БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Ол өзімен-өзі боп кетті. Мына адамдардың шуын да, құттықтаған сөзін де естігенмен ұқпайтын, ұға алмайтын секілді.

*            *              *

Бөрібайдың алдынан шыққан дүрмектің қарасы қан майданнан ауылға алғаш аман келген Сейдудің алдынан шыққандағыдан да көп болды. Орыншаның ұзақ ауырып жатқаны, балаларының жастығы, «ертең соғысқа түскелі тұрмыз»,– деп осыдан жеті ай бұрын хат келгеннен кейін Бөрібайдан хабар атаулының мүлде үзілуі қалған жұрттың да қабырғасына қатты батқан болса керек.

Ауыл сыртындағы қасқа жолдың басынан қылт етіп ат арба көрінді. Арба шаңдатып ылдидан төмен құлағанда жұрт солай қарай лап қойды. Біз, балалар, алдында келе жатырмыз. Арамызда Гүлжамал да бар. Кішкене сіңлісін жетектеп алған. Жүгіргенде аяғы жерге тимейді. Әдетте, соғыстан қайтқан солдат қыр басынан көтеріліп, көзіне ауыл түскен соң шыдай алмай ақсақ болса да арбадан түсіп, бері қарай жаяу жүретін. Одан адам түсе қоймаған соң бөтен арба ма деп біз жүгірісімізді баяулатып, іркіліп қалдық.

–Мынау басқа арба ма, немене! – деді бізді қуып жеткен дүрмектің ішінен бір әйел.

Арба жанымызға кеп тоқтады. Бір топ бала енді не істерге білмей аңырайып қалдық.

–Әй, Бөрібайды әкеле жатқан арба көзіңе түспеді ме?– деді әлгі дауыс.

Үстінде сұр шекпені бар, бір көзі соқыр, мұртты жігіт асықпай жауап қатты.

–Көрдім. Осы арба сол болады.

–Не дейді, құдай-ау, тірі ме? Сол болса неғып көрінбейді! – деп Орынша жәшікті арбаға жетіп барып, ішіне үңілді.

Үңілді де, қос қолымен бұрымын жұлып, аңырап қоя берді.

*          *             *

Бөрібай екі аяқ, бір қолынан айырылып кепті. Екінші қолы да қоспасынан жоқ.

Сәлден соң жәшікті арбадан қылтиып басы көрінді. Екі көзінен жас парлап тұр екен.

Балалары «көкелеп» арбаға құстай ұшып барып мінді де, оның мойнына асылды.

Той болды. Қыстың қысылшаң кезіндегідей емес, жұрттың сәл қарны тойып қалған шақ. Екі қазанға бидай ботқа жасалып, таңға шейін өлең айтылды.

Бөрібай да өлең айтты. Ұзақ айтты, сөзінің бәрін госпитальда жатқанда өзі шығарыпты. Тағдырға нала, соғысқа нәлет білдірген сөздер. Бүйтіп тірі қалғанша көп боздақпен бірге неге өлмедім деп өкінді.

Жұрт айтты: «Күйреме»,–деді, бірақ өздері қатты күйзелді.

Күзге қарай мектепте сабақ басталды. Колхоздағы жиын-теріннің созылып кеткеніне байланысты сабаққа да жиырма шақты күн кеш кірістік. Жалаңаяқ жаз артта қалып, ұмыт болған ортақ етіктердің кеткен жерлеріне жамау түсті.

Гүлжамал екеуміз қайтадан бірге отырдық. Ол бұрынғысынан біраз өзгерді. Жүзіндегі сары уайым табы кетіп, ашық-жарқын сөйлейтін болды.

–Мен шпана болайын деп жүрмін, – деймін оған кейде сабақ үстінде сыбырлап. Ол «Керқұла атты Кендебайдан» басын көтеріп: А?! – дейді.

–Шпана болайын деп жүрмін, – деймін тағы да.

Ол өткен жылы маған айтқан өз сөзін есіне түсіріп, жымиып күледі де: «Иә, саған! Алдайсың»,– дейді. Сонан соң қайтадан оқуға кіріседі. Мен болсам бұл ертегіні мектепке дейін-ақ есіткемін, ұсақ түйегіне дейін белгілі.

–Шпана болайын ба? – деймін ерігіп.

Ол бұл жолы маған қарап, аппақ тістерін көрсете күлімсірейді. Кітаптан көзін алмаған бойы басын шайқайды.

–Сен жақсы қызсың ғой, ә?

Ол тағы басын шайқайды. Мен күлемін.

–Немене, сен жаман қызсың ба?

–Шпана болуға неге құмартып қалдың? Тыныш отыр, ағай көріп қояды, – дейді ол кітап оқып отырған адамдай сыбырлап сөйлеп.

–Жоқ, мен саған жақсы қызсың деп отырмын!

Гүлжамалдың екі беті ду етіп қызарып шыға келеді. Ертегіні еліге  оқып, күбірлеп отырған еріндері кілт тоқтай қалады.

–Ағайға айтамын, – дейді ол ашуланып.

–Не деп айтасың?

Ол әлі қызылы кетпеген бетін маған бұрады, тұп-тұнық жанарынан: «Шынында, не деп айтамын?» деген сұрақты оқимын.

– Сен күннен-күнге бұзық боп келесің, – дейді де мойнын бұрып әкетеді. Гүлжамалдың бұл сөзге мән беріп отырмағанын, әйтеуір бірдеңе деу керек болған соң айта салғанын түсінемін…

–Гүлжамал, есіңде ме?..

–Жапсарбаев, алаңдамай тыныш отыр!–деген Сейдудің даусынан селт етіп, сөзімді аяқтай алмай қаламын.

Жапсарбаев… Ол анау… Өзі үйде жатқанда орнына қарындасы кеп оқитын бала. Қарындасы қазір қасында отырады. Оқу үлгерімі жағынан Жапсарбаевтың өзінен де озып кетті.

Гүлжамал екеуміз ескертуді сөйлеп отырған мен емес, бар болғаны жан-жағына қараған Жапсарбаевтың алғанына күлеміз.

Осы кезде сықырлап есік ашылды да, мектеп директорының басы көрінді. Дүр етіп орнымыздан тұрдық. Ол «отыра беріңдер» дегендей қолымен ишара жасады да, Сейдуді сыртқа шақырып алып кетті.

Екі-үш минут өтпей жатып, ол қайта оралды. Жүзі сұрланып кетіпті.

–Балалар, кітаптарыңды жинастырып, үйлеріңе қайта беріңдер,– деді. – Не болғанын ертең айтам.

Ішіміз мұздап, бәріміз үнсіз қалдық. Қымс еткен дыбыс жоқ.

–Неге отырсыңдар, кітаптарыңды жинаңдар, – деді Сейду бұл жолы даусына зіл қосып.

Сонда барып жиналған кітаптардың сытыры естіле бастады.

«Ертең» деген көп уақыт еді.

Біз ертеңді  күте алмадық. Кешке жұмыстан келген апам Құлман екеумізге ертеңнің оқиғасын түгел баяндап берді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21