БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Жетінші класс жабылатын болыпты. Бір класта он бес бала оқитын. Солардың кеш оқыған алтауы он жетіге келіпті.

Алтауы да әскерге алынатын болды. Қалғандары алтыншы класпен бірге оқиды. Олар бір бөлек отырып алады да, келген жерінен жалғастыра береді. Бір кластың бір класқа келтірер түк те зияны жоқ.

Колхоз теңселіп кетті. Мұржаларынан күзгі түтіндері қисық будақтаған шағын ауыл замана салған ауыртпалыққа иығын тағы төсеп, сұлық жатыр. «Қайтейін, сендердің дегендерің болады да, басқа не шара»,– дегендей, бәріне көнген, бәріне төзген сыңай танытып, шашырай салынған аласа үйлер үнсіз тұр. Қыстың биыл да қатал болатынын сездіріп, батыс жақтан соққан суық жел бірте-бірте күшейіп келеді.

Мектептің алдына кісі көп жиналды. Бәрі жылап тұр. Алты баланың алты анасы мен іні-қарындастары оларды жібермейміз деп шыңғырып жылағанда жан дүниеңді тырналайды.

Жұрт бір бөлек, алты бала бір бөлек – ортада тұр. Біз күткендей емес, олардың қабақтары ашық, тіпті, бір-біріне қарап күлімсіреп қоятын сияқты. Бәлкім, олар соғыс дегеннің не екенін әлі толық білмейтін шығар. Жетінші класқа жетіп, жастары он  жетіге толғанмен мектеп қабырғасына тән балалықтан арылмаған болар.

Бірінші боп тұрған ұзын бойлысы қасындағы балаға қарап тағы күлімсіреді. Осыдан бір ай бұрын әр үй мектепке екі қап тезек берсін деген соң Құлман екеуміз төрт қап тезекті әкеле жатқанымызда есек арбамыз көпірде аударылып қалған. Тезегіміз арыққа түсіп, бізден құтылғанына қуанғандай жапа-тармағай жүзіп барады. Арықтың суы терең болатын. Не істерімізді білмей тезектің соңынан зыр қағып жүгіріп келе жатқанымызда, алдымыздан бойы серейіп осы Мәден шыға келді. Ол да тезек арқалап келеді екен. «Әй, не болды, сонша!» – деді қашанғы әдетімен «майда класты» менсінбей. «Ойбай, осылай да осылай», «Ә, сол ма жылап жүргендерің!».

Ол шешіне бастады. «Тезек езіліп кететін болды» деп біз шыдай алмай тұрмыз.

Шешінуге оның көп уақыты кеткен жоқ. Күпәйкесін, көйлегін, шалбарын тастағанда анадан туғандай тыр жалаңаш боп шыға келді. Сол бойы суға қойып кетті. Суық суда гүрс-гүрс етіп біраз құлаш ұрды да, талтайып тұрып алып тезектерді біртіндеп жағаға лақтыруға кірісті. Жаумен жалғыз алысып жатқан адамға ұқсап қаптап келе жатқан тезектерге: «Ә-ә, кел, кел жақында маған, жақында!» – деп жеңін сыбанған болып, тісін қайрап, айбат шегеді. «Аһ, фашист, сен келе жатыр екенсің ғой, ал, тарт сазайыңды! Оппа! – Бір де. Аһ-а, мына біреу тағы келеді. Жақында, жақында!» – Ол судың ішінде тұрса да алақанына түкіріп қояды. «Оппа!» –Екі де! Оппа – үш де! Оппа – төрт де!» – Біз оның қимылының шапшаңдығына, бұлшық еттерінің көз сүйсіндіріп бұлт-бұлт еткеніне қызыға қараймыз. «Оппа – тоғыз де! Ал, мына бір ең үлкен фриц келе жатыр. Кел, бәлем, кел! Оп-па – он де!..»

Ол тоңайын деді, астыңғы ернінің қалшылдай бастағанын көріп тұрмыз. Жаумен алысып, бәрін жағаға атып жатқанында өзі де елігіп алған болу керек, денесіне суық өткенін де елер емес:

«… – Оппа – қырық бір! Оппа – қырық екі! Ал, ең соңғысы қалды. Оп-па-а – қырық үш! Ура-а-а, жеңіс, жеңіс!»

Ол жалбыз бен жусаннан ұстап жағаға шықты. Бойын жылытпақ боп біздің алдымызда тыр жалаңаш билеп жүр. Өзі қымсынайын демейді.

–Мен болмасам тезектеріңнен айырылып, шешелеріңнен таяқ жейтін едіңдер, ә, мұрынбоқтар! – деді ол бізге қарай бүйірін таянып. Біз оған тура қарауға ұялып, басымызды төмен құнжитамыз. Шашылып жатқан тезектің қырық үш екенін ойлап кетеміз. Біз Мәденмен достасып кеттік.

Қазір ол ортада тұр. Бойындағы балалығы мен жігіттігі қатар жарысып, балалығы қалғысы келмей, жігіттігі біржола жетектеп алып кете алмай, реті келсе екі жаққа да қарайлай салатын жаста. Ол – солдат! Басқа бір жерге апарып, біраз уақыт үйретеді дейді. Сонан соң… майдан.

Мектеп ішінен әскери киім киген көк көз, сары шал шықты. Біздің әскерлердің жауды өкшелетіп қуып бара жатқандарын айтты. Бірақ, толық жеңіс үшін жаңа күштер, Отанын шын сүйетін патриоттар керек деді.

Сонан соң ол ортадағы алтауға қарап:

–Ал, жас қырандар! Отан қорғауға дайынсыңдар ма?– деді.

–Әрқашанда дайынбыз? Отан үшін жан пида! – деді алтауы да күні бойы офицердің осы сөзін ғана күтіп тұрғандай бір ауыздан.

–Не дейді, құдай-ау! Мыналар не деп тұр! – деді Мәденнің анасы шыдай алмай. Соғыс басталған жылы күйеуі мен үлкен баласы әскерге қабат алынып, үш-төрт айдың ішінде екеуінен де қаралы хабар алған. Запы болған байғұс жүрек шыр қағып ол баласына  қарай ұмтылып еді, жұрт оны жібермей қойды.

Аттаныс екі күннен кейін еді. Бірақ олар күтпеген жерден ертең түсте жүретін болды. Қарт офицер елді бекер теңселтпейік деген пікір айтыпты.

Көрші екі колхоздан таңертең он үш бала қосылады.

Біз таңды көзімізбен атқыздық. Адамдардың арасымен сығылысып барып, Мәденнің қасына отырдық.

Ол ертең аттанады, көз көріп, құлақ естімеген алысқа аттанады. Мүмкін біз оны енді қайтып көре алмаспыз, онымен соңғы рет жүздесіп, соңғы рет тілдесіп отырған шығармыз. Бәлкім, ол Сейду ағай сияқты бір аяғын беріп оралар, немесе Бөрібай секілді екі аяқ, екі қолынан айрылып қайтар, бәлкім, сол жақта мәңгілікке  аттанып, елге «қара қағаз» боп қайтып келер. Кім білген?.. Мүмкін, батыр боп аты аңызға айналар. Бірақ арамызға аман оралса да оның жетінші кластан бастап қайтып оқымайтыны, мектепке тезек арқалап тасымайтыны, бізбен бірге сырғанақ теуіп, суға шомылмайтыны, қарсы алдымызға кеп тыр жалаңаш бүйірін таянып тұрмайтыны, тыр жалаңаш билемейтіні, әйтеуір қайткен күнде де бізден алыстап кетері анық еді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21