БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

–Түу, мен келгенше сендер оныншы класты бітіріп қоясыңдар-ау, ә, – деді ол бізге қарап.

–Неге? Сен алты жыл жүресің бе сонда?

–А-а, солай екен ғой, алты жыл бар екен ғой әлі. Қандай ұзақ оқисыңдар… Алты жыл… алты жыл жүрмейтін шығармын. Бір-екі жылдан аспас, –деді ол кесіп айтқысы келгенмен сенімі жетпей. – Сендер қорықпаңдар? Неменесіне қорқасыңдар. Қорқу деген не ол? Мәселен мен… түк те қорқып отырған жоқпын. Тек, апамды аяймын. Әйтпесе, қорқатын не бар!.. Айтшы, қорқатын не бар?

–Ештеңе жоқ…

–Әрине, ештеңе жоқ. Неміс пе? Немістен несіне қорқасың? Ол да біз сияқты адам.

Біз күн шыққасын келетін боп Құлман екеуміз таң қараңғысында үйге қайттық. Мәден мен біз тұратын жердің арасы бір шақырымдай. Күздің қара суық желі еріне басып келе жатқан бізді суық алақанымен алға итермелейді. Әрқайсымыз өз ойымыздың тереңіне шомып үнсіз келеміз. Менің ойымдағыны ол, оның ойындағыны мен жақсы білемін, ол жайды бір-бірімізге айтып жатудың қажеті жоқ.

Осылайша ауық-ауық иық түйістіріп екеуден-екеу бітпейтін ұзын жолға түсіп алып, желдің гуілін тыңдап жүре бергің, жүре бергің келеді. Бір басылып, бір күшейген жел санаңдағы шырматылған сұрақты өзі шиеленістіріп, келесі толқынмен өзі шешіп жататын секілді. Бәлкім, дәл осы кезде, Құлман екеуміз ойға шомып үнсіз келе жатқан шақта біздің әскерлеріміз жауырынын сызға төсеп, қансырап жатқан шығар. Тау қараңғысымен көмескіленіп, семуге таянған төбеміздегі бір жарық жұлдыздан  ғұмырындағы ең соңғы жарық сәуледен, өмірінің куәсі, әрі жанашыры боп елестеген сәуледен ол да көзін алмай ақтық сәтінде бізді ойлап жатқан болар. Елі үшін, жері үшін, осынау жалпақ дүниенің ешкімге белгісіз бір түпкіріндегі өзіне ғана қымбат, тек өзіне ғана киелі шаңырағын, өзгелер үшін бары да, жоғы да, туылғаны да, туылмағаны да белгісіз қой көзді қоңыр әйелін, өмірінің мақсаты, өмірінің нәрі болған екі баласын қорғамақ боп аттанып, талғамсыз оққа тап келіп, қор боп бара жатқанына, бір де бірі орындалмаған әкелік арманының өзімен бірге өлетініне егілетін шығар. Табиғат адамды қандай бейшара ғып жаратқан! Тым болмаса өмірінің соңғы сәтінде ұлының «көке» деген бір ауыз сөзін ести алмайтын етіп құрылған тіршілік заңы неткен тасбауыр! Белгісіз бір жақта әкесінің өлгелі жатқанын баласына сездірмей, дәл сол сәтте қырық үш тезекті аман алып қалғанына қуантып, немесе «шпана болғалы жүрмін» деп аузына бейғам әзіл салып, я болмаса тыныш ұйықтап, тәтті түс көргізіп, адамдарды уақытша алдап қоюға шебер өмір заңы неткен опасыз!

Құлманның үйіне жақындап қалыппыз. Оны іздеген де, ирелең жолмен бұрылған да жоқ сияқты едік, тек бұл арамен талай жүріп үйренген аяқ адасқан иесін үйіне алып келетін аттай бізді байқаусыз жеткізіп сапты.

Үйдің тұсындағы жолмен сықырлап шабақты арба өтті. Өткен жолғы арбадан аумайды. Мен таңданып, Құлманға сұраулы пішінде қарадым.

Ол жауап бермеді. Тіпті, арба жаққа назар да аударған жоқ.

*                *                  *

Шағын ауылды от пен суға салып, әбден сынап, әбден шыңдап алмақ болғандай даланың құмына жүгері қуырып жеуге келетін күні кешегі ыстықтың соңы мизамды күзге, мизамды күз қазан суыққа, қазан суық қара суыққа жалғасып, оның арты ай-шайсыз ақ боранға айналды. Жаз бойғы жинап-тергенін тамағынан жырып майданға жөнелтіп, өздеріне қалт-құлт тіршілік етер арзымас қана қорек қалдырған алақандай ауыл «сынасаң сыныңнан қорқып па ем, аянатын нең қалды»,– деп қыраулы күн, боранды қыспен тағы да тайталасқа түсті.

Аналардың үміті мен көз жасына суарылып, балалардың теріне малшып майданға жөнелтілген астық қайыра «сәлемдемеге» он шақты хат, екі «қара қағаз» жіберді.

Он шақты хаттың бірі көкемнен де келді.

Апам бұл жолы ешкімді тыңдаған жоқ. Майданға ет жөнелтпек боп жұрттан мал сатып алып жатқан колхозға биылғы қысыр қалған сары сиырды өткізіп, орнына екі қой, екі ешкі алды да, қойдың біреуін сойып кішігірім той жасады.

Сары сиыр ертесіне кешке жаз бойы өрісте бірге жайылған жеті-сегіз «көзтаныстарымен» қосылып, өздерін алыстағы бір разъезде көптен күткен вагонға тиелуге кетті.

Сөйтіп, сары сиыр да соғысқа аттанды.

Өзінің соңына ішіне сабан тыққан бұзауының  тұлыбын қалдырып, анық келмес сапар асты.

*                *               *

Қыс ортасы ауа бергенде ауылды дүрліктірген оқиға болды: Гүлжамалдың көкесі табан асты жоқ боп шықты. Кешеден бері бет қаратпас боран соғып тұрған. Кешкілік арбасын шиқылдатып үйден шығып кетіпті. Қоспасы жоқ оң қолының басына арбаны итергенде жұмсақ болсын деп әйелі мәсінің қонышының ішіне мақта тығып, оны білегіне байлап берген. Жаздың күндері жалғыз қолмен итеріп-ақ ол үйді-үйді аралап жүре беретін. Жақын маңдағы көршілердің біреуіне кеткен шығар деп олар жуық арада іздей қоймайды. Балаларын төсегіне жатқызады да, әйелі көршілерді аралап шығады. Жоқ. Борандатып тағы үш-төрт үйдің есігін ашады. Көрдім-білдім деген адам болмайды. Осындай қарлы боран, қараңғы түнде арбасын итеріп қайда кетпек?

Ол енді шындап қорқа бастайды. Көрші-қолаңдардан адам шығып, олар да қосылып іздейді. Қуыс-қуыстың бірін қалдырмайды. Ізім-қайым жоқ.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21