БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Біз каникулдамыз. Әр үйге жер бөлініп берілген. Торғай шырылдағанда қолға ұсталған орақ түн жарымына дейін түспейді. Бізбен қатарласып Гүлжамал мен Құлмандар да жер алған. Майданнан келген жақсы хабар Гүлжамалдың апасын төсектен сүйемелдеп тұрғызып, жетелеп жүргізіп жіберді. Үй мен егістіктің арасы жаяулыға түстік жер, сондықтан Орынша бір жарым жасқа келсе де әлі жүре қоймаған баласын да егіс басына ала келіп, күн өтпесін деп оған қурай шартақ жасап берген. Ол көп жылайды. Бірақ оның жылағанына құлағымыз үйреніп кетті, алғашқыдай көңіл бөле бермейтін болдық. Жылағаннан пайда жоқ екенін түсінген бала бір кезде өзі қояды. Орынша баласының жылаған кезінде емес, жылағанын қойған кезінде қасына барады: бір нәрсе боп қалды ма деп қорқады. Ананы сезік алдамайды. Баласының қоңыз ба, құмырысқа ма, шегіртке ме бірдеңелерді ұстап алып, аузына салғалы отырғанының дәл үстінен түседі. Орынша бұған да амал ойлап тапты. Баланың аузын бір қабат дәкемен байлап қойды. Енді қауіп жоқ, алаңсыз жұмыс істей беруге болады. Алғашында бізге күлкілі боп көрінді. Жас бала ырыққа көне қоймайтын тырбиған арық саусақтарымен бір түйір кесекті аузына салмақ болғанына, бірақ, жағын қанша керіп ашса да кесектің әлденеге тіреліп ары өтпейтініне, сонан соң ашуланып жерден басқасын алатынына күлдік.

Бір-екі реттен соң күлуді де қойдық: ол үйреншікті нәрсеге айналып кетті.

Жұмысты бәрімізден көп істейтін, тындырып істейтін – Құлман. Ертеден кешке дейін бас көтермейді. Қарындасын қасынан бір елі тастамайды. Ол қалып бара жатса алдындағы бидайын орып, өзімен қабаттастырып алады.

Көктем шыққалы бері қарындасын өзімен бірге мектепке алып келіп жүрді. Әуелгіде қолына қағаз, қалам беріп, бірінші класқа апарып отырғызып келіп едік, келесі үзілісте ебіл-дебіл боп жылап бізге қашып келді. Жыл бойы көріспегендей, енді бұдан кейін біржолата ажырап қалатындай ағасының мойнынан тас қып құшақтап жібермей қойды. Сонан соң «Үйренгенше ағасымен бірге отыра берсін»– деп мұғалімдер әріп танымайтын баланы үшінші класта оқи тұруына рұқсат етті. Қыста үшінші класта «қыстап» шыққан бала көктемде бірінші класына барған кезде басқаларға шаңын көрсетпейтін үздік оқушы болып шыға келді. Оқу жылы бітіп, өзгелердің бәрі екінші класқа өтіп жатқанда, мұғалімдер мұның зеректігі мен пысықтығын, әртүрлі себептермен оқуды кешірек бастағанын ескеріп бірден үшінші класқа өткізіп жіберді. Сөйтіп, қаннен-қаперсіз «үйде қуыршақ ойнап отырған» бала бірнеше жыл салпақтап жүрген Құлман екеумізді бас-аяғы үш айдың ішінде қуып жетіп алды. Абырой болғанда біз төртінші класқа өтіп кеттік.

Егіс даласына бірге шыққанда ғана байқадым, Құлман шешесімен сөйлеспейді екен. Айтқан нәрсесін орындайды, бірақ, оған өзі ештеңе айтпайды.

Күн кешкіріп, адамдардың қалжырап, қимылдары баяулаған кез, сәскеден бері даланың арқасын қақтап, тасбақаның жұмыртқасын іріткен күннің райы қайтып ұясына жартылай еніп барады. Сол батар күннің қызыл-жалқын нұрымен шағылысып, ауыл жақтан бізге қарай шауып келе жатқан атты кісі көрінді. Соңынан қызғылт тозаң бұрқырайды.

Атты адам жақындағанда екі қолын ербеңдетіп, ер үстінде отыра алмай кетті. Жұрттың бәрі орақтарын тастап, ербеңдеген адамға ентелей қарады.

Бізге бір шақырымдай қалғанда оның айқайлаған даусы естілді.

–Сүйінші! Сүйінші! Сүй-інші-е!

Бақташы бала екенін бірден таныдық.

–Ойбай-ау, «сүйінші» дейді! «Сүйінші» деп шауып келе жатыр! – Әйелдер жағы шу ете қалды.

–Жүгіріңдер! Алдынан шығыңдар, көкелерің шығар! –Әр әйел өз баласына осылай деді. Бәріміз солай қарай лап қойдық.

Жақындаған кезде оның сөзі анық естілді.

–Орынша жеңгей, сүйінші! Орынша жеңгей, сүйінші! Орынша жеңгей, сүйінші!.. Бөрібай ағай келе жатыр. Бөрібай ағай келе жатыр!..

Адам шіркін бар ғұмырын ұзақ сарылтқан осындай бір үлкен қуанышқа арнап соны көзімен көрсе армансызбын деп айта алатын болуы керек. Талай күнгі үмітсіздік, талай түнгі көздің жасы, шеккен азабы мен тартқан тапшылығы, бәрі-бәрі де бір сәтте ғайып болып, Орынша өзін-өзі ұстай алмай отыра қап еңіреп жылап жіберді. Бұл егілуде: «Осынша азапқа салатындай не жазығым бар еді? Мен де өзің жаратқан пенде емес пе ем. Неге осынша қинадың, неге? Сынамағың мен бе еді, сонда? Қызығыңа талпынып туған жанды тәлкек қылғаның не?!» – деп тағдыры мен тәңірісіне шаққан ішкі мұңы жатты.

Жұрттың бәрі қуанды, шын қуанды. Құлман екеуміз өзімізді бақытты сезіндік. Өйткені біз, Гүлжамалды жақсы көрдік, өйткені біз, Гүлжамалдың қуаныштан сорғалаған жасын көрдік. Төрттен жаңа асса да қолына орақ алған кішкене сіңлісінің, құрт-құмырсқа мен бидайдың қылтығын жеп қоймасын деп аузы бір қабат дәкемен таңылып, «жылаған балаға да емшек жоқ» екенін тумай жатып түсінген бір жарым жасар інісінің әкесі болатынына қуандық.

Орынша есін жиып, аузына байлаған дәкені көзіне ысырып тастап, тып-тыныш кесек жеп отырған баласын жерден көтеріп алып, бетінен шөп-шөп сүйді.

–Жарығым, құлыным, ботақаным! Балшық-балшық болған аузыңнан, шаң-шаң болған бетіңнен айналдым. Әкең келе жатыр ғой сенің! Әкеміз келе жатыр ғой біздің! Қазір мына бетіңнен әкең сүймей ме? «Ой біздің батырдың беті шаң екен», –десе не демекпін. Қане, жуындырайын сені, аппақ қып алып шығайын алдынан! Әй, Гүлжамал, Гүлбаһрам, беттеріңді жуыңдар! Иә, шелектегі сумен, енді оның керегі жоқ…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21