымыз болса кешір. Не көрсек те бірге көрейік. Ақ қар, көк мұзда бала-шағаңның берекесін алма», – деді. Нұралының көкесі мен үлкен ағасы тыңдамады, екі інісін қалдырып, арбаға жүктерін тиеді. Жүк тиеліп болғанда Нұралы, «бармаймын» деп қиғылық сап, арбадан түсе қашты. Әкесі қуып жүріп ұстап әкеп, арбаға әрең дегенде отырғызды.

Екі үйдің жүгін тиеген екі арба ауылдан бірте-бірте ұзай берді. Біз Нұралыға қол бұлғап тұрмыз, ол да құлақшынын бұлғап барады. Сәлден соң олар қыр асып, көзден ғайып болды. Шығарып салуға келген адамдар сонда ғана үйді-үйлеріне тарай бастады.

–Әй, Орынша, қайтпайсың ба?–деді апам арба кеткен жақтан әлі көз алмай тұрған оған.

Ол жауап бермеді. Аңшылықтың қызығын тамашалап тұрғандай арбаны жұтып қойған қарлы ақ адырға қадалып қатыпты да қалыпты.

–Денің сау ма ей, не көріп тұрсың?

–Денім сау, – деді ол жұлып алғандай. – Денім сау болмай не көрініпті! – Ол адырдан көзін алып бізге қарады. – Қазаны қайыспай көтерген ауылға қуаныш ауырлық қып көшіп барады. Аха-ха-ха-ха! – Оның кенет қатты күлгені сонша, қасында тұрған біз селт етіп, ұзап кетіп қалған адамдар кері бұрылып қарады. – Ой, ішегім-ай! Аха-ха-ха…

Апам шошынайын деді. Оның қасына жайлап жақындады да, әлгіндегі өктемдеу дауыстан бірден жұмсақ үнге көшіп:

–Орынша, мына күлкің не, жаным-ау, – деді оның жүзіне үреймен қарап. –Күлмейтін нәрсеге күлгенің қалай? Үйге жүр, ыстық шай ішейік.

–Жоқ, ішпеймін, – деді ол күлкісін тыйып, басын шайқап. –Ыстық           шайды қайтем. Аузым күйіп қалады. – Ол тағы күлді. Күлкісі мен көзқарасында уайымның, опыныстың, күйзелістің ізі де қалмапты. Соғыс бітіп, күйеуі төрт мүшесі түгел аман келген, бейуайым, бейқайғы адамның күлкісі.

–О, қу құдай, – деді апам күбірлеп. Сөйтті де оның назарын аударам ба деген ниетпен: – Мына тұрысың не тұрыс? Үйге жүр былай, –деді дауысын көтеріп.

–Жоқ, бармаймын! – Ол үстіндегі күйеуінен қалған шолақ шинелінің қалтасына қолын салып, ілгері қозғалды. Сол бойы бір-екі адым аттады да, оқыс кері бұрылып: – Құдай жоқ! – деді. — Ол өліп қалған! Баяғыда өліп қалған! Бірақ, оның өлгеніне жыламаңдар. Білдіңдер ме, жыламаңдар! (Ол апамның «о, қу құдай» деген сөзін естіп қалыпты).

Соны айтты да, ілгері қайта қозғалды. Түймелері ағытулы шолақ шинелінің қалтасынан қолын алмаған бойы шайқатыла басып кетіп барады.

Апам үйге келген соң ұсақ-түйек шаруаны Еркінай екеумізге тапсырды да, өзі тез-тез киініп Орыншаның соңынан кетті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21