Мазасыз күндер

— Демек, оны сіз жақсы білмейді екенсіз ғой.

Махамбеков маған сұраулы пішінде күдіктене қарады.

Сонан соң ұзақ уақыт маған тура қарап тұра алмай көзін тайдырып әкетті.

— Бұл қай сұрағыңыз? Мен… Әрине ол туралы көп білмеймін.

Осыдан соң Махамбеков үнсіз қалды.

Вокзал жақтан созылта айқайлаған тепловоздың дауысы

мен вагондардың бірін-бірі гүрс-гүрс соққаны естіледі.

— Ал, әйелінің аты кім еді? — дедім едәуір уақыттан соң тыныштықты бірінші бұзып.

— Мәрия шығар деймін. Ие, ие, Мәрия.

— Оның төркіні алыс па еді?

— Ол жағын, тіпті, білмеймін.

— Байғұс кемпірге жалғыз немересін алданыш ретінде тастап-ақ кетуі керек еді ғой оның.

— Ол қайда кетіпті?

— Әке-шешесінің қолына-дағы.

— Бұл қалай? — деді Махамбеков шошып кетіп. — Ол күйеуінен ажырасып кеткен бе?

— Күйеуінен деймісіз? Ол ерге шығып па еді?

— Бұдан бір жыл бұрын шыққан. Япыр-ау, сіздің ол жөнінде білмегеніңіз қызық екен. Маған қарағанда сіз жақын тұрасыз ғой.

— Кемпірге ме?

— Жоқ, Мәрияға.

— Мәрияға?

— Иә.

— Ол қайда тұрады?

— Дәл сіздермен көрші. Осы кезге шейін оны бір көрмегеніңіз бе шынымен?

Менің көз алдыма кешегі қақпа алдында қарсы жолыққан “қандай сүйкімді еді өзі” деп ойлайтын жас келіншек елестей кетті. Тіпті мен оның мұң аралас мөлдір жанары мен бейкүнә ұяң жүзін бір сәтке көріп өткендей, “аһ” дегендегі аузынан шыққан ыстық лепке бетімді екінші рет шарпытып алғандай сезіндім.

Демек, ол енесімен көрші тұрады.

“Неткен мейірімсіздік, неткен қаталдық! — дедім іштей ызаланып. — Сорлы кемпірдің жаралы жанын неге тырналай береді. Онсыз да қаусап тұрған кәрі кеудені қайғыға толтырып, неге тұңғиыққа тұншықтырады! Мейлі, оның жаңа тұрмыс құруы жөн-ақ болсын. Сонда да, алысқа, көз көрмес жаққа кетуіне болатын еді ғой. Мені көрдің бе дегендей көз алдында көлбеңдеп жүргені несі екен?”

Екеуміз де үнсіз келеміз. Анда-санда иығымыз ақырын ғана соқтығысып өтеді. Сол баяғы тепловоз бен вагондардың, ерсілі-қарсылы зулаған машиналардың үйреншікті үндері тынымсыз естіліп тұр.

— Мәке, — деді бір кезде Махамбеков маған қарап. –Сіз шөлдеген жоқсыз ба?

Төмен қарап келе жатқан бойы үнсіз басымды шайқадым. Менің бұл қарсылығымды жай сыпайылық болар деп ұйғарған ол жаймен ғана қолымнан ұстап: “Жүріңіз, бір-екі саптыаяқ сыра ішейік, бүгінгі кеш тым қапырық екен”, — деді. Әлгінде ғана көрсеткен қарсылығымды мүлде ұмытып, оның мегзеген жағына қарай жүре бердім.

Ұлттық тағамдар павильонынан қайта шыққанымызда, сұрғылт бұлт аспанды торлап келеді екен. Дәл осында бүгін үлкен бір жиын өткізбек болғандай шумақ-шумақ бұлттар бірін-бірі өкшелеп, осылай қарай шұбырып келеді.

Жай-күйіңе қарамайтын есалаң шабарман тәрізді күздің қатал желі аспандағы шоғыр біткенді асықтырып, шығысқа қарай тықсырып барады.

Мен басымды төмен түсіргенімде әлгі ішкен сырадан шекемнің аздап солқылдап тұрғанын сездім.

–Бүгін жаңбыр болатын шығар, — деді Махамбеков қабағын шытып. — Осындай көлденең қырсық тап бола береді енді.

–Бір күнге ештеңе етпес…

–Бір күн емес, көрерсіз де тұрарсыз, қатарынан үш күн жауады енді бұл. Тағы да жұмыс тоқтайтын болды. Түуһ, сайтан алғыр-ай!

Ол алақанын сарт еткізіп, кіжініп қойды.

“Айтпақшы ол келіншек кеше кемпірдің үйінен шыққаң жоқ па, — деген ой сол минутта ойыма сап ете түсті. — Ол… мүмкін, енесімен сөйлескен де болар. Неткен қаталдық бұл! Бір заманда анасындай боп кеткен адаммен біржолата ажырасқан соң екінші рет сол үйге қалай бас сұға алады. Тілдесуге қалай батылы жетеді оның?”

Мен Мәрияның барлық әрекеттерін мейірімсіздікке балап, іштей оны кінәлай бастадым. Бұдан былайғы өмірінің бәрін көңілсіз үйде жалғыз өткізетін кемпірдің жайын ойлап, оны бұрынғысынан да аяп кеттім.

Осы кезде Махамбековтың оны алдап жүргені есіме түсе кетті де, денем түршігіп қоя берді.

Манадан бері оның өзіммен қатар жүріп келе жатқанын енді ғана сезгендей, оған тесіле қарадым.

Ол екі қолын сермей түсіп, жұмыс жайлы, жаңбырдың қырсығы жайлы тағы-тағылар туралы қызу сөйлеп келе жатыр екен. Менің өзіне қарап қалғанымның мәнісін басқаша жорыған ол, маған біраз көз тоқтатты да:

— Сіз немене, түсінбей қалдыңыз ба? — деді сұраулы пішінде.

— Бәрі де түсінікті. Бірақ дәл қазір жұмыс жайлы әңгімелесуге ықыласым соқпай тұр.

— Ықыласым соқпай тұр деймісіз? Енді, Мәке… қалай? Біздің жұмыстан басқа не мақсатымыз бар? Абырой да, игілік те сонда ғой.

— Оған дауым жоқ, — дедім қолға ұстап келе жатқан кителімді киіп жатып;— Сонда да, адамдар туралы бір мезгіл ойланған жөн. Оларға жақсылық біткенді үйіп-төге салу ешкімнің қолынан келмес, сонда да…

— Імм… неге, менің жұмысшыларым әзірге шағым жасаған жоқ, оны өзіңіз көріп жүрсіз, — деді ол сөзімді аяқтатпастан. — Әрине, олар жөнінде ойланбасқа болмайды. Байқаңыз, машина келіп қалды!

Ол менің қолымнан ақырын ұстап, кейін тартты.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25